Қазақстан Әскери-әуе күштерінің бөлімшелерінде авиациялық зақымдау құралдарын ұрыс жағдайында қолдану арқылы оқу-жаттықтыру ұшулары өтті.

 

Әскери ұшқыштар әуе нысандарын жою үшін «әуе-әуе» сыныбындағы басқарылатын зымырандарды пайдаланды. Оларды ұшыру Су-25 және Су-30СМ ұшақтарынан жүзеге асырылды.

Жауынгерлік даярлық курсына сәйкес әскери ұшқыштар ауа райының белгіленген күрделі метеорологиялық жағдайларда арнайы жаттығулар орындады. Жаттығу кезінде ұшқыштар өз дағдыларын жеке және жұп ретінде де жетілдірді.

- Майдандық әуе ұшақтарынан жауынгерлік қолдануды пысықтау ұшу даярлығы мен сыныптық біліктілік деңгейін арттыруға бағытталған. Жаттығу барысында жойғыш экипаждар орналасқан әуеайлақтан белгіленген бағыт бойынша ұшып, полигонға шықты, нысананы тауып, зымыранды жіберді және ол нысанаға тиді. Барлық іс-қимылдар айтарлықтай дайындықты талап етеді, – деп түсіндірді ӘҚК Әскери-әуе күштері қолбасшысы басқармасы жауынгерлік даярлық басқармасының ұшқышы-аға инспектор полковник Ерлан Қозғұлов.

Іс-шаралар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды ескере отырып, жауынгерлік даярлық жоспары бойынша, барынша ұрыс жағдайына келтіріліп, өтті. Ұшулар авиациялық зақымдау құралдарын ұрыста қолдануды жетілдіруге және авиацияның жауынгерлік қабілеттілігін арттыруға бағытталған.