Бейбітшілік акциясы

Бейбітшілік акциясы

Семей жұртшылығы Түйемойнақ аралындағы «Өлімнен де күшті» монументінің алдына жиналып, ядролық сынақ полигонындағы жарылыстардан зардап шеккендерге тағзым етті. Бейбітшілік акциясы Семей сынақ ядролық полигонында алғашқы жарылыстың жасалғанына биыл – 70 жыл, сынақтың тоқтатылғанына – 30 жыл толуына арналды.  

 Аталмыш жиын Жапонияның халық әншісі Реко Мичиданың қазақ тілінде орындаған «Заман-ай» әнімен ашылды. Одан соң қатысушылар тарапынан халықтың қайсарлығы мен күш-жігерінің, ауыз бірлігі мен жылдар бойғы табанды іс-қимылдарының нәтижесінде 1989 жылы қазақ жерінде ядролық қаруды сынақтан өткізуге соңғы нүкте қойылғаны еске салынды. Бейбіт елді жаппай қырғынға ұшыратқан геноцид тоқтатылғанымен, полигон зардабы – қазақ жерінің зардабы екені ұғындырылды. Ядролық қауіп-қатерді азайту және таратпаудың процестеріне қатысты ұйымдастырылған маңызды шаралар да тізбектелді.

«Экология. Радиация. Денсаулық» тақырыбындағы 14-ші халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысушы Түркия, Жапония, Ресей мемлекетінің ғалымдары полигоннан зардап шеккен тұрғындарға жүргізілген диагностикалық-емдік шараларының ғылыми-зерттеулерінің нәтижелерін жария етті. Ядролық қарудың қасіретінен адам денсаулығы мен қоршаған ортаға келер орасан зияндылығы туралы мәліметтерді алға тартып, медицинаны дамытудың заманауи аспектілерін ұсынды. Бейбітшілік акциясында «Өлімнен де күшті» монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскерилері де қатысты.

 

Конституция күнін аталып өтті

   ҚР Конституциясының күніне арналып «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 27943 әскери бөлімінің саптық алаңында салтанатты митинг өтті.

   Өскемен гарнизонының бастығы подполковник Бегімбет Тәжібаев 1995 жылы 30 тамыз күні республикалық референдумда Қазақстан халқы мемлекеттің жаңа негізгі Заңына дауыс бергенін баяндады. Армиямыз бен халқымыздың қаһармандық дәстүрлеріне адал, еліміздің қауіпсіздігі мен бейбітшілікті қорғау жолында қажет болған жағдайда қиыншылықтарды жеңуге әзір тұратын ержүрек патриоттар мектебінің қайнар көзіне рухани күш беретін – Ата Заң екенін айтты. ҚР Конституциясының күнімен құттықтап, әскери қызметтегі белсенділігі үшін алғысын білдірді. Жауынгерлік әзірлік пен мемлекеттік-құқықтық дайындықтың үздіктерін құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ, жеке құрамның алдында 25 тамыз күні Үлбі өзені жағалауында суға батып бара жатқан баланы құтқарған бөлімнің 1-ші мотоатқыштар батальоны командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары капитан Әлішер Табылдиевтің мерейін асырды. «Сіздің ерлігіңіз ешқашан ұмытылмайды. Суға батып бара жатқан баланы құтқару үшін еш ойланбастан батыл әрекетке бардыңыз. Өміріңізді абыройлы қызметке арнай отырып, мемлекетіміздің мүддесіне бүтіндей берілген нағыз маман, тәжірибелі, беделді, талапшыл командир ретінде танылдыңыз. Сіздей офицердің, әрі тәрбиешінің біздің әскери бөлімде қызмет еткені – үлкен мақтаныш!», деді гарнизон бастығы.

   «ҚР ҚК ардагерлері» РҚБ ШҚО филиалының төрағасы, ҚК құрметті ардагері Төкен Біләлов ержүрек офицердің кеудесіне «Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың 95жылдық мерейтойы» медалін тақты. Бұған дейін капитан ӘлішерТабылдиев Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың қабылдауында болып, алғыс хатын алған еді. Ал, еліміз Конституциясының күніне арналған салтанат саптық шеруге ұласты.

 

Тікелей эфирде тыңдады

  

Қазақстан Республикасының Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскерилері тікелей эфирде бір кісідей тыңдады.

   Қазақстан халқына Жолдау 1997 жылдан бері жолданып келеді. Бұл Жолдаудың артықшылығы сол, әскери қызметшілер үшін ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында алға қойылған үлкен қадам болды. Президент ұсынған бағыттарды жүзеге асыру мақсатында 3 жыл ішінде 173 млрд теңге қаражат бөлу көзделіп отыр, ол өз кезегінде жауынгерлік әзірлік пен жауынгерлік дайындықты арттыруға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, жаңа тұжырымдама негізінде жауынгерлік қабілетті армия құру тапсырмасын, әскери қызметтің беделін арттыру, еліміз Қарулы Күштерінің жабдықталуы мен кәсіпқойлылығы, Отанға деген адалдық пен мемлекет қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатерге тойтарыс беруге дайын болу қажеттілігі туралы қозғалды.

   Өскемен гарнизоны 27943 әскери бөлімінің сарбаздары Жолдауға зор қолдау танытты. Жаңа Жолдау Қазақстан сарбаздарының патриоттық сезімін одан әрі терең бекітуді, жауынгерлердің өз міндетін атқарудағы батырлық әрекеттерін жоғары бағалай білу мен елжандылыққа тәрбиелеуге күш салуды жүктейді.

 

Әскери тәртіптің жағдайы

 

   «Шығыс» өңірлік әскерлері қолбасшысының Басқармасында «Семей өңірлік гарнизонына қарасты әскери бөлімдердегі 2019 оқу жылының 7 айы қорытындысы бойынша әскери тәртіптің жағдайы» талқыланды.

   Мәжілісте Бас прокуратура мен Бас әскери прокуратураның алқа отырысы шешімдерін, салалық нұсқаулықтар мен бұйрықтардың талаптарын орындауға бағытталған Шығыс аймағы әскери прокуратурасының сегіз айлық жұмысы туралы есеп берілді. Әскери басқару және қылмыстық қудалау органдарымен бірлескен әрекеттердің нәтижесінде гарнизонда әскери қызметшілердің қаза табуына, өзіне-өзі қол жұмсауына, әскери қызметшілердің жарғыға қайшы қарым-қатынастары негізінде жарақат алуына жол берілмегендігі айтылды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Нұрлан Қашағанов, Шығыс аймағының әскери прокуроры әділет подполковнигі Арман Шитенов, ҚР ІІМ Шығыс аймағының әскери тергеу басқармасының бастығы подполковник Мұхаметқали Қарсыбеков әскерде тәртіпсіздік пен қылмысқа жол берілмеу керектігін алға тартты. Басқосуда әскери тәртіпті бекітуге, заң бұзушылықты ескертуге бағытталған сауықтыру шараларын одан әрі жалғастыруға ден қойылды. Әскери тәртіп бойынша тиісті жұмыстарды қамтамасыз ету де ұсынылды.

 

Жемқорлыққа қарсы күрес шарасы

 

   54835 әскери бөлімінде ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының орындалуын бақылау жөніндегі 2019 жылдың екінші тоқсанын қорытындылау комиссиясының отырысы болды.

   Бөлім командирі полковник Мақсұтбек Әділбаев мемлекеттік қызметке қоғам мен мемлекет тарапынан зор сенім білдірілетінін, мемлекеттік қызметшілердің моральді-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылатынын жеке құрамға жеткізді. Әскери қызметшілердің адал, әділ, қарапайым болуы керектігін баса айтты. Жалпы қабылданған моральді-әдептілік нормаларды сақтауға, азаматтармен және әріптестермен қарым-қатынаста сыпайылылық пен әдептілік танытуға үндеді. Сондай-ақ, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының талаптарын мүлтіксіз орындауға шақырды. Жиынның соңында әскери бөлімдегі сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға бағытталған шараның тиімділігі бар екендігіне үлкен үміт артылды.

 

Алуа ИСКАКОВА


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи