"Батыс-2018" стратегиялық оқу - жаттығуы

Апта басында Маңғыстау облысында «Батыс-2018» кең ауқымды стратегиялық командалық-штабтық жаттығуы басталды. Жаттығуға құрлық, әуе қорғаныс және әскери теңіз күштерінің барлық бөлімшесі жұмылдырылды. Қорғаныс министрлігі ұйтқы болған әскери жаттығу Жаңаөзен қаласынан 25 шақырым жердегі жазық далада өткізілді.

оған 5000-нан астам әскери қызметші жұмылдырылды

 

Дабыл бойынша көтерілді

17 қыркүйек күні ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтің бұйрығы бойынша Қарулы Күштердің құрамалары мен әскери бөлімдері оқу белгісі бойынша кенеттен көтерілді.

Селекторлық кеңес режимінде өткізілген тапсырмаларды қою барысында «Шығыс», «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтарының, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бірқатар әскери бөлімдеріне Қазақстанның батыс өңіріне қайта топтасуға нұсқаулар берілді. Әскерлер құрамдастырылған тәсілмен – өздерінің жүрістерімен, теміржол көлігімен, әскери-көлік авиациясының ұшақтарында қозғалуды жүзеге асыруда.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысына әскерлерді оқу-жаттығудың өткізілу ауданына шығару және оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін «Шығыс», «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтарының, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің келіп жатқан бөлімдері мен бөлімшелерін ескере отырып, топтама құру тапсырмасы жүктелді. Майдандық және шабуылдау авиациясы әуеайлақтарда, армиялық авиация далалық тікұшақ айлақтарында шоғырланды. Әскери-теңіз күштерінің топтамасы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің кемелері және катерлерімен күшейтілді. Бөлек шекара заставалары жалпыәскери бөлімшелермен күшейтілді.


«Батыс-2018» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына басшылық ету Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР ҚК Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Мұрат Майкеевке жүктелді. Оқу-жаттығуда Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің, Әскери-теңіз күштерінің, Жедел операциялар күштерінің, арнайы әскерлерінің, материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімдері мен мекемелерінің, ҰҚК Шекара қызметі бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайларының және Ұлттық ұланнан 5000-нан астам әскери қызметші тартылды.

Мыңдаған шақырымға марш жасады

 

«Оңтүстік», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтары мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамалары мен әскери бөлімдері бірнеше мыңдаған шақырымға марш жасап, Маңғыстау облысына келді.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері оқу-жаттығу ауданына өз жүрістерімен келді. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының барлау, танкті және артиллериялық бөлімшелері батыс өңіріне теміржол көлігімен жеткізілді. Одан басқа, 35-ші десанттық-шабуылдау бригадасының десанттық-шабуылдау батальоны әскери-көлік авиациясымен Қапшағайдан Ақтауға алмастырылды. Батыс өңіріне әскерлерді алмастыру басталғанға дейін Маңғыстау облысының басшылығы аумақтық қорғаныс бригадасын арнайы өрістетуді жүргізді, өңірлік жедел штаб құрылды. Қысқа мерзімде аумақтық әскерлер бөлімшелерінің жауынгерлік үйлесуі өткізілді және өңірдегі маңызды нысандар, оның ішінде, дағдарыс ауданында әскерлердің жедел өрістетілуін қамтамасыз ете отырып, әскерлерді түсіру станциялары күзетке алынды. Оқу-жаттығудың мақсаты бойынша Қазақстанның батыс өңірінде заңсыз қарулы құралымдардың іс-әрекетінің қауіп-қатері нәтижесінде жағдай ушығып кетті. «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының жетекшілік етуімен өңірдегі тұрақты жағдайды қалпына келтіруі тиіс әскерлердің түраралық топтамасы құрылды.

Министр жаттығу барысын тексерді

Батыс өңіріне қорғаныс ведомствосының басшысы Нұрлан Ермекбаев Ақтау, Бейнеу, Жаңаөзенге барып, аталмыш оқу-жаттығудың өткізілу барысымен танысты. Қорғаныс министрі оқу-жаттығудың өткізілу ауданында қайта топтастыру және шоғырландыру жөніндегі әскерлердің практикалық іс-қимылдарының тәртібін тексерді. Нұрлан Ермекбаев басқару пункттерінің жабдығын, әскерлердің жылжу жолдарын, далалық жағдайларда жеке құрамның тіршілікпен қамтамасыз етілу нысандарымен танысып шықты.

Қорғаныс ведомствосының басшысы арнайы әскери іс-қимылдарды жоспарлау және өткізу барысында өздерінің жұмыс тәртібі туралы баяндаған бірқатар лауазымды адамдарды тыңдады.

Қорғаныс министрі қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, әскерлерді жауынгерлік қызмет негіздеріне сапалы оқытып-үйретуге, қару-жарақ пен әскери техниканы тиімді пайдалануға, сондай-ақ оқу-жаттығуды өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға ерекше назар аударды.

 

Алғашқы кезеңі аяқталды

Құрлық, әуе қорғанысы және әскери-теңіз күштерінің барлық бөлімшелері жұмылдырылған жаттығудың алғашқы кезеңі де өз мәресіне жетті. Жаттығудың бірінші кезеңінде теміржол эшалондарынан Сай-Өтес, Шетпе, Маңғышлақ бекеттеріне түсірілгеннен кейін жауынгерлер батальон, дивизия бағанымен 300 шақырым марш жасады. Қозғалыс күндіз және түнгі уақытта, дайындалған үш бағыт бойынша іске асты. Әскердің баған бойынша жүру дайындығы инженерлік-саперлік полк күшінің көмегімен жүзеге асты. Алдын ала дайындалған әскери ауданға жауынгерлердің 100 пайызы белгіленген уақытта келіп жетті. Әскерді бір жерден екінші жерге алмастыру барысында екі танк пен жеңіл броньдалған көп межелі тартқыштарда ақаулықтар анықталды. Оны жөндеу бөлімшелері жойды.

Жаттығу барысында жоғарыда белгіленген норматив бойынша марш жылдамдығын жоғары деңгейде көрсеткен астаналық десантты-шабуылдау батальоны, Семейден келген барлау полкы, Аягөз гарнизонының танк батальоны, сондай-ақ Ақтаудан келген екінші теңіз жаяу әскері және теңіз жаяу әскерінің артилериялық дивизионын ерекше атап өткен жөн.

Жалпы Батыстағы стратегиялық ауқымды жаттығуға еліміздің оңтүстігі мен шығысындағы әскерилер келді. Айта кетейік, оқу-жаттығу дабылы бойынша шұғыл жиналып, бірі пойызбен, енді бірі әскери-көліктік авиацияның ұшақтарымен жетті. Жаттығуға 5 мыңнан астам әскери қатысты.

ҚР Қорғаныс министрлігінен бөлек, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі, Ұлттық Ұлан мен төтенше жағдайлар комитеті де жұмылдырылды. Ауыр техникалардың бірнеше түрі, БТР, «Арлан», «Кобра» танкілері, әскери ұшақтар, «Қазақстан» және «Сарыарқа» зымыранды артиллериялық кемелері жаттығуға тас-түйін дайын екенін көрсетті. Еліміздің бүкіл қарулы күшін жинаған жаттығу қыркүйектің 28-не дейін жалғасады.


 



Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"