Сембек Жұмағалиев, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: Сарбаз болу үлкен мақтаныш еді

«Ғашықтар жыры» әнімен талай жас жұбайды махаббат бесігіне бөлеп, әсем әуенімен тербеген, кәсіби өнердің бірегей өкілі, шын жанашыры Сембек Жұмағалиевпен сұхбаттасқан едік.

–Бүгінгі тіршілігіңіз жайында айтып берсеңіз… Шәкірттеріңіз бар ма?

–Астанаға Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсахожаеваның шақыртуымен келген едім. Үш жылдан бері осы білім ордасында Эстрада өнері кафедрасының доцентімін. Өнерлеріне жоғары баға беріп, мақтанышпен айта алатын шәкірттерім жетерлік. Мәселен,  «Қоңыр» тобындағы Бауыржан алғашқы шәкірттерімнің бірі. «Меломендегі» Қайрат пен Роллан бар. «Формат» тобындағы Гүлсімді айтуға болады. Одан басқа, «жұлдыз» болып кетпесе де, байқауларда лауреат атанып жүрген шәкірттерім көп.

–Сіздердің кездеріңізде әскерге бару – мақтаныш еді. Замандастарыңыздың арасында әскерге баруға құлшыныс танытатындардың көп болғандығын сол буынның өкілдерінен жиі естиміз. Ал, қазір керісінше, жастардың әскерге деген құлшынысы аз секілді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

–Рас, біздің кезімізде сарбаз болу үлкен мақтаныш болатын. Біз Отан алдындағы борышты өтеудің үлкен міндет екенін, ел қорғаудың абыройлы іс екенін сезіндік. Ол кезеңде әскерден келген сарбаз хас батыр болып саналатын еді. Жігіттер әскерден кейін тұла бойы келісіп, нағыз жігіт болып оралатын. Тіпті, баласын әскерге шығарып салатын отбасы дүркіретіп той жасайтын. Той жасағанда қалай, ағайын-туыс пен дос-жарандарға кішігірім дастархан жаятын. Кеткен балалардың барлығы екі жылдан соң он екі мүшесі сау күйінде елге келетін. Ол кезде Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылғандардың ілуде біреуі ғана әскерге жарамсыз болатын. Әскерге өтпей қалуды жігіттер кәдімгідей намыс көретін. Осы күні жігіттердің намыстары «өліп» кеткен бе, әскерге жарамсыз деген сөзге елең етпейтін болды.

Әлі есімде, «Әскерге жарамсызсың, оң көзің көрмейді» дегенде, «сол көзіммен атамын, мен қалайда баруым керек» деп, қоймай сұранып кеткен болатынмын.  Енді, ақыл-есім дұрыс, аяқ-қолым бүтін неге бармасқа?!

Жасыратыны жоқ, қазір баспасөз беттерінде де, теледидардағы жаңалықтардан да жер-жерлерде әскери борышын өтеп жатқан сарбаздар арасында әлімжеттік жасау, өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері жиі жазылып та, айтылып та жүр. Осыдан кейін ата-аналардың тұла бойын қорқыныш билеп, перзенттерінің әскерге баруына қарсылық білдіреді. Оған қоса, қазіргі жігіттер қиындыққа төзбейді. Ұстайтындары сотка, моральді жағынан тұрақсыз, жаман нәрсеге тез үйренгіш болып кеткен.

-Сарбаз болған кезіңіздегі бір қызықты оқиғаны еске түсірсеңіз...

–Мектептен кейін, 1972-74 жылдары Түрікменстанның Мары деген жерінде Әуе қорғанысы бөлімінде әскери міндетімді өтедім. Он ай әскери ротада қызмет еткеннен кейін, сол жердегі халықтық үрмелі аспаптар ансамбліне  шақырды. Ансамбль жетекшісі Евгений Төлегенов деген қазақ жігіті екен. Қуанып кеттім. Бар-жоғы үш-төрт қазақ бір-бірімізді қолдап, бауырмал болып жүретін едік. Өзі Бибігүл Төлегенованың немере інісі екен. 25 адамнан тұратын хордың құрамы алты ай сайын ауысып тұрады. Бұл ансамбльге келген адам би билеп, ән сала білу керек. Тіпті, музыкалық аспаптарда ойнай білуі тиіс болатын. Бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек. Женяның ойынан шыққан болуым керек, хордың әншісі болып қабылдандым. Он айдай хорда ән айтып, Түрікменстанның түкпір-түкпірін араладық. Сонымен екі жылдың бір жылында музыкант болдым. Өнер адамдарының гастрольдік өмірін алғаш рет сол жақта сезіндім, жаныма жақты. Әскерден кейін туған ауылыма келіп, балық консерві комбинаты жанындағы «Балауса» ансамбліне жетекшілік еттім. Ансамбльде бес қазақ жігіті бармыз, сол кездегі сән бойынша шашымыз иығымыздан келеді. Облыстық байқауға қатысып, бірінші орын алдық. Атырау облысы тарихында тұңғыш рет қазақ ансамблі жүлдегер атанғандықтан, атымыз жер жарды десем, қателеспеспін.  

–Сіздің ойыңызша, қазақ эстрадасында әскери-патриоттық әндер қаншалықты шырқалып жатыр? Әншілер неге бұл тақырыптағы шығармаларды көп орындамайды?

–Әр дәуірдің патриоттық әндері – сол замандағы ұрпақтың Отан үшін оққа да, отқа да түсуіне себепкер болған идеологиялық қаруы. Кеңес заманында біздің ата-әжелеріміз «Партия қайда болса, Жеңіс сонда!», «Алға, комсомол!» деп екпіндете шырқап, тың игеру жұмыстарына білек сыбана кірісті, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ірі құрылыстарға аттанды.

Идеологиялық үгіт-насихаттың арқасында жанқиярлық әрекеттерге барып, бір кісідей жұмыла еңбектенген еді сол тұстағы буын. Сол кезде патриоттық әндер үгіт-насихаттың ықпалын арттырып, жастардың жігерін жани түсті. Яғни, халықтың рухын көтеріп, азаматтық белсенділігін арттыруда патриоттық бағыттағы әндердің маңызы зор еді. Патриоттық әндер кеше де, бүгін де, ертең де керек. Несін жасырамыз, қазіргі жастардың көбі патриоттық тұрмақ, қазақша ән тыңдамайды ғой. Түсінбесе де шетелдің әндерін тыңдап жүр. Оған қоса, әндердің сапасы төмен. Насихаттап жатқан ешкім жоқ. Осыларға қарап, біздегі идеологиялық саясатта кемшін бар-ау деп ойлаймын.

–Әңгімеңізге рахмет!


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента