Әскери-патриоттық әндер жайында әңгіме өрбітті

Ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке ие болғанымызға биыл міне, 25 жыл болады. Шын мәнісінде 25 жыл тарих үшін қас-қағым сәт болуы мүмкін, алайда дәл осы ширек ғасырда тәуелсіз елдің еркін ұландары қалыптасып үлгерді. Мәселен, бүгінде әскер қатарында жүрген сарбаздардың басым бөлігі еліміз Тәуелсіздік алған кезеңде өмірге келіп, ер жеткен азаматтар. Сондықтан да олар алдынғы толқынға қарағанда азат елге тән қасиеттерге ие. Ұзын сөздің қысқасы, Қазақ елінің баянды болашағы сол жас сарбаздардың қолында деп нық сеніммен айта аламыз.

Иә, әр мемлекеттің мықты болмағы оның қарулы күштеріне тікелей байланысты. Нақтырақ айтсақ, заман талабына сай қару-жарақ пен әдіс-айлаға шебер мемлекеттің мерейі әрқашан да үстем болмақ. Сондай-ақ, әскердің айбынды болуына аталған дүниелерден бөлек сарбаздардың ұлттық рухта тәрбиеленгенуі де оң әсерін тигізеді. Өйткені, мың жерден мықты бола тұра сарбаздың бойында рух төмен болса, одан айтарлықтай нәтиже күту қиын. Сондықтан осы мәселеде маңызға әскери-патриоттық ән жайында жайында кеңірек әңгіме өрбіткенді жөн санадық.

«Әскери тақырыпта мүшайра өткізу керек»

Шыны керек, қазір әскери-патриоттық әндерге қарағанда «сүйдім – күйдім» деген сөздермен шектелетін махаббат тақырыбындағы әндер тым көбейіп барады. Бұл мәселе ең алдымен қолына қалам ұстаған ақындарға сын болса керек. Себебі, бүгінде мүйізі қарағайдан ақындардан бастап жыр жазатын жастарға дейін бірыңғай махабатты «күйттеп» кетті. Соның салдарынан ұлттық рухты көтеретін өлеңдер жазу жағы кемшін түсіп жатыр. Мұны белгілі ақын Аманхан Әлімұлы да мойындайды. Әйтсе де, ол өзінің аз да болса әскери тақырыпта өлең жазғанын алға тартып отыр.

– Әскери тақырыпта екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан немесе одан кейінгі кезеңдегі аға буын ақындар көп жазды. Мәселен, Жұбан Молдағалиев, Тоқтар Әлімбаев, Тоқаш Бердияров сынды біршама ақындар патриоттық тақырыпта өлеңдер шығарды. Алайда, кез келген өлең әнге келе бермейтіндігін айта кеткен жөн. Өйткені, поэзияда шығарманың әуенге сұранып тұратыны болады, кейде керісінше. Мәселен, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков, Мұхтар Шаханов, Нұрсұлтан Әлімқұлов және Нұртөре Шәкенов сынды ақындар патриоттық әнге көп өлең жазған болатын. Ал, қазір нағыз патриоттық тақырыпта әнге өлең жазу жағы ақсап тұрғанын мойындау керек, – дейді Аманхан Әлім.

Ақын елімізде әскери-патриоттық тақырыптағы әндердің аз болуы поэзия әлемінде жүрген ақындарға да, сазгерлерге де сын екенін айтады. Әйтсе де, бұл олқылықтың орнын толтыру үшін республикалық деңгейде жыр мүшайрасы жиі ұйымдастырылуы қажеттігін жеткізді.

– Менің ойымша, көркем поэзиямен айналысып жүрген ақындар жалпы әуенге, оның ішінде әскери тақырыптағы сазға негізделген өлең жазуға мойын бұра бермейді. Өйткені, олардың туындылары әнге сұрана бермейтін шығармалардың санатында.  Жалпы, сырттай оңай болып көрінгенімен, әнге мәтін жазу қиын шаруа. Дегенмен, жыр мүшайрасы секілді байқаулармен ынталандырса, ел жүрегінен жол табатын әскери тақырыпта әп-әдемі өлең де, онымен «бір қазанда қайнайтын» әуен де шығатыны анық, – дейді Аманхан Әлім.

 

«Жылауық» әндердің жыры бітпей тұр

 Жоғарыда әскери-патриоттық әндердің аз болуы ақындарға сын деп бекерден-бекер айтқан жоқпыз. Ақын Аманхан Әлім айтқандай,  егер де жыл сайын әскери тақырыпта мүшайралар өтетін болса, онда көптеген өлең дүниеге келер еді. Осы мәселе қолға алынып, нәтижесінде патриоттық бағыттағы жырлар көптеп дүниеге келетін болса, оған сәйкес әуендер де жарыққа шығатын еді. Бұлай болмаған жағдайда сазгерлерге сын. Алайда, бүгінгі таңда әскери-патриоттық тақырыпта ән жазатын композиторлар саны саусақпен санарлықтай ғана. Солардың бірі – Қайрат Жүніс. Ол көп жылдардан бері Қорғаныс министрлігіне қарасты Орталық ансамбльде қызмет етіп келеді.


– Ата-бабаларымыз өз заманында азаттық үшін жан алысып, жан берісіп өтті. Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдарында сол баһадүр бабаларымыздың биік рухын ту еткен нағыз әскери ән шыққан жоқ. Бұған не себеп дейсіз ғой?Меніңше, осы бағытқа айрықша маңыз берілуі керек. Ол үшін Кеңес Одағы кезіндегі тәжірибені пайдаланған абзал. Бұл кезде бүкіл одақ бойынша патриоттық, әсіресе әскери тақырыптағы өлеңдер өте көп жазылды. Сол туындыларға сәйкес әндер де дүниеге келді. Өйткені, ол кезде патриоттық бағытта мәтін мен ән жазатын ақындар мен сазгерлерді жоғары бағалайтын. Ал, қазір осы жағы кемшін тұрған секілді. Өкініштісі сол, бүгінде орта және кіші толқын ақындар мен сазгерлер аға буын өкілдері айтып жүргендей "жылауық" әуендерге тым әуестеніп барады. Сондай-ақ, тойда орындалатын әндерге құмар. Осындай олқылықтардың салдарынан патриоттық әндер назардан тыс қалып барады, – дейді Қайрат Жүніс.

Сазгер әскери-патриоттық тақырыптағы туындылардың көптеп дүниеге келуі үшін қазіргі қоғамға қажет жағдайлар туралы да әңгіме өрбітті.

Әрине, бірінші кезекте тұрақты өткізіліп тұратын арнайы конкурс ұйымдастырылуы керек. Жасыратын несі бар, қазіргі нарық заманында елдегі кәсіби композиторларды әскери-патриоттық бағыттағы байқауға тарту оңайға соқпай тұр. Өйткені, бір әнді өңдеп жарыққа шығаруға аз қаражат жұмсалмайды. Оны сазгер өз қалтасынан шығаруға мәжбүр. Осы жағы оларды ойландыратыны анық. Менің ойымша, бұл бағытта Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Композиторлар одағы бірлесіп жұмыс жасауы керек. Сонда ғана кәсіби негіздегі өміршеңдік әскери-патриоттық әндерге қол жеткізе аламыз.

«Арғы атам – ер түрік» атты әнді жарыққа шығармақ

 Ақын Аманхан Әлім мен сазгер Қайрат Жүніс қолда бар әскери-патриоттық әндерді елге насихаттау жағын да жандандыру керек деген пікірде. Мәселен, Қорғаныс министрлігіне қарасты Орталық ансамбльдің әншісі Қайыргелді Омарбек деген азамат бүгінде Жүсіпбек Аймауытұлының «Арғы атам – Ер Түрік» атты әскери-патриоттық әнін елге кеңірек насихаттауға күш салып жүр.

– Жуырда әлеуметтік желіден Жүсіпбек Аймауытұлының «Арғы атам – Ер Түрік» деген әнін көзім шалып қалды. Аталған әннің сөзі мен әуені өзіме қатты ұнады. Сондықтан да, ақын әрі әнші Ықылас Ожайұлымен ақылдасып, ескі әнді эстрадалық бағытта сахнаға алып шықсам деп отырмын. Өйткені, «Арғы атам – Ер Түрік» деген ән бұған дейін терме түрінде орындалған екен. Бұл тарихи туындыға арнайы қайырма қосып, оны жандандырсам, тәп-тәуір ән болғалы тұр. Неге екенін білмеймін, дәл осы әнді жарыққа шығаруды өзіме аманат сияқты қабылдап отырмын. Себебі, өткен ғасырда ата-бабасының кім болғанын және не істегенін бүгінгі жастар білуі керек, – дейді Қайыргелді Омарбек.

Қайыргелді Омарбек әскери-патриоттық тақырыпта әндер аз емес, алайда оның насихаттау жағы кемшін болып жатқанын айтады. Сондай-ақ ол ақындар мен сазгерлер патриоттық бағыттағы әндерді көптеп шығарса, оны қуана-қуана орындар едік дейді.

– Екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты жарық көрген қазақ композиторларының жүздеген әні бар. Соларды жинақтап, кітап етіп шығару алға қойған мақсаттарымның бірі. Бұл дүние бүгінгі ұрпақ бойына патриоттық рух дәнін себумен қатар, қазіргі ақындар мен сазгерлерге де тың серпіліс беретініне сенімдімін.

Әрине, бұл өте құптарлық жағдай. Мұндай талпыныс барша өнер адамдарына тән болса, тіпті нұр үстіне нұр болар еді. 

Серік Құдайбергенұлы


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"