Тәрбие – тал бесіктен

       «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген бабамыздан қалған нақыл сөз бар. Бүгінде қоғамды жегідей жеп жатқан қауіпті дерттердің бірі – жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық, ұрпақтың ішімдікке бой алдырып, шылымға бой үйретіп, есірткіге әуестігі көпті алаңдатады.  Осы орайда мыңнан аса сайдың тасындай ер азамат білім алып жатқан Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында жоғарыда аталған жағымсыз әдеттердің алдын алуда қандай жұмыстар жүргізілуде деген оймен институт бастығының тәрбие және идеология жұмыстары жөніндегі орынбасары-басқарма бастығы подполковник Үмбетов Дархан Қаблашұлымен тілдескен болатынбыз.

–Дархан Қаблашұлы, сіз осы әскери институттың бас тәрбиешісісіз, әңгімемізді бастамай тұрып жоғарыда аталған зиянды әдеттерге өзіңіздің әуестігіңіз бар ма, содан бастасақ.

Иә, жақында ҚР Қарулы Күштерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың орындалуын бақылау жөнінде комиссия отырысы өткенін баршамыз білеміз. Кеңес барысында комиссия төрағасы ҚР Қорғаныс министрі Н. Ермекбаев бастысы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың тиісті орындалуын, адами фактордың болуын барынша азайту, сондай-ақ жергілікті әскери басқару органдары қызметінің ашықтылығын қамтамасыз ету туралы «қатардағы жауынгерден бастап генералға дейін» барлық деңгейдегі басшылардың дербес жауапкершілігі екенін қадап айтқан болатын. Өзім ес білгелі біреудің «ала жібін аттап көрмеппін», шылым тартуға әуестігім болмады, тартып та көрмеппін. Ал ішімдікке мүлдем жоқпын, есірткіні атамаса да болады.

–Офицерлік қадамыңызды қызмет атқарып отырған әскери оқу орны сынды ордалы әскери институттан бастадыңыз, курсант болдыңыз. Сол уақытта жастар зиянды әдеттерге қалай қарайтын, осы жағынан сыр шертсеңіз.

–Мектепте оқып жүріп әскери адам болуды армандап, офицер атануды мақсат қойдым. Есейе келе әскери оқуға түсудің ережелесі мен шарттарынан хабардар болған соң, бірінші кезекте дене дайындығымен айналыса бастадым. Әскери оқу орнындағы аға буын өкілдерінің әңгімелерін мұқият тыңдап, ақыл-кеңестеріне құлақ ұрсам, басты кезекте білім мен дене дайындығы дегенді жиі еститінмін. Сол үшін күнде ұзақ қашықтықта жүгіріп, білтемірге тартылып, түрлі спорттық жаттығуларды уақтылы орындайтынмын. Кейін Алматыдағы Құрлықтық әскерлер әскери институтына түсіп курсант атанғанда, дене дайындығымен айналысқан еңбектерім зая кетпегендігін түсіндім. Ал қатарлас курсанттарға келетін болсақ, бәрі өзім сияқты бір мақсат, бір оймен жиналған азаматтар болып шықты. Әскери оқу орнында күн тәртібі мен дәрістер кестесіндегі сабақтарға қарасаң, күнделікті дене дайындығымен айналысу міндетке ұласады. Сондықтан жаман әдеттерден бойымызды аулақ ұстап, үнемі сымдай тартылып, шымыр болып жүруге тырысатынбыз. Ал темекі, спирттік ішімдік, нашақорлықпен жолдас болмадық.

     Бүгінгі таңда әскери оқуға түскен жас буын өкілдеріне қарасам, кезіндегі өзім сияқты арман қуып, мақсат қойып келген азаматтар. Көбісі – армандарын әскери мектептерден бастағандар. Офицер болам деген азамат қандай кедергілерден, биік белестерден өтетіндігін алдын ала біледі, сол үшін жаман әдеттерден әу баста-ақ бойын аулақ ұстайдындығы етенеден белгілі. Бірақ та жаман айтпай жақсы жоқ, біз қоғамға әсіресе әскери институтқа зиянын тигізетін барлық проблемалардың алдын алу шараларын жүргізіп тұрамыз. Мысалға медицина қызметінің әскери қызметшілері өз тарапынан түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, психологтарымыз әр түрлі тренингтер өткізеді. Тәрбие және идеология жұмыстарының айлық жоспарына сәйкес спирттік ішімдік, нашақорлық және шылым тартудың зияндығы жайында онкүндіктер өткізіліп тұрады. Батальон, рота командирлерінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасарлары еліміздің әйгілі спортшыларының, батыр аға буын өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің өнегелі өмір жолдарындағы жетістіктерін үлгі тұту арқылы патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізіп тұрады.

Сіз жаңа сөз барысында айтып өттіңіз, алдыңғы аға буын өкілдерінің өнегелі істерін үлгі тұтып, жетістіктерін насихаттаймыз деп. Жалпы белгілі спортшы, батыр ағаларымыз, қоғам қайраткерлерімен осы тақырыпта тікелей кездесулер ұйымдастырыла ма?

Әрине, мысалға көктем айында спирттік ішімдік, нашақорлық және шылым тартудың алдын алу онкүндігі өтті. Сонда институтымыздың психология бөлімінің бастығы подполковник Сандуғаш Дәуренбекова әйгілі спортшы, ережесіз жекпе-жектен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Ардақ Назаров бауырымызды институтымызға шақырып, курсанттармен кездесу өткізді. Сонда Ардақ бауырымыз аянбай еңбектену, отансүйгіштік, қазақ халқының тектілігі, білім жайында келелі әңгімелер айта келе, жаман әдеттерден бойын аулақ ұстану жайында жақсы түсіндірді. Өмірде біраз қиындықтарды көріп өсіп, тағдырға мойымай, бойын барлық жаман әдеттерден аулақ ұстап, тек еңбектеніп жеткен жетістіктері жайлы айтқан әңгімесі курсанттарға үлкен әсерін қалдырды.

      Осы жылдың шілде айының басында институт қабырғасында әскери патриоттық клубтар арасында әскери қоян-қолтық төбелестен әйгілі қара майор Борис Төкенұлы Керімбаев атындағы «Ұлы дала қырандары» атты республикалық турнир өтті. Сайысты ұйымдастырушы Парламент мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытжан Смағұлов ағамыз турнирден соң институтымыздың жеке құрамы және курсанттарымен кездесіп, батыр бабаларымыздың өмірлік ізбасарларын дайындау, жас буын азаматтарымызға өмірлік тәжірбиелерді үйретіп, жастарды отансүйгіштікке, достыққа, еліміздің ұстанымына, бірлігіне, зиянды әдеттерден бойды алшақ ұстау сынды тақырыпта кеңінен әңгімелеп берді. Жалпы Бақытжан ағамыз институтымызға жиі келіп, жастарды тәрбиелеуде шаршамайтын адам, ол үшін алғысымыз шексіз.

      Сонымен қатар медицина қызметінің бастығы капитан Ташимов Ғалым Бауыржанұлы орайы келген уақытта Алматы қаласының наркодиспансері, СПИД орталығының жетекші мамандарын шақырып, осы тақырыптарда бейнероликтер көрсетуді, дәрістер оқытып, түсіндіруді жақсы жолға қойған. Әрине адам баласының денсаулығы – ең бастысы, өзіне қымбат. Осындай ұйымдастырылған алдын алу шараларынан сабақ алып, көңіліне түйсе, нұр үстіне нұр, атқарылып жатқан еңбектердің зая кетпегендігі деп ойлаймын.             Жалпы институт жеке құрамының әскери қызметшілері тек салауатты өмір салтын ұстанатын, үнемі дене дайындығына үлкен мән беретін ұжымдар қатарында. Осы уақытқа дейін институт қабырғасынан 14 Қазақстан Республикасының спорт шебері дайындалса, 36-сы спорт шеберлігіне үміткер атанды. Мыңнан аса әскери қызметшілер мен курсанттар спорттың әр түрінен разрядтар қорғады.

     Институт ішінде әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс істейтін ұжымда Мұстабекова Ақбота Сайлаубайқызының жетекшілігімен көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қоғамда отбасыға қатысты көптеген кикілжің мәселелер көбінесе ішімдікке бой алдырудың салдарынан туындайтыны етенеден белгілі. Осы орайда отбасымен жұмыс істейтін ұйымның атқаратын рөлі орасан. Институтта отбасы күні, мерейлі отбасы, денсаулық күндері сынды тағы да көптеген іс-шаралар осы ұйымның бастамасымен өткізіледі. Жіпке тізіп айта берсек әңгіме көп. Осыған жауапты барлық тұлғалар қолдары қалт етпей аянбай еңбек етуде. Бастысы сақтансаң, сақтаймын деген қағида бар, бойымызды салтымызға, мәдениетімізге жат әдеттерден сақтап жүрсек, деніміз де сау, ұрпағымыз да аман.

–Әңгімеңізге рахмет, істеріңіз алға баса берсін.

 

Сұхбаттасқан запастағы майор Ербол Алибаев

Сурет автордікі

    

ОЙМАҚТАЙ ОЙ

Айдарғалы Қазизбек, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының 5 курс курсанты:

 

–Шылым шегудің және алкогольдік шараптарды ішудің біздің денсаулығымызға, жалпы ұлтымыздың біртұтас дамуына және де Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағына әкелетін зардабы орасан зор.

   Елбасымыз айтқандай: «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман». Ал шылым шегу, алкогольдік шараптарды ішу – ол біздің еліміздің бәсекеге лайықты, дамыған мемлекет болуына кедергі болатын маңызды фактор. Дегенмен, қазіргі кезде темекі шегу мен алкогольдік ішімдіктерді ішу – ол аға-әпкелерімізбен қатар, жас буынның арасында да қарқынды белең алып, ұлтымыздың денсаулығын құртып, көптеген қатерлі ауруларға әкелуде.

       Б.Момышұлы айтқандай «Бір адамның өмірі мың адамға сабақ». Сол себепті де институтымызда күнделікті өтетін таңғы таратылымда, тәрбиелік жұмыстар уақытында ҚР Қарулы Күштерінде болған жаңалықтар мен жазатайым оқиғалармен және осы темекі шегу мен алкогогльдік ішімдіктің салдарынан болған келеңсіз оқиғалар туралы баяндалады. Біз осылардан сабақ алуымыз керек.

      Менің ойымша, өзінің командиріне бойсұнған, Отанын, елін, жерін құрметтейтін әскери қызметшілер бұндай жағымсыз әдеттерге бармайтынына сенемін деді.

   

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента