Хакім Абайдың майдангер ұрпақтары

   10 тамыз – ұлы Абайдың туған күні. Қазақтың ойшыл ақыны, данышпаны, біртуар перзенті Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың туғанына биыл 171 жыл толып отыр. Халықтың басына төнген қасіреттен, қатыгез соғыстан Абай Құнанбаевтың ұрпақтары да шет қалған жоқ. Ұлы ақынның немере-шөберелері: Берекехан мен Жошыхан Мағауиндер, Әлихан мен Қапсалям Ақылбаевтар, Құзаир мен Қалышер Мекайл балалары, Тоқташ Ізкайылұлы Отанын жаудан қорғап, кескілескен қан майданда ерлік көрсетті. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Абай бабамыздың ұрпақтарына жеке-жеке тоқталсақ.

Алпаш Оспанов (1922-1990) – Абайдың баласы Тұрағұлдың немересі. Өз әкесі-Жебраил, бірақ Абайдың інісі Оспанның атына жазылған. Ұлы Отан соғысына қатысып, мүгедек болып оралды. Алматы қаласында тұрып дүние салды. Әлихан Әубәкірұлы (1918-қайтыс болған жылы белгісіз) – Абайдың шөбересі. Ұлы Отан соғысына қатысып, хабарсыз кеткен. Берекехан Құтайбаұлы (1919-1942) – Абайдың шөбересі, Мағауияның немересі. Семейде 7 класты орысша оқып бітірген. Шығыс Қазақстан облысы Новошульба ауданының Уба-Форпост ауылдық кеңесінен әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Жошыхан Мағауин (1924-1943) – Абайдың шөбересі. Жошыханның әкесі Жағыпар Абайдың кенже ұлы Мағауияның баласы. Жошыхан 1924 жылы Семей облысының Абай ауданында Қарауылда туған. Әкесі Жағыпар гимназияда оқыған, ауыл мектебінде мұғалім болған. Жошыхан 1934 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін апайы Ишағы, қарындасы Ғазел үшеуі Алматыдағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Ол 12-ші мектеп-интернатты бітіріп, 1942 жылы майданға кетеді. 1943 жылдың тамыз айында Харьковті азат ету үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тапқан. Құзайыр Мекайылұлы (1912-1945) – Абайдың немересі. Шешесі Дәмежан Құнанбай тұқымы ретінде жер аударылып, елден қуылды. Бішкек қаласын паналап, қара жұмыс істеген. Сол жерден әскерге алынып, майданда қаза тапты. Қалышер Мекайылұлы (1921-1942) – Абайдың немересі. Шешесі – Дәмежан. Қалышерге бай тұқымы деген айып тағылып, жер аударылған. Кейін Бішкек қаласынан әскерге аттанып, Отан соғысында мерт болды. Тоқташ Ізкәйілұлы (1924-1943) – Абайдың немересі. Домбыра мен гармоньда ойнап, Абай әндерін шебер орындаған. 1934 жылы маусым айында Бүкілқазақстан халық өнерпаздарының 1-ші слетіне қатысқан. Тоқташ неміс фашистеріне қарсы соғысып, оққа ұшты. Қапсалям Әубәкірұлы (1918-1943) – Абайдың шөбересі. Қапсалям Ұлы Отан соғысында шейіт болды. Қан майданға аттанған Абайдың 10 немере-шөбересінен сегізі оралмады. Аман келгендердің бірі Алпаш Оспанов 1990 жылы 68 жасында өмірден озды. Ал, Абайдың шөбересі, Мағауияның Жағыпарынан туған Ишағы Жағыпарқызы әкесі қайтыс болған соң, Семей қаласындағы 11-ші мектеп-интернатта тәрбиеленді. Қиыр Шығыстағы Кеңес Қарулы Күштерінің қатарында Отан қорғауға атсалысты. Көненің көзі, тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы 2014 жылы 12 маусымда 92 жасында дүние салды.    

   Ишағы ЖАҒЫПАРҚЫЗЫНЫҢ көзі тірісінде берген сұхбатынан: «Темір құрсаулы кеңестік кезеңде, дәлірек айтқанда 1940-шы жылға дейін Абай атамның атын атауға болмайтын қасіретті күндерді бастан кешірдік. Сол бір нәубет жылдары Құнанбаев болып жазылған Абайдың немерелерінің барлығы қуғын-сүргінге ұшырады. Көпшілігі Қарақалпақстан мен Өзбекстан елдерін пана етті. Өзім анық білетін жасырақ кезімде көрген Абайдың Әйгерім апамнан туған Тұрағұлдың баласы Жебырайыл өзі көрікті, ару біткеннің жүрегін жаулайтын керім сұлу жігіт болыпты. Мұхтар Әуезовпен дос екен. Өзі ақын, әнші, сері көрінеді. Тықыр таянғанын сезген ол Ташкентке келіп табан тіреген. Осында небәрі 28 жасында сүзек ауруынан қайтыс болады. Оны Мұхтар аға арулап жерлеген. Ал, менен кейінгі інім Жошыхан Отан соғысына аттанарда сіңілім Ғазелді құшақтап тұрып: «Айналайын, Абайдың ұрпағынан екенің туралы ләм-мим деп аузыңды ашушы болма. Қудалап интернаттан шығарады, далада қаңғырып өлесің» деп жылап тұрып табыстаған. Жошыхан інім 12 жасынан бастап өлең жазған. Майдан даласынан сіңілім Ғазелге өлеңмен хат жолдап тұрыпты.

   «Бұл естелік саған арнап қалдырған,

Ғазелімсің, өлеңімсің балдырған.

Мен аттандым суық қару асынып,

Туған Отан азат үшін жан құрбан.

Суретіңді жанқалтамнан тастамай,

Өтті көктем, жаз бенен күз, қыс талай.

Қарлығашым қандай күйде жүрсің сен

Соны ойлап көзден тамды жас талай» депті бір хатында. Жошыхан көптеген қолжазбаларын өзімен бірге әкеткен болатын.Қолымыздағы барын шаң жуытпай сақтадық. Біразы «Жыр-аманат» жинағына енгізілді. Қалғандарын Семейдегі Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайына тапсырдық. Ол тірі болса үлкен ақын санатына қосылар ма еді?! Даңғайыр ақын атасының жолын қуып, поэзия көгінде жұлдыздай жарқырар ма еді?! Амал нешік, бар-жоғы 19 жасында ерлікпен қаза болды. Мен Семейдегі 11-ші мектеп-интернаттың 9-шы класында оқып жүргенде әскери комиссариатқа барып, соғысқа сұрандым. Бұдан соң Хабаровскідегі авиацияның кіші қызметкерлерін даярлайтын екі жылдық мектепті 3 айда оқып бітіріп, ұшақ пен моторды қаруландыратын маман (оруженосец-моторист) атандым. Оқып болған соң, біздерді жан-жаққа бөліп әкетті. Қайда жүрміз, түк білмейміз. Орыстардың ортасында мен жалғыз болдым. Оңашада отырып жылап алатынмын.Ойласам соғыстың болғанына емес, көп ішінде жалғыз жүргеніме жылайды екенмін. Қойшы әйтеуір, ешкім ренжіткен жоқ. Соғысты соғыс деп қабылдадық. Біз ЯК-7, ЯК-9, ИЛ-16 ұшақтарында жұмыс істедік. Жуамыз, тазалаймыз, винтиктерін жөндейміз.Жау қай жерде екенімізді білмесін деп бір мекеннен екіншісіне көшіп жүретінбіз. Әуе әскери полкінде атуды үйрендік, парашютпен секірдік. Парашютпен секіру дегеннен есіме түседі. Мен бой жағынан да, дене бітімі жағынан да құрбыларыма қарағанда нәзіктеу едім. Командиріміз: «Сенің беліңе тас байлап барып секіртпесек, мына салмағыңмен жерге қонбай, ауа кеңістігінде қалқып, қалып қоярсың» деп әзілдейтін. Неміс фашистері жеңіліп, 1945 жылы соғыс аяқталса да бізді елге қайтармай ұстап қалды. Кейін жапон милитаристерін талқандауға қатыстық. Әскери ұшаққа зіл батпан бомбаларды тиеу, қираған ұшақтарды қайта жабдықтау, жараланған ұшқыштарды ұшақтан түсіру және басқа да машақатты жұмыстарды атқардық. Жүрегі нәзік, талдырмаш жас қыздардың осынша ауыртпалықты мойымай көтергеніне ер-азаматтар таңданатын, аяйтын. Жапонияның Маджария аймағында ұшақты екі сағаттан күзететінбіз. Бір күні күзетте тұрсам, ұшақтың түбінен бірдеңе тырс-тырс етеді. «Самурайлар біздің ұшақтың детальдарын шешіп, ұрлап жатыр ма?» деген ой сумаң ете қалды. Мұндай жағдай байқалса, ереже бойынша үш рет дыбыс беріп ату керек. Хабар бермесем, бұл самурай өзімді өлтіріп кетуі мүмкін. Не болса ол болсын деп мылтығымды жоғары көтеріп, үш рет аттым. Кейін естідім: «Кого то поймали» деп дабырлап жүрген, не тырсыл екенін осы күнге дейін білмеймін. Сол бір алапат кезең кейде түсіме кіреді. Қайтейін, бауырларым тірі болса, ұлы бабамыздың ұрпақтары бір қауым ел болар едік. Өкінішке орай, саусақпен санарлық қалдық. Бізді өздері жәйлі ел-жұртына жеткізсін деп аман сақтаған солардың рухтары шығар деп ойлаймын».

   Ұлы Абайға қай жағынан алып қарасаңыз да ең жақын жандардың бірі – Ләйлә Баймағамбетова. Ләйләнің анасы Қауаш – Абайдың ұлы Ақылбайдың Әлімқұлының қызы. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы арқылы қалың оқырманға танымал ертегіші Баймағамбеттің баласы Салықтың Мүхілісі – Ләйләнің әкесі. Ләйлә – Абайдың «сыр сандығы» және сенімді серігі атанған, анаған-мынаған хат-хабар мен қала және ауыл арасында қоржын-қоржын кітаптар тасушы Баймағамбеттің шөбересі.

   ЛӘЙЛӘ БАЙМАҒАМБЕТОВА, Семейдегі Абай қорық-мұражайының аға ғылыми қызметкері: «Әкем Мұхліс өте сауатты, көзі ашық адам болған. Әкемнің шарапаты майдангер жазушы Қасым Қайсеновке көп тиген көрінеді. Қасым ата әкемнің жақсылығы жайлы көп әңгімелейді. Әкем Курск шайқасына және талай ұрыстарға қатысып, қатты жараланған соң, 1945 жылы елге оралды. Павлодар және Семей облыстарында оқу-ағарту ісінде көп жылдар жауапты қызмет атқарған әкем Мүхіліс 1960 жылы, ал Абай атаның, Ақылбайдың, Мағауияның, Әубәкірдің өлеңдерін жатқа білген, әрі сөзге шешен және әңгімеші анам Қауаш 1988 жылы дүниеден озды. Анам Мұхтар Омарханұлы мен Кәмилә Мағауияқызының асыл махабаттарының, аянышты тағдырының куәсі болды. Кәмиләнің Мұхтарға арнаған сағынышқа толы шерлі өлеңдерін есінде сақтап, бізге жеткізген – Қауаш анам мен Мәкен Тұрағұлқызы. Мен сізге бір сырдың ұшын шығарайын: 1967 жылы Абайдың шөбересі, Мағауияның немересі Ишан тәте мені Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының үйіне ертіп апарды. Бауыржан ата бізді керемет қарсы алды. Менімен көп әңгімелесті. Кетерде «Генерал Панфилов» кітабына «Ләйлә балама! Права-права-права внучке Великого Абая (Ибрагима) Кунанбаева. Б. Момыш-Ұлы, 7 қыркүйек, 1967 жыл» деп жазып берді. Бірақ ол кезде мен жас болдым ба, сол кездесудің қадірін білмеппін. Тым құрыса суретке де түсіп қалмаппын. Өз өмірлерін қиып, бейбіт өмірді бүгінгі ұрпаққа сыйға тартқан сан миллион құрбан болғандардың ішінде Абай атамыздың ұрпақтарының есімдерін айрықша құрметпен айтамыз. Мәселен, Воронеж қаласын азат етуде қаза тапқан Абайдың әншісі, домбырашысы Әлмағамбеттің кенже баласы Уәлхан 1942 жылы 27 тамызда жазған хатында былай дейді: «Аса қадірлі көретін Шабдан ағама, тәтеме мен Уәлханнан сансыз көп сәлем жолдаймын. Менен хал білмек болсаңыздар денім сау, Воронеждың жанында алты шақырым жерде жатырмыз. Воронежды қайтарып алу үшін 27 тамызда кірдік. Шабдан аға, мені ойлама, түсіме кіре бересің, көп ойлайсың ғой деймін. Денім сау болса әлі-ақ қайтам. Жанымда Саржалдағы Қанапияның баласы Бейсенғазы бар. Жазған Уәлхан». Мұнан басқа Абайдың жақын туыстарының, бауырлас достары балаларының майданнан жазған хаттары біздің мұражайдың қорында сақтаулы. Ұлы Абайдың туған күні және һәкім Абайдың майдан шебінде болған ұрпақтары ешқашан ұмыт қалмауы тиіс».


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"