Айбынды теңіз әскері

Білекті де жүректі сарбаздар барда елдің шебі қашанда берік. Ал армия əлеуеті күшті әскери техникамен жарақтанса, жауынгерлік қабілет шыңдала түспек. Тəуелсіздіктің таңы атқан алғашқы жылдары тұңғыш ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылған əскерлердің бірі – Əскери-теңіз күштері.

Тәуелсіздік тұсында құрылды

 Еліміздің Әскери-теңіз күштері 1993 жылы көктемде құрылды. Оның негізгі базасы әуелгі кезде Ақтау қаласында орналасты. Ал 1999 жылы аталмыш әскери база еліміздің ҰҚК Шекара қызметі Теңіз бөлімдеріне қарады. Жалпы биыл Теңіз әскерінің құрылғанына 28 жыл толады.

Әскери сала мамандарының пікірінше, тәуелсіздік алғаннан кейін Каспий теңізінің қа­зақстандық бағытындағы стратегиялық маңызды нысандардың мүддесін қорғау басты мақсат болды. Анығында, бұл экономикалық аймақ еді.

Өздеріңіз білетіндей, Каспий аймағында табиғи ресурстардың өте бай қоры шоғырланған. Егемендік алған тұста оларды игеру жұмыстарының кө­лемі тез арада ұлғая бастады.

Әскери мамандардың айтуынша, бұл арада Каспий аймағындағы тәуелсіз мемлекеттердің және басқа елдердің осы аймақтағы стра­те­гия­лық-саяси мүдделері бір арнаға тоғысып, ішкі саяси және сыртқы саяси факторлардың ықпалы барынша артты. Сол кездегі Таяу Шығыс­тағы және Ирандағы саяси оқиғалар, жаһандық лаңкестің өрістеуі, мұнай құбырлары, мұнай өндірілетін ірі кен орындары, порттар мен кемелердің тұрақтары сияқ­ты теңіз нысандарына, сондай-ақ теңізде және жағалауларда орналасқан су ком­муникациялары мен басқа да маңызды нысандарға бағытталатын диверсиялық әрекеттердің болу мүмкіндігі сияқты жайттар көпті толғандырды.

 Осындай факторлардың барлығы Каспий аймағындағы елдердің барлығына өздерінің Әскери-теңіз күштерін кү­шей­туге сеп болды. Сондықтан мемлекетіміздегі Әскери-теңіз күштерінің дамуы Қазақстанның Каспий теңізіндегі ұлттық мүддесін қорғау үшін, Каспий теңізінде қауіпсіздікті өзіміздің және ұжымдық әскери қауіпсіздік шеңберінде қамтама­сыз ету мақсатында жасалып жатқан жайы бар.

 

Теңіз әскеріне міндеттелді

 Теңіздегі әскерилер Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде еліміздің шекарасын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Одан бөлек, елдің экономикалық мүдделерін барынша қорғау, басқыншылардың шабуылына лайықты тойтарыс беру, қарулы қақтығыстардың алдын алу жүктелген.

Әскери-теңіз күштеріне суасты диверсиясына қарсы қорғану, құрлықтағы әскери күштердің іс-қимылын теңізден қамтамасыз етіп, қолдау көрсету, теңіз десантын түсіруге мүмкіндік жасау, сарбаздар әрі олардың техникалық құралдарын тасымалдау, теңіз миналарын орналастыру, халықаралық өзара келісімге сәйкес бірлескен қорғаныс бойынша Каспий жағалауындағы өзге бес мемлекеттің әскерилерімен бірлескен тапсырмаларды орындау жүктелген.

Бұған қоса, еліміздің портты аймақтары мен мұнай іздеуге арналған нысандарды қорғау әрі күзетумен айналысады.

Каспийдегі теңіз флоты Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік өкілдерімен тізе қоса отырып теңіз аумағында іздеу-құтқару шараларын іске асырады. Ашық теңізде қиын сәтке тап болған жандарға көмек қолын созады.

Еліміздің Әскери-теңіз күштері қоршаған ортаны қорғау және бақылау міндеттерін орындау, сондай-ақ теңіздегі түрлі апат немесе экологиялық апаттың зардабын жоюға және басқа да көптеген міндеттерді атқаруға атсалысады.

 

Кемелер мен катерлер жасалды

КСРО тұсында Каспий аймағында әскери флоти­лиясы тұрғанмен, Қазақстанның аума­ғында бірде-бір әскери кеме болмаған екен. Жалпы Қазақ елі теңіз көліктерін өз күшімен жасағаны мәлім. Алғашқы жылдары кеме құрастыру бағдарламасы түзіліп, Оралдағы «Зенит» зауытында кеме және катер соғу басталды.

Әскери-теңіз күштеріне қарасты әуелгі катерлер Каспий суына 1995 жылы бірінші мәрте түсті. Олар «Сұңқар» және «Батыр» жобасы бойынша жасалған кемелері еді. Содан бері талай жыл өтті.

Бүгінде осы бағдарламалар табысты жүзеге асып жатыр. Соған қарап Қазақстанның да кеме шығаратын мемлекетке айналғанын көруге болады. Зауыт қазірдің өзінде «Барс 250» жобадағы кемелер мен катерлерді құрастырып, Әскери-теңіз күштеріне де беріп үлгерді.

Сондай-ақ Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз флотында Америкада жасалған «Си-Арк» және «Бостон» түріндегі катерлер, Германияда және елімізде жасалған сан түрлі кемелер бар.

Қазір еліміз Әс­ке­ри-теңіз күштерін қаруландыруға, әс­кери техникалармен жабдықтауға барынша көңіл бөліп отыр. ӘТК қол­басшылығы бұл тұрғыда жергілікті өндіріс орындарымен барынша тығыз байланыс орнатқанын атап өткен жөн. Бұған дәлел қазіргі таңда Әскери-теңіз қаруларының 80 пайызға жуық тапсырыстарын «Қазақстан инжи­ниринг» ҰК қорғаныс-өндірістік кәсіпорны жүзеге асырып жатыр.

 

Теңіз мамандары даярланды

Осы мақсатта 1994 жылдың күзінде Орал қаласында Әскери-теңіз күштерінің арнайы оқу орталығы құрылады. Құрылған уақыттан бастап осынау орталық ҚК ӘТК мен ҰҚК Шекара әскерлері­нің теңіздік бөлімдеріне кіші кеме маман­дарын даярлай бастайды. Ал кәсіпке дайындау штурмандық-белгі берушілер, радио-телеграфшылар және де трюмдік моторшылар деген үш ма­ман­дық бойынша жүргізіле бастайды.

Әрине, маман дайындау үшін ұстаз қажет. Сол жылдары елімізде әскери-теңіз саласын жақсы білетін мамандар болды ма? Болды.

Елімізде ӘТК құрылған бастапқы жылдарда Қайыргелді Есінеев, Серік­қали Бимурзаев, Марат Түлекбаев, Жандарбек Жанзақов,  Ахметжан Шақпұтов, Марат Базилов, Болат Алтымбаев сықылды күллі КСРО флоттарының құрамында жүріп алып мұхит­тардағы нейтралды суларда барынша шыныққан тәжірибелі флот офицерлері талмай еңбек етті.

Мінекей, осынау білікті мамандар өздерінің үлкен ортада көрген тәжірибелерін отандық теңіз күштерін құруға жұмсады.

 

Базаның бүгінгі жағдайы

Елімізде теңіз күштерінің базасы қазірде Ақтау қаласында орын тепкен. Оның құрамында əртүрлі кемелер, дивизион, жастарды оқытатын оқу орталығы, гидрографиялық қызмет жəне қамтамасыз ету батальоны енеді. Шамамен, құрамында 3 мыңға тарта жауынгер бар.

2012 жылы 25 сәуірде Қазақстанның тұңғыш зымырандық-артиллериялық кемесі суға түсірілді. Мұның өзі біздің отандық әскери-өнеркәсіп кешенінің аса маңызды әрі тарихи оқиғасы еді. Бұл жаңа әскери кеме оның алдындағылардан сыйымдылығы (250 тонна) жағынан да, қарулануы жағынан да мүлдем өзгеше. Әскери кеме зымырандық жүйемен жабдықталған, двигательдері де заманауи. Бір ауыз сөзбен айтқанда, ол навигация мен байланыстың барлық заманауи құралдарымен жарақталды. Бүгінде жаңадан теңізге түскен кемелер саны артты. Айта кетсек, ҚР ҚМ Әскери-теңіз күштеріне тиесілі 7 кеме бар. Мәселен, Әскери-теңіз күштерінің қатарында «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» атты зымыранды артиллериялық кемесі, «Алатау» минотартқыш кемесі, «Жайық» гидрографиялық кемесі, «Өжет» оқу кемесі бар.

Ресейде жасалып, Балтық және Каспий теңізінде сынақтан өткізілген «Алатау» минатартқыш кораблі тайыз және терең суда да жүзе береді. Теңіздің асты мен үстіндегі минаны анықтауға қауқарлы. Ол – еліміздің Қарулы Күштеріндегі мұндай үлгідегі жалғыз әрі алғашқы кеме. Сол себепті экипаж мүшелері де қайта дайындықтан өткен, су көлігінің техникалық сипаттамасымен танысқан.

Сондай-ақ, «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кораблін айтып өтуге болады. Әскери-теңіз күштерінің жауапкершілік аймақтарында жауынгерлік тапсырмаларды орындауға арналған. Ерекшелігі, қару-жарақ жаңартылып, суасты диверсиялық қауіп-қатерлерді, жауынгерлік жүзушілерді анықтауға және олармен күресуге арналған құралдар орнатылған. Сонымен қатар, экипаждың тұру жағдайын жақсарту бойынша кемеде қызмет етіп жүрген әскери теңізшілердің ұсыныстары ескерілді.

Айта кетейік, соңғы уақытта Оралдағы «Зенит» зауытынан жасалынған кемелер алынуда. Себебі, Кеңес Одағында бұл зауыт әскери-теңіз бағытындағы өнімдерді шығарумен айналысқан еді. Сондай-ақ, Каспий теңізіне шығатын жолы бар. Болашақта арнайы техникалар, яғни, теңіз катерлері мен әскери кемелері тағы да алынады.

 

Жетістіктер жоқ емес

Жиырма сегіз жыл ішінде қазақстандық флоттың соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған отандық өндірістің су жаңа зымыран-артиллериялық корабльдерімен сапалы жабдықталуы, жеке құраммен жасақталуы және әскери қызметшілердің оқуы мен жауынгерлік даярлығын жетілдіруден бастап корабльдердің орналасуының алғашқы жекеменшік пунктінің құрылысы мен ашылуына дейінгі қыруар жұмыс атқарылды.

Бүгінде Қазақстанның Әскери-теңіз күштері – бұл Каспий теңізінің қазақстандық секторында маңызды стратегиялық тапсырмаларды орындайтын еліміздің Қарулы Күштерінің толыққанды жекелеген әскер түрі.

Еліміздің әскери-теңіз күштері өзінің қа­лыптасу уақытында әлемнің көптеген мемлекетімен берік ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасты. Айталық, осыдан шамалы жыл бұрын еліміздің Әс­кери-теңіз күштеріне арнайы сапармен Оңтүстік Корея әскери-теңіз күштері­нің бас қолбасшысы Джон Хо Сюб және Иранның бас қолбасшысы Хабибулла Сайари келді. Алдыңғы жылы құрамында «Сарыарқа» және де «Орал» зымыран-артиллериялық кемелері бар Қазақстан ӘТК жауынгерлік кемелерінің тобы арнайы сапармен Иранның Энзели портына барып қайтты.

ӘТК кемелері еліміздің жалауының астында түрлі жауынгерлік жорықтарға шығып, халықаралық әскери жаттығуларға, жарыстарға қатысып жүлделі оралды. Бұған қоса соңғы кездері одақтасымыз Ресейдің ұйытқы болуымен өткізіліп жүрген халықаралық әскер ойын­дарының құрамындағы «Теңіз биат­лоны» бойынша жарыстардан да қазақ­стандық кемелер қомақты жүлдемен оралды. Жалпы айтқанда, халықаралық деңгейдегі жарыстарда үздік көр­сеткіштерге ие болған теңізшілер біздің елімізде жетерлік.

 

Жауынгерлік әзірліктері жоғары

Еліміздің теңіз әскери күштерінің негізі әскери базасында әскери теңізшілер жыл сайын жаттығады. Жыл сайын өткізілетін командалық-штабтық және ұрыстық-тактикалық оқу-жаттығулар – соның дәлелі.

2020 жылы Әскери-теңіз күштері жауынгерлік әзірлік жоспарын толық орындады. Соның бірі қыркүйектің 5-і мен 9-ы аралығында өтті.

Жаттығу жоспарына сәйкес арнайы бөлімшелер дағдарыс ауданындағы шартты қарулы қақтығысты шешу бойынша тактикалық-атыс іс-қимылдарын орындады.

Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты еліміздің Батыс өңірдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен іс-қимылдарды пысықтау болды.

Қарулы Күштерден басқа маневр жасауға «Бекет-2020» ведомствоаралық кешенді оқу-жаттығуы шеңберіндегі іс-шараларға қатысқан басқа да мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері тартылды. Сонымен қатар, оқу-жаттығу барысында нақты жауынгерлік жағдайларға барынша жақын, кешенді тәуекелдер мен гибридті сипаттағы қауіп-қатерлерге, сондай-ақ шартты қарсыластың әрекеттеріне ден қою қажеттілігін ескеретін жағдайлар қарастырылды.

ҚР Әскери-теңіз күштеріндегі ірі ауқымды оқу-жаттығудың белсенді кезеңін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев қадағалады. Министр жауынгерлердің кәсібилігіне, Қарулы Күштер бөлімшелері мен басқа да мемлекеттік органдардың өңірдегі дағдарыстық жағдайды жою жөніндегі міндеттерді шешудегі іс-қимылдарының үйлесімділігіне жоғары баға берді.



Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"