Халық көмескіленген тоймен қайта қауышты

Жетпіс жылға жуық алаш даласы күн мен түн теңелген табиғаттың киелі күнін тымырсық тыныштықпен қарсы алған болатын. Ғасырлар бойы дәл осы күні кермеде тыпыршыған тұлпар көсіле шауып, аламан бәйгеде алапат қарқынмен маңғаз даланың қойнына маңып бара жататын еді, дәл осы күні алыс-жақындағы ағайын-туыс бір қазаннан ас ішіп, бір дастарханның басына алқа-қотан отыратын еді, дәл осы күні өкпелісі ренішін ұмытып, араздасқаны болса арағайындық жасаған азаматтың сөзіне құлдық ұрып, достық құшағын ашып, бауырым деп бір-бірін бауырына басатын еді. Дәл осы күнді Тәңірі текті жаратқан Түркі дүниесі Ұлыстың ұлы күні деп атайтын еді…

Көмескіленген тоймен қайта қауыштық

Ұлы күнді ұлан-асыр тоймен қарсы алып келген қазақ халқы кеңестік кезеңде төл мерекесін тойлай алған жоқ. Біздіңше жылдың басы саналатын осы күн отарлаушы ел күнтізбесінде жай ғана көктемнің 22-ші күні болатын. Содан да болар, бодан ел жаңа жыл мерекесін желтоқсанның 31-інен бастап тойлайтынды шығарды. Тойлағанда да отбасылық мереке ретінде зарыға күтіп, қуана қарсы алатын деңгейге «көтерілді». Солайша, бірте-бірте Наурыз мерекесі көкейімізде көмескіленіп, жас ұрпақ түсінігінде ол «Наурыз көже» деңгейінде ғана қалып келді.

Тәубә, тәуелсіздік алғалы өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз жаңғырып жатыр, жаңғыртып жатырмыз. Мұндайда қазақ «Орнында бар оңалар» дейді. Бастысы, ұлттық құндылығымыз мен баба мұрасын білеміз. Бәлкім, қазіргі таңда жете түйсіне, сезіне алмай жатқан шығармыз, бірақ ол да оңалатын, орнына келетін олқылық. Егемендік алғалы ұлттық мейрамымызды ел болып тойлайтын дәстүр қалыптасты қайта. Жылдан-жылға ауқымы ұлғайып, халық арасында кеңінен насихатталып келе жатыр.

  «Армысың, күн ана?!»

Жыл басы – сол жылғы тіршіліктің басы. Сондықтан халық бұл күнді асыға күтіп, ден қойып, ырым, жоралғы өтейді. Наурыз күні ауыл ақсақалдары таңнан тұрып, күннің шығуы мен ауа райынан осы жылдың барыс, бағдарын болжайды. Жаңа шыққан күнге жалбарынып:

«Армысың, күн ана?!

Айдан аман,

Жылдан есен сақта!

Құт берекеңді бере гөр!»

деп тілек тілейді. Ақ жаулықты аналар ерте тұрып:

«Жалғыз шырпы шала болмас,

Жалғыз шырақ сәуле болмас.

От ана тәуіп-тәуіп!»

деп шақпақ тартып, сіреңке шағып, қос шырақтың білтесіне от қояды. Ерте оянған балалар үйден үйге жүгіріп ауылды оятып, көктемнің алғашқы күнінің сәлемін беріп, ақысына бата-тілек, бауырсақ-құртпен сый құрмет алады. Бәйбішелер шаңыраққа сүт шашып, босағаға айран, ақ дәм жағып, жөн-жоралғы жасайды. Наурыз күні жас-кәрі демей таза, сәнді киініп, дастархан жайылып, жастар ата-ана, ақсақалдарға сәлем беруге келеді. Бәйбішелер қара қаптың аузын сөгіп, кебежені ақтарып, соғымнан қалған бас, сирақ, жамбас, кәделі-сыйлы жіліктен асып, сорпасына ескі жылдың бидай, астығынан салып, айран-шалап езіп, наурыз көже дайындайды. Әуелі ауыл ақсақалы бата беріп, тілек айтады. Ол:

«...Жаңа жыл оң болсын,

Ақ мол болсын.

Мал семіз,

Аяғы сегіз болсын.

Егін түсімді,

Сауда күсімді,

Кәрі күтімді,

Бала жұтымды болсын.

Пәле-жала жерге енсін,

Ұлыс береке берсін,

Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!»

деп, бет сипайды. Тамақтан соң балалар сыбаға-сый алады. Сары табақтан сарқыт алған балалар алақайлап, үй-үйге жүгірісіп, мәре-сәре болса, жас келіндер ата-енесіне табақ тола дәм көтеріп, сәлем беруге барады. Кешке ауыл сыртында жастар алтыбақан теуіп, ақ сүйек тастап, ән айтып, ойын-сауық құрады. Олардың думаны түн ортасына дейін жалғасады.

 

«Самарқанның көк тасы еріген күн»

Елімізде қалыптасқан дәстүр бойынша Ұлыс таңын, жаңа күнді халқымыз көрісумен бастаған. Бабаларымыздың төс соғыстыра көрісіп, «Жасың құтты болсын!» деп, бір-бірін құттықтауы – жаңа туған жылмен, жаңа туған күнмен бірге өздерінің де жаңа туғанын білдірген. Қос қолдап амандасып, төс соғыстыру – «ғұмыр тірегім – төсім, тіршілік көзім – екі қолым аман-сау болсын» деген ишараны білдірген. Байырғы байтақ қазақтар жасына жас, басына бас қосылғанын тек Ұлыс күнінен бастап есепке алған.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» деп қаумаласқан жігіттер айнала төңіректегі бастаулардың көзін ашқан. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Бір тал кессең, он тал ек» деген қариялар бұлақ басына тал еккен. Әжелер жаңа егілген ағашқа ақ бүріккен. Шәкәрім ақын ел аузынан жазып алған «Наурыз жырында» бұл сәт былайша суреттеледі:

Қасындағы жас өрен

Тұлымшағы салбырап,

Бәйбіше шығар балпиып,

Күндіктері қайқиып,

Келіншек шығар кейкиіп,

Сәукелесі саудырап.

Қыз шығады қылмиып,

Екі көзі жаудырап.

Бозбала шығар бұрқырап,

Құлын-тайдай шұрқырап…

…Шалдыр бата беріскен:

«Сақтай гөр,- деп, – терістен!»

«Кел, тазарайық, кел!» десіп,

«Ем, тілек, бер!» десіп,

«Көш, Қайрақан, көш!» десіп,

«Көз көрместей, өш!» десіп...

Ұлтымыз наурыз айында жалғыз-жарым жетім-жетімектерін үйлендіріп, жеке-жеке үй қылған. «Сүйекке дақ, етке таңба болмасын» деп, кембағал-мүгедектерін жақын туыстарының қарауына міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап, таяқ ұстап қалғандарына «дүние кезек», «адамның күні адаммен» деп жылу жинатып берген. Түрлі құмар ойындарына үйір болған пенделерін халық талқысына салып, «Жаман әдетті тастадым, қойдым, арылдым!» деген уәделерін алған, адасқандарға дұрыс жолға түсуге көмектескен.

Тілімізде Ұлыс күніне қатысты «Жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «Ұзақ, нәуірзек ұшып келген күн», «Көк құт көзін (өсімдік) ашқан күн», «Жылдың жерге түскен күні», «Жер-Ананың тоң кеудесі жібіген, тас емшегі иіген күн», «Самарқанның көк тасы еріген күн» деген тәрізді бейнелі сөз орамдары сақталған. Осылардың ішінен соңғысына тоқтала кетсек. «…Әфсанада 21-наурыз түні даланы Қызыр баба аралайды делінген. Сол себепті, осы түн – «Қызыр түні» деп аталған. Қызыр – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, көбіне ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял-ғажайып бейне. Жаратылыс бастапқы қалпына келген сәтте Жаратушының нұрын қазақтар «Қызыр баба» кейпінде таныған тәрізді. Қызыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен…

 

Табиғат белгілерінің тағылымы

Оңтүстік өлкеде наурыз ішінде қар жауса, оны "наурызек" қар деп атайтын-ды. Ол науырзек құстың көктемде оралуына қарай, яғни ескі жылдың соңғы күні мен Жаңа жылдың алғашқы күнінің тоғысуына байланысты айтылған. Осы кезде ауыл қариялары "Кетпен-шотың сайлы болсын, кер өгізің майлы болсын, Жер-Ананың тон кеудесі жібитін, тас емшегі иійтін шақ келді" деп көктемгі жұмысқа дайындыққа шақырады. Егер оған мойын бермесе, "Бидайдың жамбасы тоңға тимей, елдің аузы нанға тимейді" дейді.

Ұлыстың ұлы күні қой малы қораға алшаңдай басып еркін кірсе, көктем ерте туады. Егер күн шыққанда түсі күңгірт тартып, солғын шықса, ол жылы жауын-шашын көп болады. Ал күн сәулесі шапағын төгіп, рауандап шықса, ол жылы молшылық болады. Күн оттай қызарып шықса, ол жылы өлім-жітім көп болады деп сенген халқымыз. Егер күннің түсі сарғыш-қызғылт тартып, ыстық лебі бетке ұрып, шақырайып шықса, ол жылы құрғақшылық, далалы жерлерде өрт болуы ықтимал. Шолпан жарқырап шыққан жылдары көк бітік шығады. Көмескіленіп туған жылы шөп те мардымсыз өседі.

 

 

Зерделі сөз

Абай Құнанбайұлы:

– Ол күнде Наурыз бір жазғытұрым мейрамы болып, Наурызнама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен.

 

Шәкәрім Құдайбердіұлы:

– Наурыз» парсы тілі: Жаңа күн деген сөз. Ескі қазақта (ескі түрікте) Жаңа жыл күнінің атты – Ұлыс. Жыл басының аты Ұлыс екенінің дәлелі мынау: «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы болар» деген ескі мақал.

 

Ахмет Байтұрсынұлы:

– Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде һәр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, Хұты наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында һәр түрлі сөйленеді. Біреулер Наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі, һәр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады, ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт нәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді.

Рустың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді; біздің Жаңа жылымыз – Наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен Жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаз-дың жақындағанын сезіп көңілденген кез. Шаруа адам- дарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай қыс баққан арықтарын үмітті күнге жеткі-зіп, демалып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүлденіп жасаруға даярла-нып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп, бүтін ғаламға нұрын шашып, үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез. Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерісінің кезеңінде біздің Жаңа жылымыз – Наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай белгілі бір күнді жыл басы қылып алсақ ұнамды іс болар еді.

 

Міржақып Дулатов:

– Жер жүзіндегі жұрттардың бәрінің де түрлі-түрлі мейрамдары болады. Мәселен, дін мейрамы ұлт мейрамы, мемлекет мейрамы секілді. Өзгелерді былай қоя тұрып, өзіміздің сыбайласымыз орыс жұртын алсақ, бұл туралы қазақтың мақалы да бар: «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп». Біздің қазақ айранға бай болғанымен: мейрамға жарлы екендігі осыдан да көрінеді. Жалпы мұсылман жұрттарына ортақ жылына екі рет келетін ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, бізде жалғыз-ақ мейрам бар, ол – Наурыз.

Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа: Күншығыс жұрттарының көбі, мәселен, Үндістан, Иран, Ауған, Бұхар, Кавказ, Түркістандықтар да мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды бізідң қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-да, жаңаша 22-інде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебінін жамылып өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды, жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге сыяды.

 

Мағжан Жұмабаев:

– Әр халықтың өзінше Жаңа жылы, жыл басы болады. Азияда Жаңа жыл – жазғытұрым, қазақ елінде – Наурыздың жиырма екісі. Жаңа жыл күні қазақ күн райына қарай алдағы жазды рақатты, рақатсыз болады деп болжау жасайды. Қар тез кете ме, жаз жылдам бола ма деп болжам жасайды. Қазақтың Жаңа жылы – жызғытұры күн мен түннің теңелген (22 наурызда) күні болады. Жаңа жылдың ертеңіне жарық, жылы күн қараңғы суық түннен ұзара бастайды. Бұл ретте қазақ Жаңа жылы ғылым қойнына да барып кіріп қалады.


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"