Оған "Отанын сатқан" деген айып тағылды

Сыдық Түменбаевтың туған ауылы – бұрынғы Семей облысының Көкпекті ауданы. Туған күні – 1908 жылдың 20-шы мамыры. Отбасында үш ұл, бір қыз өсті. Орта мектептің сегіз жылын бітірген соң Көкпекті және Жарма аудандарында алтын өндіретін Бөке зауытында жұмыс жасап, еңбек озаты болғаны үшін Коммунистік партияның қатарына қабылданды. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Отанын неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге інісі Садық екеуі бірге аттануға бел буды.

1941 жылы 106-шы атты әскер дивизиясының құрамында арнайы дайындықтан өтті. 288-ші полктің кіші саяси жетекшісі де болды. Айта кетейік: 106-шы дивизия Украинаның оңтүстік-батыс бағытындағы Харьков пен Донбасс қалаларының маңындағы ірі шайқастарға қатысқан. Дивизияны А.Тимошенко басқарды, әскери кеңесші Н.С.Хрущев болды. Сыдық Түменбаев неміс тұтқынында болған адам. Кейін «халық жауы» деген жала жабылып, талай жыл саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Сонда не үшін жауапқа тартылды?

   Сыдық Түменбаевтың естелігінен: «1942 жылдың мамыр айында майдан шебіне ендік. Қолымызда қылыштан басқа қару жоқ. Соған қарамастан 65 атты әскер немістерге қарсы шабуыл жасап, сол ұрыстан үш-ақ адам тірі қалдық. Бес қаруы түгел Германия әскеріне қарсы төтеп беру біздің дивизияға оңайға түскен жоқ. Қарша бораған оқ, жан-жақтан жарылған бомба бас көтертпеді. Талай қарулас жолдастарымның денелерінің екіге бөлініп, қанға боялған қол-аяқтарының ұшқанын өз көзіммен көрдім. 1942 жылы маусым айында кезекті шабуылдан кейін біздің дивизия неміс әскерлерінің қоршауында қалды. Осы жылдың қыркүйегінде Шипитовка елді-мекенінің маңында барлығы 18 мыңға жуық адам қарсыластың қолына түстік. Кеңес солдаттары Украинаның Орловка және Донбасс қалаларының маңында картоп жинау жұмысына жегілді. Немістер тұтқындарды күні-түні итпен күзетті. Қашуға әрекет жасағандарды итке талатып, ұсталғандарды өзге тұтқындардың көзінше бастарынан атқанын көргенде жанымыз түршікті. Қамаудағыларды Германияға лагерге әкетеді деген қауесет тарағанда алда өлім немесе ауыр азап күтіп тұрғанын әрбір әскер адамы түсінді. Сондықтан қалай дегенмен де жаудың қолынан босатылудың түрлі амал-тәсілдерін қарастырдық. Көп ұзамай, 1943 жылы 20 ақпанда 55 адамның жетеуі ғана немістерден қашып шықтық. Көктемнің алғашқы күндері Қызыл әскердің шебіне қосылдық. Солардың бірі – қанды көйлек досым ақмолалық Файыз Ысқақов. Барлығымызды аға лейтенант Петров (есімі есімде жоқ)1943 жылдың 4-ші наурызында Кеңес комендатурасына табыс етті. Алайда өз еліміздің түрмесінде тартқан тауқіметіміз аз болмады. Күн сайын таяқтың астында қалдық. Бізге «Отанын сатқандар» деген айып тағылды. Тергеу ұзаққа созылып, сот шешімі 1943 жылдың 3-ші сәуірінде шықты. Украина Одақтас Республикасының Әскери прокуратурасы қылмыстық кодекстің 54-1 «б» бабы бойынша 10 жылға «Воркута көмір» лагеріне жіберу туралы үкім шығарды. Воркута шахтасында ауруға шалдыққандықтан Қарағандыдағы лагерге (Карлаг) ауыстырды. Сол уақытта шахтада жарылыстар жиілеп, сан мәрте көмір үйіндісінің астында қалып қойған кездерім болды. Абақтыдағы ауыр он жылдан соң, 1953 жылы 20 ақпанда туған жеріме оралдым».

   Сыдық Түменбаев 1980 жылдан бастап Мәскеу мен Ленинградқа, Ташкенттегі Орта Азия Әскери округіне  хат жазды. Ондағы бар ойы – соғыс кезінде тағылған айыптан ақталу еді. 1989 жылы Ленинградтың әскери мұрағатынан «Киевтегі әскери мұрағатқа хат жолдаңыз, құжаттарыңызды сол жерден табуыңыз мүмкін» деген жауап алды. Бірден Қызыл тулы Киев Әскери округінің мұрағатына хат жолдады. 1992 жылдың басында Киевтен мынадай қағаз келді: «Справка о реабилитации арестованного Туменбаева Сыдыка 4 марта 1943 года, до ареста младший политрук 288 кавалерийского полка, 106 кавалерийской дивизии. Он обвинен в совершений преступления предусмотренного ст.54-1 «б» УК УССР и необоснованно осужденный 3 апреля 1943 года Военным трибуналом Юго-Западного фронта в соответствии с Законом УССР «О реабилитации жертв политических репрессии на Украине» от 17 апреля 1991 года считать реабилитированным. Военная прокуратура Краснознаменного Киевского военного округа». Осы құжатты алған соң ғана өзін Ұлы Отан соғысына қатысушылардың, әрі Ұлы Жеңіске үлес қосушылардың қатарына қосты.

   Өмірлік жары Сара екеуі бес қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Барлығы да жоғары білімді. Ұрпағынан немере де, шөбере де сүйді. 1968 жылы зейнеткерлікке шықса да, жасы 80-ге келгенше құрылыста еңбек етті. Осы күнге дейін көрген бейнетінің зейнетін көрді. Ардагердің бар тілегі: Отанын қорғау жолында оққа ұшқан майдандастарының есімі мен ерлігі ұмытылмаса екен. Олардың бейіттері де күтімсіз қалмасын. Жастар Жеңіс аллеясына барып, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, елі мен жерін қорғаған бабалар рухына тағзым етуді ұмытпасын. Жеңісті әкелгендер тек 9 мамыр күнгі мерекенің көркі болып қалмасын. Әрдайым сый мен құрметке бөленіп жүрсін. Ешқашан соғыс болмасын. Қазақ жерінде бейбітшілік баянды болсын. Әр қазақ атамекенінің қадірін бағалап, ерінбей еңбек етсін. Қандай жағдай болмасын адамгершілік қасиетін жоғалтып алмасын. 


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"