Сапарғали Жағыпаров: Сөз – семсер

Француз жазушысы О. Бальзак «төртінші билік» атаған баспасөздің бүгінде алар орны бөлек. Сөз – семсер. Сендіріп жеткізсең – қуанта да, жылата да аласың. Тек сол семсерді жұмсайтын бағытың айқын болуы шарт. Ақпарат айдынында сөзді қару еткендер – бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері. Елімізде 28 маусым – ақпарат майданындағы ұшқыр қалам шеберлерінің күні. Бұл күні бүкіл өңірде журналистерге, яғни ақпарат саласына арнағандарға құрмет көрсетіледі. Десе де, саналы ғұмырын қиын да күрделі әскери журналистикаға арнаған адамдар да аз емес.

Әскери басылымдардың шығу төркіні

Егемендікке қол жеткізгенше әскери журналистика болған жоқ деген түсінік қате. Дегенмен, ол бөлек әңгіме. Әскери баспасөзге келер болсақ, елімізде ресми әскери баспа басылымы Түркістан облысы әскери комиссариатының – «Қызыл әскер» газеті болды. Ол 1918 жылдың 19 қазанында алғаш рет жарыққа шықты. 1918-1941 жылдары алғашқыда Түркістан аумағында, бертін келе Орта азия аумағында, сосын Дала әскери окургінде түрлі 50-ден астам басылымдар шықты. Оған майдандық, дивизиондық, ұлттық көп тиражды басылымдар кірді. Әскер, соғыс тақырыбында қаламы ұшқыр жазушылар да аз болған жоқ. Атап өтсек, Қасым Шәріпов, Жекен Жұмаханов, Диханбай Қосанов, Үмітбай Балқашев, Мұса Дінішев, Төлеутай Ақшолақов, Жолдас Аймұратов, Ахмет Елшібеков, Сағынғали Сейітов, Жұбан Молдағалиев, Түймебай Әшімбаев, Бисен Жұмағалиев, Әбуғали Сәрсенбаев әскери журналист ретінде қызмет ете бастады.

Соғыстан кейінгі кезеңде «Жауынгерлік ту» газеті әскери қызметшілерді тәрбиелеуде жетекші рөл атқарды. 1989 жылдың мамыр айында газеттің редакциясы жұмысын тоқтатты, газет таратылды, ғимарат жабылды.

Айбынды әскер – тәуелсіздік тірегі

1992 жылы 7 мамырда төл Қарулы Күштер құрылды. Осы сәттен бастап, жаңа идеологияны халық арасында кеңінен насихаттаушы, оның беделін арттырушы, идеологияны жеткізуші ақпарат құралына деген қажеттілік туындады. Ел әскерінің алғашқы жаңалықтар жаршысы «Қазақстан сарбазы» газеті болды. Газеттің бас редакторы болып подполковник Виль Рахманқұлов, кейін подполковник Сапарғали Жағыпаров тағайындалды. Осы мақсатпен тәуелсіз еліміздегі әскери журналистиканың негізін қалаушылардың бірі Сапарғали ағаға барып, тілдесіп қайттық. 36 жылдан астам ғұмырын Отан қорғау қызметіне арнаған кәсіби әскери журналист Сапарғали Жағыпаров бүгінде Қарулы Күштердің ардагері.

Елге де әскери журналист керек

-     Тынық мұхитының флотында флот тілшісі, Орта Азия әскери округі және Батыс топтары әскерінің (Германия) редакция газеттерінде бөлім бастығы лауазымын атқардым. Ел тәуелсіздігін алған соң, 1993 жылдың мамырында «елге де әскери журналист керек» деп туған жерге тарттым, Қарулы Күштердің іргетасының қалануына үлесімді қостым. Жеті жылдан аса «Қорғаныс министрлігінің «Қазақстан сарбазы» газетінде бас редактор болып, кейін Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметін басқардым.

Армия – өмір мектебі

-        Қиын да күрделі әскери тілші болуды таңдағаныма өкінбеймін. Армия – өмір мектебім болды. Тәжірибе жинақтадым. Бала күнімнен әскерде болуды, алдыңғы буын ағаларымыз сияқты ұрыстың, қарудың қырын-сырын ашып, оны не екенін көркем тілмен жеткізуді армандайтынмын. Бәлкім сол арман жетелеп, осы салаға келген болармын.

Қиын болған жоқ, бірден бәрінің сәті түсті десем сенбейсіз. Себебі, өздеріңіз де әскери өмірдің қыр-сырын білесіздер. Бұл тақырыпта ойың өткір, қаламың ұшқыр болу үшін де, сол ортаны өз көзіңмен көріп, сезініп, байқап, бағамдап, барып тұшымды бірдеме жаза аласың. Көзбен көрмегенді қалай көргендей етіп жазуға болады. Сондықтан бұл салаға жүректі адамдар келетініне сенімдімін.

Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы

-     Әжем Майра Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек етті. Менің осы жолға келуімен әсер еткен сол әжем марқұм болатын. Әжемнің әңгімесінен тәлім алдым. Кейін өз тілімде жазуыма да сол кісінің берген тәрбиесі ықпал етсе керек-ті. Бұрын орыс тілінде жазатынмын. Бертін келе сөздіктен қарап, үйреніп, өзімді жаттықтырып, осың деңгейге жеттім. Оның үстіне бесіктен берілген тәрбие де бар.

 

Тәжік-ауған шекарасында

-     1995 жылы сәуірде моджахедтермен болған шайқастардың бірінде 17 жігіт қаза болды, 30-дан астам сарбаз жарақат алғаны белгілі. Осы шайқас туралы мақалам елорданың «Отан қорғаушылар» алаңында жарияланғаннан кейін тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арналған аллея ашылуына себепкер болды.

Бұрынғы және бүгінгі «Сарбаз»

-        Қазақстан дербес мемлекет ретінде шаңырақ құрғанда оның төл Перзенті ретінде Қарулы Күштері құрылған болатын. Сол сәтте «Қазақстан сарбазы» газетінің басылым ретінде қалыптасуы мен даму жолында талай шаруа атқарылғаны рас. Қазіргі «Сарбаз» мен бұрынғы басылымның айырмашылығы да жоқ емес. Дегенмен, газет болған соң, оқырманды қызықтыратын түрлі айдарлар болуы керек. Мәселен, әдебиет айдары – әскерге келген сарбаздың очеркі, әңгімесі, эссесі т.б. Сосын әскердің көркейуіне үлес қосып жүрген тұлғалар да баршылық. Оларды неге көрсетпеске. Бірақ уақыт талабына сай әлеуметтік желілер дамып, баспа басылымдар саны азайғаны да ескерерлік жайт.

 

Сыпайы министр – Сағадат Нұрмағамбетов

-     Көп жылдық әскери қызметімде талай бастықты көрдім. Алайда Сағадат Нұрмағамбетовтей сыпайы, қарапайым, кішіпейіл адам некен-саяқ. Еш уақытта дауыс көтеріп сөйлегенін көрмедім. Жауынгерлік міндет артты ма, оған талап қоя білетін. Бір әскери бөлімге, не құрамаға келді ме, сол жерде берген тапсырмасын, кімге бергенін ешқашан ұмытпайтын. Сол адамның атын айтып, қай күні, қандай тапсырма бергенін білетін. Есте сақтау қабілеті өте мықты кісі болатын.

 

Әскери журналист қандай болуы керек

- Біріншіден жүректі болуы керек. Сосын азаматтық саладағыдай емес, бұйрыққа бағыну керек. Себебі бұйрық жай берілмейді ғой. Жеке құрам санын амандығы үшін, қауіпті сейілту үшін, техниканың шығын болмас үшін. Бір сөзбен айтқанда, әскери өмірдің қыр-сырын білуге, үйренуге тиіссің. Сонда ғана нағыз әскери журналист боласың. Әскери қызмет мемлекеттік қызметтің ерекше түрі болғандықтан, жарғы тәртібін меңгеруің керек. Ал жарғының білген адам кез-келген әскери бөлімнің командирімен тіл табыса аласың. Сонда ғана сені әскери тілші ретінде қабылдайды. Қарудың, техниканы көріп жүрген, қауіпсіздіктің, ереженің не екенін білетін болғандықтан, сенің ойды нақты жеткізетініңе сенеді. Міне, әскери тілшінің өзгелерден артықшылықтары осында.

 

Ізденіс үстінде

Қазақстанда жасақталып, хабар-ошарсыз кеткен дивизия туралы мәлімет жинап, мұрағат материалдарын қопарып жатқан жайым бар. Бұл да келер ұрпақ білуі тиіс деректер. Сондықтан әр тақырыпты қозғар алдында журналист (жазушы) ізденіс үстінде болмақ. «Ізденген жетер мұратқа» деген тамаша нақыл бар. Июі қанған тақырып та оқырманның көңілінен шығары анық.

 

Әңгімеңізге рақмет!

 

ҚР ҚМ Медиа орталығы Қарлығаш Ақылбекова

 

 

 

 

 

 

 



Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента