Ерлікке тағзым: Қазақ жауынгерінің рухқа толы жырлары

Түсіпжан Төлеубаев 1916 жылы бұрынғы Семей облысы Жаңасемей ауданының Калинин колхозына қарасты Үшаша ауылында туып өсті. Әкесі Төлеубай Смағұлұлы, анасы Мұхтарима Ұсақызы және туған-туыстары Түсіпжанды 1942 жылдың 8-ші ақпанында соғысқа шығарып салды. Қазақ жауынгері атқыштар дивизиясының құрамында Орел-Курск түбіндегі ұрыста оққа ұшты. Қазақ халқының қайсарлығы мен қаһармандығын күллі әлемге танытқан ауыр жылдарда Түсіпжан Төлеубаев ауылдастарын өткір өлеңдерімен қиындыққа төзуге шақырды. Жүрекке жылу беретін жырлары батылдық пен ержүректілікке тәрбиеледі, бейбіт өмірге деген сенімін нығайтты. Түсіпжан Төлеубаевтың ауылдағы туған-туыстарына соғыстан жазған хатын оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

Хат жазып сәлем айтам ауылыма,

Кішіге, үлкен аға, бауырыма.

Шағамын біраз мұңды мен сіздерге

Қарамай күннің суық, жауынына.

Ауылдан тараушы еді жан-жаққа жол,

Ойласам көздің жасы болады көл.

Ел-жұртым, үй-ішімді бір көрсет тек

Алладан тілейтұғын тілегім сол.

Сәлем айт, Үшашаның терегіне,

Бір атқа ие болған зерегіне.

Ел-жұртым осыменен көрмей кетсек

Айттым не, айтпадым не, керегі не!?

***

   Ассалаумағалейкум, Оразеке!

Ініңіз хат жазады сізге тете.

Шешейдің, Дәмелімен дені сау ма?!

Жүрсіз бе, билеп, жырлап өлеңдете?!

Сәлем айт, менен дұғай Іздекеңе,

Дүние «жоқты тап» деп іздете ме?!

Шал едің көпті көрген жақсы-жаман

Барып тұр, ақыл айта біздікіне.

Ассалаумағалейкум, Аждар аға!

Бұл сөзді мен айтпаймын басқа жанға

Тапсырар менің-дағы кімім қалды?!

Қалмасын жүдеп-жадап бала-шаға.

***

   Мінгенім деймін менің көк ала ат,

Сақтасын баршаңызды хақ тағала.

Есімнен әлі күнге бір кетпейді

Құшақтап жылағаны екі бала.

Екеуі әжептәуір жасқа келді,

Көрген жоқ қадам басып басқа жерді.

Ойлаймын бәрінен көп сол екеуін

Болар деп қандай халі кім біледі?!

Жүр екен әкем байғұс қандай күйде?!

Анашым тірі ме екен осы күнде?!

Кіші інім Бекен, Бескеш бауырларым

Мені іздеп,екі көзі төрт боп жүр ме?!

Жүзіңді ақтық анам көре алмадым,

Қолымнан өзім сусын бере алмадым.

Өтті деп бұл жалғаннан естігенде

Әскерге ақсақ қойдай ере алмадым.

Мінгенім күрең төбел ақсақ аяқ,

Япырмай, жүрер ме екен ақсамай-ақ?!

Мен жүрсем ел шетінде ойнап-күліп,

Япырмай, қалмас па едім қақсамай-ақ?!

***

   Қарасам көз жетпейді аспан биік,

Жайылған қиыр шетте біз бір киік.

Сіздерден айрылғаным 51 күн

Хат жаздым шыдай алмай ішім күйіп.

Ал, Қоске, сары майдай тортам дейді,

Бәйгі аттай ала қашқан жортам дейді.

Көрем бе, көрмеймін бе мен елімді

Түсімнен анау күнгі қорқам мен-ді...

Базардан алып келген доғаларым,

Қасқа тай тасырқасам тағаларым.

Көргенше бір айналып кім бар, кім жоқ

Қош сау бол тату-тәтті ағаларым!

Базардан алып келген кеселерім,

Таққаным тақияға тең теңгелерім.

Мен қашан елмен бірге теңелермін

Қош сау бол ойнап күлген жеңгелерім!

Базардан алып келген кеселерім,

Сары інген бұйдаң болса жетелерін.

Көргенше бір айналып кім бар, кім жоқ

Қош сау бол кәрі-құртаң шешелерім!

 

   Түсіпжан Смағұлтегі майданға кеткенде балалары Майра мен Бейсембекті жетім қылмай жеткізген – туған інісі Бекайдар ТӨЛЕУБАЕВ:

   «Үшаша ауылының жазық даласында құлындай құлдырап бірге өсіп едік. Ағам майданға аттанғанда мен бар-жоғы он жастамын. Есімде қалғаны: ағам аса сауатты, ой-өрісі кең, әрі білім мен ғылымға жаны құмар адам болатын. Әкеміз Төлеубай Смағұлұлы Калинин колхозының іргесін қалағандардың бірі болса, ағам Түсіпжан ауылдың бас есепшісі болды. Нағыз лаулап жанар жасында соғысқа кетті. 27 жасында Орел-Курск шайқасында қапияда көз жұмды. Қара қағаз алмадық. Хаттары тоқтаған соң бұлағының тартылып, шырағының сөнгенін, өнегелі ғұмырының қиылғанын бірден түсіндік. Дәл осы сәтте қазақ халқының ойшыл данышпаны Шәкәрім Құдайбердіұлының «Егер өлсем бұл жерде, бір күні тауып аларсың...»  деген өлеңі ойыма келіп тұр. Несін жасырайын... көкірегімді өксік кернейді. Жасым 80-нен асса да ағамды аңсап, жас балаша көз жасыма ерік берем. Тағдырдың жазғанына не шара?! Өлеңдерінің топтамасын осыдан ондаған жыл бұрын немерелері жергілікті газеттердің біріне апарып тапсырған. Бірақ, иесі секілді олар да жұмбақ күйінде жоғалып кетті. Хаттарының сақталғанына да тәубә дейміз. Оның әр жолы, әр шумағы - киелі жәдігер».

 

   ТІЛШІ ТҮЙІНІ. Ресейдің «Гвардия» іздестіру тобының мамандары Орлов облысының Комры селосының маңында іздестіру жұмыстарын жүргізгенде 679 жауынгердің мүрдесін анықтады. Оның 17-сі жайында ғана ақпарат алу мүмкін болғанға ұқсайды. Оқтың гильзасының ішіне әдемі жазуымен өзі жайында толық мағлұматты жазып кеткен Түсіпжан Төлеубаевты анықтау қиын болмапты. Есімі хабарсыз кеткендердің қатарында қалған ердің ет жақындары және атауы бірнеше мәрте өзгерген туған ауылы бір тәуліктің ішінде табылды. Отты жылдарды басынан кешкен солдаттың сүйегін ұрпағы арулап, аза тұтып қолдан қойды. Осылайша туған топырағына оралмағандардың тізімінен Түсіпжан Төлеубаевтың есімі алынып тасталды. «Артында ұрпағы барда батырдың шырағы сөнбейді» деген асыл сөздің ақиқаты осы болса керек.


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"