Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қыз-келіншектері үшін 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында генералдар, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасарлары керемет концерт ұйымдастырды.
ҚР Қорғаныс министрлігінің жоғары басшылық құрамы аталмыш мерекемен әскери әйел қызметшілерді құттықтауға айрықша көңіл бөлді. Бұл шарада алдымен ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов «ХХІ ғасырда әйел әскери қызметші немесе сарбаз әйел деген кәсіптің болуы ешкімді таңғалдырмайды. Елбасы – Жоғарғы Бас Қолбасшының сөзімен айтсақ, «Бүгінде ер-азаматтар сияқты әйелдер де погон тағуға тең құқылы». Олардың барлығы жоғары білімді, шығармашылық және қоғамдық өмір салтын белсенді ұстанатын, қалыптасқан тұлғалар», - деп қыз-келіншектерге жылы лебізін білдірді.
Мерекелік концерт әйел әскери қызметшілерді шаттыққа бөлеп, көңілін бір көтеріп тастады. Әсіресе, концерттің ең басты тосынсыйы ҚР Қорғаныс министрі орынбасарларының көрсеткен өнерлері көрермен көңілін бір марқайтып тастады. Мәселен, генерал-лейтенант Оқас Сапаров пен Нұрлан Сауранбаевтың орындауындағы лирикалық әндер мен генерал-майор Талғат Мұхтаровтың айрықша бейнеге енуі тіпті тәнті етті.