Қанат Ислам Жеңіс күнінде жеңіс сыйлады

Жеңіс күнінде алып мұхиттың ар жағынан қазақтың ұланы еліне тағы бір мәрте жеңіс сыйлады. Бұл жолы қазақ бөркін аспанға аттырып, атой салдырған дүлдүліміз – Қанат Ислам.

Жеңіс күнінде таңертеңнен теледидарға телміргендер аз болмады. Өйткені,  жұртшылық «Қазақстан» телеарнасы арқылы алғаш рет кәсіпқой боксшымыз Қанат Исламның жекпе-жегін тікелей эфир арқылы тамашалады. Оның бұл жолғы қарсыласы  колумбиялық Хуан Де Анхель болды.

Шайқас алғашқы секундтардан біздің жерлесіміздің шабуылымен басталды. Ол бірден өршелене алға ұмтылды. Қолдары ұзын, тұлғасы зор қарсыласын өзіне бағындырудың, ырқына көндірудің, сөйтіп, тура соққылар жасай алудың бірден-бір жолы да осы еді. Алайда, Анхель жағ­дайдың бұлайша өрбуін алдын ала күткен сияқты. Ол Қанат­тың екпінін баса отырып, өзі де бірнеше жақсы соққы жасап үл­герді.

Екінші раунд та осы ізбен кетті. Тағы да Қанат бірінші нөмірмен ойнаса, Хуан қарсы шабуылды көбірек діттеді. Үшінші кезеңде қазақ боксшысының қарқыны сәл бәсеңдеп кетті. Әйткенмен, бірнеше соққысы қарсыласына дөп тиіп, оны аздап теңселдіріп жібергендей болды. Келесі раундта Қанат жаттықтырушысының нұсқауымен белсенділігін бұрын­ғыдан да төмендетіп алды. Бірақ раунд соңында кенет жылдам айналымға түскен оның қуатты қарқыны колумбиялықты қатты састырды. Оны сұрапыл соқ­қылардан тек гонг даусы ғана аман алып қалды. Бесінші раунд та Қанаттың басымдылығымен өтті.

Ал, алтыншы раунд бәрінің нүктесін қойып берді. Қанаттың бір жойқын соққысы кенет ар­биған колумбиялықты жалпасынан түсірді. Одан ес жиып, енді ортаға келе бергенінде тағы бір соққы жерге отырғызып тастады. Содан Хуан есін дұрыс жия алмады. Мұны байқаған арбитр бірден жекпе-жекті тоқтатты.

Сөйтіп, қазақ боксшысы 6-раунд­та техникалық нокаутпен жеңді. Бұл  Қанат Исламның кәсіпқой рингтегі 21-кездесуі және 21-жеңісі. Ол осымен 18 кездесуін уақытынан бұрын аяқтады.

Айта кетейік, Қанат Ислам 2012 жылдың қыркүйегінен бастап кәсіпқойлар рингінде шайқаса бастады. Ондағы бірінші шайқасын28-қыркүйекте өткізді.

Сол жылғы 19 желтоқсанда WBA Fedecaribe нұсқасы бойынша бірінші орта салмақта алғашқы атағына қол жеткізді. Ол кәсіпқойлар рингіне қа­дам басқалы «Қазақ» деген лақап атпен шайқастарға шы­ғады. Және оның құжаттағы аты-жөні де Қанат Ислам емес, Қанат Исламұлы. Ол дәл қазіргі таң­да BoxRec рейтингісінде 74 ұпай­мен 79-шы позицияда тұр.

Боксшы көптен бері АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұрып, жат­тығып жүр.

 

Мерей БІЛӘЛ


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"