25 Алаш арысының ой-толғамдары мен қанатты сөздері топтастырылған кітап жарыққа шықты

Жуырда Астана қаласында «Алаш айтқан асыл сөз» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Жаңа кітап Қазақ елі Тәуелсіздігінің 25 және Алашорда Үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына орай жарыққа шығып отыр. 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы да қаперден шықпаған. Жинаққа ұлт көсемі Әлихан Бөкейханнан бастап Смағұл Сәдуақасұлына дейінгі 25 Алаш арыстарының ой-толғамдары мен қанатты сөздері топтастырылған. «Осы ретте 25 Алаш арыстарын іріктеп, олардың қанатты сөздерін жариялауымыздың тегін еместігін айта кеткен жөн. Өйткені, биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, осыған орай оқырман қауымға 25 Алаш арысының қанатты сөздерін сый ретінде тарту етуді алдымызға мақсат етіп қойдық. Бұл бастаманы жобаның авторы ретінде екі жыл бұрын Шымкентте қызметте жүргенде қолға алған едім» дейді жобаның авторы Берік Уәли.

Алаш арыстарының том-том еңбектерін ақтарып, інжу-маржан сөздерді іріктеген – журналист Серік Жолдасбай мен тарихшы Еркін Ерланұлы. Олар бір жыл бойы Алаш арыстарының сөзін жинақтаумен айналысты. Сондықтан да Алаш арыстарының ұлт, дін, тіл, білім, мәдениет, өнер сынды тақырыптағы тағылымы мол, ғибратты сөздері оқырман қауымды бейжай қалдырмақ емес. Ал кітаптың жарық көруіне қолдау көрсеткен – Бекен Қоныс пен Еркебұлан Құрмангалиев.

«Негізі біз көп жағдайда ойымызды дәл жеткізу үшін өзге жұрттың ойшылдары мен саясаткерлерінің қанатты сөздерін тілге тиек етеміз. Өкінішке қарай, өз қайраткерлеріміздің қанатты сөздерін қаперден шығарып алып жатамыз. Әйтпесе, Әлихан Бөкейхан айтқан қанатты сөздер Ататүрік пен Джордж Вашингтоннан еш кем емес. Айталық, Вашингтон: «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін» деп ойлауымыз керек?» десе, Әлихан Бөкейхан: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» дейді. Үндестік бар ма? Бар. Жалпы, кітапты парақтап қарап шықсаңыз, «Апырай, ә» дегізетін қанатты сөздер өте көп. Мұны кітапқа пікір жазған белгілі алаштанушы – ғалым Тұрсын Жұртбай да айтып отыр» деп ағынан жарылады Б.Уәли.

Тағы да айта кетерлігі кітаптың «Өсер елдің ұлдары...» деп аталатын екінші бөлімінде ұлт зиялылары – Абай, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Отыншы Әлжан,ғ Мұхамеджан Тынышбай, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұстафа Шоқай, Елдес Омар, Мағжан Жұмабай, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Смағұл Сәдуақасұлы туралы Алаш қайраткерлерінің пікір-лебіздері топтастырылған. Су жаңа туындының ішінен әскерге, ұлтқа білімге қатысты біршама жолдарды біз де оқырмандарымызға ұсынғанды жөн көрдік...

 

                                                                           «Алаш айтқан асыл сөз»

 Әлихан БӨКЕЙХАН:

 

Бар күшті ұлт әскерін жасауға салыңдар, Россияны тірілтетін тіреу – бар жұртының әскері. Алаш – Россиядағы одақтас мемлекеттердің бірі, сондықтан тіреудің бір ұшы – Алаш әскері. Алаш полкын, не керегін тауып беріп, таратпаңдар. Керек нәрсені қаншаға болсын қарыздануға қорғанбаңдар. Жеткілікті қару алыңдар.

 

Алаш қаласына қазақ басшылары жиналып, Алашордасын көтеріп, қызметке кірісе бастады. Алашорданың қазіргі мақсаты – қазақты жұрт қылып, автономия алу. Осы жолда Алашорда милициясын жасап, қазынасын толықтыруға кірісіп жатыр.

 

Менің ойымша, қазір бар күшті жұмсап, қауырт кірісетін екі нәрсе деп білемін. Бірі – милиция-әскер жасау, екіншісі – оқу жағы. Әрине, басқалары да өз ағынымен істеле жатар, олар тоқталсын демеймін. Бірақ, бұл екеуі өзгелеріне негіз, бірі кейін қала тұруға болмайды.

 

Асыққанда істейтін ісіміздің ең алды – милиция жасау. Милиция жасау жолына: білгендер – білімін, малдылары – малын, азаматтар жанын аяп қалмасқа керек. Біз өз тізгінімізді өзіміз алып, өз ұлтшылдығын өзі сақтайтын жұрт болу үміті үстінде тұрмыз! Сол мақсатымызға жетуімізге де, жеткеннен бекуімізге де милиция керек.

 

Біздің милиция – бұл әскер. Олар іс жүзінде әрекет етуде: 700 жауынгеріміз Жетісу майданында, 540 – Троицкіде, 2000 адам Орал облысында. Жетісу майданындағы жеңістер біздің жігіттердің ерен ерлігінің арқасында.

 

қазақ – баладай аңғал, сүттен ақ, судан таза, бүлінбеген халық.

 

Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырмысқандар, төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр: есікте қалмай, төрге тырмысалық. Басқалар төрге қалай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік.

 

Мәдени Еуропаң адамшылықты тастап, төрт аяқты бабасының өрісіне қаптап жөнелді.

 

Би әділ болмай, жұрт ісі ілгері баспайды.

 

Закон – адам пайдасына жазылады, адам закон үшін тумайды ғой.

 

 

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ:

 

Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек, бай болуға – кәсіп керек, күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.

 

Адамға ең керек нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі.

 

Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы.

 

Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта, адамы құрымай, жоғалмайды.

 

Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік.

 

 

Райымжан МӘРСЕК:

 

Әскерлік қызметін атқару қазақ халқының мойнына міндет болып, низам шығарлық болса, біз атты әскер болуды лайық көреміз һәм қазақ-орыс ретінде қызмет ететін болсақ, мұндағы кейбір ауыртпалықтарды жеңілдету жағын ескертуді тиіс деп табамыз. Соғыс болған уақытта бір үйлі жанда шаруасын басқарарлық бір адамы қалатын болу керек.

 

 

Халел Досмұхамедұлы:

 

Түркі қауымы ислам дүниесіне қосылып, із-түзсіз сіңісіп кететін элемент емес, өз елінің жоғары мәдениетімен тәрбиеленіп келген ел. Түркі қауымы Иран, Жүһүт мәдениетіне қарсы бір мәдениет.

 

Елімізде салтымызға, тұрмысымызға сай түзелген көп ойындар бар. Бұларды менсінбей, ұмытып барамыз. Біздің кейбір ойындарымызға Еуропа жата таңданады.

 

 

Міржақып Дулатұлы:

 

Орыстың атты әскері «казак» атанғандықтан, біздің қазақ өзінің атынан айырылып, «қырғыз» атанып жүрмекші емес. Қияметке дейін қазақ – қазақ болып жасамақ.

 

Алашорданың көркеюі, Алаш ордасының тез жарыққа шығуы алдымен екі нәрсеге байлаулы: милиция һәм қазына. Соның үшін Алаш орданың алдымен қолға алатын қызметі милиция һәм ұлт қазынасы болды.

 

Үкімет халыққа таянып іс қылуға тиіс. Үнемі үкіметке сүйенген халық ілгері баса алмайды.

 

Бұл заманда әскері жоқ жұрт – жұрт емес, құл. Біз қазір екі жолдың тарауында тұрмыз. Бір жол – құлдық жолы. Әскер деген сөзден бұрынғыдай ат-тонымызды ала қашатын болсақ, осындайда жігімізді ашып, жер-суымызды қорғап, билігімізді өзіміз алып қалмасақ, күні ертең бізді алдына салып айдап жүруге ие табылады.

 

Милиция неге керек? Атасы басқа елдермен көрші болып отырмыз. Солардың бұзақылары бізге тимеу үшін керек. Ел ішінде жүгенсіздік шыға қалса, солардан елді қорғау үшін керек.

 

Әскеріміз болмаса, қазынамыз болмаса, біз автономия бола алмаймыз. Автономия алмасақ, жұрт бола алмаймыз. Қайтсек жұрт боламыз дегенді ойласақ, жауап біреу-ақ: әскеріміз болса ғана, жұрт боламыз.

 

 

Жанша ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ:

 

Біздің мақсатымыз – үкімет құру және оның тірегі – әскер жасақтау. Үкімет пен әскер үшін қаржы керек, міне, осы мәселені талқылап, халықтың қолдауына ұсыну.

 

 Пікір мен пайым

   Тұрсын ЖҰРТБАЙ, кітапқа алғысөз жазған профессор:

   – Ұлттық Тәуелсіздік, Ұлттық Мемлекет, Ұлттық Кеңес, Ұлттық Шекара, Ұлттық Бірлік деген ұлы сөздердің ұлттық санамызға кіріп, айналымға түскеніне тура бір ғасыр өткенде сұрыптала ұсынылған, ұлттық санамызды ұйытқан осынау қанатты сөздер өзінің мағынасын бүгінгі күндері де жойған жоқ. Қайта, жаңа бір қырынан ашылып, дертімізге дауа, пікірімізге дәлел, ойымызға ұйытқы боларлықтай ләммен түрлене мағыналанып отыр. Ұлтты ұйытқан алаш қайраткерлерінің асыл сөздері қашан да ұлттық ойымыздың өшпейтін тамыздығы бола білмек


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"