Қазақ халқының әскери өнері

Қазақ халқының тәрбие жүйесінде жас ұрпақты, қоғам мүшелерін Отанға, халқына, елге, жерге сүйіспеншілікке тәрбиелеп, мұны олардың бойына сіңіріп, қалыптастыру жетекші орын алады. Өйткені, Отан, халық, ел, жер деген ұғымдар өте ауқымды.

Өзінің бүкіл халық болып, мемлекет болып құрылу тарихында талай тар жол, тайғақ кешуді басынан кешіріп, үнемі шапқыншылардың шабуылына төтеп берумен өмірін өткізген халқымыз елді, жерді қорғаудың қадірін ерте түсініп, баласын ана сүтімен бірге Отанын сүюге және қорғауға, яғни, ерлікке, елжандылыққа тәрбиелеген. «Ер намысы – ел намысы», «Ер намыстың құлы», «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген ұрандар халқымыздың мәңгілік тәрбие қағидасына айналды.
Сонау ықылым заманнан бері мемлекетті, елді, жерді қорғаған қазақ әскері болған.

 Әскери өнер көне түркілердің әскери өнеріне негізделген. Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі пайда болған көне қазақ тайпалары әскери соғыста оң қанат, сол қанат, орта (қол) болып шеп құрған. Көшпелілердің әскери құрылымы мынадай: кезілуші  – бұл алдыңғы шеп, әскердің алдында жүреді; тосқауылшы – орта буындағы шеп, бұл шеп ханды ортаға алып жүреді; әскердің енді бір бөлігі салықшы деп аталып, әскердің азық-түлік, шаруашылық бөлігін құрайды. Қазіргі тілмен айтқанда, тыл әскері. Ең кіші әскердің бөлігі ондық деп аталады да, ондықтардың тағы да оны қосылып жүздік, он жүздіктен мыңдық, олардың оны түменді (он мың әскер) құрайды. Соғыста хандардың, әскербасыларының жеке байрақтары болған. Ол байрақты алып жүретін адамдарды байрақшы дейтін. Байрақшы, әдетте, қолбасшының маңайында жүрген.

Қолбасшы не хан бұл байрақтармен әскерге түрлі белгілер беріп басқарған. Белгілі қазақ батырларының байрақтары кейінгі ұрпақтарына дейін жеткен. Кейбір байрақтарда қолбасшының не ханның суреті бейнеленген. Байрақ, көне қазақ әскери түсінігі бойынша, хандықтың, әскери лауазым, дәрежелік белгісі. Қару түріне қарай әскер садақшылар, найзагерлер, ай-балташылар, қылышкерлер болып бөлінген. Ал шоқпар, күрзімен айқасатындарды балуандар деп атаған. Осындай топтың болғанын Абылай хан әскерінің, одан кейін Кенесары ханның әскер тарихынан көреміз. Көшпелілердің әскер бөліктерін құру әдістері жоғарыда келтірілгенмен шектелмейді. Сонымен бірге ханның ордасын, оның жекебасын қорғауға арналған жақсы қаруланған, соғыс ісін жетік меңгерген, құрамында атақты батырлары бар ханның жеке гвардиялық әскер бөліктері де болды. Шайқас кезінде әскерді басқарып, оған дыбыстық белгілер беру үшін әскер құрамында керней, сырнай, дабыл, дауылпаз ойнайтын музыканттар тобы да болған.  

Қазақта «ер қаруы – бес қару» деген сөз бар. Осы мақал негізінде бес қаруға ату қарулары (садақ, жақ, жай); түйрегіш қарулар (найза, сүңгі, жыда); кесу қаруы (қылыш, семсер, сапы); шабу қаруы – айбалта; соғу қаруы (шоқпар, күрзі) жатады. Қосымша қару-жарақтарға қанжар, кездік, арқан жатады. Қанжар (кездік) ертедегі сақ, түрік тайпаларында кездеседі. Олар көбіне семсер, сапылардың кішірейтілген түрлері. Айқас кезінде жау әскеріне арқан тастап, аттан құлатып сүйретіп те әкететін соғысу әдісі болған. Қару атадан балаға мұра болып беріледі. Ержетіп алғаш рет ел қорғауға шыққан жас батыр әкесінің не атасының қаруын алып беліне таққан. Қорғаныс құралдарына сауыт, дулыға, қалқан жатады.

Сауыттың көбе сауыт, кіреуке сауыт, берен сауыт, қаттама сауыт, жалаңқат сауыт, торғауыт сауыт деген түрлері бар. Дулыға – басты қорғайтын баскиім, ал қалқан денені қорғайтын құрал. Ол сонау сақ тайпаларынан бері белгілі. Ат үстінде соғысуға арналған көшпелілер қалқаны кішкене, жеңіл болып келеді. Сонымен қатар, сонау сақтардан бастау алып, кейінгі қазақтарға дейін жеткен ат томағасы да бар. Бұл – ат басының маңдай алдын, екі шекесін, төбесін жауып тұратын қалқан.
Қазақта «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деген нақыл сөз бар. Келер ұрпақ тарихтан тағылым алып өссе, нұр үстіне нұр болар еді.

Кіші сержант Қарлығаш АҚЫЛБЕКОВА




Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"