Әлемге әйгілі Әлімханұлы

Әлемге әйгілі Әлімханұлы

Ол он тоғыз жасында ел чемпионы атанды. Жиырма жасында әлем чемпионы болды. Әуесқой бокста Қазақстанның 9 дүркін чемпионы, Азия ойындарының және Әлем чемпионы атанған ол кейін біржола кәсіпқойлыққа ауысты. Бүгінде әлемге Qazaq style танытып жүр.

Рима БІЛӘЛҚЫЗЫ
«Сарбаз»

Сегіз жасынан серік етті

 

2000 жылғы Сиднейде өткен Олимпиада. Соны көремін деп теледидарға телмірген баланың арманы оянды. Қолды оңды-солды сілтеп, қарсыластарын жұдырықтаған ағаларына ұқсағысы келді. «Ермахан, Бекзат ағалардай боксшы боламын» деген ойың бекітіп қойды. Араға көп уақыт салмай, оның алғашқы баспалдағын аттады.

«Нағашы атама жалынып жүріп, боксқа апаруын сұрадым. Қыңқылдап қоймаған соң ақыры атам спорт кешеніне ертіп апарды. Ең кішкентай болғаныма қарамастан қабылдандым. Сөйтсем, жалыққан соң өзі-ақ кетіп қалады деп ойлаған ғой. Өзімнен үлкендерден қалыспай, күні-түні жаттығу жасай бердім. Жалпы 3 сыныптан бастап жұдырық түйістіруге шындап ден қоя бастадым. Алғашқы бапкерім Мұрат Сиқымбаев деген кісі болды», дейді кейіпкеріміз.

Жәнібек ол кезде небары 8 жаста еді. Бапкері ауылда болғанда 4 жыл баптады. Кейін ол кісі қалаға кері қайтты. Оның артынан Жыландыдан (Алматы облысы, Алакөл ауданы), Жәнібек те қала көшті.

 

Он тоғыз жасында – ел чемпионы

 

Алматы асқанында да таңдағаны тек бокс болды. Сондағы спорт мектебіне оқуға түсті. Жаттығулардан жалықпады. Қолғап түйістірудің қыр-сырын білуге ұмтылды. Әдіс-тәсілдерді меңгерді. Үйренгенін жарыстарда қолданды. Жасөспірім кезінде жеңістің алғашқы дәмін татты. Жеңілісті де көрді. Студент атанып, ересектер арасында да додаға түсті. Баку барды. Ел көріп, Ереванда бақ сынады. Бағын басқа жерде ғана емес, ел чемпионатында сынауды да көздеді. Ол 2012 жыл болатын. Сол жылы Жәнібек Астанада өткен ел біріншілігінде 75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Барлық қарсыластарын жолынан ығыстырып, бас жүлдеге ие болды. Сөйтіп он тоғыз жасында топ жарып, Қазақстан чемпионы атанып, қырағы мамандардың назарына ілікті.

 

 

Жәнібек – Азия чемпионы

 

Жәнібекті кәнігі мамандар бірден бағалады. «Көпке шабады» десті. Баптады. Ел біріншілігінде топ жарды. Мұнан соң Азия чемпионатына өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Иорданияның астанасы Амман қаласында өткен дүбірлі додада Әлімханұлы қарсылас шыдатпай, алтыннан алқа тақты. Алғашқы айналымда тәжірибелі өзбек спортшысы Шухрат Абдуллаевтың мысын басса, екінші кездесуінде қытайлық Вэнь Иньханды 1 раундта нокаутпен жеңді. Жартылай финалда тартысқа толы өткен жекпе-жекте ирандық Саджад Мехрабидан айласын асырып, финалда Тәжікстан елінің өкілі Навруз Джафоевтан бір бас жоғары екенін көрсетті. Осылайша Азияда да жұлдызы жарқырады.

 

20 жасында Әлем чемпионы атанды

 

Иә, 20 жасында. 2013 жылы Алматыда бокстан өткен әлем біріншілігінде.

Бұған дейін бұл жаста мұндай жетістікке қол жеткізген ел боксшысы жоқ еді. Мысалы, Серік Сәпиев алғаш рет әлем чемпионатында топ жарғанда 22 жаста болды. Ал бүгінгі әлемді ауызына қаратып жүрген Геннадий Головкин мен Ердос Жаңабергенов 21 жастарында әлем чемпионы атанды. Ал Жәнібек 20 жасында әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Қалай дейсіз ғой?

2013 жылы әлемнің ең үздік боксшылары қолғап түйістіріп, жер шарындағы үздік спортшыны анықтады.  Онда Жәнібек те сынға түсіп, Әлем чемпионы атағына таласты. Алғашқы кездесуінде-ақ тіс қаққан спортшы Солтан Митигиновтың мысын басып, жер шарындағы ең үздік боксшы атағына бірден-бір лайықты екенін байқатты. Екінші кездесуінде мексикалық боксшы Хуан Меркадоны нокаутқа жіберіп, үшінше жекпе-жегінде Богдан Журтониды айқын басымдылықпен ұтты. Ал жартылай финалда ұлыбританиялық Энтони Фоулер оға қарсы жұдырықтасудан бас тартса, финалда Джейсон Куигли оның қарқынына төтеп бере алмады. Осылайша Жәнібек спорттық мансабындағы ең ірі жетістігіне қол жеткізді.

Төбесі көкке көтерілді. Абыройы асты.

«Мені қазақ жанкүйерлерінің қолдауы желпіндірді. Тұғырға көтеріліп келе жатқандағы жанкүйерлер қуанышы әлі көз алдымда тұр десем болады. Сол кезде кеудемді бір қуаныш кернеді. Әлі талай осылай елімді қуантамын деп өзіме сенім білдірдім» дейді сол кезді еске ала чемпион.

 

 

 

Инчхондағы Азия ойындарындағы алтын жүлде

 

Жәнібек Әлем чемпионатынан кейін Оңтүстік корей елінде өткен Азия ойындарында бағын сынады. Ол алғашқы жекпе-жегінде тайпейлік спортшыны ауыр нокаутқа жіберіп, екінші кездесуінде ирандық Саджад Мехрабиды екінші мәрте сан соқтырып кетті. Жартылай финалда Кришан Викашты ұтқан Әлімханұлы алтын жүлде үшін жекпе-жекте  Одаи Алхиндавиден айласын асырып, Азия ойындарының жеңімпазы атанды.

Иә, «Азия чемпионы (2013), әлем чемпионы (2013), ХVІІ Жазғы Азия ойындарының (2014) жеңімпазы атанған 21 жастағы Жәнібек Әлімханұлы биік белестерді бағындырудан танбады.

 

Жеңісі мен жеңілісі

 

Мұнан кейін Жәнібек «Астана арландары» сапында сәтті өнер көрсетті. Ол

«Арландар» сапындағы алғашқы жекпе-жегін 2015 жылы Пуэрторика елінің боксшысы  Джеффри Флазға қарсы өткізіп, алғашқы раундта нокаутпен жеңіске жетті. Ал екінші кездесуінде Аргентина елінің өкілі Кристиан Заратені айқын басымдылықпен ұтты.

Жарқ еткен жас әскери ортаға жат болмады. Кейін ҚР ҚМ Армия орталық спорт клубының былғары қолғап шебері атанды. ҚР Қарулы Күштердің қызметкері ретінде Рио-де-Жанейродағы Олимпиадалық ойынға да барып қайтты. Қазақстанның құрамасы құрамында еліміздің намысын қорғаған ол ширек финалға дейін қарсыластарын бірінен соң бірін шақ келтірмеді. Мәселен, Алжир боксшысы Ильяс Аббадиді 3:0 есебімен таза ұтты. Соққылары да қарсыласының көздеген жеріне дөп тиіп жатты. Осы боксты тамашалауға келген Рио тұрғындары мен қонақтары қазақ азаматының мықтылығына түрегеп тұрып қол соққаны әлі есімізде. Осылайша, Жәнібектің ширек финалға өткен жарқын жеңісі есте қалды. Алайда, ширек финалда Камран Шахсуварлыдан 1:2 есебімен ұтылды. Сөйтіп, қол созым жерде тұрған жүлдеден қағылды. Өмір заңы солай. Жеңіс барда, жеңіліс бар. Бұл боксшының алғашқы жеңілісі емес еді. Осыған дейін оның кермегін талай тартты. Себебі де жоқ емес-ті. Оған екі шынтағында бала кезінен қалған жарықшақ әсерін тигізбей қоймады. Бұл жөнінде: «Жәнібек бала кезінде қос  шынтағын зақымдап алыпты. Емделгенімен, дәл Рио олимпиадасы қарсаңында Жәнібектің тамыры тартылып, жарақаты сыр берді. Риода еркін көсіле алмағаны, бәлкім, содан болар...»,- дейді Мырзағали Құланұлы.

 

 

Әуесқойлықтан – кәсіпқойлыққа

 

Рио Олимпиадасында жолы болмаған соң Жәнібек салмақ дәрежесін өзгертуге бел буды. 81 келіге. Оны өзі дұрыс шешім деп тапты. Мұнан кейін бағытын кәсіпқойлыққа бағыттады. «Бұл екінші жоспарымның алғашқы сәтті қадамы деп біліңіздер. Бүгін­де әуесқойда жүріп-ақ АРВ, WSB жобасында жұдырықтасуға рұқсат етілген» деді сол кезде БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында кейіпкеріміз.

Жәнібектің әуесқойлықта жеткен жетістігі көп. Елімізде 9 рет чемпион атанды. Азия ойындарын бағындырды. Әлемге танылды. Соңғы сәтсіздіктер болмаса...

Жазда жолы болмағанмен, 2016 жылдың күзі Жәнібекке тағы бір жол ашты. Сол жылы Алматыда өткен үлкен кәсіпқой бокста дебюттік кездесу өткізді. Ол Головкиннің бұрынғы қарсыласы болған Милтон Нуньеске (33-16-1) қарсы жұдырықтасып, алғашқы раундта колумбиялықты нокаутқа жіберді. Сөйтіп 2016 жылдың қазан айында кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Екінші жекпе-жегі елге белгілі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында өткен Қанат Ислам мен канадалық Брэндон Кук бокс кешінің андеркартында болды. Алты раундқа созылған кездесуде Жәнібек Әлімханұлы бразилиялық Перейро Дос Сантостан басым түсті. Осылайша екінші жекпе-жегінде де жеңіске жетті.

 

Біржола бет бұрды

 

2018 жылы Қазақстан құрамасы сапынан кетіп, Жәнібек уақытша үзіліс алды.

Сол кездері «Ол үлкен спорттан түбегейлі қол үзді» немесе «Кәсіпқой боксқа кеткелі жатыр екен» деген сыңайда түрлі әңгімелер өрбіді. Сол сауалдарға спортшы БАҚ өкілдері алдында ресми түрде жауап беріп, нақты шешімін айтты.  Біржола кәсіпқой боксқа бет бұруды жөн санапты. Кәсіпқой рингте күш сынасуға түбегейлі бет бұрған Жетісудің өрені танымал менеджер Эгис Климаспен келісімшартқа отыруды құп көрген екен. АҚШ-та тұрып жатқан тегі литвалық азамат көптеген былғары қолғап шеберлерін өз қамқорлығына алып, толағай табыстарға қол жеткізген.

 

Америкадағы алғашқы жеңісі

Кәсіпқой боксқа біржола бет бұрғаннан кейін оның алғашқы жекпе-жегі Америкада өтті. Өйткені ол (2018 жылдың маусым айында) әлемге әйгілі промоутер Боб Аруммен келісімшартқа қол қойған болатын. Сөйтіп қыркүйектің 28-і күні АҚШ-тың Калифорния штатындағы Окленд қаласында колумбиялық Карлос Гальванмен кездесті.

Карлос Галван кәсіпқой бокста 24 жекпе-жек өткізген. Оның 16-сында жеңіске жеткен. Соңғы рет наурыз айында америкалық боксшы Вилли Монромен (кішісі) жұдырықтасып, жеңілген. Ал Вилли 2015 жылы Геннадий Головкинмен шаршы алаңға шыққан боксшылардың бірі. Жекпе-жекте нокаут орын алған жоқ. Төрешілердің шешімімен жеңіс Жәнібектің қанжығасына байланды. 60:54 ұпайына ие болып, кәсіпқой бокста үшінші рет жеңіске жетті. Ал 28 жастағы қарсыласы Карлос Гальван карьерасында сегізінші рет жеңіліс тапты.

 

Кейінгі жекпе-жектері

 

Қазақ баласы Жәнібектің келесі кездесуі сол жылдың 3 қарашасы күні АҚШ-тың Техас штатындағы Эль-Пасо қаласында өтті. Кезекті қарсыласы америкалық Вон Александр қылмыстық өмірбаянымен танымал болды. Ол қару кезеніп, кісі тонағаны үшін 11 жыл бойы түрмеде отырып шыққан. Оны да төрешілер шешімімен жеңді. Бұл Жәнібектің кәсіпқой бокстағы төртінші жеңісі еді. Мұнан соң АҚШ-тың Фриско қаласында (Техас штаты) өткен бокс кешінде 28 жастағы Стивен Мартинеспен кездесті. Сегіз раундтан тұрған жекпе-жек бесінші раундта аяқталды. Мұнан соң Лос-Анджелесте (АҚШ, Калифорния штаты) «Русский» лақап атымен танымал мексикалық Кристиан Оливаспен (16-4, 13 КО) жұдырықтасты. Әлімханұлы төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Осылайша, Жәнібек кәсіпқой бокстағы алтыншы жеңісіне қол жеткізіп, WBO Global және WBC Continental Americas нұсқалары бойынша орта салмақтағы вакантты чемпиондық белбеулерін жеңіп алды. Бұдан соң боксшы 17 тамызда АҚШ-та канадалық Стюарт МакЛеннанмен жұдырықтасты. Сөйтіп тағы бір жеңісіне қол жеткізді.

Жақында Жәнібектің жекпе-жегіне бәріміз куә болдық. Қазақ тағы атойлады. АҚШ-тың Калифорния штатындағы Фресно қаласындағы Chukchansi Park аренасында өткен кездесу 10 раундқа есептелді. Бірақ алтыншы раундта қазақ боксшысы канадалық Альберт Онолуносенді алдымен нокдаунға, артынша нокаутқа түсірді. Осылайша WBC Continental Americas және WBO Global тұжырымдары бойынша белбеуін қорғап қалды. Жәнібектің бұл кәсіпқой рингтегі сегізінші жеңісі еді.

 

Қазақ стилін танытып жүр

 

Иә, Жәнібек кейінгі кезде лақап атымен жұртқа танымал. Оның діттегені де осы еді. Кейінгі кездесулерде ол рингке «Qazaq style» лақап атымен шығып жүр. Ондағы мақсаты айқын. Өз аузынан шыққан сөзге жүгінейік.
«Бізде өкінішке қарай «советская школа» деген сөз көп айтылды. Уақыт өте қазақ бокс мектебі жанданды. Оны тарихтан білесіздер. Мен де сол қазақ бокс мектебінің түлегімін. Қазақ бокс мектебінің әр боксшысының өзіне сай стилі бар. Әрқайсысы әртүрлі мәнерде жұдырықтасады. Сол сияқты менің де өз жұдырықтасу мәнерім бар. Кәсіпқой боксқа ауысып, Америкаға барарда Бекең: «Қазақ бокс мектебінің боксшысысың, әлемде мексикалық стиль танымал. Сенің стиліңді шетелдің айтып жүрген стилдерімен байланыстырмай, «Қазақ стилі»  деп атасақ қалай болады деп ұсынысын айтып, солай атап кеттік» дейді.

Иә, қазір Америкада Жәнібекті бәрі QAZAQ STYLE деп атайды. Бұл да кәсіпқой бокста Жәнібектің жаңа салған жолы болар. Айтқандай, «Геннадий Головкиннің кәсіпқой бокстағы жолын қайталап, тіпті, одан да жоғары нәтиже көрсетуге ұмтылып жүрген осы Жәнібек. Оның бағындырары көп» деседі спорт сарапшылары. Лайым солай болғай! Алар асуы мен жетер жетістігіне бәріміз куә болар күндер алда деп есептейік.

 

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи