Әскерилерді шыңдайтын орталық талай спорт саңлақтарын додаға қосуда

Сөз басы
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті  – Армия орталық спорт клубы  – сан қырлы қызметті іске асырып келе жатқан, халықаралық сыныптағы спортшыларды дайындау жүйесін жолға қойған ұйымдық-әдістемелік орталық.
Спорт комитеті өз жұмысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен, Ұлттық Олимпиада комитетімен, спорт түрлері бойынша ҚР федерацияларымен және басқа да спорттық қоғамдық бірлестіктермен тығыз байланыс орнатады, ТМД елдері мен алыс шетелдердің спорттық халықаралық ұйымдарымен жаңа іскери байланыстар орнату жөнінде тұрақты жұмыс жүргізеді. ТМД мемлекеттері Қорғаныс министрліктері Кеңесі жанындағы Спорт комитетінің, Дүниежүзілік армия спорты кеңесінің және басқа да ірі спорттық бірлестіктердің толық құқылы мүшесі болып табылады.
Еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап бүгінгі күнге дейін СК-АОСК жоғары халықаралық сыныптағы спортшыларды дайындайтын армия ұйымы болып келеді. Бүгінде мұнда 20-дан астам спорттың түрінен балалар-жасөспірімдер мектептері, орталықтары желісі жұмыс істеп келеді. 200-ден астам армияшы спорттың әртүрінен ҚР құрама командаларының мүшелері болып табылады және Олимпиада ойындарына белсенді дайындық жүргізіп отырады.

Жаттықтырушылардың үлесі

 

Жаттықтырушылар құрамы – бұл Спорт комитетінің ең басты жетістігі. Олар армия клубының ең үздік дәстүрлерін сақтап келеді және жылдан-жылға арттырып отырады. Жаттықтырушы Александр Нечаев, жеңіл атлетика жаттықтырушысы Юрий Коган, Панфилов ауылы ОЖО (оқу жаты орталығы) бастығы Константин Муратиди, дзю-до жаттықтырушысы Хикматулла Холиков, бокс жаттықтырушысы Талғат Бердыбеков сияқты майталмандарды мақтанышпен атап кеткеніміз жөн.

Жаттықтырушылар құрамы – бұлар тәжірибелі, жоғары-кәсіби мамандар. Олар күнделікті қызу жұмыста тәрбиеленушілерінің бойына ең жақсы адамдық қасиеттерді дарыта отырып, спорттағы және қоғамдық өмірдегі көшбасшыларды дайындайды.

 

Жастарды тәрбиелеу мектебі

 

Баса айта кететін жайт, ҚР ҚМ Спорт комитеті – АОСК  – жастарды, спортағы және қоғамдық өмірдегі көшбасшыларды тәрбиелеу мектебі. Ең үздік армия спортшыларымен және жаттықтыру құрамымен Қарулы Күштердің спорт базаларында, жүздеген түрлі секцияларда болашақ чемпиондар, түрлі жастағы және түрлі ұлттардың балалары  жаттығады. Сондықтан жастарды тәрбиелеуде және оларды тек жарыстарға ғана емес, сондай-ақ қоғамдық өмірге де дайындауда үлкен жауапкершілікті алады.

Спорттың өз түрінде дене және тактикалық дағдыларды қатар меңгерген тәжірибелі жаттықтырушылар спортшылар бойында еңбексүйгіштік, өзін-өзі тәрбиелеу, адалдық, дұрыс шешім қабылдай білу, командада жұмыс істей алу, қазақстандық патриотизмге, ұлтаралық қарым-қатынастар мәдениетіне және т.б. тәрбиелеу сияқты ең үздік адамдық қасиеттерге тәрбиелеуге баса назар аударады.

Спорт – бұл жастардың мінезін нығайта түсетін арена, тұлғаны және жалпы ұлт болашағын тәрбиелеу мектебі. Орталыққа спортшыларын дайындау жүйесінде бірінші кезекте сайысқа жауаптыларға тәрбиелік міндеттер және нақты түрде, қазақстандық патриотизмді, ортақ іс үшін серіктестік пен жауапкершілік сезімді тәрбиелеу жүктеледі.  

   Саңлақтар ортасы

Спорт пен әскери қызмет үнемі қатар жүреді және бөлінбейтін ұғым, себебі кез келген бөлімше жеткілікті дене дайындығынсыз жауынгерлік қабілетке ие бола алмайды. Спорт элитасын көп жағдайда армия спортшыларының танытып жүргені белгілі, олар түрлі деңгейлердегі сайыстарға шығып жүр. Мәселен, велотректе жарысуда армияшылардың алғашқы әлем чемпионы капитан Николай Макаровты, танымал шаңғышы, екі дүркін олимпиада чемпионы запастағы полковник Владимир Смирновты атап кеткіміз келеді.  Сондай-ақ баскетболист, олимпиада чемпион прапорщик Валерий Тихоненконы, садақпен атудан бірнеше дүркін әлем чемпионы қатардағы жауынгер Зебенис Рустамовты, екі дүркін әлем чемпионы, Лондондағы Олимпиада ойындарының чемпионы капитан Серік Сапиевті, Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері балуан Дәулет Тұрлыхановты, жеңіл атлетикадан әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының чемпионы капитан Ольга Рыпакованы бүкіл әлем біледі.

Жалпы, әскери спортшылар Олимпиада, Азия ойындарына, Әлем чемпионаттары мен түрлі құрлық біріншіліктеріне қатысып, Қарулы Күштердің беделін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. 

 

Ольганың олжалары

Соның ішінде, ерекше атап өтер әскери аруымыз – Ольга Рыпакова. Осыдан төрт жыл бұрын жеңіл атлет Ольга Рыпакова ұзындыққа секіру секторында олимпиада үздігі атанды. Пекин олимпиадасында 15,15 метрге секіріп, төртінші орын алған спортшы Лондонда 14,99 метрге қарғыды. Осы нәтиженің өзі спортшының чемпион атануына жеткілікті болды. Биылғы Рио Олимпиадасында жеңіл атлетші капитан Ольга үш басып секіру сайысында бірінші (14,10) және екінші (14,39) мүмкіндігінде нәтижелі көрсеткішке қол жеткізіп, бірден финалға мүмкіндік алды. Ал, ақтық сайыста үш мәрте секіруде Ольга өзінің мүмкіндігін сәтті пайдаланды. Оның үздік нәтижесі – 14,74 метр. Ол осы кезеңде көш бастап тұр еді. Алайда, 15,17 метрге секірген колумбиялық Катрин Ибаргуэн Қазақстан атлетін екінші орынға сырғытса, Венесуэла қызы Юлимар Рохастың 14,98 метр нәтижесінен кейін Рыпакова үшінші орынға тұрақтады. Сөйтіп, жеңіл атлетикадан Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рио-де-Жанейродан да жүлдесіз қайтпады. Оның алған қола жүлдесі Қазақстан қоржынын сегізінші медальға толықтырды. Рио Олимпиадасында Қазақстанның спортшысы, ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының капитаны Ольга Рыпакова осылайша екі Олимпиадада еліміздің мәртебесін асқақтатты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ольганың осы бір олжасына:

«Жеңіл атлетикада  Ольга Рыпакова жоғары биіктерден көрінген жетістіктерін сақтап қалғанын бөлек атап өткім келеді. Олимпиадада үшінші нәтиже көрсеткен Ольганың «қола» медалі де «алтынға» татиды. Неге? Себебі Лондон және Рио Олимпиадалары арасында ол өмірге ұл әкеліп үлгерді, бүгінде бала үшке толды. Оның екі баласы бар және ол спорттық формасын және спорттық жігерін сақтап қалуға қауқарлы болды. Нағыз ерлік! Біріншіден, ол  – ана! Екіншіден, нағыз батыр әйел! Екі үлкен доданың арасында жарыстарға қатысып, биік белестерден көрініп жүрді. Бұл спортшының өз кәсібіне адалдығын, өз еліне деген қызметін көрсетеді», деп өз бағамын берді.

   Өзгелер де осал емес

 Былтыр Мәскеу қаласындағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттер достастық армияларының алғашқы әскери-спорттық ойындары және Кореяның Мунген қаласында өткен VI Дүниежүзілік жазғы армиялық ойындарында әскери спортшылар 51 медаль иеленіп, оның 11-і алтын болған еді. Биыл да мұндай игі жетістіктер тағы қайталанды.

Біздің әскери қызметшілер таулы үшсайыс және әскери-қолданбалы көпсайыс бойынша ТМД достастық армиясының екі чемпионатында күш сынасып, күміс және қола медальдарды қанжығаларына байлады. Кабардин-Балқарда таулы үшсайыс бойынша ТМД достастық армиясының чемпионатына Ресей Федерациясы, Оңтүстік Осетия мен Қазақстанның командалары қатысты. Таулы даярлық бойынша ҚР ҚМ АОСК штаттық командасының спортшылары кіші сержант Артем мен Никита Девятериковтар, сондай-ақ, АОСК спорт ротасының қатардағы жауынгері Роман Костюков Қазақстан армиясының намысын қорғады. Чемпионат үш кезеңде өтті. Бірінші – жеке өрмелеу және екі адамның байлаулы күйде өрмелеуі. Екінші кезеңде спортшыларға 12 кедергісі бар қатты жүріп өтілген жерде 370 метрді еңсеруге тура келді. Таулы үшсайыстың үшінші кезеңі штаттық қарудан оқ атумен 5 шақырымдық марш жүгіру болды. Әрбір спортшы иықтағы 15 келілік жүкпен толық әскери жарақтандыруда өнер көрсетті. Чемпионат қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте біздің команда екінші орынға ие болды.

Спортшылар Оңтүстік Осетияның құрамасын да шаң қақтырды. Алайда, ресейлік спортшылардың командасына жол берді. Бірден 9 шілде күні Минскіде (Беларусь) әскери-қолданбалы көпсайыс бойынша ТМД достастық армиясының чемпионаты аяқталды. Мұнда армиялық спортшыларымыз Ресей, Беларусь, және Қырғызстанның әскери қызметшілерімен сайысты. Жарыстар спорттың бес түрі бойынша өтті. Белтемірге тартылу, қашықтыққа Ф-1 гранатасын лақтыру, 400 м, 100 және 3000 метрге жүгіру үйлесімінде кедергілер жолағын еңсеру. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының әскери қызметшілері жүлделі орындарды Ресей және Беларусь командаларымен өзара бөлісті. Осылайша, халықаралық жарыстардан келген армияшы спортшылар Қазақстанның қоржынын «күміс» және «қола» медальдармен толықтырды.

Бұдан өзге, биыл Рио-де-Жанейродағы Олимпиадаға 10 жолдама ұтып алған спортшыларды да айтпай кетуге болмайды. Олардың қатарында жоғарыда сөз еткен капитан Ольга Рыпаковадан өзге қатардағы жауынгер Михаил Красилов, былғары қолғап шеберлері аға сержант Біржан Жақыпов, ефрейтор Қайрат Ерәлиев пен ҚР ҚК-нің қызметкері Жәнібек Әлімханұлы, ҚР ҚМ АОСК-ның спортшысы Юрий Юрков – оқ ату, 3-сыныпты сержант Евгений Алексеев – байдаркаларда есу, кіші сержант Ғалымжан Үсербаев – еркін күрес, ефрейтор Руслан Жапаров – таэквондо және заманауи бесайыста өнер көрсететін ҚР ҚК-нің қызметкері Елена Потапенколар болды.

 Соңы

Бүгінгі таңда ҚР ҚМ Спорт комитеті – Армия Орталық спорт клубын білмейтіндер кемде-кем. Өйткені, осы ордадан талай қанат қақты, талайы танымал болды. Көк Туымызды желбіретіп, байрақты бәсекелерде абыройымызды арттырып жүрген спорт саңлақтарын біз де  мақтан тұтамыз.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"