ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Тарихтың қатпарлы беттері: Біздің тарихымыз көк түріктерден басталу керек

Тарихтың қатпарлы беттері: Біздің тарихымыз көк түріктерден басталу керек

Ел егемендігін алғалы есін жиды, етек-жеңін түзеді. Даму мен өрлеуді бастан өткерудеміз. Қорғанысымыз да күн санап қарыштау үстінде. Өткен жылы ғана Қазақ хандығының 550 жылдығын ел болып, жұрт болып тойлап, өткенімізді сараладық, кешегімізді екшедік. Енді, міне тәуелсіздігіміздің ширек ғасырын дүбірлетпекпіз. Бұл байрақты, бәсекелі халық екенімізді аңғартатыны ақиқат.
Алдымызда атқарылуға тиіс шаруалар легі де аз емес. Тарихтың қатпарлы парақтарын әлі де аша түсуге тиіспіз. Әлі де бабалар ізін жаңғырта беру – ұрпақ парызы. Арамызда жүрген ағалар пікірі де осыған саяды...

Әнес Сарай, жазушы, драматург:

– Қазір көкжиегіміз кеңіп, тарихи ойларымыз жан-жақты дамыды. Мен Қазақ тарихының қалыптасуын Керей мен Жәнібектен бастауға қарсымын... Қазақ тарихын Көк Түріктерден бастау керек. Осы бағытта еңбектенуімнің, «Көк түріктер қағандығын» жазуымның себебі сол. Өйткені, тоқсан алты баулы Дешті Қыпшақтың Көк түріктер қағандығын құруға төккен тері, еңбегі Қытай жылнамаларында көптеп кездеседі. Демек, біздің тарихымыз сол заманнан басталады.

Осы орайда, «Неге одан бұрынғы Үйсін, Қаңлы мемлекеттерінен бастамаймыз?» деген заңды сауал тууы мүмкін. Қаңлы да, Үйсін де бір тектің, бір тайпаның ғана мемлекеті. Бұл бүкіл қазақ қауымының жағдайын сәулелендіре алмайды. Олар Ғұндардың бір ғана ұлысы болып отырды. Мұнда тарихи басы ашылмаған дау көп. Жүзге жуық Ғұн тайпасының атауы бірде-бір қазақ тайпасының атына ұқсамайды. Тек шеткі ұлысында, Қаңлы мен Жетісудағы ұлысында Үйсіндердің аты аталады. Ал даусыз тұсы – Көк түріктер кезеңі. Тарихымызды осыдан бастасақ, еш сөкеттігі жоқ.

Түптеп келгенде, Түрік мемлекетінің мұрагері біз болып қалдық. Өйткені, солардың территориясында отырмыз. Түптің төркіні түріктің мұрагерін іздеген адам қазақ топырағына келеді. Түрік мемлекетінің абыройына да, ұятына да қатысты халықпыз біз. Көк түріктердің, көшпелілердің ғажап өркениетін қалыптастырған ұлы елдің мұрагері болудан бас тартуға болмайды.

 

Сұлтан Оразалин, тележурналистиканың ардагері, жазушы, сыншы: – Нақты тарихшылардан гөрі, жазушы-тархшылар ежелгі дәуір жөнінде де, тәуелсіздіктің қалыптасуы жайында да көптеген жазбалар жариялады. Бір ғана Мұхтар Мағауиннің Шыңғыс хан туралы еңбегі ғажайып оқиғаларға толы. Солардың ішіндегі рулардың барлығы дерлік қазақы... Ал тіл тарихына келсек, түрік, қыпшақ тілдері сол замандардан бері  мемлекеттік тіл болып келген. Осынау ұлы аймақты біріктірген қарудың күші емес, бәлкім ол да бар шығар, негізінен тілдің бірлігі. Дін бірлігі емес, тілдің бірлігі. Мәселен, сол кездерде Керей, Найман тайпалары христиан дінін ұстанған. Будда, Тәңір діндерінде болғандары қаншама. Бірақ осылардың барлығы тіл бірлігімен ұйысты. Қыпшақ тілінің құдіреті туралы жазылған бірнеше үлкен-үлкен еңбектер бар. Өкінішке қарай, толық зерттелген жоқ. ХІV ғасырдан, яғни 1401 жылдан бастап, ХV ғасырдың аяғына дейін Алтайдан Дунайға дейінгі аралықты жайлаған ұлы мемлекеттің тілі біреу-ақ болған, қазіргі ұғыммен – мемлекеттік тіл, ол – қыпшақ тілі.

Әділет министрлігінде жүргенімде «Төре бітігі» деген жинақ шығардық. Оған осы саладағы Қайрат Сапарғалиев пен орыс ғалымдары ат салысты. Ал, «Төре бітігінің» қыпшақ тіліндегі негізгі қолжазбасы Еуропада, Польшада сақталған... Қазақ тарихында екі Майқы би болған. Солардан қалған биліктер екі мың жыл бойы қыпшақ тілінде жүргізіліп келген. Ең құдіреттісі, ХІV ғасырлардағы шіркеу тілі – қыпшақ тілі. Міне, осындай үлкен тарихы бар тіл біздікі. Қандай қырғындарда да, ондаған мемлекеттердің біресе бөлініп, біресе қосылуында да қыпшақ тілі сақталды.

Археологиялық кейбір таңбалар, сына жазулары, ою-өрнегіміз... мұның бәрінің астарында хат, жазу жатыр. Айша Ғалымбаева деген қазақтан шыққан тұңғыш суретші бар. Сол апайымыз ою-өрнектерді кәдімгідей оқи білетін еді. Қазақ қыздары сондай ою-өрнектер арқылы пәлен мың шақырымдағы төркініне хат жазған ғой. Міне, біздің тіліміздің тағдырын осылардан ары қарай зерттеп, жүйелесек, славиян тілдерінің өзінен бұрынырақ шыққан боламыз.

Бұл не үшін керек? Бүгінгі жастар қазақ тілінің болашағы жоқ деп ойлайды. Ал тіл тарихын зерделеу ана тілінің үстемдігін арттыра түседі. Ілгеріде өзбек мәдениеті мен әдебиеті күндері деген жиі болатын. Біздер барып, олар келіп жататын. Сол тұста көрші ұлттың әдебиетімен біршама танысқан едім. Құдай-ау, өзбектердің сонша мақтаған, мадақтаған ақыны, Лениндік сыйлықты еншілеген Ғафур Гулямның шығармалары біздің Тайыр Жароковтың тырнағына да татымайды екен. Қазақ болғаныдығымнан айтып отырған жоқпын, оның поэтикалық күші, сөз қолданысы, ой өрісі төмен. Прозасы, тіпті нашар. Түріктің де тілі барынша шұбарланған. Ал қазақ тілінің мөлдірлігі мен кеңдігі, әдебиетіндегі сөз қолданыстарының кереметтігі талай ұлтпен салыстырғанда, асып түседі. Мұны шындап зерттеп, зерделесек, дәлелдеу қиын емес.

 

Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымының докторы, профессор:

– Кез келген тарихшының міндеті өлкетану жұмысымен айналысу деп ойлаймын. Елдегі ескерткіштер бар, тарихты білетін ақсақалдары бар,  мүмкіндігі келгенше соларды жинап, көріп қалған жөн.

Біршама уақыт бұрын «Мәдениет» арнасынан екі бірдей хабарды бастадық. Бірі – интеллектуалды кездесу түріндегі «Тарих айнасы»  хабары. Ол бір себептермен тоқтап қалды. Ал екінші хабарымыз – «Өлкетану». Жұмыстың негізгі қағидасы – қай жерде ескерткіш бар, сонда тоқтаймыз. Он бес минуттық бағдарлама үшін кейде  бір күн кетеді. Осы арқылы оқулықтарға енбей қалған кейбір тарихи нысандарды көзкөрген ақсақалдардың естеліктерімен байланыстырып, көрермен көзайымына айналдырдық.  

...Жеке басым, тарих ғылымында бір ізділік болады дегенге сене қоймаймын. Астанаға қатысты да бір ізділік болады дегенге күмәнім басым. Каньондық оқулық жазамыз дегенге де иланғым жоқ. Каньондық оқулық жазу деген сөз, бүкіл тарихты ақтарып тастау дегенді білдіреді. Ал тарих ешқашан аяқталмайды, бітпейді. Ол бір жүріп жатқан үдеріс.

Бізде Қарахан мемлекеті мен дәуірі сияқты толып жатқан жұмбақ, жазылмаған дүниелер бар. Оның әрбіреуіне кәсіби тарихшылардың мектептері отыру керек. Онда бір-екі адам емес, кәдімгі мектептер жұмыс істегені абзал.

 

 

Радик Темірғалиев, жас тарихшы:

– «Халық – тарих толқынында» жобасы қат-қабат тарихымызға орасан серпін әкелді. Төл тарихымыз қайта түлегендей болды. Олай дейтінім, жоба қабылданған жарты жыл ішінде-ақ ұлттық тарихқа қатысты тұщымды ойлар айтылып, тың деректер ашылды. Ғалымдарымыз да осы салаға рухани қазына болып қосылатын бірталай көлемді зерттеулер жазып тастады. Тарихтың басы-қасында жүрген азаматтардың өзара пікір-таласы еленбей жатқан талай дүниелердің бетін ашуға түрткі болғанын айту керек.

Ал менің «Акорда. История казахского ханства» кітабын жазуыма қазіргі оқулықтардағы кейбір тарихтың бұрмалануы себеп болды. Айталық,  қазіргі буын оқып жүрген кітаптарда қазақ хандығын құрған Ақорданың мұрагерлері Ұрыс хан мен Барақ ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей сұлтандар делінген. «Олар Әбілқайырдың билігін мойындамай, өз алдына жеке ұлттық мемлекет құруды басты мақсат етіп қояды» деп жазылған. Ал мен бұл пікірді жоққа шығарып, өз тұжырымымды нақты деректерге сүйене отырып дәлелдеуге тырыстым. Негізі, менің зерттеулерім бойынша, Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек пен Керей емес, Шыңғысханның ұрпағы – Ұрыс хан.

Ал енді «Казахи и Россия» атты кітабыма келсек, бұл студенттік кезде жазған қомақты еңбегім еді. Онда  қазақ қоғамының ХІХ ғасырдың алғашқы жарты жылдығындағы жағдай баяндалады. Жалпы, кез келген қоғамда ұлтаралық қарым-қатынас мәселесі – нәзік тақырып. Кейбіреулер, тіпті ұлт араздығын тудырып жатыр деген сылтаумен, шу көтеруі де мүмкін. Сондықтан осы тақырыпты әрі қарай іліп әкетіп, зерттеуге, жалғастыруға құлқым бола қойған жоқ.

...Қалың қазақтың басынан қандай заман өтпеді?! Талай рет тар заманға тап келіп, «мың өліп, мың тірілді». Ұзақ уақыт бойы отаршылдық қамытынан босай алмай, қанды қырғынды да, ашкөз ашаршылықты да көрді. Кесір саясаттың кесапатынан тұтастығы бұзылып, шартарапқа тарыдай шашылды. Бірақ небір алмағайып кезеңге кезігіп, жойқын күштермен бетпе-бет келсе де, қайран қазақ мойып, жасыған емес. Қайта дархан даланың дара болмысын бойына сіңірген өр халық бәз-баяғынша өрлігін жоғалтпай, рухын биік ұстап, азаттыққа деген арманын арқалап, алға ұмтылып келеді. Біз халқымыздың бұл қасиетін айтып, кейінгі буынға мақтанышпен жеткізе білуіміз керек. Психология ғылымы баланы «сен әлемдегі ең ақылды баласың, сенің қолыңнан бәрі келеді» деп өсіру керек дейді. Сонда ғана бала өз-өзіне сенімді, рухын биік ұстайтын азамат болып өседі. Ал күнде тұқыртумен өскен бала ертеңгі күні босбелмеу, жасық болмай ма? Сондықтан қазақты алдымен өзіміз көтерейік.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Армейские международные игры-2017: итоги в цифрах

Армейские международные игры-2017: итоги в цифрах