Қарттарым, аман-сау жүрші!

«Қарты бар үйдің құты бар». Жас ұрпаққа үлгі-өнеге, бағыт-бағдар беріп, өмірлік тәжірибесімен  бөлісіп отыратын кешегі буын – қарттардың орны қоғамда қашан да ерекше. Елімізде жыл сайын арнайы қарттар күнін атап өту жақсы дәстүрге айналған. Осы ретте атаулы күнге орай біз де “Қарттарымыздың бүгінгі жайы қалай, қоғамдағы үлес салмағы қандай?” деген сұрақтар төңірегінде ізденіп көрдік.

Әдетте қарттар деп жасы зейнет жасына келген, яғни 63-тен асқан азамат немесе азаматшаларды айтамыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, республикада 2 млн 236 мыңнан астам жасы бойынша зейнеткер тұрады екен. 2014 жылы жасы 65-тен асқандар халықтың 6,8 пайызын құраса, 2018 жылдың соңында олардың үлесі 7,5% болған. Яғни 18 млн. республика халқының 7,5%-ын қарттар құрайды деген сөз.

Мамандар бұл сандар көрсеткішіне қарап Қазақстанда қарттар үлесінің өсуі қатты байқалуда, БҰҰ жас шамасы шкаласы бойынша Қазақстан азаматтары қартайған халық деп есептеледі деген қорытындыға келіп отыр.
Енді осы үрдіспен қатар елімізде адамдардың өмір жасы да ұзарып келеді. 2014 жылы ел азаматтарының өмір сүру ұзақтығы 71,44 жас болса, 2018 жылдың соңында 73,15 болды. Бұған халықтың өмір сапасының артуы себеп болуы мүмкін деген болжамдар жасалуда.

Белсенді ұзақ өмір сүру индексінің жиынтық мәні бойынша Қазақстан 30 елдің ішінде тоғызыншы орында тұр. Индекс бойынша көрші елдер Франция мен Эстония. Ал Ресей осы рейтингіде 28-ші орында. Бұл статистиканың қаншалықты шындыққа жанасатындығын білмейміз. Бірақ осы статистиканы түсіндіру үшін мына үзіндіні келтіріп өтейік. «Қолайлы орта мен белсенді ұзақ өмір сүру үшін мүмкіндіктер параметрлеріндегі осындай жоғары позиция ең алдымен Қазақстанның қарт азаматтарының өте жоғары білім деңгейі есебінен қамтамасыз етіледі; осы көрсеткіш бойынша республика Еуропа елдерін басып озады», – делінген ЮНФПА баяндамасында.
Осы баяндамада, сондай-ақ қарттарды қорғау мәселесіндегі Қазақстанның кемшін тұстары да аталады.
«Әрбір бесінші егде жастағы қазақстандықтардың қаржылық жағдайы қиын. Медициналық қызметтер қол жетімді болуы керек деп санайтын респонденттердің үлесі 2008 жылғы 35 пайыздан 2020 жылы 48 пайызға дейін өсті. 2008 жылы қарттардың 45 пайызы қоғамда қарттарға қатысты зорлық-зомбылық бар деп мәлімдесе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 61-ге көбейді» – делінген зерттеу нәтижелерінде.

Иә, әрбір азаматтың қартайған кезіндегі өмірін лайықты ету мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі болуы керек. Бар ғұмырын қоғамның даму жолына арнаған, зейнет жасына дейін қажыр-қайратын жұмысқа берген азаматтар қартайған шағында қаржылық қиындықтарға тап болмай, лайықты деңгейде өмір сүру керек емес пе?

Енді біздегі ең төменгі зейнетақы төлемдері қандай? Соған тоқталайық.
1. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері – 18524 теңге.
2. Зейнетақының ең төменгі мөлшері – 43272 теңге.
3. Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы – 34 302 теңге.
Бұл – 2021 жылға арналған зейнетақы төлемдерінің мөлшері. Жасы зейнет жасына келіп, дербес зейнеткер атанған адам бұл қаражатқа қаншалықты жеткілікті деңгейде күн көре алады? Бұл жерде біз зейнеткерлердің жұмыс істеген мамандығына қатысты қарастырмай, жалпы республика деңгейіндегі жағдайын айтып отырмыз.



Елімізде қарттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағы да жақсы жолға қойылмаған. Қарт адамдарды санаторий-курорттық емдеумен, дәрі-дәрмектермен және басқа да жеңілдіктермен қамтамасыз етудің деңгейлері әртүрлі. Мәселен, Қазақстанның бірқатар аймақтарында қоғамдық көліктерде жүру үшін жеңілдіктер әртүрлі. «Егер Нұр-Сұлтан қаласында жасы мен еңбек өтілі бойынша зейнеткерлер тегін жүруге құқылы болса, мысалы, Қызылордада 70 жастан асқан зейнеткерлерге 50 % жеңілдік қарастырылған. Сол сияқты, еліміздің көп өңірінде зейнеткерлерге курорттық ем ұсыну ісі де бірізді емес», – дейді халық қалаулылары.

    Енді әскери салаға тоқталайық. Осыдан 10 жыл бұрын 2011 жылы 21 маусымда «Қарулы Күштерінің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Еліміз Қарулы Күштерінің бір тармағындай болған ардагерлер ұйымы қоғамға қызмет етіп келеді. Қазір сол ұйымда жалпы саны 19 мыңдай ардагер бар. 19 мың ардагер бүкіл республика халқының 1%-ін құрайды. 19 мыңның 10 мыңы – әскерде 25 жыл, толық қызмет еткендер, яғни ардагерлер. Соның 5 мың ардагері бірлестікте есепте тұр. Ал 19 мыңның қалған 9 мыңы – толық жылы жетпей, «гражданкамен» зейнетке шыққандар. «Қарулы Күштерінің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі сол әскерден зейнетке шыққан 19 мың зейнеткердің бәрін қамтиды. Яғни 14 облыстық, 3 қалалық филиалдағы ардагерлер ұйымына кіретін ардагерлердің барлығының мәселесін қарайды. Атап айтқанда, әскери зейнеткерлерді жылдық санаторлық емдеуге жіберу; үй жағдайына көмектесу; жақын туысқандары қайтыс болса оларға көмек беру; әскери зейнеткерлер мен олардың отбасыларында емделмейтін аурумен ауыратын, көмекке мұқтаж жандар болса, әлеуметтік көмек көрсету; жұмыс іздеп жүрген, жұмыс істеуге қабілеті бар зейнеткерлерге жұмыс қарастыру –қысқаша айтқанда, Қарулы Күштерінің ардагерлері мен олардың отбасы мүшелерінің мүддесі мен құқығын қорғайды.

   Бұл жерде атап өтетін жайт, әскери саладан зейнетке шыққан ардагерлердің зейнетақысы және тұрғын үй мәселесі мемлекет тарапынан реттелетін болса, ал әлеуметтік-қоғамдық мәселелер осындай бірлестіктердің жұмысы арқылы да шешімін тауып жатады. Ал бірлестіктің құрамындағы ардагерлердің мәселесін шешуге қаржы қайдан келеді деген сұраққа келетін болсақ, біріншіден, Қорғаныс министрлігі қаржыландырады, екіншіден, сол ардагерлердің ай сайынғы жарнасы қор ретінде тұрады. «Біз Қорғаныс министрлігінің бір тармағы сияқтымыз. Егер ардагерлеріміздің санаторлық-курорттық емделу мәселесіне келетін болсақ, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 50-бабында жиырма бес және одан да көп еңбек сіңірген жылдары барларға санаторлық-курорттық емделу беріледі деп жазылған. Сол бойынша жыл сайын ақша бөлініп, қандай да бір көлемде бізге жолдама беріледі. Мысалға айтайық, егер биылғы жылы бізге 28 жолдама берілетін болса, біз 28 жолдаманы ардагерлер ұйымының 17 филиалына бөлеміз. Бұрын «Оқжетпес» шипажайына да жіберетін. Қазір Балқаш, Алтынемел, Көкшетаудың Қотыркөл, Қостанайдың «Зеленый бор» шипажайларына ардагерлерге жолдама береді», – дейді «Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесінің мүшесі, М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық Заң университетінің әскери кафедрасының аға оқытушысы полковник Қаскей Ысқақұлы Данғұлов.

    Осы ретте, біз «Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесінің мүшесінен әскери салада зейнетке шыққан ардагерлеріміздің тұрғын үймен қамтылу жағы қалай деген сұрағымызға полковник Қаскей Ысқақұлы: «Бізде әскерден кетерде ең бірінші жағдайда оның пәтері бар ма, жоқ па тексеріледі. Мен 1970 жылдан бері әскерде қызмет етіп келемін. Міне, биыл 51-ші жылға аяқ бастым. Мен пәтерсіз қалды деген әскери зейнеткерді көрген жоқпын», – деп қысқа қайырды.

Хош, қарттарымыздың әлеуметтік мәселесін біраз айтып көрдік. Енді «аузымызды қу шөппен сүрте бермей» жыл сайын бюджеттен қарттарымызды қолдауға қанша қаржы қарастырылады, осыған тоқталсақ.

    Ағымдағы жылдың ішінде жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қарт адамдарды әлеуметтік қолдауға 11,9 млрд теңгеден астам қаражат бағытталыпты.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне біржолғы материалдық көмекке – 6,4 млрд теңге (шамамен 115,8 мың адам); азық-түлік жиынтығын ұсынуға - 145,5 млн теңге (31,6 мың адам);   жеңілдікпен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге - 46,6 млн теңге (4 мың адам);   тіс протездеуге - 229 млн теңге (2,5 мың адам);   санаторлық-курорттық емдеуді ұсынуға – 1 млрд 247,8 млн теңге (24,1 мың адам); тұрғын үйді жөндеуге – 39,9 млн теңге (517 адам); отынмен қамтамасыз етуге – 286,5 млн теңге (10,5 мың адам);   жалпы пайдаланымдағы көлікте жеңілдікпен жол жүруге – 878,0 млн. теңге (8 мың адам);   көмектің басқа түрлеріне – 2 млрд 667,8 млн теңге (182,5 мың адам).

   Жыл сайын 1-ші қазанда Қазақстанда Қарттар күніне орайластырылған айлық басталады. Облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдері, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары аға буын азаматтарын әлеуметтік қолдау жөніндегі іс-шараларды, еңбек ұжымдарында кездесулерді, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда Ашық есік күндерін және басқа да шараларды өткізеді.  

Семей қаласында орналасқан Әуе қорғанысы күштеріне қарасты 31767 әскери бөлімінің азаматтық персоналы Гүлмира Елемесова: «Қоғамда бала-шағаның қуанышынан айрылған қарттарымыздың бар екенін ұмытпайық. Ай сайын болмаса да жылына бір рет 1 қазан күні «Қарттар үйіне» бас сұғыңыз, ол кісілердің ақ тілектері мен баталарын алып қайтасыз. «Кәріге құрмет – балаға міндет» дегендей, қайда жүрсек те ата-аналарымызға ұдайы көңіл бөлуді ұмыт қалдырмай, қоңырау соғып, хал-жағдайын сұрап тұрайық, ағайын!», – дейді.

     «Қартың болса жазып қойған хатпен тең» дейді дана халқымыз. Қартын сыйлаған елдің кері кеткенін көрген жоқпыз. Қазыналы қарттарымызды қадірлейік!

Меруерт САФАЕВА


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"