Тәрбие – тәртіптің негізі

                 1993 жылдың 19 қаңтарынан бастап Қарулы Күштердегі тәрбие құрылымының офицерлері кәсіби мерекелерін атап өтіп келеді. Осыдан дәл 28 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Президентінің №1084 Жарлығымен барлық буындарда тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі командирлер орынбасарларының институты құрылды. Тәрбие құрылымында қызмет атқарып жүрген офицерлер үшін дәл осы кез аса маңызды сәт болды. Аталған мерекеге қарай, ҚР ҚК Бас штаб бастығының орынбасары – ҚР ҚК БШ Тәрбие және идеологиялық жұмыстары департаментінің бастығы І дәрежелі капитан Серік Жақсығалиұлы Борамбаевты әңгімеге тарттық.

 

–      Әскерде маңызды жұмыс тәрбиеші офицерлерге жүктелген. Олардың міндеттері туралы айтып өтсеңіз.

–      Егемен ел болып еңсемізді тіктеп, тәуелсіздіктің тұғырлы туын тіккенімізге биыл 30 жыл толады. Осы отыз жыл ішінде ел әскері құрылып, оның іс-қимылы жанданды. Жылдан жылға дамып, қанатын кеңге жайып келе жатқан әскердің осы тәрбие құрылымы саласының Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік деңгейін арттыруға қосқан үлесі өте зор деп айтуға болады. Мемлекетіміздің қорғаныс қабілеті артып келеді, еліміздегі татулық пен бейбіт заман, экономиканың артуы барлығы Қарулы Күштердің жылдан жылға деңгейін арттыруға әсер етеді. Тәрбиеші құрылымның офицерлері әлем мен еліміздегі оқиғалардың барлығын сарапқа салып, жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайына үнемі зерттеулер жүргізе отырып, командирлерге тәрбие жұмыстарына қатысты ұсыныстар береді.

–      Тәрбиеші офицерлердің Қарулы Күштердегі рөлі қандай?

–          Даңқты қолбасшы, халық батыры Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» кітабында айтқан сөздерін келтіре кетсем, «...Заманауи техника материалдық база мен күрес құралы болып табылады. Ең бастысы адамның өзінде. Адамның моральдық-адамгершілік қасиеттері сөздерімен – рухани күшімен анықталады. Рухани күштің негізі: ақыл, сезім, ерік күші. Адамның осындай қасиеттеріне бағытталған мақсатты жұмыстары тәрбие құралы болып табылады».

Тәрбиеші офицерлердің атауы осы жылдар ішінде неше мәрте өзгерістерге ұшырады, заман талабына сай тәрбие бөлімінің құрамы да өзгеріп, жетіліп келеді. Басты талап пен тапсырма өз өзектілігін жойған емес. Қарулы Күштердегі құқық бұзушылықтың алдын алу, жеке құрамның мұң-мұқтажына баға бере отырып оң шешім қабылдауға ықпал жасау, әрбір әскери қызметшіні толықтай зерттеп, қомандирлердің қысылтаяң кезеңде оң шешім қабылдауына ұсыныс жасау – маңызды тапсырма. Тәрбиеші офицерлердің басты міндеті ол жеке құрамға жоғары рухани мәдениетті және адамгершілікті, мемлекеттік көзқарас пен әлеуметтік белсенділікті дарыту, оған мемлекеттік саясаттың негіздерін және ел басшылығының қазақстандық қоғамның дамуы мен өзгеруі саласында қабылдайтын шараларын түсіндіру жолымен заңды хабардар ету және сауаттылық дәрежесін арттыру болып саналады.         .

–      Әскери қызметшілерді патриоттық тұрғыда тәрбиелеу – тәрбиеші офицерлердің негізгі міндеттерінің бірі. Сіздің ойыңызша патриотизм қай жағдайда байқалуы тиіс?

–      Патриотизм ол – өз ісімен Отанға деген сүйіспеншілігін дәлелдей білу. Қазақстандық патриотизмнің бастауы ол біздің тарихымызда жатыр. Әскери қызметшілер мен жастарды тарихты білуге баулу, оларды ата-бабадан қалған аманат – халқымыздың мызғымас ауызбіршілігі мен ұланғайыр жерін қорғауда әрқашанда дайын тұруына сенімдерін арттыру.

Елі мен жерін қорғау жолында қазақ сарбаздарының көзсіз батырлығы мен қайталанбас ерлігін, Отанын жанындай сүйіп, көзінің қарашығындай қорғайтынын жаулардың өздері де мойындаған. «Патриотизм – Отанға, елге деген махаббат!», «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» деген Бауыржан Момышұлының сөздері бар.

Патриотизм Отанды сүюде, оған қалтықсыз қызмет етуде, ел үшін қандай да бір жетістікке жетуде, халқымыздың атын әлемге паш етуде айқын көрінеді деп ойлаймын.

–      Қарулы Күштердің әскери қызметшілерін моральдық-психологиялық тұрғыда қолдау, патриоттық рухта тәрбиелеу барысында өткізіліп жатқан іс-шараларға да тоқталып өтсеңіз.

–      Жеке құрамның жоғары моральдық-психологиялық жай-күйін бақылау, әскери тәртіп пен құқық тәртібін нығайту, әскери ұжымдарды біріктіру мақсатында тұрақты негізде іс-шаралар кешені өткізіледі (мемлекеттік-құқықтық даярлық, конференциялар, дәрістер, сұхбаттасу, пікірталастар, дөңгелек үстелдер, тренингтер, сауалнама, тестілеу жүргізу, жауынгерлік сайыс үздіктерін құрметтеу, кездесулер және т.б.).

Мемлекеттік-құқықтық даярлық топтарының жетекшілеріне көмек ретінде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын түсіндіру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар ұдайы жолданады.

Биыл әлемді дүрліктірген коронавируспен күреске қарамастан, 2020 оқу жылында өткізілген ауқымды оқу-жаттығулар: «Алдаспан-2020», «Бекет-2020», «Таза аспан-2020», Алматы қаласындағы кешенді бітімгершілік оқу-жаттығуы.

Екі жыл бұрын еліміздің тұңғыш Президенті – Елбасының қолдауымен «Жас сарбаз» қозғалысының филиалдары құрылған еді. Қазіргі кезде елімізде 7005 әскери-патриоттық клубтың құрамында 214 699 бала бар.

«Жас сарбаз» қозғалысының әскери-патриоттық клубтарында, сондай-ақ техникалық колледждер мен физика-математикалық бағыттағы мамандандырылған мектептер жанынан 388 «SMART-SARBAZ» үйірмесі құрылды, оған 6432 тәрбиеленуші қамтылды.

Барлық өткізілген іс-шаралардың ішіндегі ең ауқымдысы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында VI «Айбын» жастардың республикалық әскери-патриоттық жиыны онлайн-режимде өткізілді. Айта берсек, тәрбие құрылымының өткізетін шаралары өте көп.

–      Әскери қызметшілерді моральдық-психологиялық қолдау мақсатында «Жауынгерлік дос» жүйесі қалыптасқан. Осы жүйенің жұмысы жөнінде айтсаңыз.

–      Қарулы Күштердегі «Жауынгерлік дос» жүйесі қазіргі кезеңде өзінің оң нәтижелерін беруде. Бұл жүйе – күнде қасыңнан табылатын, жаныңды түсінетін, әскери қызметті бірге атқарысып келе жатқан адамдардың бір-біріне қарайласуы, бақылауы. Мәселен, сарбаз ішіндегі сырын командиріне айтпауы мүмкін. Дегенмен, жанындағы әріптесінен жасыра алмас. Жасырған күннің өзінде тәуліктің көп уақытын бірге өткізетін адам жанындағы досының қандай әрекетке барарын, не тіршілік жасап жүргенін біледі. Бұл жауынгерлер арасындағы тәрбие құрылымының офицерлері мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс қызметшілерінің қолдары жетпей жатқан жеріне септігін тигізді. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша өткен жылмен салыстырғанда өзіне қол жұмсау факторларының әлдеқайда төмендегенін көрсетті. Бұл дегеніміз «Жауынгерлік дос» жүйесінің жұмысы маңызды екенін айғақтайды.

Қазіргі Қарулы Күштердің барлық саласында тәрбие және идеологияның атқарып жатқан жұмысы өлшеусіз. Идеология жоқ жерде әскердің бағыты, бағдары айқын болмайды. Сондықтан әскери қызметшілерге берілетін патриоттық тәрбие мен идеологияның әскердегі орны бөлек.



–               Сұхбатыңызға рақмет!



Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента