Еңбегі еленді

Еңбегі еленді

Жоғарғы Бас Қолбасшы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында еңбек адамының орнын ерекше атап, сый-құрметпен айрықша баға берген болатын. Әр өнім мен көрсетілген қызметтің артында қарапайым еңбек адамы тұратындығын атап өтті. Құйылған құрыш, қаланған кірпіштер, жиналған егін, қазылған кен – барлығы еңбек адамының қолынан өтетіні хақ. Бүкіл халық бұл сөздерді қуанышпен қызу қолдады.

Осы мақалаға тиек болғалы отырған мәселе де еңбек адамы туралы. Құрылысшы сияқты, істегені таудай болып көзге көрінбегенімен, Жолдауда айтылған, халықтың жалпы өмір ұзақтығы орташа есеппен 72 жас мөлшеріне жетуі осы дәрігер қауымының еселі еңбегінің үлесі екені даусыз. Еңбектің бағалануы мен құрмет көрсетілуі ұйымдастырушы басшылардың құзырында екені анық. Осы орайда, айрандай ұйыған еңбек ордасының басшысы, Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпитальдің директоры, медицина ғылымының кандидаты Әділхан Абдулин мырза хабарласып, өзінің ұжымындағы қуанышпен бөлісіп, үздік қызметкері туралы газет бетінде жариялауды өтінген еді.

Бұл ұжыммен көп жылдардан бері қарым-қатынаста болып, талай рет қызметкерлері туралы, түрлі іс-шаралары мен игі істері жайында «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналы беттеріне жариялыған болатынбыз. Осы жолы да шақыруды қуана қабылдап, барған едік.

Кездесуіміз ұжымның жиналысының үстінен түсті. Кейіпкеріміз – Нұрымбетова Гүлнар. 1987 жылы Арқалық медициналық училищесін тамамдаған. 2003 жылы Астана қаласына келісімен, аталмыш мекемеде физиокабинеттің медбикесі болып қызметке орналасады. «Осындағы ең ауыр, жауапты жұмыстарды медбикелер атқарады. Ем-домның дұрыс болуы да соларға байланысты» деп бастады сұхбатын Әділхан Әмірбекұлы. «Бүгінгі таңда біздің ем-дом көрсететін кабинеттеріміз ем шара сапасын арттыру мақсатында заманауи технологиялармен қамтамасыз етілген. Сол техникаларда қолдана білу үшін де ептілік пен ұқыптылық қажет. Ол мәселе біздің Гүлнар Есмағамбетқызы үшін қиындық тудырмайды. Өзінің тікелей міндетінен басқа физиотерапиялық шараларды, вакумдық массаж сияқты қосымша кәсіптерді игеріп алған. Мамандар жетіспей жатқан кездері осындай жан-жақтылығымен қолғабыс тигізіп тұрады. Ол, әлбетте, екінің бірінде бола бермейтін қасиет екенін атап айтқым келеді. Көмектесу мен қол ұшын беруден шаршамайтын жан екені анық» деп мақтанышпен жалғастырды сөзін ол.

Гүлнардың еңбекқорлығымен қоса адами қасиеттерін де ерекше айтып өтті. Ата-анасынан ерте қалған отбасының үлкені, өзінен кейіегі сіңлілерін бойжеткізіп, отау болуларына дейін міндетіне алған. Яғни, ана орнына ана, әке орнынан әке болғаны туралы айтып, нәзік қыздың бойындағы қайратын ерекше дәріптеп жатты.

Ал Консультативтік диагностикалық бөлімінің басшысы Татьяна Новик Гүлнар туралы «Өте мейірбан, жұмысқа ынтасы жоғары, барлық тапсырманы мұқият және сапалы орындайтын қызметкер. Сонымен қатар ардақты ана, тату-тәтті отбасының ұйытқысы, емделуге келген адамдарды өте қатты сыйлайды. Қызмет етіп жатқан кабинеттері және жеке өзіне деген алғыстар ем алушылардың тарапынан өте көп айтылып жатады. Өте сабырлы, қашан да ақжарқын мінезбен жүретінін байқаймыз. Бірге қызмет етіп жатқанымызға он жылдан асты. Ол менен бұрын келген екен бұл жерге» деп, ақ ниетін білдірді.

Бас медбике Назира Кішкенбайқызы өз пікірін былай жеткізді. «Өз міндетін өте жақсы атқарады. Біздің жұмыста ең көп болып тұратын мәселе – өзара ауысып тұру. Ол мәселеге келгенде Гүлнарға тең келетін жан жоқ. Өйткені, ем-домның барлық түрін игерген, қашан да жұмысқа дайын. Әрине, қандай деңгейдегі басшы болса да осындай сенімді, сапалы жұмыс атқаратын мамандарға сүйенетіні анық. Міне, сондай алғыр да сенімді қызметкер екенін айтқым келеді» деп аяқтады сөзін. Қазақстан денсаулық сақтау саласының үздігі Людимла Белимова өзі басқаратын физиотерапевтикалық бөлімі туралы және сол бөлімде қызмет ететін медбикелер туралы былай деді. «Госпиталь бойынша біздің бөлім негізгі қызмет атқарады деп айтуға болады. Өйткені, негізгі ем-дом бізде жасалады. Массаж, дене шынықтыру, жылу емі сияқты шаралар... Әлбетте, медбикелердің барлығы да жоғары деңгейде қызмет атқарады. Солардың ішінен биыл Гүлнар Нұрымбетованы бүкіл ұжым қолдап, ҚР Президенті атынан берілетін Құрмет грамотасына ұсынуды жөн көрдік. Бұл марапатқа өте лайықты деп есептеймін» деп тоқтады.

Иә, бұл марапат қаншалықты әсер еткенін, қандай жігер қосқанын, мәртебе мерейін өсіргенін айту атрық болмас. Қай сала болмасын, еңбек адамы барлық дүниенің қозғаушысы екенін тағы да айта отырып, қашан да мәртебесі биік болғай деген ізгі ниетпен аяқтамақпын.

Ақан Жанпейісов


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи