Әскерді әнмен тербеген арулар

Халықтың рухын асқақтату – әр әншінің мақсаты. Бұл мақсатты ҚР Қарулы Күштері ұлттық әскери-патриоттық орталығының әншілері абыроймен жүзеге асырып келеді. Біз мерейлі мереке қарсаңында аталмыш орталықтың әнші аруларымен тілдескен едік.

«Маған сыйлық емес, ықылас қымбат»

 Ырысты Сүлейменова ҚР Қарулы Күштері ұлттық әскери-патриоттық орталығының орталық ансамблінде 2004 жылдан бері қызмет атқарады. Дәстүрлі ән мен эстрада жанрын қатар алып жүрген әнші. Ол бұл екі жанрды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды» деген ұстанымда. «Қай жағынан болсын, өнер адамы жан-жақты болуы керек. Яғни, бір ғана жанрмен шектеліп қалуға болмайды. Туа бітті дарынын біліммен жетілдіру арқылы ғана ойлаған мақсатыңа жете аласың. Ұжымда тек қана дәстүрлі әндерді орындап қана қоймаймын. Эстрадалық бағытта, сонымен қатар фольклорлық-этнографиялық топпен де қосылып ән шырқаймыз», - дейді ол. Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның «Халық әні» кафедрасын бітірген Ырысты бірнеше республикалық байқаулардың жеңімпазы екен. «Шабыт» фестивалі, Дәстүрлі әндер сайысы, Мұхит Мерәліұлы, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы байқаулардың лауреаты атаныпты. Мерекеде қандай сыйлық алғысы келетінін сұрағанымызда: «Бұл күні кез келген әйел ер адамдардан сыйлық алмаса да, бір ілтипат күтетіні сөзсіз. Әрине, бұл мерекеде сыйлықсыз қалған кезім жоқ. Сыйлықты құнына емес, оны сыйлаған адамның ықыласына қарап бағалаймын», - деп ағынан жарылды. 

 

«Әлемдік музыканы да қамтыған әмбебап ұжымбыз»

Жаннэт Қамбарқызы аталмыш орталықтың эстрадалық-симфониялық оркестрінде концертмейстер болып қызмет атқарады. Жаннэт те басқа әріптестері секілді бірнеше байқаудың лауреаты. Мәселен, 1999 жылы «Шабыт» фестивалінде 2-ші орын иегері болса, Бішкек қаласында өткен Орта Азия елдері өнерпаздарының арасындағы байқауда дипломант атанған. Жасөспірім кезінен бастап музыкалық білімнен сусындап өскен Жаннэт бүгінде әскерилерді әуенімен тербеп жүр.

«Оркестр құрамында француздардың «гобой» атты аспабында ойнаймын. Біз әлемдік музыка жанрларының фольклорлық, классикалық түрлерін, қазіргі заман композиторлары шығармаларын қамтитын шығармашылық ұжымбыз. Қазақтың ұлттық фольклорынан бастап әлемдік симфониялық классикалық шығармаларды, кез келген музыкалық жанрды еркін орындай аламыз», - дейді ол. Бүгінде Жаннэт қызмет атқаратын оркестр шетелдерден келген қорғаныс министрлерін, әскери атташелерді қарсы алу, әншілерді музыкалық сүйемелдеу сияқты салтанаттардың барлығында өнер көрсетеді.

 

«Елімнің мерейін өсіру – менің басты мақсатым»

Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу жолында еңбек етіп жүрген тағы бір әнші Қарлығаш Аббасова. Ол Қазақ ұлттық өнер университетінде білім алып, Ербол Сариннің сыныбына түсті. Кейін осы оқу орынының магистратурасында оқығанда жезтаңдай әнші Қайрат Байбосыновтан тәлім алды. Содан болу керек, Қарлығаш қай кезде де өнер бәйгесінде алдыңғы шептен көрініп келеді.  Аз ғана мерзімнің ішінде Мағжан Жұмабаев, Кенен Әзірбаев, Нұрғиса Тілендиев атындағы байқаулар мен «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы атанып үлгерді. 2011 жылы Қызылжар қаласында Мағжан Жұмабаевқа арналған «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған!» атты фестивальде ақынның «Сарыарқа» әнін орындап, бас жүлдеге ие болған еді. Тағы бір бас жүлдеге Ақтөбе қаласында өткен «Жұлдыздар шоғыры» өнер додасында дара шауып, қол жеткізді. Ал өз кезегінде бұл жеңіс оған конкурстан тыс Италияда өткен халық шығармашылығына арналған «Giovanni cantano il mondo» халықаралық фестиваль-байқауына қатысуға мүмкіндік берді. Адриатика теңізінің жағалауында әртүрлі елдерден жиналған 365 өнер жұлдыздарының бәйге жарысында Қарлығаш халық әні «Бұлбұлым» және Естай Беркімбаевтың «Сандуғаш» әнін домбыраның сүйемелдеуімен орындап, онда да үздік атанды. Сөйтіп,  «Домбырамен ән орындау шеберлігі» номинациясы бойынша екінші жүлде лауреаты атағын иеленіп, шетелде қазақ елінің мерейін үстем етті.

 

«Халықаралық байқауларға қатысқым келеді»

Мақпал Омарова болашағынан зор үміт күттіретін, арнайы музыкалық білім алған, өзіндік ор­ны бар өнерпаз. Орталық ансамбльде жемісті еңбек етіп келе жатқанына бір жылдан асыпты. Өткен жылы болған «Үздік Астана дауысы» байқауының 1-ші орын иегері. Болашақта түрлі халықаралық байқауларға қатыссам деген арманы бар. Ал, мерекеде қандай тосынсый күтетіні туралы «Менің не жақсы көретінімді ата-анам біледі, сондықтан сыйлықты да менің талғамыма сәйкес алады. Олардың берген сыйлықтары мен үшін қымбат. Сонымен қатар, осы сәтті пайдаланып,  анамды, жақын құрбыларымды, барлық нәзік жандыларды мерекемен құттықтағым келеді» деді.
Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"