Әскери өңірлерде наурыз мерекесі қалай тойланады?

Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Содан да болар,  көп ұлтты ұйыстырған қазақ елі Ұлыстың ұлы күнін ұлықтауды ұмыт қалдырмай, оны жыл сайын сән-салтанатымен атап өтеді.
Барша жұрт, көпшілік ел тойлайтын Наурызды мерекелеу еліміздің Қорғаныс саласына да тән. Қазір ҚР Қарулы Күштерінің тектері мен түрлерінде, әртүрлі құрылымында мерекелік әзірліктер басталып та кетті. Соның ішінде, әр өңірлік қолбасшылығының әзірлігі қандай деңгейде, іс-шаралар жоспары қандай, соны білмек ниетте оларға хабарласқан едік. Сонымен...

«Ашық күнді» ұйымдастырамыз

 «Астана» өңірлік әскерлері қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары полковник Ермиян БИЯТОВ:

Наурыз мерекесі – ежелден келе жатқан мейрам. Халықаралық сипатқа ие болған мереке Қазақстанда кеңінен атап өтіледі. Жер-дүниені жаңартып, тіршілікке жан бітіретін Наурызды тойлау бізде де үрдіске айналған.

Мереке қарсаңында «Астана» өңірлік қолбасшылығы облыс әкімдігінің және Қазақстан Қарулы Күштерінің басшылығына арнайы құттықтау ашықхатын жолдап,  мерекелік лебізімізді білдіріп жатырмыз. Өйткені ол – бұқаралық той. Сондай-ақ, күні кеше біздей ұрпақ үшін, Отан үшін от кешкен соғыс ардагерлері мен мейірімге зәру балалар үйіндегі балапандарға барып, базарлығымызды беріп, қайтпақпыз. Олар да мерекенің шуағын, жаңа күннің лебізін сезінсін.

Мұнан соң, әскери бөлімдердегі сарбаздарды да ұмыт қалдырмадық. Олар үшін ата-ана, дос-бауыр, туған-туысқанмен қауыштыратын «Ашық күнді» ұйымдастырып жатырмыз. 

Жер бусанып, көктем шыққан кез ғой бұл. Сондықтан айналамызды тазартып, әскери қалашықтарды абаттандырып, көшеттерді отырғызу да игілікті іс. Осыны да қолға алып жатырмыз.

Ал, 22-наурызда қолбасшылықта және оған қарасты әскери бөлімдерде үлкен байқау өткізуді жоспарлап отырмыз. Жылдағыдай дастархан жайылып, салт-дәстүріміз дәріптеліп, ұлттық ойындар мен әскери спорттық іс-шаралардан жарыстар ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, дәл сол күні Қарағанды облысында «Қош келдің, әз-Наурыз!» деген үлкен думанды кеш өтеді. Сонда сахналандырылған көрініске біздің қолбасшылықтың әскерилері қатыспақ. Осылайша, Ұлыстың ұлы күнін біз жарқын көңілмен, көпшіліктік іс-шарамен қарсы аламыз деген ойдамын.

Әскерилердің отбасы қалыс қалмайды

 «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары бөлімінің жоспарлау және үйлестіру қызметінің бастығы подполковник Дәурен ТІЛЕШБАЕВ:

 

Күн мен түннің теңеліп, табиғат бар шуағын шашып, ақ түйенің қарны жарылған Наурыз мерекесі еліміздегі ең ұлық мерекелердің бірі. Табиғатпен бірге адамзат та іштей түлеп, әлдебір әдемі сәтті күтетіні  рас. Сондай әсерлі кезді біз әскерилердің отбасыларына сыйлағымыз келіп отыр. Мерекелік іс-шаралар жоспарына сай, әскерилердің бала-шағасына арнап, алтыбақан құрдық. Ал, шаңырақтың отанасы – әйелдерге, сондай-ақ, әскери қыз-келіншектерге ерекше байқау ұйымдастырмақпыз. Отбасын қамтитын ойындар да, танымдық байқаулар да болады. Олар мерекелік концерттерді тамашалап, ойын-сауығымызға қатысып, бір серпіліп қайтатыны сөзсіз.

Негізі, әр әскери бөлімде әртүрлі мерекеленбек. Бір әскери бөлімдегі батальондарда Наурыз көже дайындалса, енді бірінде салт-дәстүрден көріністер көрсетпек. Қыз қуу, арқан тартыс, қол күрес, кір тасын көтеру сынды ұлттық ойындар мен спорттық шаралар да ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, осы мереке аясында бөлім командирлері көзге түскен сарбаздар мен сардарларға алғыс жариялауды көздеп отыр.

 «Көрісуден» бастадық

 «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы басқармасының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық бөлімінің идеологиялық жұмыстар және арнайы насихаттау жөніндегі аға офицері подполковник Мадияр ДЖУРТШИЕВ:

– Біз Ұлыстың Ұлы күнін 14-наурыздан бастап атап өтіп жатырмыз. Көпшілік ел кейінгі кезде құлақтанып та қалған болар, еліміздің осы батыс аймағында «Амал» атауымен басталған мереке соңы үлкен той-думанға айналады. Сол күні қыстан аман-есен шығып, наурыздан наурызға жеткен ел-жұрт бір-бірімен құшақ жая амандасып, көріседі. Яғни, «Көрісуден» бастаған шарамыз бұдан кейін де жалғасын таппақ. Соның ішінде, осы өңірде орналасқан әскери құрылымдар мерекелік әзірлікке кірісіп кетті.

Атап өтсек, «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Ақтау гарнизоны бойынша 25744 әскери бөлімі, Атырау гарнизоны бойынша 41433 әскери бөлімі, Ақтөбе гарнизоны бойынша 30238 әскери бөлімдері аймағында барлық әскери қызметшілердің және олардың отбасы мүшелерінің қатысуымен Наурыз мерекесін атап өтпек. Бірнеше күн тойланатын мейрамда әскери қызметшілер қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпын қайта жаңғыртып, сахналық көріністер қойып, мерекелік дастархан мәзірін тарту етіп, спорттық шараларды ұйымдастырмақ.

Ызғарлы қыстың кетіп, жаздың келетіндігіне барлық жаратылыспен қатар қазақ елі де қуанған. «Аурулар сауығамын деп, аттар тойынамын деп, жалаңаштар киімсіз де күн көремін» деп Әз-Наурызға жаңа сеніммен қараған. Біздің тілеріміз – Әз-Наурызға артқан армандарыңыз орындала берсін! Бабаларымыз айтпақшы: «Ұлыс оң болсын, ақ – мол болсын!».

«Шығыс» өңірлік әскерлері қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары полковник Азамат МҰҚАТАЕВПЕН аймақтық тілші Алуа Искакова тілдесіп еді:

«Армысың, Әз-Наурыз» бағдарламасын ұсынамыз

 – «Наурыз – ызғарлы қыстың кетіп, көктемнің келгенін білдіретін мейрам. Жылдың басы – Наурыз таң шапағатын қарсы алудан, тазаланған арықтарға су жіберуден және ағаш отырғызудан басталады емес пе? Біз де күн жылынып, жер жібіген соң, аумақты көркейту мен көгалдандыруға өз үлесімізді қосатын боламыз. Гарнизондардағы сенбілікке әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері бір кісідей жұмылады. Айта кетейік, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері қамқорлыққа алынған қарт жауынгерлердің, Семейдегі сәбилер үйіндегі, балалар үйлері мен орта мектептердің ауласындағы тазалық шарасына да әрдайым қатысып келеді.

Жалпы, Ұлыстың ұлы күні қазақ баласы үшін киелі күн. Күн мен түннің теңеліп, жер бетіндегі тіршілік атаулының жанданып құлпыра түсетін кезеңіне біздің әскерилер де дайындық үстінде. Наурыз мерекесіне арналған іс- шараларға келетін болсақ, ол әскери бөлімдердің шеңберінде өтеді. Әскери қалашықтардың аумағында киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылады. Наурызкөже пісіріледі. Мереке күні «Армысың, Әз-Наурыз!» тақырыбында ұлттық ойындар, спорттық жарыстар, түрлі сайыстар, концерттік бағдарламалар ұсынылады. Ал, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі мен фольклорлық ансамблі Семей қаласының орталық алаңындағы үлкен шарада дүйім жұртты тамсандырмақ. Осы мүмкіндікті пайдаланып, барша Отан қорғаушыларды Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тілеймін!
Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"