Отансүйгіштік және жауынгерлік рух ел әскерінің басты ұстанымы саналады

Отансүйгіштік және жауынгерлік рух ел әскерінің басты ұстанымы саналады

Бүгін еліміздің Қарулы Күштерінің тәрбиешілері институтының құрылғанына 25 жыл толып отыр.  Ширек ғасыр ішінде бұл құрылым қалыптасты, қанатын кеңге жайды, бүгінгі деңгейге жетті. Сондықтан осы жайында бір саралап көргенді жөн көрдік.


Күні кеше...

Иә, осыдан жиырма бес жыл бұрын, нақтырақ айтқанда, 1993 жылдың 19 қаңтарында еліміздің Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаевтың № 1084 Жарлығымен Қорғаныс министрлігінің, Республикалық ұлан, шекара және ішкі әскерлерінің аппараты, әскери бөлімдер мен мекемелерден бастап роталар мен оларға теңестірілгендерге дейін қоса барлық буындарда командирлердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары институты енгізілді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 22 маусымдағы № 1273 қаулысымен «Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар органдары туралы ереже» бекітілді.
Өйткені, сол кезде Қарулы Күштерінде тәрбие және идеологиялық жұмыстарды жетілдіру қажеттігі туындады. Ол жеке құрамның қойылған жауынгерлік және оқу-жауынгерлік міндеттерін орындауға моральдық және психологиялық әзірлігін бағалауға жаңа, жоғары өлшемдермен шарттасты. Сөйтіп, өзекті мәселені шешудегі негізгі рөлді жеке құрамның моральдық-жауынгерлік рухын қалыптастыруға көмектесетін тәрбие және идеологиялық жұмыстар органдары атқарды.
Өзінің құрылған сәтінен бастап тәрбие құрылымдарының офицерлері командирлермен және штабтармен бірлесе өздерінің мақсатты қызметімен әскери ұжымдарды біріктіруге, жеке құрамды ар-намысы мен абыройын қорғауға, әскери қызметтің беделі мен имиджін нығайтуға бағытталған міндеттерді іске асыру саласында ауқымды жұмыс атқарылды. Жауынгерлік жарысты ұйымдастыру, ақпараттық-тәрбие, әскери-әлеуметтік, мәдени-демалыс, психологиялық жұмысты жүргізу және жеке құрамды сыңаржақ идеялардан қорғау шеңберінде де көп іс қолға алынды.
Құқық тәртібі мен әскери тәртіпті нығайту кезінде және сол кездегі ең қиын кезеңдерде көптеген ардагерлеріміз еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға сүбелі үлестерін қосты. Олар жаңадан құрылған тәрбие жұмыстары органдары шараларының басы-қасында жүрді, кейінгілерге тәлім берді, тәрбиеледі. Сол ардагерлердің ұшан-теңіз еңбегін атап өтпеуге болмайды. Мәселен, генералдар Айтқали Есенғұлов, Марат Нағұманов, Владимир Бондаренко, полковниктер Мэлс Шампиев, Қайыржан Байжігітов, Вячеслав Мешков, Гали Габдуллин, Василий Павлович, Мәлік Шәріпов, Қазбек Мамсұров, Бастими Дүйсембаев, Болат Нәзіров, Владимир Цой, Виктор Тимошенков, Амангелді Ыбыраев, Ахмед Әлімжанов, 1-дәрежелі капитан Көпесбай Жампейсов және тағы басқалары.
Күні бүгін зейнет демалысында болса да осы жұмыстан қашық кетпей, олар «Қарулы Күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінде Отан игілігі үшін еңбек етуде.

Бүгінге дейін...

