ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Қорқынышты қарулар: Әр бес жыл сайын биологиялық қарудың бір түрі пайда болады

Қорқынышты қарулар: Әр бес жыл сайын биологиялық қарудың бір түрі пайда болады

Қандай да бір ел болсын, алдымен өз қорғанысын қамтамасыз етуге ұмтылады. Мейлі, шағын болсын, мейлі үлкен болсын, әйтеуір бір қару түрін ойлап табуға тырысады. Өйткені, жиырмасыншы ғасырдың соңында басталып, қазірге дейін созылып келе жатқан геосаяси оқиғалар тізбегі осыған итермелейді. Сондықтан болар, қазіргі таңда қарудың түр-түрі бар. Олардың бірі жекелей көздеуге арналса, бірі жаппай қырып-жояды. Біз интернеттегі деректерді шолып, әлемдегі ең қауіпті қару түрлерін саралағанды жөн көрдік...

Химиялық қарудың қырғыны

Өткен дәуірлердегі бабаларымызды садағы мен айбалтасы, найзасы мен шоқпарсыз елестету мүмкін емес. Олардың азығы да, тыныш өмірі де осы қарудың арқасында берекелі де бейбіт болғаны белгілі. Алайда, бүгінде өркениет ілгерілеп, адамдар асқан мәдениеттілікке қол жеткізсе де, өз-өзіне сенімді де заңғар жұмырбастылар бірін-бірі жою үшін небір сұмдыққа барып, жантүршігерлік қару-жарақтар ойлап тапты. Солардың бірі – химиялық қару. Алғаш рет химиялық қаруды бірінші дүниежүзілік соғыста Белгияның Ипр қаласының түбінде француз армиясына қарсы неміс әскерлері қолданған. Арнайы баллондардан шыққан хлор бұлтынан 15 мыңдай адам уланып, 5 мыңы қаза табады.

Кейін бұл қару түрін Екінші дүниежүзілік соғыста Жапония көп қолданды. Қытаймен арадағы текетіресте жапон бомбалаушылары Қытайдың Воцюй қаласына 1000 химиялық снаряд тастайды. Кейін Динсянь қаласына тағы да, 2500 химиялық тастап, нәтижесінде әскерилер мен бейбіт тұрғындарды қосқанда 50 мың адам қаза болады. Химиялық қаруды Жапония соғыстың аяғына дейін пайдаланды.

Химиялық қаруды қолданудағы келесі қадамды американдықтар жасайды. Вьетнам соғысы кезінде америкалықтар вьетнам ормандарына жасырынған партизандарды құрту үшін 72 миллион литр дефолиант сепкен. Соның салдарынан 4,8 млн бейбіт тұрғын зардап шегіп, тең жартысы қаза болады.

Зардабы соғыстан кейін де тарқамай түр-әлпеті мутациялық өзгерістерге ұшыраған сәбилер дүниеге келеді. Осы сынды улы қарудың түрлері бүгінгі бейбіт заманда да көп мемлекеттің базасында жарақтаулы.

 

Әр бес жыл сайын биологиялық қарудың бір түрі пайда болады

Ал биологиялық қаруға келсек, оның тарихы ертеректе жатыр. Биологиялық қару, бір сөзбен айтқанда, аса қауіпті ауру түрлерін ойлап тауып, оны қарсыластардың аумағына тарату. Мұны  біздің заманымызға дейінгі 1500-жылда ежелгі хэттер жауларына қарсы пайдаланған. Қарудың күшін түсіне білген олар аса қауіпті аурудан өлген адамның мәйітін қарсылас тараптың қамалына тастап кетіп отырған.

1763 жылы америкалық үндістерге әдейі шешек ауруын жұқтырып, қырғынға ұшыратқан деген тарихи мәлімет бар. Тағы бір деректерге сүйенсек, жапондықтар Монғолия мен Қытайды жаулауға талпынған уақыттары биологиялық қаруды тәжірибе үшін қолданған. Яғни, әрекеттері барысында адамдарды обамен улаған. Биологиялық қаруд жайында осы екі оқиғадан басқа ресми дерек жоқ. Алайда, биологиялық қаруды қолданып ұйымдастырылған қылмыстар болып тұрған. Әлі де есімізде, 2001 жылы АҚШ-та бірнеше мекен-жайға сібір жарасы жұқтырылған хаттар жолданды. Ол хаттарды кейбір БАҚ кеңселері мен екі демократ-сенатор алып, нәтижесінде 5 адам дүниеден озды, ал 17 адам науқасқа шалдықты. Халықаралық конвенция 1972 жылы биологиялық қаруды ең қорқынышты қару түріне жатқызып, кез келген салада қолдануға қатаң тыйым салған.

Соңғы әрбір бес жылда адам өміріне өлім құштыратын биологиялық қару түрі пайда болуда. Биологиялық қарудың тізімі өте сирек кездесетін ажалды жұқпалы дерттер түрімен күн санап толығып келеді. Тіпті, санап, саралау мүмкін емес.

 

Атомдық қару – ажалдардың есігі

Атомды зерттеу ХІХ ғасырдың соңында басталғанын білеміз. Беккерель уранның радиоактивтілігін, Резерфорд альфа және бетта сәулелерін ашты. Адамзат изотоптардың көп түрін біле бастады. Резарфорд пен Содди екеуі бірлесе радиактивті ыдыраудың заңын көпке жария етті. Дегенмен, атомды басқаруға, адамзат үшін пайдасына қызмет етуге әлі де бірнеше онжылдықтар қажет еді.

1938 жылы әлем бағытын басқа арнаға бұрып сала берді. Міне, осы тұстан бастап физика «қайырымды» және «зұлым» болып екіге жарылды. Біріншісі – адамға энергия қуатын берсе, екіншісі – қырып-жойғыш бомбаны әкелді.

Алғашқы зерттеулер 1945 жылы ұйымдастырылды. Ядролық тәжірибе сынақтары Жапония елінің бейбіт халықтарына жасалды. Адамды адам аяусыз ажалға құшу оқиғасы жаһанға Нагосаки мен Хиросима қалаларын әйгілі етті. Жарылыс салдарынан, Хиросимада 80 мың, Нагасаки қаласында 40 мың бейбіт тұрғын қаза болды. Жүздеген мыңы радиациямен уланып, өмірлерінің соңына дейін жарымжан болып қалды. Бұл уақиғаның зардабын күншығыс елі әлі күнге тартып келе жатқаны жасырын емес.

Ядролық күш күннен күнге қуат ала түсуде. Халықаралық қатынастары шиелінісе берген әлем қаншама рет ядролық соғыстың дәл алдынан қайтты. Ядролық зымарандар атылуға әзір-ақ тұр. Ал мұның зияны ғасырларға тоғысатыны анық.

 

Күйдіргі оқ-дәрі әлі күнге қолданылмайды

Бұл оқтың тарихы сонау он тоғызыншы ғасырдан басталады. Сол кезеңде қолданылып жүрген оқ-дәрілердің әсері әлсіз болатын. Оқ тиіп жараланған адам тез айығып, қатарға қосыла алатын еді. Әрине, сол кездегі әскери қимылдарға қатысып жүрген елдер үшін бұл тиімсіз болды.

1870-жылдары британдық Невилл Бэрти-Клэй есімді офицер бұл мәселені шешкендей болды. Ол оқтың ұшын арамен кесіп, гүл тәрізді жапырақшалар бейнесінде жасайды да, әскери қимылдарда сынап көреді. Нәтижесі жаға ұстатарлық еді: оқ тиіп, жараланған қарсыластың жауынгерлері не мүгедек болып қалды, не қиналып өлетін. Денені тескен оқ жан-жағын күйдіріп жібереді немесе сүйекті қақ бөлетін.

Алайда, Британияның бұл жаңалығы ұзаққа бармады. Адам өмірін басты құндылық деп білетін бірқатар елдерде бұл оқ-дәріні қолдануға қатаң тиым салынды. Бұл тыйым қазір де өз күшінде. Тек, кей елдерде полицейлік тұтқындау операциялары кезінде ғана қолданылады.

 

Талайды «жұтқан» бомбалар

Енді бомбаларға тоқталсақ, 1945 жылдың 16-шілдесінде АҚШ Аломогордо шөлінде алғаш рет плутоний негізіндегі атом бомбасын сынақтан өткізді. Бір айдан соң, жоғарыда айтып өткеніміздей, Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына атом бомбаларын тастады.

1963-жылдың 16-қаңтарында КСРО басшысы Никита Хрущев адамзат тарихындағы аса қуатты жаңа қарудың жасалғанын әлемге мақтанышпен мәлімдеді. 100 мегатонналық бұл «патша-бомба» КСРО аумағындағы Жаңа Жер аталатын аймақта сынақтан өткен еді. 4200 метр биіктікте жарылған бомбаның ядролық «саңырауқұлағы» 67 шақырым биіктікке көтерілді. Жарылыс радиусы 4,6 шақырымды құрап, жарылыс аумағынан жүздеген шақырым қашықтықта орналасқан радиобайланыс желілері 40 минут бойы істемей тұрды. Жарылыс аумағындағы температураның жоғарылығы соншалық, сынақ полигонындағы тастар күлге айналған.

Вакуум бомбасы да Ресейде ойлап табылған. Жаппай қырып-жоятын қару түріне жататын бұл бомба өте төмен температурада (11 градус) қайнатылған пропилен немесе этилен тотығынан тұрады. Бомбаның білтесі тұтанған кезде аэрозольды бұлт пайда болады да, оттегімен әрекеттесіп, жарылыс іске асады. Жарылыс қуаты 44 тонна тротилдің күшіне тең. Қазіргі кездегі аса қуатты әрі қауіпті қару түрлеріне жатады. Ядролық қару түріне жатпағандықтан, қолдануға аса қатаң тыйым салынбаған. Кезінде осы бомба орыс-шешен соғысында кең көлемде қолданылған деген де сыбыс бар.

Фосфор бомбасы немесе напалм – Америка-Вьетнам соғысында қолданылған жанғыш бомбалардың бір түрі. Құрамында фосфор немесе түрлі қоспалары, қоюлатылған бензині бар бұл бомба жарылғанда нысана температурасы 800-1600 градусқа дейін қызып, металл конструкцияларды балқытып жібереді. Сумен де өшіруге келмейтін бұл «отшашу» бомбасын американдықтар вьетнамдық партизандармен соғыс кезінде ормандарды өртеуге пайдаланған екен.

1980 жылы бұл қару түріне де тыйым салынды.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Армейские международные игры-2017: итоги в цифрах

Армейские международные игры-2017: итоги в цифрах