ТАЛАПТЫ ЖЕТЕР МҰРАТҚА

«Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой – бес асыл іс, көнсеңіз». Адамгершіліктің асыл қасиеттерін қалыптастыру туралы осыдан 135 жыл бұрын жазылған ойшыл ақынның дана сөздері өзектілігін еш жоғалтқан жоқ. Тіпті уақыт өткен сайын «бес асыл іс» мәні мен мазмұны жағынан тереңдеп бара жатқандай. «Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек, білмей іздегенмен табылмас». «Адам баласының ең жаманы – талапсыз». «Талаптың ішінде адам баласы көбіне басына қадір іздеп, сол талапта болады». Мұны да Һәкім Абай терең ойлы қара сөздерінде айтқан. Талап пен еңбек арқылы адам болудың идеялары өз заманынан оза туып, еліне жөн сілтеген ұлы кемеңгердей әскерилердің де ел намысын, ер намысын биік ұстауына шырақшы болды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының Аягөз гарнизонындағы 34-ші артиллериялық бригадасының әскерилерін Отанды қорғауға адал қызмет етуге деген талап пен еңбек біріктіреді.

Егіз артиллеристер – дивизион сержанттары

Ербол мен Ержан Океновтер 1987 жылы 26 мамырда Аягөз қаласында дүниеге келген. Балабақшаға, мектепке, тіпті мерзімді қызметтегі әскери борыштарын өтеуге шақырылғанда да егіздердің жұптары ажырамады. Қазақта «Қымыздың жақсысы – сабасынан, үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы – нағашыдан» деген нақыл сөз тегін айтылмаса керек. Ербол мен Ержанның Отан қорғаушы мамандығын таңдауына әскери қызмет атқарған нағашы ағалары Орал себеп болғанға ұқсайды. «Қиындығы мен қызығы мол саланы игеру – бала күнгі арманымыз еді. Есейіп, ер жеткенде әскери қызметші атанатынымызға нық сенімді болғандықтан әскери тәртіпке бала күнімізден дағдыландық», дейді олар. Екеуі де әскери қызметтерін 2007 жылы Аягөз гарнизонындағы артиллериялық әскери бөлімде бөлімше командирі лауазымынан бастады. Бүгінгі күні дивизион сержанттары.
Егіздерге тән ұқсастық пен айырмашылықты қос жігіттің бойынан байқамау мүмкін емес. Әскери қызмет екеуіне де ұнайды, бірақ талғам-таңдаулары мүлдем бөлек. Ерболдың мінезі ашық, пысық, кез-келген адаммен тез тіл табысады әрі көпшіл. Ержан өзін-өзі ұстай біледі, байсалды да салмақты. Ербол дүниеге он бес минутқа ерте келгендіктен Ержанның «ағалап» тұратыны жарасады. Екеуі де отбасын құрған, балалы-шағалы.
Океновтердің еліміздің Қарулы Күштерінде әскери міндеттерін абыроймен атқарып жүргендеріне14 жылдан асты. Осы уақыт аралығында сан мәрте үздіктер сапынан көрінді. Мәселен, 2017 жылы офицерлер мен сержанттардың кәсіби деңгейі мен далалық жағдайдағы машығын арттыруды көздеген артиллерия мен зымыран әскерінің лагерлік жиында темір жол көлігіне қару-жарақ пен техниканы тиеп және түсіруден және колоннада жауынгерлікке жақындатылған жағдайда әскери машиналарды жүргізуден тәжірибелік дағдыларын жетілдірді. Бірде-бір оқты мүлт жібермей, белгіленген нысанаға дәл тигізу үшін кәсіби білімдері мен біліктіліктерін көрсетті. Үздік есептеушілер қатарынан топ жарды. Ал, сержанттардың жұмыс әдіс-тәсілдері мен озық тәжірибелерін жан-жақты тарату, жауынгерлік шеберлігі мен кәсіби дайындығының деңгейін одан әрі арттыру, олардың арасындағы жақсы бәсекелестік жағдайды қалыптастыру мақсатындағы байқауда 2-ші сынып сержанты Ербол Окенов «Батальонның (дивизионның) үздік сержанты» жүлдесін жеңіп алды. Биыл сәуір айында бригаданың батарея сержанттарымен командирлік әзірлік бойынша өткен бір апталық оқу-әдістемелік жиынға 3-ші сынып сержанты Ержан Окенов те тәжірибелі маман ретінде тартылды. Сержанттардың әдістемелік және тәжірибелік дағдыларын жетілдіру арқылы жеке құраммен жұмыс барысында жауынгерлік даярлық сабақтарын жүргізуге, кәсіби даярлық пен іс жүзіндегі дағдыларын жетілдіруге үйретті. «Біз алып жатқан біліміміз бен тәжірибелік шеберлігімізді жеке құрамға үйретіп, үлгі бола білуіміз үлкен міндет. Сол себептен кәсіби мамандығымызды жетік меңгеріп, біліктілігіміз бен білімімізді тереңдете береміз», деген еді жиынның соңында ол.
Артиллеристердің айтуынша, кәсіби біліктілік, жоғары тәртіп пен жауынгерлік әзірлікті арттыру үшін әрбір әскери қызметші өз үлесін қоса білуі керек. Еліңді, жеріңді қорғау жолында еңбек етуден аянбау қажет. Өйткені, Отанымыздың іргесі берік болса бізді ешқандай жау да алмайды.

Спортты серік еткен Сәбитовтер отбасы

Жақсы әдет – жақсы отбасының белгісін білдірсе керек. Сәбитовтер отбасының таңы шәй ішуден емес, жаттығу жасаудан басталады. Отағасы Ақылбек – Солтүстік Қазақстанның Шалақын ауданындағы Мерген ауылының тумасы. Темірдей тәртіпке бағынып, әскери адам болуды кішкентайынан қалады. Мектепті бітіре салысымен, Құрлық әскерлерінің әскери институтында білім алды. Еліміздегі әскери жоғарғы оқу орнында оқып жүргенде-ақ мықтылығын мойындатты. 2014 жылы әскери спорттың халықаралық кеңесінің қамқорлығымен Эквадорда өткен екінші бүкіләлемдік кадет ойындарына қатысты. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ынтымақтас армияларының 2015 жылы Ресей Федерациясында өткен бірінші әскери-спорттық ойындарында да жүлдегер атанды. 2017 жылы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 44736 әскери бөлімінің мина атқыш взводының командирі лауазымында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ынтымақтас армияларының Қырғызстанда өткен екінші әскери-спорттық ойындарында жеке біріншілікте үшінші орынды жеңіп алды. Ол 100 метрді 11,6 секундта жүгіріп, екінші орынды ұтты. Макаров пистолетінен атудан 274 ұпай жинақтап, үш шақырымдық сайыста үшінші келді. Офицерлік үшсайыстан Қырғыз Республикасының спорт шеберлігі нормативін орындады. Естеріңізге салайық, Қырғыз Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының «Эдельвейс» оқу орталығының базасында ұйымдастырылған ТМД қатысушы-мемлекеттердің ынтымақтас армияларының екінші әскери-спорттық ойындары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы ынтымақтас армиялардың Қорғаныс Министрлер Кеңесінің 25 жылдығына және Қырғыз Республикасының тәуелсіздік күніне арналған еді. Жарыста Армения, Белорусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мемлекетінің әскери қызметшілері спорттың әскери-қолданбалы алты түрінен күштерін сынады. Қазақстандық әскерилер армиялық қоян-қолтық ұрыста сөзсіз жеңіске жетіп, төрт алтын және екі қола медаль алды. Командирлік стартта да чемпион атанып, екі алтын, бір күміс және бір қола медальді еншіледі. Гір спортынан еліміз құрамасы жалпыкомандалық екінші орынды, әскери-спорттық кешеннің көпсайысында үшінші орынды ұтып алды. Жалпы алғанда, спорттың әскери-қолданбалы алты түрінен төртеуінің кубогын иеленіп қайтқан болатын.

Ақылбек Сәбитов – спорттың қысқы ойын түрлерінен, жазғы көпсайыстан, полиатлоннан спорт шебері, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының көп дүркін чемпионы. Қазір Аягөз гарнизоны артиллериялық әскери бөлімінің дене дайындығы және спорт қызметінің бастығы. Жарыстардың бірінде танысып, өмірлік серік еткен жұбайы да осал емес. Көркем Күршімде туып-өскен Айнаш Рашидқызы қысқы Президенттік көпсайыстан спорт шебері, ҚР чемпионы, ШҚО құрама қомандасында өнер көрсетеді. Биыл ақпан айынан бастап радиотелефонист лауазымына шыңдалып келеді. Бір әскери бөлімде қызмет атқаратын Ақылбек пен Айнаш Айжан есімді тәрбиелеп отыр.

Қызметіне адал, тиянақты, сауатты Ақылбек Сәбитов спорттық нормативтерге орындауға келгенде жоғары талап қояды. Оның пікірінше, әскердің жауынгерлік қабілеттілігін ұдайы арттыруды уақыттың өзі талап етеді. Әскерилердің бойындағы батылдық, жігерлік, мақсатқа талпынушылық, жоғары шеберлік, шапшаңдық, жылдамдық, жинақылық, ұқыптылық, тез арада дұрыс шешім қабылдай білуі, достық қарым-қатынас, ауызбіршілік пен ұйымшылдық секілді жақсы қасиеттер дене дайындығынан байқалады. Әскерде денесі шыныққан адам өмірде кездесетін түрлі кедергілер мен қиындықтарды да табандылықпен жеңе алады. Қысқасы, «жаттығуда аянбай тер төксең, ұрыста қиналмайсың» принципін ұстанады. «Менің ойым: әскердегі әріптестерімнің Отанға деген сүйіспеншілігі мен құрметін одан әрі нығайтып, спортқа деген қызығушылығы мен құлшынысын арттыру. Күнделікті жетістіктерімізбен үлгі-өнеге көрсетіп, өсіп келе жатқан ұл-қыздарымызды спорт пен дене шынықтыруға барынша баулу. Себебі спорттың кез-келген түрі күш-жігерді, рухты, мінез-құлықты тәрбиелеуге көмектеседі», дейді аға лейтенант.

Әскери қызметте де, байрақты бәсекелерде де бірге жүрген Сәбитовтердің жанұясының мақсат-мұраты – үнемі еңбектеніп, әрдайым алға ұмтылу, әлемдік аренада ел мен жердің намысын қорғап, көк туды көкке көтеру.

 

Алуа ИСКАКОВА


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента