Броньдық бренд көлік

Елордадағы «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аумағындағы индустралдық паркіне жолымыз түсті. Бағытымыз – «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» кәсіпорны. Айтулы ұжым отандық әскерді қаруландыратын броньды дөңгелекті машиналар шығарады. Сіз осындай тегеуріні мығым техникаларды көзіңізбен көрдіңіз бе?! Өз басым оны теледидардан қызыға қарағанмын. Енді, міне, көзбен көріп, қолмен ұстап тұрмын. Кеудемді мақтаныш лебі кернеді. Бізде де осындай қуатты көліктерді өндіріп жатқанына… Жә, бәрін басынан бастайық.

«АРЛАННЫҢ» АРЫНЫ МЫҚТЫ


Броньды машиналарды шығаруға арналған зауыттың құрылысы 2014 жылы басталған. Жобаның серіктесі ретінде «Қазақстан Инжиниринг Дистрибьюшн» ЖШС және Оңтүстік Африкалық «Парамаунт групп» компаниясы шығып, оны іске асыруға «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС құрылды. 2015 жылы 30 қарашада Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев зауыттың салтанатты түрде тұсауын кеседі.


Аталмыш серіктестік отандық қарулы күштерді алдыңғы қатарлы техникамен жабдықтауға, өндірісті барынша оқшаулауға және халықаралық нарыққа өнімдерін экспортқа шығаруды мақсат тұтқан. Кәсіпорында өндірістің толық технология­лық жүйесі игерілген. Инженерлік-техникалық құрам қалыптасқан. Тапсырыс берушінің талаптарын орындауға конструкторлық бюро құрылған.
Кәсіпорынның әскери тәртіпке бағынған ережесі бекітілген. Біз де содан ауытқыған жоқпыз. Өндіріс «4×4» дөңгелекті формуласындағы «Арлан» броньды машинасы мен «4×4» дөңгелекті «Номад» броньды көлігін және «6×6», «8×8» дөңгелекті «Барыс» бронетранспортерлерді шығаруды қолға алған. Байқайсыз ба, техникаларға қойылған атаулар да қазақы. Айбат шақырып, мысыңызды басып тұрады. Өткен жылы компания «Арлан» бронетранспортерін тапсыру міндеттемесін табысты аяқтады. Олардың бәрі ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімшелеріне жеткізілген.

Айталық, «Арлан» – күшейтілген минаға қарсы қорғанысы бар көп нысаналы броньдалған дөңгелекті машина. Аталған үлгідегі көліктің жарқыншақтарға төтеп беруге және жарылыстың қуатын ыдыратып жіберуге мүмкіндік беретін үлкен жол саңылауы, V-тәріздес түпшесі бар. Броньдалған транспортер жоғары минаға қарсы қорғанысқа ие және кез келген атыс қаруының оқ атуларына шыдайды. Машинаның жауынгерлік салмағы 16 тоннаны құрайды. 285 аттың күші бар дизельді қозғалтқыш жұмыс істейді. 5 сатылы автоматты ауыспалы беріліс қорабы бар. Онда сыртқы және ішкі байланыс радиостанциясы орнатылған. Көліктің экипажында 2+8 адам отырады. Ол сағатына 100-120 шақырымға дейінгі жылдамдықты арттырады. Және -50⁰С-тан +50⁰С-қа де­йінгі температура режімінде пайдаланудың қытымыр климаттық жағдайына бе­йімделген.

 

ОТАНДЫҚ МАМАНДАР ЖАСАЙДЫ


Кәсіпорында 160 адам жұмыс істейді. Барлығы да – еліміздің азаматтары. Көпшілігін жастар құрайды. Оларға қойылған талап жоғары. Жас мамандардың дені «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқыған. Ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Кейбір қызметкерлер Оңтүстік Африкадағы «Парамаунт групп» компаниясында біліктілігін жетілдірген.Зауыт іші қазандай қайнаған тіршілік. Жолда кесе-көлденең жатқан зат жоқ, бәрі қыздың жиған жүгіндей жинақы, мұнтаздай, таза. Әркім өз шаруасымен айналысуда. Өндірісте алдымен жұмыс дайындық цехында басталады. Онда әскери көлікке керекті детальдар әзірленеді. Металды лазерлік пішу, плазмалы және гидрообразивті кесу, бронды болатты ию секілді жұмыстар атқарылады. Цехта 7 адам еңбек етеді. Шеберхана толықтай заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Әрбір металл геометриялық дәлдікпен өлшенеді. Қателікке бой жіберуге болмайды. Өйткені құйылған, кесілген, иілген деталь дәл қалыпта болу керек. Сондықтан сапаға ерекше мән беріледі.


Келесі – броньдық капсуланы дәнекерлеушілер шеберханасы. Мұнда олар сауытты көліктің металл конструкциясын құрастырады. Дайындық цехында әзірленген детальдарды жинақтайды.
«Машинаның толықтай конструкциясын жасауға орташа алғанда 3-4 күн немесе жұмыстың басынан аяғына дейін бір апта уақыт кетеді. Цехта 20 жұмыскер бар. Әскери көліктің барлық детальдарын дәнекерлейміз. Бронетранспортердің қозғалт­қыш бөлшегіне қатысты детальдарды, артқы, алдыңғы қабырғаларды, ауа шығаратын және салонның ішіндегі металдарды, қысқасы, капсуланы құрастырамыз. Оның астыңғы бөліктерін жасап, керекті детальдарды жинаймыз. Машинаның қаңқасы дайын болғаннан кейін сапасы қаралады. Оны мамандар геометриялық сызба нұсқасымен мұқият тексереді. Одан соң көліктің қорабын темір ұшқынымен тазалаймыз. Металдың беті жылтыр болмауы керек. Тауарлық түр болу үшін косметикалық тазалау жүргіземіз. Бізден кейін көлік сырлау цехына барады» дейді дәнекерлеу шеберханасының меңгерушісі Теміржан Оразалинов.

Сауытты көлік боялғаннан кейін жинау шеберханасына жеткізіледі. Онда оны электриктер, мотористер, жүргізушілер, құрастырушылар күтіп алады. Машинаның дөңгелегін салады. Қозғалт­қыш двигательді жинап, тоқ көздерін қамтамасыз етеді. Салонның ішін жабдықтайды. Техникаға керекті барлық әскери құрылғылар осында орнатылады. Бронетранспортер толық даяр болғаннан кейін оны жарты сағат қысымы күшті судың астына қойып, тексереді. Ешқандай су өтетін саңылау болмауы қажет. Одан кейін полигонда екі апта сынақтан өткізіп, 100 км қашықтықта жол жүреді. Бір жерден ақау табылса, қайта жөндеуге жіберіледі.


ӘЛЕМДІК НАРЫҚҚА ҚАБІЛЕТТІ


Бір байқағанымыз, кәсіп­орында қазақстандық үлестің салмағы басым. Өндіріске қолданған ұсақ бұрандалардан бастап, қарудың оптикалық құрылғылары мен экипаждардың өзара байланыс құралы секілді жабдықтардың бәрі отандық өнім саналады. Әрине, бұл көңілге қуаныш ұялатады.


– Өткен жылы серіктестік ҚР Қорғаныс министрлігі мен басқа күшті құрылымдық ведомстволардың тапсырысын тиянақты орындады. Қазір ол техникалар қолданысқа енді. Негізінен, шетелден тек болат парақтар мен оқ өткізбейтін көліктердің сыртқы қаңқасына, ішкі ірі бөлектеріне қажетті темірлерді ғана тасымалдаймыз. Біздің техника өте заманауи, инновациялық десек болады. Оның баллистикалық қорғанысы НАТО-ның STANAG 4569 стандартының 3 деңгейіне сәйкес. Машина құрыш бұзар 7,62 миллиметр калибріндегі оғына, Драгуновтың мерген винтовкасына, НАТО стандартындағы 12,7 калибріндегі патронына және кез келген ату қаруына төзеді. Сонымен бірге әскери көлік 12,7 мм калибріндегі САРП қашықтықтан басқарылатын соғыс модулімен жарақтандырылған. Тапсырыс берушінің қалауы бойынша қару-жарақтың барлық түрі, тіпті, минометті қондырғы және танкке қарсы басқарылатын ракета жүйесін орнатуға мүмкіндік бар. Өткен жылы «KADEX-2016» халықаралық көрмесі мен Ресейдегі «Армия -2016» көрмесіне қатыстық. Онда біздің өнімдеріміз отандық және шетелдік мамандардың қызығушылығын туғыз­ды. Әскери машинамыз қай жағынан алып қарасаңыз да, сенімді, әлемдік нарық бәсекесіне қабілетті.

Біз қазір «4×4» дөңгелекті броньдық көліктерді шығарып жатырмыз. Енді «6×6», «8×8» дөңгелекті бронетранспортерлерді құрастырамыз. Соңғы екеуінің «Арланға» қарағанда көрсеткіші жоғары болмақ. Былтыр «8×8» дөңгелекті транспортердің біреуін шығарғанбыз. Сонымен бірге салмағы 6-8 тонналық жеңіл броньдалған машина құрастыруды жоспарлап отырмыз. Өйткені осы бағыт бойынша күшті құрылымдық ведомстволардан ұсыныс түсті. Атқарылатын шаруа көп. Соның бәрі еліміздің игілігі үшін, – дейді «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС Бас директорының орынбасары Көбей Жаңбыршы.

Түйіндей келгенде, біз барған зауыт – Орталық Азиядағы заманауи броньды көліктерді шығаратын ірі кәсіпорынның бірі. Минаға қарсы MRAP үлгісіндегі броньды машиналар жоғары инновациялық технологияға ие. Ендеше, қанаты кеңге жайылып, абыройы биіктеп, өнімі брендке айналған компанияға ақ жол тілейміз!

Азамат Есенжол


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Условия конкурсов "АрМИ-2017", которые пройдут на территории Казахстана

Условия конкурсов "АрМИ-2017", которые пройдут на территории Казахстана