Біз де сарбаз болғанбыз!

БІЗ ДЕ САРБАЗ БОЛҒАНБЫЗ!

 

Думан РАМАЗАН, жазушы-драматург,

халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

 

        Қайран, жастық-ай!

 

Мен Совет Армиясы қатарында 1985-87 жылдары қызмет еттім. Красноярск қаласының жанындағы әскери қалашықта екі жыл өмір өткіздік. Ол кезде әскерде әлімжеттік мәселесі күйіп тұратын. Әскер қатарына енді алынған «жастарға» бір жыл бұрын келген «ересектер» әлімжеттік жасап, түрлі қысастықтаға баратын. Бұрын естіп-білгеніміз бар, көзіміз бен өңіміз бозарып, қорқа-қорқа біз де әскери өмірге қойып кеттік. Әлімжеттіктің шет жағасын алғашқы күні-ақ көріп қалдық.

Біздің алдымызда жүректі қазақ жігіттері болыпты да, ротаны ашса алақанында, жұмса жұмырығында ұстап, біз барған кездегі «ересектерге» көрсетпегенді көрсетіпті. Сөйтіп, оларда кеткен еселерін бізден қайтармақшы болды. Бірақ, қазақтың жігіттері намысшыл ғой, онша басындыра қоймады.

Біз жеті қазақ болып түстік. Бейбіт деген бала екеумізден басқасы Атыраудан еді. Біреумізге тиіссе, бәріміз жабыла кетейік деп уәделесіп алдық. Бірақ алғашқы кезде қорықтық. Ересектер көп. Біреуіне сөз қайтарсаң, бәрі жабыла кетіп оңдармай ұрып-соғып тастайды. Әрине, еден жудырды. Бірақ дәретхана мен біреудің киімін жуа қоймадық. Сол үшін де талай мәрте таяқ жедік...

Оған бола біз жаси қойған жоқпыз. Ересектер бізден басқа «жастардың» жаңа киімдерін тартып алып, өздерінің ескі киімдерін кигізіп қойды. Маған ұзын бойлы бір тәжік келіп, киімімізді ауыстырып киюді талап етті. Құдай куә, оған көне қоятын ақымақ емеспін, «бермеймін» деп ашық айттым. Ол күштеп тартып алмақшы болды, бірақ мен бой бере қоймадым. Ол әлі келмесін білді де, кері бұрылып кетіп қалды. Мен жеңімпаз болып қала бердім. Бірақ, ерте қуаныппын.

Ертеңінде тұрсам, менің жаңа киімдерімнің орнында ескі киімдер тұр. Асығыс-үсігіс киіп алдым, «ересектердің» көзінше ештеңе дей алмадым. Керзі етік жыртылайын депті. Ашуым келді. Ана тәжіктің түнде үптеп кеткенін бірден сездім. Ақырын баспалап барып қарасам, сол тәжік менің жаңа киімдерімді сықиып киіп алған! Өзінше мәз, ыржалақ қағады. Содан амалсыздан күндіз күні бойы сол ескі киімдерді киіп жүрдім.

Кешке жақын аңдыдым. Жаңағы тәжіктің артынан қалмай қойдым. Ол қайда барса, мен де сонда барамын. Казарманың жертөлесінде арнайы жасақталған спортзал бар еді. Соған бара жатыр екен, қуанып кетіп артынан ілесе түстім. Ол менен қауіп күтпеген секілді. Қаннен-қаперсіз келіп, орындыққа отырды. Мен жан-жағыма тағы бір мәрте қарап алдым. Ешкім жоқ. «Құдай берді деген осы» дедім де, арт жағынан келіп қылқындыра бастадым. Еш аяғаным жоқ. Бар күшімді салып, қатты қыстым. Қылғынып, қысылып, қызарып, тыпырлады да қалды. Сол бетіммен мойнынан қыса ұстаған қалпы келесі жарығы жоқ, қап-қараңғы бөлмеге сүйрелеп алып кірдім.

Ашуланып тұрғам, одан сайын қыстым! Байғұстың бойынан әл кетіп, қарсыласуға да шамасы келмей қалды. Мені өлтіріп қояды деп ойлаған болуы керек, бір кезде қырылдап-сырылдап, жалынып-жалпайып кешірім сұрай бастады. «Киімдеріңді өзіңе қайтарып беремін» деді. Менің де күткенім осы сөз еді. Қолымды босаттым да, орысша боқтап: «шешін» дедім. Ол жалма-жан шешіне бастады да, киімдерімді қайтарып берді. Қайтадан өз киімдерімді киіп алдым. «Осыны біреуге айтсаң, өлтіремін!» деп қорқытып қойдым. Ол «ешкімге айтпаймын!» деп уәде берді. Байекеңе де жан керек екен, ешкімге айтқан жоқ. Сөйтіп, өз киімдерімді киіп жүрдім. Жүрегі әбден шайлығып қалса керек, мені көрсе, әлгі «ересегім» айналып кететін болды...

Бір тапал армян «ересек» болды. Бізден бір жыл бұрын келген. Өзі арық. Итеріп қалсаң құлағалы тұр. Сол әбден зықымызды шығарды. Көріп қалса болды, бір түйіп өтеді. Көптің көзінше тиісе алмайсың. Оны да әлгі тәжік сияқты қылқындырып алайын деп қанша аңдысам да, қолыма түсіре алмадым. Спортзалға түсе қоймады.

Бір күні түс әлетінде сапта тұрғанбыз. Сержант аты-жөнімізді айтып түгендеп жатқан. Әлгі тапал армиян біздің жанымыздан өтіп бара жатып, маған жалт бұрылды. Ротаның төрт көзі түгел тұрған. «Ох, қазақ, құтырайын деген екенсің!» деді ежірейіп. Сөйтсем, көйлегімнің жоғарғы жағындағы ілгешегі ілінбей қалыпты. Жақындап келді де, өзі іле бастады. Ілгені бар болсын, әдейі алқымымдағы теріммен қосып ілгелі жатыр ауыртып. Жаныма қатты батып кетті, ауырсына айғайлап жібердім. Оған қарайтын ол жоқ, терімді ілгешекке қысып одан сайын ауырта бастады. Дәл мұыннан қалай ұрып жібергенімді өзім де білмеймін. Білсем, ұрмаймынғой! Армяным баж ете қалды. Қоңқақ мұрнынан қан сау ете қалды. Бұны «ересектер» қалай кешірсін. Бәрі жабылып мені төмпештей бастады. Үшінші қабаттан жертөлеге дейін тепкілеп түсірді басқышпен. Мен бір ауыр қылмыс істегендей, еліріп алған.

Спортзалға қашып кірдім де, жерде жатқан екі гір тасын қолыма алып алдым. Бәрі артымнан ілесе кірді. Өлтіретін түрлері бар. Қорқып тұрмын. Шынында да аямас еді. Соны білдім де: «Жақындасаңдар аямаймын, өлтіремін!» дедім айғайлап. Бәрі іркіле берді. Бір кезде бір молдаван жігіті ортаға шықты да: «Кәне, өлтіре қойшы!» деп жақындай бастады. «Әй, сүмелек, кет! Өлтірем!» дедім тағы ескертіп. Молдаваным ұра алматын шығар деп ойлаған болса керек, әй-шайға қарамай жақындай бастады. Жан керек, егер ұрмасам, итше тепкілейтінін біліп тұрмын. Қолымдағы гірдің тасын жоғары көтере бердім, сол кезде ғана жасқанып еңкейе берді. Ойлануға мұршам болған жоқ. Гірдің тасын сілтеп қалдым. Беліне таман сарт етіп тигенін анық көрдім. Молдаваным бұралаңдап барып құлап түсті. Ойбайлап жатыр.

Одан сайын батылданып: «Кәне, кім келеді? Өлтірем!» дедім тағы қайталап. Түтігіп кеткем. Шынында да кімді де болса, аямас едім. Соны сезген болуы керек, ешкім батырсынып шыға қоймады. Аз тұрды да, «Мына қазақ жынды екен!» деді де, кері бұрылып кетіп қалды. Аздан соң қорқа-қорқа үстіңгі қабатқа қайта көтерілдім. Жоқ, ешкімнің менімен ісі болған жоқ. Тек қазақтар ғана білдіртпей көздерін қысып қойды. Ал анау молдаван жігіті ғана төсекте ойбайлап жылап жатыр екен. Көпшілігі соған жәрдем беріп жатыр. Дәрігер шақырды. Содан әлгі жігіт қайтар қайтқанға дейін белім ауырады деп жүрді. Жата беретін еді... Соны ойласам, күні бүгінге дейін өзімнен өзім қысыламын. «Байғұс не болды екен?» деп қоямын кейде өзімнен өзім.

Ал содан кейін маған ешкім тиіскен жоқ. Тіпті маңайыма жоламайтын болды. Кейде еден жуатын едім. Рахат, одан да таза құтылдым. «Ересектер» маған жоламайтын болды. Сөйтіп, көзімнің ашылғаны... Сыртымнан бәрі мені «Жынды» дейді екен... Қалай атаса, солай атасын, өз еріктері ғой...

Әйтеуір қорлау мен мазақтан құтылғанымды айтсаңшы!.. Айтпақшы, бір күні әлгі армянды да аңдып жүріп спортзалда қолға түсірдім. Қараңғы бөлмеге сүйрелеп алып барып, алдыңғы тәжік сияқты қылқындырдым. Қатты қысып жіберсем керек, өлтіріп тастайды деді ме екен, байғұс, өкіріп жылап жіберді. Жалынып-жалпайып кешірім сұрады. «Бұны біреуге айтсаң, табанда өлтіремін!» деп қорқыттым. «Ешкімге айтпаймын!» деп шыр-пыр болды. Шынында да тісінен шығарған жоқ. Өйткені, екеуін де қылқындырғанда өлтіріп қоя жаздадым. Қайран, жастық-ай! Сондай өршіл, намысшыл едім!.. Есемді ешкімге жібермеуге тырысатынмын!..

Ал бір жылдан кейін өзім ересек болғанда жаңа келген жастарды көбінесе қолдап-қорғап жүрдім. Өзім қатарлы ересектерге киімдеріңді жудырмаңдар деп ескертетінмін. «Жынды» деген атым бар. Бәрі тыңдайтын. Өтірік айтып қайтейін, кейде ашу үстінде жастарға қолымның да тиіп кеткен кездері болды...

Өмір ғой!..

 

 


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"