БҰҰ-ның қазақстандық дәрігері

Әр нәрсенің бастамасы бары анық. Ал жалғасының ақ, адал, ақиқат жолмен өз арнасын ақаусыз тауып кетуі сол бастаманың беретін бағыт-бағдарына байланысты. Бұл – етенеден белгілі ереже, еш дәлелді қажет етпейтін аксиома.

Бастама адымы нық басылды! Әлемде адамзаттың қайғы-қасіретіне әкеп соқтыратын қырғын-соғысты құрықтап, от-алауының алдын алатын беделі биік халықаралық ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) қарамағына Қазақстан өз әскерін берді. Соғысу үшін емес, соғысып жатқан елдерді достастыру үшін, қырғыннан қажыған жұртқа бейбітшілік сәулесін себу үшін, алауыздық алапатын ауыздықтау үшін!

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына сонау 1992 жылдан бері мүше. Ал 2017-2018 жылдар аралығында БҰҰ-ң Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайлануы дүние жүзі халықтарының алдында қазақ елінің еңсесін еселей түскенін ескере кеткен жөн. Атқарылған орасан зор шаруаның бірі Қазақстан атынан дүние жүзіндегі бейбітшілікті орнату мақсатында бітімгершілік ротасы контингентін Ливан мемлекетіне кіргізу де болды.

Сонымен, 2018 жылдың қараша айында ең алғашқы әскеріміз Сирия және Израиль мемлекеттерімен шекараласатын Ливан мемлекетіне аяқ басты. Ал 2019-дың мамырында алғаш келген 120 жігітті екіншілері ауыстырып үлгерді. Қазақ жігіттерінің ол жердегі міндеттерінің бірі жергілікті жерді бағдарлап, көлікпен патрульдеу және жол үстінде тұрып, жолдан өткен көліктерді бақылау. Бұлардан басқа да міндеттер жетіп артылады, ол – өзге тақырып. Біздің айтпағымыз басқа.

Әскер сапында дәрігердің міндетті түрде болуы заңды. Оның міндеті тек жараланғандарға ғана көмек көрсету деп бұрын білсеңіз, қазір біз оның сан алуан, қыр-сыры көп жұмысын айтып, осы мақалада кеңінен қамтуды жөн көрдік.

Медицина қызметінің майоры Армияшов Мақсұт Армияшұлының атқарып жатқан шаруасы аз емес. Адам ауырмай тұрмайтынын ескерсек, дәрі-дәрмегімен емделу үшін ер-азаматтар дәл осы дәрігерге жүгінеді. Әрине, өзге елге еліміз ең мықты деген ерлерімізді електен өткізіп, сұрыптап жіберді. Созылмалы аурулары бар әскери азаматтар шетелде қызмет атқаруға баруға рұқсат етілген жоқ. Ливанға баратындарға 7 түрлі екпені (вакцина) 12 рет салып, денсаулығы бапталып жіберілді. Дегенмен, кез келгеніміз де темір емеспіз ғой. Суық тию, жарақат алу, әртүрлі жәндіктер шағу т.с.с көптеген аурулар меңдесе, Мақсұт Армияшұлы жігіттердің қасынан әрқашан табылады.

Сырқатты емдегеннен гөрі, оның алдын алу әрқашанда тиімді болатыны даусыз. Медицина қызметінің майоры М.Армияшов жігіттердің таңертең тұруынан бастап осы іспен айналысуды міндет қып алған. Жатын жерінің, жуынатын, дәретке баратын жерлерінің тазалығын қадағалау, әркімнің жеке бас, төсек-орын, киім-кешек гигиенасының сақталуын бақылау, асхананың санитарлық жай-күйін қарау, таңғы, түскі, кешкі астың сапасына мән беру, жеке құрамның дене шынықтыруына қатысу – күнделікті ісі. Әскери базаға, блок посттарға күнделікті дезинфекция, дезинсекция, дератизация жасау да медицина қызметінің майорының міндетіне кіреді. Бұл – эпидемияға қарсы іс-шаралары. Ал сонымен қатар!..

БҰҰ-ң міндеті тыныштығы жоқ елдерге көмек қолын созып, жәрдемдесу екенін жоғарыда айтып өттік. М.Армияшұлы ұйымның өзіне жүктеген міндетін абыроймен атқарып жүр. Әскери база аймағына жақын ауыл-ауылды аралап, жергілікті тұрғындарды да емдейді. Хирург және анестезиолог-реаниматолог мамандығымен үлкен тәжірибесі бар адам жергілікті Ливан елінің тұрындарының ауруларынан айығуына көп септігін тигізіп жүр. Мақсұт Армияшовтың Павлодар облысы, Баянауыл аудандық ауруханасында, Семей, Аягөз, Талдықорған қаласы әскери госпитальдерінде қызмет атқару барысында алған тәжірибелері ескеріліп, еліміз осынау абыройлі істі сеніп тапсырғандықтан, «қазақ дәрігері» атына нұқсан келмей, керісінше асқақтап жүргені анық.

Майорға медициналық көмекке өзге елдің әскери адамдары да жүгіне береді. Білімі мен тәжірибесі мол дәрігердің емдеуін кім болса да қалайды ғой. Қазақ әскерилеріне көрші тұрған Үндістан базасының әскерилері база командирінен бастап, кез-келген сарбазына дейін қазақ дәрігерінен ауруынан жазып беруін өтінеді. Нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай. Ешкімнің қолын қақпайтын Армияшов ауруынан айыққан шетелдік офицерлер мен сарбаздардың алдында да, қазақ жігіттерінің алдында да биік беделге ие.

ШҚО, Аягөз ауданы, Сарыарқа ауылының тумасы, бүгінгі таңда Қазақстандық бітімгершілік полкінің медициналық ротасының командирі – медицина қызметінің бастығы лауазымында қызмет атқарып жүрген дәрігер туралы айтпағымыз – осы. Бұл мақалада маманның барлық қыр-сырын жаза беруге болатын еді, бірақ газеттің мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, алдағы уақыттарға қалдырдық. Қазақстан әскеріне әлі талай асатын асулар бар, ой-толғанымдар сол кезде жазылып, «Сарбаз» арқылы оқырманына жол таба жатар. Ол – келер күннің еншісінде.

Қазіргі кезде өзінің әскери борышын Ливан мемлекетінде атқарып жүрген Қазақстандық бітімгершілік ротасы 2019 жылдың қараша айында елге қайтады. Соғыс оты өршіп тұрған аймақтан дәрігеріміздің аман-есен, абыроймен оралуын тілейік.

 

Айдын СЕРҒАЗЫ, Ливан мемлекеті


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"