Ертең 31 мемлекеттің Қарулы күштерін сынға салатын халықаралық армия ойындары басталады

Ертең жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «АрХО-2018» халықаралық ойындары салтанатты түрде шымылдығын ашады. 2015 жылдан бастау алатын үлкен масштабты қамтыған сайыс осымен биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Армиялық ойындарға жыл сайын қатысу бұл жауынгерлік жұмыс тәжірибесімен алмасу және далалық машықты жетілдіру ғана емес, сонымен бірге, әскери халықаралық ынтымақтастықты нығайту болып табылады. Жыл өткен сайын халықаралық жарысқа деген қызығушылық, өзге елдер тарапынан қатысуға деген ынта-ниет артып отыр. Өткен жылы 28 мемлекет халықаралық Армия ойындарына қатысса, биыл 31 мемлекет ниет білдіріп отыр. Атап айтқанда, Қазақстан, Әзірбайжан, Ангола, Алжир, Армения, Бангладеш, Белоруссия, Венесуэла, Вьетнам, Египет, Зимбабве, Израиль, Иран, Индия, Кувейт, Қытай, Қырғызстан, Лаос, Мьянма, Марокко, Моңғолия, Никарагуа, Пәкістан, Ресей, Судан, Сирия, Сербия, Тәжікстан, Уганда, Өзбекстан, Филиппин.

28 шілде мен 11 тамыз аралығында ұйымдастырылатын халықаралық дода Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Беларусь, Иран, Қытай және Армения сынды 7 мемлекет аумағында 28 сайыс түрі бойынша өтеді. Біздің елімізде, атап айтқанда «Отар» 40-шы әскери базасында 28 сайыстыӊ 3-еуі өткізіледі, олар "Батыл әдіс", «Артиллериялық оқ ату шеберлері» және "Құс салу" конкурстары. Ал Ресей территориясында 17-і, атап айтқанда «Танк биатлоны», «Әскери барлау озаттары», «Авиадартс», «Эльбрус шығыршығы», «Әскери-медициналық эстафета», «Далалық ас үй», «Жол патрулі», «Күзет сақшысы», «Автоброньды танкті техника шеберлері», «Инженерлік формула», «Ашық су», «Рембат», «Әскери ралли», «Десанттық взвод», «Қауіпсіз орта», «Адал дос» сайыстары өтеді. «Қытайда «Суворов қысымы», «Қауіпсіз бағдар», «Теңіз десанты» және «Ашық аспан» сынды 4 сайыс, Беларуссияда «Снайперлік шеп», Әзірбайжан аумағында «Теңіз кубогы», Арменияда «Достастық жауынгері», ал Иранда «Тереңдік» сайыстары ұйымдастырылып, өткізіледі. Жарыстың ашылу салтанаты Ресейдің «Алабино» полигонында өтеді.

Армия ойындары – бұл халықаралық масштабты қамтыған бірден-бір ауқымды шара. Халықаралық жарыстың бағдарламасы да жыл өткен сайын жетіліп, сайыстың жаңа түрлері қосылып, өтетін географиялық аумағы да кеңейіп, қатысушы мемлекеттердің де саны артып отыр. Бұл елдер арасындағы достастық қарым-қатынастардың нығаю және әскери саладағы ынтымақтастық, сондай-ақ әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлық және кәсіби шеберлік деңгейінің арту факторы болып отыр.

Санаулы ғана уақыт қалған Халықаралық армия ойындары-2018 байрақты бәсекесіне біздің елдің командалары да қызу дайындалып жатыр. Биыл халықаралық додадағы 28 сайыстың қазақстандық әскери қызметкерлер 14-іне қатысады. Енді өткен жылдардағы Халықаралық армия ойындарында Қазақстан құрама командасы қандай нәтиже көрсетті, жарыс қорытындылары қандай, соны тағы бір еске түсіріп көрсек. Мәселен, 2016 жылы өткен Армия халықаралық ойындарында біздің әскери қызметшілер Азия, Еуропа, Африка және Латын Америкасының 19 мемлекетінен келген 120 армиялық команданың арасында жалпы есепте екінші орынды еншіледі. Бірінші орынға Ресей командасы шықса, үшінші жүлдені Қытай құрамасы місе тұтты. Біздің команда бірден-бір өкілді команда деп танылды. Атап айтқанда, ойындарға қатысу саны жағынан сайысты ұйымдастырушы команда мен Қытай командасын алға жіберіп алды. Қазақстандық әскерилер 23 байқаудың 21-не қатысты. Бұл ауқымды қатысу қазақстандық армияның жаңа мүмкіндіктерін көрсетті. Ресейдің барлық аймағындағы 19 әскери полигонда – құрлықта, теңізде және әуеде Қазақстан Қарулы Күштерінің намысын 600 әскери қызметші қорғады.Қарулы Күштеріміздің әскерилері Қорғаныс саласындағы кәсібиліктерін барынша паш етті. Аталған ойындардың жарқын сәттерінің бірі - жеке есепте алдыңғы орынға шығып 699 балл жинаған Қазақстандық әскери қызметші Бауыржан Мұқышев үздік кинолог деп танылды. «Суворов тегеуріні» байқауы біздің команда үшін жеңісті болды. Құрамында жауынгерлік машина командирі аға лейтенант Марат Мауенов, оператор-бағдарлаушы сержант Жақсылық Ескендіров, механик-жүргізуші сержант Сәттібек Бекбаулин бар команда ең үздік деп танылды.

Ал 2017 жылы өткен Армия халықаралық ойындарында Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамасы әлемнің 28 елі қатысқан 150 армиялық команда арасында жалпы командалық есепте үшінші орынды жеңіп алған болатын. Далалық, әуе және теңіз машығы бойынша сайыс қорытындысы бойынша Ресей Федерациясының командасы бірінші орынды, Қытай Халық Республикасының құрама командасы екінші орынды иеленді.Ал қазақстандық армияның абыройы мен беделі үшін халықаралық аренада 350-ден аса әскери қызметші бақ сынасты. Қазақстанның командасы ұйымдастырушылардың бағасы бойынша көрнекілердің бірі болып танылды. Ойын төрешілері алқасының мүшелері ҚР ҚК әскери қызметшілерінің жоғары дайындық деңгейлерін, кәсіпқойлықтары мен жауынгерлік дағдыларын атап өткен болатын. Сөйтіп, құрамамыздың қоржынына 3 алтын, 7 күміс және 5 қола медаль түсті. АрХО-2017 сайысында қазақстандық құраманың өнер көрсетуінің шарықтау шегі «Танк биатлоны» байқауы болды. Онда танкішілеріміз 1 сағат 45 минут 41 секунд нәтижесімен Т-72 танкісінің базалық моделінде жоғары кәсібилік пен басқару шеберлігін паш етіп, екінші орынды иеленген болатын. «Достастық жауынгері» байқауының бас номинациясының екі дүркін чемпионы атанған 97616 әскери бөлімінің батарея сержанты аға сержант Орынбек Сәндібеков те ерекше көзге түсті. Халықаралық Армия ойындарында үздік нәтиже көрсеткен әскери қызметшілерді марапаттау рәсімінде ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов: « Бүгінде біз әскери қызметшілерімізді, Армия халықаралық ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттап жатырмыз. Олардың әрқайсысы өздерінің ең үздік қасиеттерін паш етті. Біз барлығымыз байрақты бәсеке мен қызу тартыстың куәгері болдық. Қазақстандық артиллерияшылардың, мергендер мен ұшқышсыз ұшу аппараттары есептоптарының сенімді жеңістері өзге байқауларда жауынгерлеріміздің сәттілікке жетуінің кепіліне айналды. Экипаждарымыздың танк биатлонының финалындағы өнер көрсетуі тәуелсіз Қазақстанның Отан қорғаушыларының жауынгерлік машығының жоғары деңгейде екенін көрсетті, - деп атап өткен болатын.

Әскери ведомства басшысы атап өткен сол жетістікті биыл да біздің командамыз жарқырата көрсетеді деген үміттеміз. Халықаралық додаға қатысқан өткен жылдардағы тәжірибеміз көрсеткендей, қашан да үздік үштіктің қатарынан көрініп келеді екенбіз.

Тағы бір атап өтер жайт, 300-ге жуық қазақстандық әскери қызметші алдағы Армия халықаралық ойындары қарсаңында байқаудың өткізілу орындарына кету, өзге елдердің аумағында болған кезде қауіпсіздік шараларын сақтау тәртібі бойынша жоспарлы нұсқамадан өтті. Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Әділбек Алдабергенов ҚР Қорғаныс министрлігі басшылығының атынан қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, оларға халықаралық ойындарда жарқын жеңіс пен тартысты күрес тіледі. Нұсқама болатын күні оның басшылық етуімен олардың кетуге әзірлігі мен қажетті мүлікпен қамтамасыз етілуі бойынша қатысушылардың саптық байқауы өткізілді.

Ертең басталатын Халықаралық Армия ойындарына Қазақстан құрамасы әскери қызметшілерінің алғашқы легі де келіп жетті. ҚХР-ның
Қорла полигонында «Суворов қысымы» байқауына қатысушы командалар арасында жеребе тастау арқылы қару-жарақ пен әскери техниканы бөлу өткізілді. Жеребеге сәйкес ҚР ҚК-нің құрамасы 1, 2, 4, 16 нөмірлер бойынша жауынгерлік машиналарда өнер көрсететін болады. Әскери қызметшілер ұсынылған техниканы қабылдап алып, техниканы оталдыруды жүргізді, байланыс пен қару-жарақ тұрақтандырғыштарын тексеруді жүзеге асырды.
    Қазақстанның әскери дәрігерлері де Армия халықаралық ойындарына қатысу үшін Санкт-Петерборға келді. Қазақстанның құрама командасы Армия халықаралық ойындары өткізіліп жатқан Әскери-медициналық эстафетаның халықаралық кезеңіне қатысу үшін Ресейдің С.М.Киров атындағы Әскери-медициналық академиясына келіп орналасты. Сайыс басталғанға дейін қатысушыларға сайыстарға қатысуға рұқсат алудың қажетті процедурасынан өтуге, байқаудың негізгі ережелерімен танысуға, эстафета кезеңдерінің өткізілу орындарында жаттығуға тура келеді. Сонымен бірге, академияда Әскери-медициналық эстафетаның халықаралық кезең төрешілер корпусының соңғы консультациялары өтуде. Эстафета барысында қатысушылар оқ атудан, арнайы медициналық дағдыларды (алғашқы көмек көрсету, таңу, жаралыны алаңнан алып шығару және т.б.) орындай отырып, жеке біріншіліктен, сондай-ақ жүріп өтілген жер бойынша арнайы техниканы жүргізден бақ сынасады.
     ҚР Қарулы Күштерінің әскери барлау үздік өкілдері де «АрХО-2018» Армия халықаралық ойындарына қатысу үшін Новосібір қаласына келді. ҚР Қарулы Күштері командасының негізгі құрамын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері құрайды. «Байқау бес кезеңнен тұрады – ол десанттау мен марш жүгіру, механик-жүргізушілердің байқауы, «Барлаушының соқпақ жолы» кедергілер кешені, тапсырманы орындағаннан кейін жиналу ауданына барлау тобының шығуы және оқ ату. Біздің команда бұл жарыстарға аянбай және мұқият дайындалды, біз жүлделі орынмен өзіміздің табандылығымызды паш етуге сақадай саймыз», - деп хабарлады команда жетекшісі полковник Арыстан Мұқатаев. «Әскери барлау үздіктері байқауы ағымдағы жылғы шілденің 29-ы мен тамыздың 11-і аралығында өтетін болады.
Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің кораблі де Әзірбайжан Республикасы аумағына келіп жетті. Мұнда әскери-теңіз салт жорасына сәйкес салтанатты жағдайда ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кораблінің Пута портына соғуы жүзеге асырылды. Онда Әзербайжан Республикасының Әскери-теңіз күштері орналасқан. «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кораблі капитан-лейтенант Руслан Яхяровтың жетекшілік етуімен Әзербайжан Республикасының аумағында АрХО-2018 сайысы шеңберінде өтетін «Теңіз кубогы-2018» суасты корабльдерінің экипаждары арасында теңіз машығы бойынша халықаралық байқауға қатысу үшін келді.
    Өз кезегінде Қазақстан да халықаралық додаға қатысушы мемлекеттердің командаларын қарсы алуда. «АрХО-2018» өтетін «Отар» 40-шы әскери базасына Өзбекстан, Беларуссия, Зимбабве, Венесуэла елінің құрама командалары келіп жетті. Осыған дейін «АрХО-2018» аясында өтетін

"Батыл әдіс", «Артиллериялық оқ ату шеберлері» және "Құс салу" конкурстары Қазақстан жерінде өтетінін атап өткен болатынбыз. Жалпы алғанда біздің ел аумағында өтетін жарыстарға 12 мемлекеттен 18 команда келіп қатысады. Қазақстан тарапынан жарысқа келген қатысушыларды орналастыру, тіркеу және команда құрамын нақтылау жұмыстары ұйымдастырылады. Алғашқы күндері өзге елден келген әскери қызметкерлерді сағаттық белдеуге, климаттық жағдайға бейімдеу және конкурстың өтетін аумағын шолып-тексеру жасалады. Сайысқа қатысушыларға жарыс кезінде қолданатын техника мен қарулану құралдарын, бағыттарын көру мен зерттеп білуге мүмкіндік беріледі. Ал сайысқа қатысу кезегін анықтау үшін жеребе тастау барлық ойын қатысушылары келгеннен кейін жасалады.

      Жалпы биылғы жылы Армия халықаралық ойындарының 28 байқауының қазақстандық әскери қызметшілер 14-іне қатысатынын айта кеткен жөн. АрХО қатысушылары күрделі көп деңгейлі іріктеуден өтті. Бірнеше ай бойы түрлер мен әскер тектерінің, «Астана», «Оңтүстік», «Батыс», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының үздік әскери қызметшілері іріктелді. Оларға ойындарда өз елдері мен Қарулы Күштердің намысын қорғауға тура келеді. Халықаралық армия ойындары тәріздес іс-шаралар тек қана әскери қызметшілер үшін ғана емес, барша мемлекет үшін маңызы зор. Себебі, сайысқа дайындық және оны өткізу барысында Қарулы Күштердің күш-қуаты артумен қатар, халыаралық ынтымақтастық деңгейі де жоғарылай түседі. Ендеше, ертең бастау алатын халықаралық жарыстан біздің қырандарымыз жеңіс туын желбіретіп қайтсын деп тілейік!

 

 

 

 

 

 

 

 




 

 

 

 

 

 



 

 









 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 




 

 






 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"