Қазіргі кезде Қарулы Күштерде тәрбие және идеологиялық жұмысты ұйымдастырудың тұтас қалыптасқан жүйесі бар. Олардың мәртебесі де артқан. ҚК барлық түрлерінде, өңірлік қолбасшылықтарда, әскер тектерінде тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармалары, бөлімдері қызмет етеді.  Оларды бас қолбасшылардың және қолбасшылардың тиісті орынбасарлары басқарады.
Қорғаныс министрінің бастамасы бойынша тәрбие және идеологиялық жұмыстар органдарының ұйымдастыру-штаттық құрылымы жетілдірілуде.
Қарулы Күштер ардагерлерінің өзекті және үлкен мүмкіндіктерін есепке алумен, сондай-ақ қызмет координациясының, ардагерлік ұйымдармен өзара әрекетті ұйымдастыру мақсатында ҚР ҚК БШ Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің құрамында ардагерлермен жұмысты ұйымдастыру бойынша бөлім құрылуда.
Тәрбие жұмыстар органдарының өзекті міндеттерінің бірі – әскери қызметшілердің отбасыларында салауатты моральдық-өнегелік жағдайды қалыптастыру, бұл жеке құрамның міндеттерін ойдағыдай орындауға сеп болады.
Сондықтан, әскери басқару органдарында, әскери бөлімдерде әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмысты ұйымдастыру бойынша лауазымдар енгізіледі.
Қарулы Күштерде психологиялық және әлеуметтік жұмыстарды жақсарту, әскери қызметтің қауіпсіз талаптарын құру үшін батальондар мен бригадалардың психологтары лауазымдары енгізілген.
Идеологиялық жұмыстарды және сыңаржақ идеялардың әскерлік ортасына жол бермеу бойынша жұмысты ұйымдастыру барысында идеологиялық жұмыстар және арнайы үгіт-насихат бойынша офицерлер міндеттерін ойдағыдай орындауда.
Сонымен бірге, жеке құрамның жоғары моральдық-психологиялық жай-күйін қалпында ұстау, мықты әскери және құқық тәртібін нығайту, әскери ұжымдарды біріктіру және Отанды қорғау бойынша әскери міндетті орындауға бағытталған жеке құрамда құндылықтардың жүйесін қалыптастыру мақсатында, ұдайы негізінде іс-шаралар кешені жүргізіледі (мемлекеттік-құқықтық дайындық, конференциялар, лекциялар, әңгімелесулер, пікірталастар, дөңгелек үстелдер, тренингтер, сауалнамалар жүргізулер, тестілеулер, озаттарға құрмет көрсету, кездесулер және т.б.).
Командирлермен жүргізілетін жұмыстар нәтижесінде әскери және құқық тәртібін нығайту және құқық бұзушылықтарды алдын алу бойынша тәрбие және идеологиялық жұмыстар органдарымен қылмыстардың санын төмендетуге қол жеткізілген.
Біздің армиямыз аға ұрпақтардың батырлық қаhармандықтарын және жауынгерлік дәстүрлерін негізге алып, заңды түрде казақстандық патриотизмнің бас идеологиялық мектебі мәртебесіне жетті.  
Әскери қызметшілерді және өсіп келе жатқан жас ұрпақты «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының рухында әскери-патриоттық тәрбиелеу тәрбие жұмыстар органдары қызметінің басымдық бағыттаудың бірі болып саналатыны кездейсоқ емес.
Бұл  мақсат үшін мектептерде жасөспірімдік патриоттық ұйымдастыру желісі кеңейтілді, бұл жұмыспен 63 мыңнан астам жасөспірімдер мен қыздар қамтылды.
Әскери-патриоттық клубтардың әр төртінші тәрбиеленушісі өз өмірін армиямен байланыстырады. Жыл сайын дәстүрлі түрде әскери-патриоттық клубтары мен республикалық (облыстық) мектеп-интернаттары тәрбиеленушілерінің, жоғары оқу орындарындағы әскери  кафедралары студенттерінің қатысуымен «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны өткізіледі. «Жас Ұлан» әскери әндер фестивалінің форматы аймақтардағы мектеп оқушыларын қатыстыру арқылы кеңейтілді. Республикалық Композиторлары Одағымен бірлесіп, «Сарбаз әндері» бірінші республикалық әскери-патриоттық әндер байқауы өткізілді.
Үнемі әскерге шақырылғандарды жіберу салтанаты, қызмет қорытындылары бойынша үздік әскери қызметшілерге құрмет көрсету, мерзімді қызметті өтеген әскери қызметшілерді запасқа шығарып салу шаралары өтіп тұрады.
Бірлескен жұмыстар шеңберінде аумақтық білім органдарының және аймақтар әкімшіліктерінің қолдауымен әскери-патриоттық акциялар, байқаулар, викториналар, әскери-далалық ойындар, әскерилендірілген кросстар, «Ашық есік күні», «Шақырылушы күні», «Жас әскер күні», «Қазақстан әскерінде бір күн», «Ақ найза», «Ұлан», «Алау», «Батыр», «Жас Ұлан – жаңа міндет», «Әскер – балалардың көзімен», «Соғыссыз әлем», «Менің гарнизоным» және басқа эстафеталар дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.
Қазіргі офицер-тәрбиешілер ұрпағы «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын назарда ұстайды.

Бүгіндері....

Сол уақыттан бастау алған аталмыш институт төл әскерімізде жыл санап қанатын кеңге жайып келеді. Әсіресе, Қарулы Күштеріміздегі жауынгерлерді отансүйгіштік рухта тәрбиелеу ісінде атқарып жатқан жұмыстары орасан.
Мәселен, 2017 жылы ҚР Қорғаныс министрлігі жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге бағытталған республикалық ауқымдағы 130-дан аса іс-шараны өткізді.
Солардың бірі – «Жас ұлан-2017» армиялық әндер фестивалі ҚР Қарулы Күштерінде 1997 жылдан бастап өткізіліп келеді. Қазіргі кезде әскери қызметшілердің ғана емес, сонымен бірге, азаматтық халық арасында үлкен сүйіспеншілік пен танымалдылыққа ие болып отырған оның негізгі мақсаты шақырылуға дейінгі, шақыру жасындағы және әскердегі жастарға, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне әскери-патриоттық тәрбие беру бойынша жұмысты жандандыру, көркемөнерпаз армиялық орындаушылар мен ұжымдардың шығармашылық тұрғыда өсулеріне қолдау көрсету болып табылады.
2017 жылы аталмыш әндер фестиваліне 350-ден аса конкурсант қатысты. Олардың арасында ҚР ҚК барлық түрлері мен әскер тектерінің әскери қызметшілері, әскери оқу орындарының курсанттары мен тәрбиеленушілері, сондай-ақ жалпы білім беру мектептерінің дарынды оқушылары, студенттер, Қазақстанның барлық 14 облысындағы, Астана және Алматы қалаларындағы әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері бар.
Тыңдау барысында әділқазылар орындаушылар мен шығармашылық ұжымдарды вокалдық орындау, фольклорлық өнер көрсету, вокалдық-аспаптық ансамбль және орындаушы атты үш аталым бойынша бағаланған жандар үздік атанды. Мәселен, байқау нәтижелері бойынша үздік вокалист номинациясында бірінші орынды ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтының крусанты Дәулет Жанабайға бұйырды. Үздік фольклорлық өнер көрсету номинациясында бірінші орынды 51051 әскери бөлімінің әскери қызметшісі кіші сержант Аманжол Мұратов жеңіп алды. ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының «Жас сарбаз» балалар ұжымы үздік вокалдық-аспаптық ансамбль болып танылды. Авторлық әнді үздік орындағаны үшін 83205 әскери бөлімінің әскери қызметшісі кіші сержант Әскербек Құрманаев жүлдемен марапатталды. Патриоттық әнді үздік орындағаны үшін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының вокалдық дуэті жүлдені қанжығасына байлады. Фестиваль көрермендерінің көзайымы жүлдесін ҚР ҚК Құрлық әскерлері Әскери институтының «Болашақ» балалар тобы жеңіп алды. «Жас ұлан-2017» армиялық әндер фестивалінің ынталандыру жүлдесімен 54380 әскери бөлімінің көркемөнерпаздар ұжымы марапатталды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының шығармашылық ұжымына «Жас ұлан-2017» ХІХ республикалық армиялық әндер фестивалінің бас жүлдесін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов табыс етті.
Осы сынды іс-шаралар жалпы кейінгі кезде ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталықта ұйымдастырылуда. Өйткені, бұл орталық өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу саласындағы жастардың қоғамдық ұйымдарының қызметін үйлестіретін көпфункционалды мекеме болып табылады.
Орталық алғашқы күннен бастап мемлекетіміз бен Қорғаныс министрлігі басшылығының, әскери бөлім қолбасшылығының, ардагерлер ұйымдары өкілдерінің қатысуымен мазмұны мен пішіні жағынан сан салалы, көлемі жағынан ауқымды патриоттық шаралардың ордасы болып келеді. Мәселен, жастарды әскерге шығарып салу, әскери ант қабылдау және өздерінің жауынгерлік міндеттерін атқарған әскери қызметшілерді ұлықтау, тақырыптық викториналар, акциялар мен конкурстар, «Ерлік сабақтары», «Ашық есік күндері», «Жас армияшы күні», әскери-патриоттық клубтардың республикалық деңгейдегі әртүрлі кеңестері мен слеттері және жоғарыда тілге тиек етілген «Жас ұлан» әскери әндер фестивалі.
Жалпы елімізде әскери-патриоттық жұмыстарды жетілдіру жіті қадағаланып отырады. Осы орайда республика көлемінде жиындар өтіп, қордаланған мәселелер талқыланып отыратыны бар. Мәселен, ақпан және қараша айларында осы Қазақстан Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен жиындарды айтуға болады. Оған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның бәрімізге мәлім. Патриоттық тәрбие мәселелері талқыланған ақпандағы жиын сенатор еліміздің орта мектептеріне кадет сыныптарын, оқу орындарына алғашқы әскери дайындық сағаттарын қосымша енгізу және Қазақстандағы әскери-патриоттық қозғалысты дамыту стратегиясын әзірлеу қажеттігін атап өткен болатын. Ал, қарашада Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен өткен әскери-патриоттық жұмысты жетілдіру жөніндегі ведомствоаралық кездесуде ол әскери жас ұландар құрылымдарын қолдау мен дамыту бойынша бірыңғай республикалық бағдарлама құруды ұсынды.
Сондай-ақ, кездесу барысында ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздігі жөніндегі комитетінің төрағасы Дариға Назарбаеваға І дәрежелі «Ел қорғаны» медалі табыс етілді. Және Қазақстан Республикасында әскери-патриоттық жұмыстарды одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы Меморандумға қол қойылды.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында әскери-патриоттық жұмыстарды әрі қарай жетілдіру мәселесі жөнінде қол қойылған Ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл жөнінде меморандумға сәйкес Қорғаныс министрлігі және мемлекеттік органдармен жалпы білім беру мектептері бірлесіп кадет сыныптарын ашу жөніндегі жұмыстар жалғасын табуда.
Кадет сыныптарын ашу жастарды әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге және әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған. Әр кадет сыныбында жалпы орта білім беру мектептерінің бағдарламасы бойынша білім алатын 30 бала оқиды. Осындай сыныптарда патриоттық тәрбиеге, дене шынықтыру мен бастапқы әскери дайындық мәселесіне ерекше назар аударады.
Бүгінгі күні республикамыздың барлық өңірінде 101 кадет сыныбы жұмыс жасайды, онда 2800-ден аса бала білім алады. Кадет сыныптарының тәрбиеленушілері әскери мамандықтың қыр-сыры, саналы арифметика, бал билері, атқа шабу, қоян-қолтық күрестің әдіс-тәсілдері, шет тілдері, әдеп және т.б. зерделейді.
Қазіргі уақытта Атырау, Ақмола, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының жалпы білім беру мектептерінде кадет сыныптары белсенді жұмыс жасауда. Алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлеріндегі мектептерінде осындай сыныптарды ашу жоспарлануда.
Иә, патриотизмді қалыптастыру – бұл қоғам¬ның әлеуметтік тапсырысынан нәр алатын мемлекеттік міндет. Патриотизм өмірдің, жағдайдың, оқиғаның барлық жекелеген қырлары, халық пен елдің тұтастығы, бірегейлігімен тікелей байланыстыра қарас¬тырылатын қоғамдық қатынастардың мәні мен құндылықтарын зерделеу тәсілі екені де аян.
Отансүйгіштік сезімді тәрбиелеу азаматтың, елдің мәдениетінің бірегейлігі, әлеуметтің, халықтың мінез-құлқының толымды көрінісі мен қоғамдық өмірді ұйымдастырудың мәні мен мақсаттарын пайымдау арқылы жүйелі іске асады. Осы орайда ҚР Қарулы Күштерінің тәрбие құрылымы да сүбелі үлес қосып отырғандығына көзіміз жетуде. Жас буыннан бастап отансүйгіштікке тәрбиелейтін, сарбаздарда жауынгерлік рухты қалыптастырып, оларды тәрбиелейтін бірден бір жүйе – осы құрылым десек әсте қателеспеспіз. Сондықтан командирлік қасиетке, харизмаға, ерік-күшке, жеке құраммен жұмыс жасау және ұжымды жұмылдыру қабілеттілігіне ерекше ие мамандарын – тәрбиеші офицерлерді төл мерекесімен құттықтай отырып, істеріңе береке, еңбектеріңе жеміс тілейміз.

Әзірлеген Рима ӘБЕУОВА

Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства