Орынсыз жеген кімді оңдырар…

Ауыз есінеп, ерін керілгенде мұрт та жыбырлап тірліктен ха­бар берген.

Жайшылықта ұста­­радан өзгені мойындамас қайқи­ған мұрт бұл жолы иіліп келіп ауызға өзі үңілді.

– О, не?

– Бас ұйықтаған кезде бас­таңғы жасайық, – деді көмекейі бүлкілдеген ауыз, өзінен бір саты биіктегі мұрттың бұрылғанын кәдімгідей медет санап. – Мейлі ғой, – деп мұрт та ширатыла қалды. – Ұртың томпиғанда ерін­ге жұққан май-пұйыңнан селбесіп тұрсаң жетеді.

– Құп болады, – деп ауыз ернін сылп еткізді. Одан соң сіле­кейін жинап, көсемсіне көсілте жөнелді дерсің.

– Қайдағы бір ақ қырау самайды, сүйенері жоқ иектегі лауазымсыз сақалды сыйлатып бас мазаны кетіріп жүр. Ең аяғы танау да бізге төбеден тақырайып қарайды. Қыбыр еткенді қалт жібермей, жегеніңді жіпке тізген екі көзі анау. Осы бас ұйықтай қалса қоймаға қолды қотара салып, күреп алып, керегінше шарықтап, қызыққа бір молынан тоялықшы.

Бұл пікірді жұтқыншақ жылмыңдап, ішек-қарын шұрылдап, өңеш те қалмай қызара қоштаған. Делдалы тіл болды да, құлқынның нұсқауымен бәрі бірігіп, орайын тауып іске кірісті де кетті. Аяқтың әкелгенін, қолдың әпергенін ауыз «ап» деп асайды. Тістің дайындағанын таңдайдың арқасында жұтқыншақ та жып дегізіп жетер жеріне қарай ысырып жібереді де, келесісін күтіп тымпиып тұра қалады.

Осындай алыс-беріс, қыбыр-жыбыр, ым-жым көбейе берді де, айналып келгендегі бәрінің қызметі жалғыз қарынның тауқыметі болып шықты. Көлденең кездескен көк атты самайды да сыйламай, сақалға да қарамай, бұдан былай тек қарынмен санасатынды шығарды. Танауы далдиып, аяғы талтиып, қарны қампиған келе жатса, сақалды бұрылып жол береді. Қарынның еніне қарап бедел өскен соң бақталастар қарынды жарыса баптауға көшкен-тін. Өйткені, кім қарындырақ болса сол жуан төрге барып отыратын болды.

Қарынның атағы томпиып төменнен басталды да, жоғарылаған сайын жалпия жайылып, шеміршекке жеткенде құлаш жетпес күбідей дөңгеленіп шыға келді. Сонда да болса қозы қарын мес қарынның атына құмартып, мес қарын кебеже қарынға, ал кебе­же қарын түйе қарынға жетуге жан­таласып жатқандары… Сөйтіп, қайсыбіреулер дорбалап, қайсыбіреу арбалап тасып, арпадай асап жүріп өмірі шыр бітпеген таз қарынды да ақ майға бөлеп тастағанды. Береген болмаса да алаған алақаны бар, адуынды уыздың арқасында шеңбері кеңіп, асқақтаған қарын ақырында кеудеге симай, шеміршекті шенеп шатақ шығарды.

Қырсық қырына алса қоя ма, есепсіз жегеннен алдымен өңешті құдай атып, ықылықтап, қарап жүрмей көкірегі азып, ол аз болғандай ашқарақ аш ішектің ортан беліне жеткендей май байланып, кесірі бүкіл ішкі-сыртқы байланысқа тиген-ді. Ауыз әлде­қашанғы әдетіне сап «ап!» деп асап жеп жібергенмен, құрғырлар кеңірдекке келгенде кері қашып, қа­рынға жетпей мыс­ты құртты ғой.

Кірістен қағылған қарынның беделі мұздай еріп лезде жоқ болды да, бастаңғының ақырында ауру меңзеп, бүйірі қабысып, түгі түсіп, барар жерінен бір-ақ шықты. Орынсыз жеген кімді оңдырар…

Мағрипа ЖЫЛҚЫБАЕВА


Cвязанные новости:

Тактика

Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"