Подполковник Дарқан Шаянбаев: "Қылмысты болдырмау - басты талап"

Жаңа редакциядағы Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық іс жүргізу кодексі –еліміз Конституциясының жаңа нормаларымен, осы уақытқа дейін ратификацияланған халықаралық келісімдермен сәйкестендіру қажеттілігінен туындағаны рас. Жалпы алғанда, қылмыстық заң шығару жүйесінде әскери қылмысқа қатысты қатты өзгерістер жоқ. Дегенмен, жаңа кодекстердің ерекшеліктері мен қолдану аясын білу мақсатында Семей өңірлік гарнизонының әскери полиция жасағы бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары – тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімінің бастығы, подполковник Дарқан Шаянбаевпен сұхбаттасқан едік.

-         Дарқан Мұратханұлы, қолданысқа енгізілген жаңа редакциядағы Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық іс жүргізу кодексінің артықшылығы неде?

-         ҚР Қылмыстық кодексі 2014 жылы 3 шілдеде қабылданған болатын. Ал, жаңа редакциядағы Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық іс жүргізу кодексі Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі құқықтық саясатының Тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында қолданысқа енгізіліп отыр. Қылмыстық заңнаманы жетілдіру заманның талабы, әрине. Басты артықшылығы сол. Негізгі ережелері сақталғанымен, жаңалықтары да бар. Мәселен, жаңа редакциядағы Қылмыстық кодексте «Әскери қылмыстық құқық бұзушылық» 18-ші тарауға енгізілді. Барлығы 30 баптан тұрады. Бұрынғы кодексте де 30 бап, бірақ онда «Әскери қылмыстар» 16-шы тарауда қарастырылады. Әскери қылмыстарға қатысты барлық баптар жаңа кодексте де сақталды. Десек те, «Әскери қылмыстың ұғымы» ұғымдық аппаратқа, «Әскери қызметшіні қорлау» ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске көшірілген. Бұған қоса, «Тексерушілік қызметті атқарудың ережесін бұзу» және «Алкогольдік, наркотикалық және токсикоманиялық заттарды қолданып, машинаны жүргізу, корабльді жүргізу, әскери ұшу аппаратын басқару және осындай жағдайдағы тұлғаға әскери техниканы басқару немесе жүргізуге рұқсат беру, жүргізуді тапсыру» секілді екі жаңа бап қосылды. Осы баптарда айтылған іс-әрекет үшін бұған дейін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған еді.

-         Әскери қызметшілерге қолданатын жазаның жүйесі туралы айтсаңыз?

-         Мысалы, «әскери қызметі бойынша шектеудің» орнына «түзеу жұмыстары» және «бостандығын шектеу» белгіленді. Түзеу жұмыстарына байланысты қаржылай жаза да бар. Ол қылмыстық құқық бұзушылық жасалған уақытта айлық есептік көрсеткіш көлеміне сәйкес белгіленеді. Яғни, сотталушы ай сайын қаражатының 20-дан 40 пайызына дейін мемлекеттің қазынасына құйып отырады. Бостандығын шектеу – сотталушыға тұрғылықты жерін ауыстырмау, белгілі бір орындарда болмау, маскүнемдікке қарсы ем алу және өзге де міндеттерді орындау талаптарынан тұрады. «Гауптвахтаға жабу» жазасы «қамауға» алмастырылды. Гауптвахтада отырғызудың ең ұзақ мерзімі 90 тәулік. «Қамау» қылмыстық жазаның түрі ретінде 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылады. Жаңа Қылмыстық атқару кодексі бойынша әскери қызметшіге қатысты қамауды әскери полиция органдары гауптвахталарда жүргізеді. Жаңа Қылмыстық атқару кодексінің ережесіне сәйкес, әскери бөлімдер мен мекемелердің  қолбасшылықтары қылмыстық жазаны өтемейді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ: бұрынғы Қылмыстық кодекс бойынша әскери қызметшілерге қылмысы үшін айыппұл салу, әскери қызметі бойынша шектеу, гауптвахтаға отырғызу, бостандығын шектеу, өлім жазасы секілді жаза түрлері болды. Жаңа Қылмыстық кодекс бойынша қылмыстық қылығы үшін айыппұл төлеу, түзеу жұмыстарына салу және қамауға алу қарастырылады. Ал, қылмысы үшін айыппұл салынады, түзеу жұмыстарына тартылады, бостандығы шектеледі, бостандығынан айырылады және ең соңында өлім жазасына кесіледі.

-         «Бостандықты шектеу» жазасы әскери қызметтің ерекшеліктерін ескере ме?

-         Кейбір қиындықтарды тудыруы мүмкін. Себебі, әскери қызметшілерге қатысты қылмыстық жазаны өтеу тәртібін реттеуші қолданыстағы құқықтық актілер әскери қызметтің ерекшеліктерін ескермейді. Назар аударатын тағы бір жәйт, жаңа құжатта айыппұл қолдануға болатын баптар көп. Бұрынғы кодексте ол тек 374-ші бапта («Дене мүшесін зақымдаушылық жолмен немесе өзге тәсілмен әскери қызметтен жалтару») қарастырылған қылмыс бойынша ғана қолданылған еді. Әрі жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексіне «Миранда ережесі» енгізілді. Ол - адамға оның құқықтары мен міндеттемелерін ауызша жария етуді міндеттейтін норма. Жаңа кодекстің құрамында 16 бөлім, 7 тараудан тұратын 677 бап бар. Жаңа редакция қылмыстық процестің оңтайландырылуымен және үнемдеудің артуымен, оны халықаралық стандарттарға сәйкестендірумен және азаматтардың конституциялық құқын барынша қорғаумен ерекшеленеді. Қылмыстық процестің бастапқы кезеңі одан тергеуге дейінгі тексеру және қылмыстық іс қозғау кезеңдерін алып тастау арқылы түбегейлі өзгерді. Сондай-ақ, қылмыстық істі қараған кезде сот алдын-ала тергеу кезінде жинақталған дәлелдерді жеке өзі зерттейді және оған баға береді. Бірқатар мемлекеттерде көптеген қылмыстық істер осы тәртіппен қарастырылады. АҚШ пен Грузияда қылмыстық істердің 90 пайызы мәміле жасаумен аяқталады. Мұндай институт Ресей мен Украинада да бар.

-         Ал, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекс ережелерінде қандай өзгерістер бар?

-         Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне өзгерістер ҚР Президентi – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру барысында енгізілді. Кодекс жобасының негізгі баптары Президент Әкімшілігінің ведомоствааралық жұмыс тобы мен ҚР Президенті жанындағы құқықтық саясат жөніндегі Кеңестің мәжілістерінде тыңдалды. Бұдан соң мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев мақұлдады. Кодекстің жобасы 920 баптан, 53 тараудан тұрады. Өзгерістер 760 бапқа қатысты болды. Нәтижесінде жаңа 61 бап қайта қаралып, 115 бап алынып тасталды.

-         Жаңа Кодекстегі өзгерістер әкімшілік құқықты бұзған жағдайда әскерилерді қандай жауапкершілікке тартады?

-         Мысалы, «Әскери қызмет саласындағы ҚР заңдылықтарын бұзу» бабы әкімшілік құқық бұзушылықтың 4 құрамын құрайды. Әскери қызмет міндетін атқаруға байланысты немесе әскери қызметті атқару барысында әскери қызметші өзге әскери қызметшіні жәбірлеген болса, онда 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Иә болмаса 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Әскери қызметке шақырылған немесе келісім шарт бойынша әскери қызметшінің әскери бөлімді немесе қызмет орнын өз еркімен тастап кетуі, сонымен қатар іссапардан, демалыстан немесе емдеу мекемесінен дәлелді себепсіз екі тәуліктен астам қызметке келмеуі де 25 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлға алып келеді. Немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жүзеге асырылады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен тәртіпті қорғау жөніндегі әскери жасақтың құрамындағы тұлға құқық бұзған жағдайда, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе бес тәулікке дейін әкімшілк қамау қарастырылған. Бастықтың бұйрығын орындаудан ашық түрде бас тартып, бағынбаған жағдайда 25 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлды төлеу немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау шарасы қолданылады.

-         Көлік жүргізетін әскерилерге, олардың көлік құралдарына нендей талаптар қойылып отыр?

-         Ішкі істер органдарының қызметкері көлікті тоқтатқан жағдайда, оның рұқсатынсыз немесе талабынсыз жүргізушіге және жолаушыларға көліктен шығуға, 12 жасқа дейінгі балаларды арнайы балаларға арналған қауіпсіздік белдігінсіз тасымалдауға, жол-көлік апатынан соң, оған қатысы бар адамға алкогольдік, наркотикалық және жүйке қоздырғыш заттарды қолдануға тиым салынады. Қаңтар айының 11-інен бастап автомобильдегі дәрі қобдишасының жаңа құрамы да өзгертілді. 

-         Әскери қызметшілерге арналған құқықтық оқыту дәрістері қандай әскери бөлімдерде өтті?

-         «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 28738, 54770, 30217, 35411, 12794, 32388, 35804, 44736, 44793, 63310 әскери бөлімдерінде және 1127, 4772, 01785 және 01826 әскери бөлімдерінде болған құқықтық оқыту дәрістерінде жаңа редакциядағы Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық іс жүргізу кодексіндегі өзгерістерді жеке құрам арасында сапалы және түсінікті деңгейде жеткізуге тырыстық. Кездесулерде құқық пен қылмыс бұзушылықтарға жол бермеу жолында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің, басқа да әскери құрылымдардың 2015 жылға дейінгі құқық бұзушылықтардың алдын алу Жоспарының орындалуына да баса көңіл бөлінді. ҚР 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясатының тұжырымдамасында былай делінген: «Мемлекеттің құқық қорғау қызметінің басты борышы – қылмыспен күрес жүргізу, заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқы мен бостандығын қорғау, қылмысты тез және толықтай ашу, қылмыспен күрес барысында азаматтармен өзара қимыл-әрекет жасау». Қылмысты болдырмаудың принципі – дамудың қазіргі кезеңінде мемлекетіміздің қылмысты құқығының маңызды принципі болып табылады. Тек осы принциптің негізінде ғана қылмыспен күрес және азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құрылысының одан әрі даму процесі сәтті жүреді. –

-         Сұхбатыңызға рахмет.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента