Қарулы Күштердің мақтанышына айналған спортшылар (ФОТО)

Әскери ортада әлемге Қазақстанның атын паш етіп жүрген спорт саңлақтары баршылық. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін, ауыр да жауапты қызмет атқара жүріп, спортты жанына серік ету, одан жақсы нәтиже көрсетіп, әлем елдеріне елімізді таныту – үлкен ерлік. Оның артында қаншама төгілген тер мен өлшеусіз еңбек жатыр. Бүгін біз Қазақстан Қарулы Күштерінің намысын қорғап, төл әскерімізді көпке танытып жүрген бірнеше спорт майталманы туралы әңгімелемекпіз.

Жәмила Бақбергенова

Әйелдер арасында еркін күрестен Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген санаулы спортшылардың бірі. Жәмила боз кілемде 72 кг салмақта күреседі.

Спорттағы жетістіктері:

·      Италияның Рим қаласында өткен турнирде қола жүлде

·      Азия чемпионатында күміс жүлде

·      Болгарияның София қаласында өткен халықаралық турнирде қола жүлде

·      Польшаның Варшава қаласында болған халықаралық турнирде қола жүлде

·      Турцияның Стамбул қаласында ұйымдастырылған халықаралық турнирде қола жүлде

·      Норвегияның Осло қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлде

·      Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан чемпионатында алтын алды.

Жәмила Бақбергенова 1996 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында дүниеге келген.

Отбасымда әкем футболист болған. Спортқа деген қызығушылығым кішкентай кезімнен болды. Екінші сыныптан бастап егізім Мадина екеуміз таэквондаға қатыстық. Екі жыл үздіксіз жаттыққаннан кейін, бапкеріміз ауылдан кетіп қалды. Осы кезде біздің спорттық мансабымыз уақытша тоқтап қалды. 7-сынып оқып жүргенде ауылда еркін күреспен айналыса бастадым. Ал, 8 сыныпта Алматы қаласындағы Шаңырақ шағын ауданындағы олимпиадалық спорт мектебіне оқуға қабылдандым, - дейді Жамила.  

Күш атасы Қажымұқан бабамыздың жолын қуған өрімдей қазақ қызы 1 жылдан кейін 9-сыныпта ақырындап нәтиже көрсете бастайды. Ең алғаш рет Қостанайда республикалық турнирде белдескен екен.

–      Мәдина есімді сыңарым бар. Екеуіміздің спорттағы карьерамыз бірге басталды, бірге өрбіді. Барлық жарыстарға бірге баратынбыз. Алғашқы жарыста Мадина бірінші орын, мен екінші орын алдым. 2006 жылы Саха Республикасының Якутия қаласында өткен «Азия балалары» халықаралық ойындарында алтыннан алқа тақтық. Екеуміз де жеңіс тұғырынан көріндік. Бұл жарыс 4 жылда бір рет болады. 2013 жылы жасөсіпірімдер арасында әлем чемпионатында 3-орын, Азия чемпионатында 1-орын алдық. Ал, 2014 жылдан бастап жастар арасында өнер көрсете бастадық. Азия ойындарында егізім қола алса, мен күміс жүлде алдым. Әлем чемпионатында 3-орын алдым. Осылайша спорттағы мансабым ақырын-ақырын жылжып жатты. Екеуіміз де спортта қатар келе жатырмыз. Егізім Мадина 2016 жылы тұрмысқа шықты қазір 2 баласы бар. Жақында боз кілемге қайта оралды, - дейді кейіпкеріміз.

Жәмила әскери салаға 2020 жылы келген. Қазір ол Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті қатарында Қазақстанның атын қорғауға үлесін қосып келеді.

Жәмила Ослодо өткен әлем чемпионатында 72 кг салмақта күресіп, Түркия спортшысы 13:2 есебімен Буса Кавусоглуды тізе бүктірген болатын. Финалда жапон қызы Масако Фуруичимен белдесті. Бағы болмады ма, әлде бабы болмады ма, осы айқаста Жәмила жапон спортшысынан ұтылып, еліміздің қоржынына күміс жүлде салған еді.

Спорт – өмірімнің маңызды бөлшегі, - дейді спортшы қыз. – Мен өзімді керемет атақты спортшымын деп санамаймын. Олимпиадада алтын алу менің – басты мақсатым. 2024 жылы Францияда болатын олимпиада ойындарына жолдама алып, Қазақстанға алтын сыйлағым келеді. Ол үшін тоқтаусыз еңбектеніп, жаттығуым керек.

Гүлмарал Еркебаева

Гүлмарал Меңенбайқызы Еркебаева – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің спортшысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қытайда өткен Дүниежүзілік әскерилер ойындарының қола жүлдегері (2019), жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Мәскеуде әскери қызметшілер арасында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Әлем кубогы кезеңдерінің чемпионы, Қазақстан чемпионы.

Гүлмарал 1995 жылы 4-қарашада Алматы облысы, Кебұлақ ауданы, Қарашоқы ауылында өмірге келген. Ең алғаш күреске 7-сыныпта қадам басыпты. 

–      Отбасында төрт ағам, екі әпкем бар. Мен үйдің кенжесімін. Төрт ағамнан кейін өмірге келгендіктен, ағаларымның қамқорлығында солармен бірге ер бала сияқты доп қуып өстім. Күреске келуіме осы жағдай ықпал етті деп ойлаймын. Қарашоқы ауылында Күреңбаев Мәди есімді бапкер ағамыз болатын. Сол кісі қоймай шақырғаннан кейін, ағаларыма айтып едім, олар қарсы болды. Қыз балаға тән спорт түрін таңдасаңшы деген секілді пікірде болды. Қулыққа басып, домбыра үйірмесіне барамын деп, қолыма домбырамды алып, арқама рюкзагымды асып кететінмін. Домбыра үйірмесіне кіріп, 10 минут отырып, сыртқа шығып келсем бола ма деп сұранып кетіп қалатынмын. Турасын айтқанда қашып кетіп, күреске баратынмын. Себебі ұнайтын. 4 айдай бақылап, ары-бері қарап, үйреніп жүрдім, - дейді Гүлмарал. 

Гүлмаралдың тренері Алматы қаласындағы Шаңырақ шағын ауданындағы олимпиадалық спорт мектебіне түсуге кеңес береді. Сол кісінің арқасында спортқа, оның ішінде күреске түбегейлі бет бұрады. Осылайша 8-сыныпқа көшкен кезден бастап күреспен айналыса бастапты. 

–      Ең алғашқы жарысым 8-сыныпта Екібастұз қаласында өткен жастар арасында Қазақстан чемпионатынан басталды. Бұған дейін тіпті аудандық, облыстық жарыстарда бақ сынап көрмеген мен үшін мұндай үлкен жарысқа қатысу үлкен мүмкіншілік болды. Осы чемпионатта 2-орын алдым. Атағы дүркіреп тұрған Екатерина Ларионова деген спортшы болды. Сол қызбен қарсыластым, - дейді кейіпкеріміз.

Гүлмарал бірден спортты алып кеткенін, өзіне қатты ұнайтынын айтады. 

–      Басында алғаш үйден алшақ кету қыз бала ретінде оңай соқпады. Десе де,  тезірек үйреніп,  сіңісіп кетуіме алғашқы жарыста екінші орын алған жеңісім мотивация болды. Серпіліс берді. Аталған спорт мектебінде 9-сыныпты тәмамдап, Талдықорғанға ауыстым. Қайрат Сағадиев есімді бапкерім болатын. Сол кісі Талдықорған қаласына ауысып, бірге кеттім. Міне 13 жылдан бері бірге жаттығып келеміз, қазір ол кісі – менің жеке бапкерім, - дейді спортшы.  

Гүлмаралдың спорттағы жетістіктері елге таныла бастады. Азия чемпионатында 2 рет қола жүлде, әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанғаннан кейін ол Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінен шақырту алады. 2018 жылы әскери спортқа бет бұрған. Гүлмаралдың жетістіктері осымен шектеліп қалған жоқ, әскери орта қайта оны жан-жақты шынықтырып, ысылуына мүмкіндік берді.

–      Кішкентай кезімнен әскери форманы қатты ұнататынмын. Ағаларымның бәрі де – әскери борыштарын өтеген азаматтар. Әскерден хат жазып, әскери форма киіп түскен фотоларын жіберетін. Сонда олардың әскери киіміне қатты қызығатынмын. Мен де әскери маман болсам деп армандайтын едім. Шақырту  алғанда осындай мүмкіндіктің туып тұрғанына қатты қуандым. Бірден құжаттарымды тапсырдым, - дейді ол. 

Жәмила еркін күреспен шұғылданамын дегенде ата-анасы, ағалары қарсы болған екен. Алайда, спорт десе «ішкен асын жерге қоятын» Гүлмарал үшін өз мақсатын бағындыруға ешкім кедергі бола алмады. Ең бастысы анасы Гүлмаралға ақ батасын беріпті.

«Басында бәрі қарсы болған. Анамның батасын алдым. Қазір ағайын-туыс, бауырларым, ата-анам әрбір белдесуімді теледидардан тамашалап, тақымдарын қысып отырады. Қыз балаға күреспен айналысу оңай емес. Барлық жерде еңбек керек. Әйел қауымы үшін әскери қызметтің өзіндік ауыртпалығы бар», - дейді Гүлмарал. 

Гүлмаралдың ендігі алдына қойған мақсаты – Париж олимпиадасына жолдама алып, ұлттық құрамаға алтын әкелу. Одан ары қарайғы спорттық мансабын әскери салада жалғастырғысы келеді.

–      Осыншама уақыт боз кілемде белдесіп жүргендіктен, олимпиада төрінде өнер көрсету, еліміздің атын шығарып, алтын алу менің ендігі мақсатым, - дейді спортшы.

Гүлмаралдың еркін күреспен шұғылданып жүргеніне 13-14 жыл болды.  Қазір Гүлмарал мен Жәмила биыл Моңғолияда сәуірдің 20-24 аралығында өтетін Азия чемпионатына дайындықты бастап кетті.

«Егер өміріңізді күреспен байланыстырмағанда, кім болар едіңіз?» деген сауалымызға спортшы «журналист болар едім» деп жауап берді. 

–      Күресте кімді үлгі тұтасыз?

–      Қазір күресте жапондар көш бастап тұр. Өзім 1 ай Жапонияда жаттығу жасағанмын. Жапондықтардың ерекшелігі – тәртіпті бірінші орынға қояды. Оның ішінде режим де бар, тамақтану, үздіксіз жаттығулар тағысын тағы.

Бақтияр Закариянов

Аға лейтенант Бақтияр Закариянов – Қазақстандағы жалғыз таулы-егер бөлімшесінің әскери маманы. Өткен жылы ұйымдастырылған «Aрмия-2021» халықаралық ойындарында Қарулы Күштердің намысын қорғаған команда мүшесі. Аталған жарыста өнер көрсету үшін іріктеу жүргізілгенде Бақтияр сынақтан сүрінбей өткен 13 қатысушының қатарынан табылып, байрақты бәсекеге аттанған еді.

«Ат марафоны» жарысының басты талабы – аттың құлағында ойнау. Ал, дәл осы өнерге келгенде Қазақстандағы жалғыз таулы-егер бөлімшесінің әскери мамандарына тең келер ешкім жоқ.  

–      Мен Әскери саладағы еңбек жолымды 2013 жылы Қарағанды әскери спорт мектебінде бастадым. 2013-2015 жылдар аралығында Талғат Бигельдинов атындағы мектеп-интернатында білім алдым. 2015 жылы мектепті бітіргеннен кейін Құрлық әскерлері әскери институтына оқуға түсіп, 2019 жылы лейтенант шенін алып, институтты тәмамдадым. 2019 жылы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты таулы-егер бөлімшесіне қызметке қабылдандым, - дейді Бақтияр.

Аға лейтенант Бақтияр Серікқазыұлы аталмыш ротаға қызметке қабылдана сала 2020 жылы болатын халықаралық атты марафон жарысына дайындыққа кірісіп кетеді.

–      Әлемдегі пандемия жағдайына байланысты 2020 жылы болатын жарыс өтпей қалды. Алайда, 2021 жылы болған «Ат марафоны» жарысында біз командалық есепте 3-орын алдық. Халықаралық дәрежеде көптеген мемлекеттің Қарулы Күштерінен келіп қатысатын командалар арасында үшінші орын алу бізге оңайға соққан жоқ. Ат спортының да қиындығы мен қызығы бар. Ептілікті, шеберлікті, шыдамдылықты талап етеді. Біз мәселен, 130 км шеруді екі күн бойы жүріп өтуіміз тиіс, одан кейін ат үстінде граната лақтыру, аттың үстінде оқ-дәрі, қару-жарақ тасымалдау ең қиын қадам болып саналады біз үшін, - дейді ол.

Бақтияр 22 жасында атқа отыруды үйреніпті. Таулы-егер ротасына түскеннен кейін спорттың осы түріне тез бейімделіп, бірнеше айдың ішінде ғана аттың құлағында ойнайтындай дәрежеге жеткен.

–      Ендігі мақсат – 2022 жылы болатын «Ат марафоны» жарысына қатысу үшін іріктеуден сүрінбей өтіп, Қарулы Күштерімізге тек жүлделі орын сыйлау,  - дейді шабандоз.

2019 жылы аталмыш байқауға Қазақстан Қарулы Күштерінен қатысқан команда екінші орын алған болатын. «Армия-2019» халықаралық әскери ойындары Моңғолияда ұйымдастырылған еді. Тұлпарды баптау бағытында алғаш рет өткен сайыс болды. Команда құрамында снайпер, пулеметші, гранаташы, байланысшылар, мергендер, медициналық нұсқаушы бар. Олар былтыр барлау әдісін жақсы меңгеріп, кедергілерді бағындырып, гранатты дәл және мейілінше алысқа лақтыру бойынша жаттыққанын естеріңізге сала кетейік. Ат спортының негізгі ерекшелігі деп жігіттердің дәл осы элементтерді атпен шауып келе жатып орындайтынын айта кеткеніміз абзал. Әскери шабандоздар аттың құлағында ойнап, тұлпарды керек кезінде тежеп, керек кезінде қамшылай алатынымен ерекшеленеді.    

Заңғар Әлкенов

Әділет капитаны Заңғар Әлкенов өткен жылы 320 шақырым қашықтықтағы ультрамарафонды сәтті аяқтап, спорттағы жетістігі рекордтар кітабына енген болатын.

Заңғар Әлкенов – қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері және дзюдо мен самбодан спорт шеберіне үміткер. 2008 және 2012 жылдары ол еліміздің құрама командасының құрамында болды. Кәсіби жарақат пен отадан кейін ол күрестегі спорттық мансабын аяқтап, марафондарға қатыса бастады. Алғаш рет  15 шақырым қашықтықты, содан кейін 21, 42, 75, 83, 130, 200 шақырым қашықтықты бағындырды. Ең ұзын қашықтығы 320 шақырым болып отыр әзірге. Олай деуіміздің себебі спортшы алда 440 шақырым қашықтыққа арналған ультрамарафонда жүгіруді мақсат етіп отыр.

Заңғар Қонысбайұлы 1990 жылы 16 шілдеде Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Қарулы Күштер қатарына 2015 жылы Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің дзюдо командасына аға маман ретінде қызметке шақырылып, сол уақыттан бастап 2016 жылы Алматы гарнизон Әскери полиция басқармасының офицері болып тағайындалған. 2019 жылы Қарағанды өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасына анықтаушы-криминалист офицер қызметіне ауысқан.  

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Заңғар 2021 жылы мамыр айының соңында 320 шақырым қашықтықты бағындырып, рекорд орнатқан еді.

–      Спорттағы жетістік туралы айтар болсақ, әрине, қиындықтар болмады емес, болды. Жеңіске деген жігер мені алға жетеледі.  ҚР Қарулы Күштері офицерлерінің намысын көтеру әрі қазақ жігіттерін әлемге таныту мақсатында рекорд орнатуды көздедім. Сол үшін тырысып, барымды салдым және мақсатыма жеттім. 320 шақырымды бағындыру оңайға соққан жоқ. Алғашқы 200 шақырым өте қиын болды. Бұған дейін мен 200 шақырымға жүгірдім ғой. Енді осы көрсеткіштен асып түсуге психологиялық тұрғыдан өте ауыр болды. Физикалық дайындығым өте жақсы болды. Дайындыққа 6 ай уақыт бөлініп, үздіксіз дайындалдым, - дейді офицер. 

Заңғардың 320 шақырым қашықтыққа жүгіру марафоны шамамен  45 сағатты құраған. Ультрамарафоншының әрбір қадамын дәрігерлер арнайы құрылғының көмегімен бақылаған.

– Ендігі меже – 440 шақырымды бағындыру, - дейді әділет капитаны Заңғар Қонысбайұлы. – Әскери қызметтен тыс бос уақытымды  күшейтілген даярлыққа арнаймын.

Түйін

Спорт – ол мәдениет, интеллектуал, қозғалыс, күрес. Көп еңбекті, ынтаны, күш-жігерді, төзімділікті қажет етеді. Қарулы Күштердің қатарында спорттың қай саласында да тер төгіп, еңбектеніп, ең бастысы еліміздің атын әлемге мәшһүр етіп жүрген майталмандарға тек Жеңіс тілейміз! 

Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ 



Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"