Әскер-шынайы өмірге шыңдайтын мектеп

Әскер-шынайы өмірге шыңдайтын мектеп

Биыл көктемде 17 мың азамат Қазақстан әскерінің қатарын толықтырмақ. Егемен елдің тыныштығын қырағы күзету, бабадан қалған қасиетті жерімізді қорғау - әр сарбаз алдындағы айнымас міндет. Ал осы айнымас міндетті ел аумағы құрлықта, теңізде, әуе кеңістігінде қалтқысыз абыроймен атқаратын сарбаздарды іріктеу, електен өткізу - үлкен жауапты іс. Осыған орай, көктем шығысымен еліміздің барлық өңірлеріндегі Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне қарасты жиын пункттерінде қарбалас тірлік басталып кетті. Көктемгі мерзімді әскерге шақырылушыларды тіркеу, шақыру, медициналық комиссиядан өткізу, қабілет-қарымы, денсаулық жағдайына қарай Қарулы күштер түрлеріне жасақтау жұмыстары ел көлемінде өтуде. Ендеше, осы науқанға орай біз де газетіміздің бүгінгі бетін өңір-өңірлердегі әскери комиссариаттардың жұмысына арнамақпыз.

                        Әскерге жол ашатын кезең                          

 

      Таңғы сағат тоғыздар шамасы. Маңғыстау облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде тағы қарбалыс. Көктемгі әскерге шақыру науқанына шақырылған 18-27 жас аралығындағы бозбалалар медициналық тексеруге асығып, комиссияның оң қорытындысын күтуде. Биыл облыс бойынша көктемгі шақырылымда 700-ден астам жас Отан алдындағы борышын өтемек.

Облыс әкімдігінде ағымдағы жылдың 3 наурызында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары – облыстық әскерге шақыру комиссиясының төрағасы Сқақов Мақсат Нұрлыбекұлының төрағалығымен жиын өтіп, атқарылар жұмыстар пысықталған болатын. Бүгінде жергілікті әскери басқару органдарында әскерге шақыру комиссиясы отырысының хаттамасында қойылған талаптар толықтай орындалып отыр.

Жастардың әскерге баруға ниеттері басым. Ол үшін қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен жергілікті әкімдік өкілдері, ішкі істер департаменті бар күш-жігерін салуда. Отан деген қасиетті ұғымның мағынасы тереңде екенін білім беру мекемелері де табалдырықты аттаған күннен бастап үйретуде.  

«Шекара қорғауға барғысы келетіндердің бойы 165 сантиметрден төмен болмауы тиіс» дейді әскери бөлім өкілдері. Ал, Мемлекеттік Күзет қызметі болса, болашақ сарбаздарға қатаң талап қойып отыр. Бүгінде өңірден әскеріміздің ерекше құрметке ие болған бұл түріне - 10 маңғыстаулық аттанбақ. Бой тұлғасы келісіп, денсаулығынан кінәрат табылмағандардың білім деңгейі де сараланбақ.

Жас жігіттер әскерге жарамдылықтарын тексерту үшін бірнеше дәрігерлердің тексеруінде болуы тиіс. Ақ халаттылардың сөзіне сенсек, облыста көз, мұрын, құлақ аурулары көп. Дегенмен, олар толық жарамсыз деген сөз емес. Мұнан бөлек, биыл азаматтарды іріктеу барысында салмаққа байланысты түйткілдер де жетерлік. Бірінің салмағы аз болса, енді бірі артық салмақтан зардап шегіп жүргендер.

Тексерістің қортындысын айтуға әлі ерте. Себебі, әскерге шақыру науқаны шілді айының соңына дейін жалғасатын болады.

                Жамиля Бұхарбаева       

Маңғыстау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің                    баспасөз қызметінің бастығы

                                                                    

                                                                                                             Қостанай

          Салмақ жетіспеушілік белең алып барады

 

       Қостанай облысында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жыл сайынғы үдеріс бойынша жүріп жатыр. Биыл Қостанай облысы бойынша 800-ден астам азаматты мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарланған. Оның ішінде Мемлекеттік күзет қызметіне – 10-нан астам, Шекара қызметіне – 200, Қорғаныс министрлігінің әскери құрылымдарына – 300, Ұлттық Ұлан бөлімдеріне – 300-ден астам болашақ сарбаз аттанбақ.

     Қазіргі кезде жергілікті медицина өкілдерінен құрылған медициналық комиссия әскерге шақырылушылардың денсаулық жағдайларын жіті тексеріп, әскери қызметке жарамдыларын анықтап іріктеу жүргізіп жатыр. Мамандардың сөзіне сүйенсек, бозбалалардың көпшілігі салмақтың жетіспеушілігі, көздің нашар көруі сынды себептер бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылады.

Юрий Исмагулов, ортопед-травматолог:

-         Жыл сайын әскерге шақырылушылардың саны өсіп келеді. Біздің ұлан-ғайыр елімізді қорғай алатын сарбаздарымыз көп болуы керек. Сол себепті Отан қорғаушыларымыздың денсаулығы басты назарда. Сондықтан да біздің әскери-медициналық комиссия әскер шақырылушыларды жіті тексеруден өткізеді. Және олардың денсаулық жағдайларының ерекшеліктеріне сай, әр түрлі әскери тектер мен құрылымдарға іріктелінеді. Мысалы, Мемлекеттік Күзет, әскери-теңіз Күштері сынды еліміздің әлеуетін көрсететін әскери құрылымдарға бойы ұзын, салмағы қалыпты, барлық көрсеткіштер бойынша жарамды жігіттерді ғана жолдаймыз. Ал денсаулық жағдайында белгілі бір кемшіліктері бар бозбалаларды қосымша тексеруге жібереміз.

    Ежелден аталарымыз ғасырлар бойы туған елін қорғап, ұрпағына аманат етуді басты міндеті деп санаған. Бұл қағиданы қазіргі күннің ұрпағы да жақсы түсінеді, шақырылу жасындағы азаматтардың көбі әскери өмірге асқан қызығушылық танытып жатады. Қостанай қаласынан шақырылып отырған Нұғыманов Жолдас әскери өмір – ер жігітті қайраттылық, қайсарлық, төзімділік сынды қасиетке, темірдей тәртіпке баулитын өмір деп біледі.

 

Жолдас Нұғыманов, әскерге шақырылушы:

-         Әскерде қызмет етуді Отанын қорғау, өз азаматтық борышым деп есептеймін. Және менің ағам – әскери қызметші. Сол кісі маған үлкен үлгі болды десем де болады. Себебі әскери қызметте жүру, менің ойымша, ер балаларды жігерлі, намысты болуға тәрбиелейді.

                                                                                                                          Назгүл Шабдарова,

Қостанай облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметінің бастығы

                                                                                                                Қарағанды

Алматы

                                                                                                                                       

Жылжымалы шақыру комиссиясы

тұңғыш Жетісуде іске кірісті

 

Биыл көктемде Жетісу жерінен 1991-2000 жылы туған 1800-ден астам азамат әскерге қатарына алынады деп жоспарланған. Соның 300-ге жуығы қазіргі уақытта ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне аттанып та кетті. Ал алдағы уақытта 645 азамат ҚР Қарулы Күштерінің қатарына, ал қалған 1221 адам басқа да әскерлер мен әскери құралымдар - Шекара қызметі, Ұлттық Ұлан, Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылмақ.  

Ерекше атап өтерлік жайт, биыл тұңғыш рет жылжымалы шақыру комиссиясы Алматы өңіріне қарасты қалалар мен аудандарда жұмыс жүргізді. Көктемгі әскерге шақыру науқанын сапалы әрі уақтылы орындау мақсатында аталған комиссия әр шақырылушыны жеке-дара қарастырып, алған білімін, отбасы жағдайын ескере отырып, денсаулығының жарамдылығын басты назарда ұстап, оны әскер қатарына қабылдау-қабылдамау туралы шешім қабылдады.

Дәрігер мамандардың айтуынша, жастар арасында бас миының шайқалуы, жүрек жетімсіздігі, 3-деңгейлі жалпақтабандылық көп кездеседі. Тіпті ауру заманына сай, технология үздіксіз дамыған уақытта көз көруінің нашарлауы да артқан. Әрбір 5 баланың 3-уі көз ауруына шалдыққан дейді мамандар. Облыс бойынша әскер қатарына шақырылушылардың жалпы санының 70%-ға жуығы әскерге жарамды саналған. Ел арасында «40 күндік армия» сөзі, тіпті әскер өмірі туралы керітартпа пікірлердің болғанына қарамастан бүгінгі күні сапта тұрып, Отан алдында ант беруге ниетті азаматтар жетіп артылады. Солардың пікірін назарларыңызға ұсынамыз.

 

Мұсаев Еділ Ескендірұлы, 20 жаста (Алматы облысы Панфилов ауданынан шақырылушы):

-         Ес білгелі отбасында жүріп естігенім «ер азамат болудың дәлелі – кеудесін намыс жанып, кезегі келсе қолына қару ұстап, ел қорғау» еді. Отан алдындағы борышымды өтеу үшін аттанып бара жатырмын. Ел басына күн туса қасықтай қанымды қиып, жанымды пида етуге әзірмін. Қазір Аллаға шүкір еліміз тыныш, басымыз аман, бірақ босаңсып кетуге де болмас. Әскерден көрген-білгенімді көңілге түйіп, оралған соң да шыңдап жүреріме сенімдімін.

 

Сансызбаев Дильшат, 18 жаста (Алматы облысы Қапшағай қаласынан шақырылушы):

-         Әскерге Отан алдындағы борышымды өтеу үшін ғана емес, жігіттігімді сынау, шыңдау үшін кетіп барам. Бұл - жігіттіктің үлкен мектебі. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөліміне қабылдандым. Нұсқаушылардың айтуынша, бізді алдымен оқу-жаттығу орталығында үйретіп, кейін әр тараптағы әскери бөлімдерге аттандырады. Қобалжу бар, әрине, бірақ кеудемді кернеген қуаныш басымырақ. Мен үшін «елін қорғап жүрген азамат» деген атақтың өзі мақтаныш сезімін ұялатады.

Лейтенант Жанар Әміржанова

Алматы облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің                    баспасөз қызметінің бастығы

 

                                                                                                                    Ақмола

           Басты талап – мықты денсаулық пен білім

 

Ақмола облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті жергілікті атқарушы, білім, денсаулық сақтау, әскери басқару органдарымен бірлесе отырып, әскери міндеттілік негізінде Қарулы Күштерді, басқа да әскери құрылымдарды жасақтау мақсатында әскери қызметке кезекті шақыру науқанын жүргізіп жатыр. Биыл облыс бойынша көктемгі шақыруға іліккен 800-дей жігіт әскерге аттанады. Оның ішінде тапсырма бойынша шақырушылар бірінші кезекте шекара қызметіне барады.

«Әскерге барғысы келетін жігіттерге қойылатын ең басты талап – мықты денсаулық пен білім. Облыстық дәрігерлік комиссияға шақырылушылар 12 медициналық маманнан тексерістен өтеді. Медициналық тексерістерден өту кезінде азаматтар арасында терапиялық, хирургиялық неврологиялық сырқаттардың белгісі байқалып қалуда. Омыртқаның майысқаны және көз аурулары жиі кездеседі», - дейді облыстық әскерге шақыру дәрігерлік комиссиясының төрағасы Мақшәріп Мартазанов.

Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезім бүгінгі жастарды жауапкершілікке, өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқаруға жігерлендіруде.

"Мен Біржан сал ауданындағы Еңбек ауылынан әскерге шақырылып жатырмын. Бұл біздің отбасымыз үшін елеулі оқиға", - дейді болашақ сарбаз Руслан Ахметқазин. Сондай-ақ, Руслан "Анам азамат болдың деп қуанып жүр. Ал өзім ағам Рустамға ұқсағым келеді. Ол Ұлттық гвардия сапында әскери борышын өтеді. Жауынгерлік жетістіктері мен әскери дайындықтағы табыстары үшін марапаттар алды, үйімізге алғыс хат та келген. Қазір медициналық, психологиялық тексерістердің барлығынан ойдығыдай өттім. Әуе десант әскері қатарында қызметке шақырылғым келеді. Оған дене шынықтыру жағынан дайынмын. Мен былтыр Көкшетаудағы азаматтық қорғаныс колледжін бітірдім. Жуырда "Рухани жанғыру" бағдарламасы аясындағы мемлекеттік тілді насихаттау жөніндегі облыстық байқауда үшінші орынды алдым. Менім пікірім - әр азамат Отан алдында борышын өтеуге тиісті. Әскери қызмет жақсы өмірлік сабақ деп бекер айтылмаған» деп ағынан жарылды.

Аға лейтенант Айнұр Уалиева,

Ақмола облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметінің бастығы

                                                                                                                                                 Қарағанды                                                                                 

                Әскери қызмет үлкен беделге ие                         

      Биыл көктемде Қарағанды облысының Қарулы Күштері, әскери құрылымдары мен басқа да әскерлері 1991-2000 жылғы туылған 1500-ге жуық азаматтарды әскерге шақыруды жоспарлап отыр. Биылғы көктемгі әскерге шақырудағы бір ерекшелік-мерзімді әскери қызметке шақырылушы азаматтар санының өсуі, олардың денсаулық жағдайына, азаматтардың білім деңгейіне және моральдық-психологиялық тұрақтылығына қойылатын талаптардың артуы. Осыған орай, медициналық куәландыру бойынша қосымша шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, қазіргі әскери шақырушылар наркологиялық тестілеуден өтеді. Қазір гепатит, туберкулез ауруларын анықтау бойынша міндетті зертханалық тексерістердің аумағы кеңейді, сонымен қатар аурудың себептік байланысын анықтау қайта қарастырылып отыр.

Бүгінгі күні мерзімді әскери қызметті өткеруге жастардың өздері ниет білдіретінін айта кеткен жөн. «Университетті аяқтағаннан кейін, бірден қорғаныс істері жөніндегі аудан бөліміне келіп, медициналық комиссиядан өтіп, қазір әскери бөлімге жөнелтілуге дайындалып жатырмын. Қазіргі таңда әскери қызмет беделге және үлкен құрметке ие. Бұл әр азаматтың борышы», - деп Қарағанды облысының әскерге шақырылушысы Аман Әбілтаев өз ойымен бөлісті.

Олар алдын-ала аумақтан тысқарылық принципімен жинақталады. Яғни, әскерге шақырушылар контингентін әскери бөлімдерден тыс орналасқан аудандарда тұратындармен толықтырылады деген сөз. Әскерге шақырылушыларды әскери командалар бойынша бөлу және іріктеу кезінде, олардың әскерге шақырылғанға дейінгі алған мамандықтары ескеріледі. Дәстүр бойынша, болашақ Отан қорғаушыларды Қарулы Күштердің әскери бөлімдеріне жөнелтілмес бұрын, жергілікті әскери басқару органдарының облыстық жинау пунктінде әскери киім-кешекпен қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министірлігінде әскерге шақырылу және медициналық куәландыруды жүргізу тәртібі туралы сұрақтардың жедел шешімі үшін барлық кезеңде «жедел желі» жұмыс істейтін болады. Жауапты лауазымды тұлғалар сіздерді қызықтыратын барлық сұрақтарға түсініктеме беріп, жауап қайтарады. Осыған орай 8 (7212)72-13-89, 72-10-83 және 72-16-06 телефон нөмірлері бойынша қоңырау шалып, кеңес ала аласыздар.

Лейтенант Алмагүл Дарманқұлова,

Қарағанды облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметінің басты

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства