Қазақтың қаһарман ұлы немесе Бауыржан Момышұлының ұлағатты жолы

Қазақ тарихының әр ғасырында халқымыздың батырлығының үлгісіне айналған тұлғалар болған. Сондай асылдарды тілге тиек етер болсақ, XX ғасырда Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының шоқтығы әрдайым оқшауланып тұрады. Баукең – аңызға айналған тұлға. Баукең – ел жүрегінен мәңгілік қоныс тапқан батыр. Қытай қазақтары бейкүнә балаға бата-тілек жасарда: Бауыржандай батыр бол, Байшегірдей ақын бол, - дейді екен.

Қызыл империя күшейіп тұрған сәтте Баукеңнің асқан батырлығы да, қайраткерлігі де, жазушы, ойшылдығы да дұрыс бағаланған жоқ. 45 жыл бойы батыр атағына екі рет ұсынылса да – берілмей қойды. Мәскеудегі Жоғары Әскери Академияда 5 жыл «жоғары тактикадан» аға оқытушы болып қызмет атқарып, ұстаздықтың ең биік шыңына жетті. 13 жыл генералдық қызмет атқарды. Бірақ, генерал шені берілген жоқ. Өзге ұлттың, жоғары әскери билікке араластырылмайтын ұлттың өкілі екендігі есепке алынды. Оған «бетің бар, жүзің бар» демей бетке айтатын бірбеткей батыр мінезі қосылды. М.Әуезов: «Бауыржан Момышұлын тікесінен тік қойып, қылышпен шапсаң, екі жарылып түседі, бірақ сіз бен бізге ұқсап келісімпаздыққа бармайды» деген екен. 

Фронт қолбасшысы И.Х.Баграмян дивизия қолбасшысы Б.Момышұлының өмірбаянымен танысып отырып: «Фамилияңыз қиындау екен, неге орысша емес?» - депті. Сонда батыр: «Сіз неге Баграмов емессіз!» - деп қойып қалған (Көзі қарақты, көңілі ояу, азат жанды қазақ баласына ой салар – Е.К) . Келісімпаз жан ғана мансап баспалдағына тез өрлейтіні белгілі. Батырдың туа біткен табиғатына бұл жол жат еді. Алайда, жоғары жақ көтермелемеді деп Баукеңнің ел арасындағы қадір-құрметі, даңқы еселеп артпаса еш кеміген емес. Соңғы демократия мен еркіндік лебі ескен кезеңде ғана Президентіміздің араласуымен Бауыржан Момышұлына батыр атағы берілді.

Б.Момышұлы 200-ден астам соғысқа әскерді өзі бастап кірген. Бес рет қоршауда қалып, бұзып-жарып шыққан. Жеті рет жарақаттанған, үш рет контузия алған. Сұрапыл соғыс бес жылға созылды. Бірақ, Баукең жеті жылдай ажалдың өтінде жүрді...

Мәскеу түбіндегі нағыз қысылтаяң шақта: «Крюковадан шығысқа қарай жер жоқ!» - деп қартаның жартысын қылышпен шауып тастаған жүрек жұтқан қас батырдың даңқты жауынгерлік жолының бұл айшықты кезеңдері ғана.

Баукең еңбекке араласуын ұстаздықтан бастаған екен. Ұстаздықта үлкен табысқа жеткенін жоғарыда айтып өткенбіз.

Жиырма кітап жазған еңбекқор қаламгер Баукеңнің әр кітабын оқырман жұрт құныға оқып, тағатсыздана күтіп отырған. Оның кітаптарының жалпы таралымы 2 миллионнан асып кеткен еді. Баукеңнің кітаптары Кубада және Израильда 20 рет, Польшада 15, Чехословакияда 13 рет басылып шыққан.

Баукең ғұмыр бойы қазақ халқының салт-дәстүрін барынша қадірлеп, ана тілін аялап, әспеттеп өткен. Кезінде жазушы Д.Ф.Снегин былай деген екен: «Бауыржан жүз жылда бір туады. Ол мен үшін мәңгі үлгі. Ол қазақ болудан қалған қазақтарды, яки, тілін, дінін, ата салтын білмейтін қазақтарды жек көретін».

         1965 жылы Кубаға барған сапарында 30˚С ыстықта сусар бөркін тастамай қазақ екенін, қазақ дейтін ел барын мақтанышпен көрсетіп жүрген ерен қимылдары да Баукең бітіміндегі біртуар қасиет екендігіне дәлел боларлықтай. Жасқаншақ елдің отансүйгіштігінің құны көк тиын деп ұғатын батыр айбынды, құрыш қалқанды, батыл ұрпақ тәрбиелеуді армандады. Баукең анадан ешкім батыр болып тумайтынын, айбындылық аспаннан түспейтінін, тек қана табандылық – татымды тәрбиеден бастау алады деп есептеген.

         Бүгінде Бауыржан Момышұлы туралы жұрт аузынан айтылмаған жақсы сөз, ашылмаған сыр қалған жоқ. Осы жолғы өзімнің аз-кем  ойымды қазақтың қайталанбас біртуар тұлғасының тәрбиені тірек еткен ұстаздық жолының, асыл мұра болып сақталатын інжу-меруерт сөздерінің ұрымтал тұстарымен ұштастыруды қолайлы көрдім.

         Баукең жайында сыр ұшығына түрткі болған тағы бір жай бар:

Бауыржан Момышұлы 1943 жылдың аяғында жарақаттанып, госпитальда емделіп шыққаннан кейін Алматыға келген екен. Академик Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов Қазақстан жауынгерлерінің ерлігі, Москва түбіндегі шайқас, майдан өмірі жайлы Бауыржан Момышұлына ғылыми-шығармашылық интеллигенция алдында дәріс оқуға өтініш жасайды. Әңгіме-дәріс бір аптаға созылады. Осы тарихи құнды әдеби мұра ширек ғасыр бойы жазушы архивінде сақталып келіпті. Түпнұсқадан, біраз ықшамдалып Мұхтар Қазыбековтің аударуымен 1990 жылы «Жұлдыз» журналының 5-санында тұңғыш рет жарық көрді.

Табиғатынан сұңғыла Баукеңнің әскери академияларда оқылуға тиісті әңгіме-дәрістері кейіндері іргелі ізденістерге жол ашқаны белгілі. Баукең көп жұрттардың көне, жаңа жорық жолдарын, содан туған көркем мұраны дәйектілікпен зерттеген кісі. Әсіресе, әскери орыс шежіресіне, оның сол саладағы тірлігі мен тіліне жетік болған.

Енді біреуге ой салып, біреуге өнеге болып, көпшіліктің кәдесіне жарарлық әңгіме-дәрістегі ой өрімдерге жүгінейік:

«... Даналық өткеннің тәжірибесін қорытатын, қазіргі жағдайды зерделі талдайтын және болашақты көре білетін творчестволық ойдың қаймағынан тұрады. Бұйрық – алғыр басшының ой-арманы. Әскерсіз – қолбасшы қауқарсыз, басшысыз әскер - әлсіз.

Қанатты сөздің қарапайым сөзден айырмасын сергек құлақ, алғыр ой ажыратады.

Командирдің парызы – солдаттардың қандай да бір болмасын іс-әрекеттерін назарға салып, ескерусіз қалдырмау. Егер солдат жақсы ісімен көзге түссе – ол мадақталуға тиіс.

Ұрыста – соғыста – адамға тән барлық: жоғары және төменгі қасиеттердің өзі барынша ашылып көрінеді. Жоғары сезімдер: Парыз, Адамгершілік, Ержүректілік, Ерлік, Батырлық, Қаһармандық және т.б. Төменгі сезімдер: Опасыздық, Ұждансыздық, Үрей, Қорқыныш және т.б.

Ерлік дегеніміз не? Бұл адамға туа біткен қасиет емес, дұрыс жүргізілген әскери тәрбиенің жемісі. Ержүректілік пен батырлықты найзаласқан қолма-қол ұрыстан көргісі келетін адам қателеседі.

... «Солдат» деген сөзді соғысқа қатысты мағынада ғана ұғынбау қажет. Барлық жерде адамға жас кезінен бастап солдат, нағыз күрескер деп қарау қажет. Солдат деп әр түрлі салалар мен қызметтерде жұмыс істеп жүргендердің бәрін айтып отырмын. Солдат дегенді мен кең мағынада түсінемін. Адам от басы ошақ қасынан бастап ұрыс кезінде шабуылға шығуға дейін, барлық жерде жауынгерлік қасиет, қайрат, табандылық көрсете білуі керек.

Парыз – бұл орындалуға тиіс міндет пен әрекет. Міндет адамға жауапкершілік жүктейді» («Жұлдыз» журналы. №5, 1990).

Бахытжан Момышұлының «Восхождение к отцу» кітабындағы Баукеңнің парыз туралы айтқан ойлары терең тамырлы дәлелдерімен назар аудартады. Келіні Зейнеп Ахметқызына «мені аударам деп қаратер болмай-ақ қой» дейтін аталы сөзін қаперге ала отырып, орысша мәтінін қаз-қалпынша ұсынуды жөн көрдік:

«... Каждый должен хорошо выполнять свой долг на своем месте. Сейчас ваш долг – добросовестная учеба, и надо учиться не только языку и педагогике, но и трудолюбию, честному отношению к делу. В этом прочный залог будущих успехов, спокойной совести. Малый долг, который обернется большим.

... У тебя есть долг передо мной, и не только как перед отцом. Защитой государства занимается армия, а вы обязаны укреплять его. Каждая служба имеет свою специальную задачу, налагающую особые обязанности, и это мы называем долгом, хотя и в довольно узком понимании. Стержнем воинского долга является, я думаю, воинский дух, морально-нравственный облик войск, высокие идеи и чувство патриотизма. Стержнем гражданского долга будет активный патриотизм, творческий труд, духовное единство общества. Как видишь, общего много...».

Иә, өмірдегі өр мінезіне өлшем боп қалыптасқан жалынды жүректен шығатын сөздер!

Ұлы батырдан біздің алар ұлағатымыз көп. Біз ғана емес, шет елдерде де Баукең ұлағатын қасиет тұтқандар аз болды ма?! Кубаның әскери Академиясында Баукеңнің кітабы («Волоколамск тас жолы») арнайы курс семинары ретінде оқылды. Сол елдегі азаттық үшін күрес жылдарында батырдың шығармасы испан тіліне жедел аударылып, солдаттарға таратылған. Жазушы кітабының қасиеті әскери өнерінде, жеңіс ғылымының сыр-сипатын ашып беруінде ғана емес, сондай-ақ ерлік, азаматтық, табандылық, отаншылдық рухты тәрбиелеуінде де еді.

Еңсесі биік елдігіміздің Ертеңі – қазіргі ұрпақ Баукең бітіміндегі асқар жұртының шың басындай тәкаппар рухынан қанаттанып, батырлық, отансүйгіштік қасиеттерді бойларына сіңіріп өссе, нұр үстіне нұр болар еді!

Адалдықтан асқан құдіреттіліктің, әділеттіліктен асқан әулиеліктің болуы мүмкін бе?! Ендеше, Бауыржан атаға қанша тағзым етсең де, артық болмас деп ойлаймыз. Өйткені, атасыздық – отансыздық, отансыздық – опасыздық, опасыздық – имансыздық.

Ештеңенің қадіріне бойлай білмеген ешкімді де жарылқай алмайды. Тәңірім тек сондайдың бетін аулақ қылғай!

 

 

Ернар КҮЛМАҒАМБЕТ,

Бас әскери прокурор

Аппаратының аға әскери прокуроры,

әділет майоры


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"