Сапарғали Жағыпаров – 70 жаста!

Сапарғали Жағыпаров – 70 жаста!
Сапарғали ағаға деген құрметіміз ерекше. Ол кісі – ҚР Қарулы Күштерінің ардагері. Запастағы полковник. Қарымды қаламгер иесі. Әскери ортада беделді жанды білмейтіндер кемде-кем.
Қазақстан әскери баспасөзіне сүбелі үлес қосқан ағаның дара жолы бар. Оны бізбен бөліскен өмір жолы туралы әңгімелерінен және қызметтес болғандардың естеліктерінен байқауға болады. Ардагер қаламгердің мерейтойында солардың бір парасын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

2.jpg

Алғашқы қадамды нық бастым

Қазақ «Ескіні есіңе алмай, жаңа жадыңа түспейді» демей ме?!
Сексенінші жылдары мен Мәскеуден Ленин атындағы Әскери-саяси академиясын бітіріп, Алматыдағы Орта Азия әскери округінің «Боевое знамя» газетіне тілші ретінде келдім. Ол жастық шақтың бір ғажайып кезеңі еді. «Кең пейілді кем болмас» дегендей, ұжым жақсы қарсы алды.
Бірақ редакция газетінің басшыларында «Мына қазақтың жігіті қандай журналист екен?» деген ой бірінші тұрды. Содан мені бірден іссапарға Қырғыз жеріндегі Кеңес Одағының Батыры генерал Панфилов атындағы дивизияға жіберді. Ол кезде Орта Азия әскери округінің бөлімдері Қазақстаннан басқа Қырғызстан, Тәжікстан республикаларында орналасқан болатын.
«Жығылсаң нардан жығыл» демекші, алғашқы қадамнан ойдағыдай өтіп, тапсырманы орындадым. Осылай сынай қарағандарға қазақтың баласы табанды әрі нық сеніммен қадам баса алатынын дәлелдедім.

Қазақтың атына сын келтірмедім

Күндердің күнінде тағы да жаңа тапсырмалар берілді. Тәжік жеріне де барып қайттым. Біздің әскери бөлімдердің сарбаздарымен кездесіп, мақала, очерк жазып, редактордың көңілінен шықтым. Біздің редакторымыз Владимир Чикалин еді. Мен насихат бөлімінің тілшісімін. Бұдан өзге 7-8 бөлім болды. Редакция 50 шақты журналисі бар үлкен ұжым болатын. Мақала жазылып, газет қатталып, ертеңінде шығысымен кезекші оған талдау жасайтын. Сол кезде редакторым «Мына қазақтың жігіті жақсы жазады екен» деп мені бағалады. Мақаланың жақсы-жаманын сұрыптайтын екі тақтаның көбінесе жақсысынан орын бұйыратын.
Ылғи іссапарда жүретінмін. Бәрімен тіл табыстым. Көрген-білгенімді қағазға түсіретінмін. Кемшілікті де көрсетіп жазатын едім.



Менменсінгендердің мысы басылды

Әлі есімде, Қапшағай жерінде әскери ортада өзін керемет санайтын бір офицер болды. Әріптестерімен қарым-қатынасы да дұрыс емес. Сол жөніндегі хат бізге келісімен бас редактор онымен кездесіп, мән-жайды білуді маған тапсырды. Бардым, кездестім. Шені майор екен. Ол кісімен де, айналасындағы адамдармен де жүздестім. Сөйтіп екі тараппен де сөйлесіп, мәлімет жинап қайттым. Түнде жазып, жазбам ертеңінде газетке шықты. Ол кезде біздің газет арқылы көптеген кемшіліктер белгілі болып, ол мәселе әскери жиында талқыланатын. Сын естісе керек, әлгі менің кейіпкерім редакцияға келіп тұр. Жай келмей, шу шығарды.
«Мені дұрыс жазбаған, мен сіздермен соттасамын» деп. «Соттассақ, соттасайық. Сіз бен әріптестеріңіздің айтқанында көптеген айырмашылық бар. Мен қайта жинаған мәліметтерімнің 100 пайызының 50 пайызын ғана мақаламда келтірдім» деп айтып ем, көңілі кәдімгідей түсіп қалды. Одан менімен тіл табысуға көшті. «Мүмкін сізбен бір жерде отырармыз» деп жылы сөйлей бастағанмен, «Ондай практика жоқ бізде. Болмайды» деп кесіп сөйледім. Ақырында бәрін мойындап, «Өзімнің қателігімді түзеуге тырысамын» деп кері қайтты. «Ақ жол» деп біз қалдық.

Үлкен тәжірибе жинақтадым

Жалынды жастық шақта осылай тілші болып тәжірибе жинақтадым. Әріптестерім Львов жоғары саяси училищесінің журналистика факультетінің түлектері, Ленин атындағы әскери академиясының редакторлық бөлімін бітірген офицерлер болды. Тәжірибесі мол адамдармен қызмет жасадым. «Жауынгерлік әзірлік», «Насихат», «Мәдениет», «Партия», «Комсомол», «Хабар», «Хаттар» және «Әуе қорғанысы күштері» деген бөлімдер болды. Әр бөлімнің бір бастығы мен төрт тілшісі болды. Тілшіліктен бастап бөлім бастығына дейін көтерілдім. Журналистер кеңесінде бюро хатшысы болдым.


Танымал аға буыннан үлгі алдық

Ұлы Отан соғысы кезінде қалам тербеген жазушы майдангерлеріміз бар. Өмір жолымда сол кісілермен дидарласу бұйырған екен. Мәселен, Әзілхан Нұршайықов, Сағынғали Сейітов сияқты танымал тұлғалармен жолымыз түйісті. Біз де сол кісілердің ғибратты әңгімелерін тыңдаудан жалықпадық. Ақыл-кеңестеріне де құлақ түретін едік.
Орта Азия округі қолбасшысының орынбасары генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетовпен де бірге сапарлас болдым. Талай мәрте ол кісінің жүзі жылы қарапайым адам екеніне көзім жетті. Қырғызстанға бірге барғанымыз әлі есімде. Сол жердегі әскери бөлімге барып, сарбаздармен теңіндей сөйлескеніне таңғалғанмын. Тіпті, жөн сұрасып, оларға жол сілтеп, қамқорлығын танытқаны бүгінде екінің қолынан келе бермейтін іс деп білемін. Осындай ізгі қасиеттер бүгінгі қолбасшыларда да кездессе екен деген ой бар.

Бүйрегім туған жерге бұрды

Кейін Қазақстан тәуелсіз мемлекет атанды. Сол мезетте елге қайтамын деп бас редакторға рапорт жаздым. Бірақ мені Сібір әскери округіне Новосибирск қаласына жіберді. Ол жерде де дамыл таппай, сұрана бердім.
«Өз еліме барамын, мамандар жетіспейді, еліме қызмет етемін» деп қоймадым. Ақыры не керек, ол жерден Алматыға «Қазақстан сарбазы» газетінің редакциясына ауысып келдім. Сөйтіп Отаныма оралдым.

3.jpg

Ол кісінің келуі бір хикая

Сол кездегі «Қазақстан сарбазы» газетінде тілші болған Сәндібай Күмісбеков Сапар ағамен алғаш таныстығы жайында тамаша естелігін бізге айтып еді.
«Ол кісінің келетінінен хабардар болдық. Бізге «Германиядан бір қазақ келе жатыр. Подполковник Жағыпаров. «Боевое знамя» газетінде істеген, мықты журналист» деп алдын ала ескертіліп айтылған-ды. Ол кісінің де келуі бір хикая.
Күнделікті мақалама кірісіп, пұшайман болып жатқанмын. Азаматтық киімде, бойы аласа біреу кірді редакцияға. Амандасты. Редакторды сұрады. Қазір келеді дедім. «Неше адамсыңдар?». «Көп емеспіз» деп жауап беремін. Мақала жазуға кірісіп жатсам, тағы сұрақ қояды. «Мына кабинеттеріңнің есігі жабыла ма?» дейді. «Білмеймін аға, жабылса жабылады, жабылмаса жабылмайды» деп даусымды көтере сөйлеймін. Енді тағы бірдеңе жазып жатсам, тағы жаныма келеді де: «Мына жарықтарыңды өшіріп кететін біреу бар ма?» дейді. «Мен қайдан білейін, бар болса, бар шығар» деп дегбірсіздене сөйледім. Тағы бірдеңе сұрай қалып еді: «Басымды қатырдыңыз ғой, барыңызшы» деп қатты жауап қаттым. Біраздан соң Нұрсейітов келді, екеуі құшақтасып амандасты. Сонан соң бізге таныстырды, сөйтсем, бізге бас редактор болып келген Сапарғали Жағыпаров осы кісі екен.
Сапар аға кең адам ғой. Ол кісінің орнында басқа адам болғанда әкемді танытып алушы еді. Өйткен жоқ. Кек сақтамады. Қарапайым қалпында, адамшылықта қалды», дейді Сәндібай аға.

Адамдар санаулы, штат аз болды

Бұрын үлкен газеттерде қызмет етіп қалған басым бұл жерге келгенде біраз мәселеге тап болдым. Редакциядағы адамдар санаулы, штат аз. Сол олқылықтың орнын толтырамын деп, өзім білетін бұрынғы әріптестерімнің бірталайына қолқа салдым. II рангали капитан Шамиль Хайруллин, Борис Грибачин, Владимир Кульгускин сияқты тәжірибелі адамдарды газет ісіне тарттық. Олар шамалы қызмет еткен соң қалаулары елдеріңе қайту болды.
Біз оларды тоқтата алмадық, жолдарың болсын деп шығарып салдық.
Арамыздан кетем дегендерді ұстамадық. Гүлмира Тойболдина деген қарындасымызбен де қызмет еттік. Олардың бәріне рахмет. Көбісімен әлі де қарым-қатынасым үзілген жоқ.


«Бір теріні иледік»

Қалғандары бар, жаңадан қосылғаны бар, бәріміз бірлесіп «бір терінің пұшпағын бірге иледік». Газет екі тілде: қазақ және орыс тілдерінде шықты.
Оны жас офицерлер – Әл-Фараби атындағы қазақ университетін бітіріп келген Сәндібай Күмісбеков, Алтынбай Дәуренбеков, Құдайберген Медимановтар маңдай терлерімен шығарды.
Кейін Мұхарбек Махамбетті өзім қызметке шақырдым. Бәрі әскери бөлімдерге барып, оқу-жаттығу жиындарға қатысып, көрген-білгенін мақалаларында өрбітіп, жазатын-ды.
Одан бөлек газеттердің уақытында межелі жеріне жеткізуде көп септіктерін тигізген Марат Нұрсейітов, Совет Сейітов (орынбасарым еді) деген азаматтар болды. Мұндай жұмысқа Құдайберген Медимановтың да ебі бар болатын. Марқұмға бір тапсырма берсең, жауапкершілікпен орындайтын. «Аға газет орында, бәрі дұрыс» деп гарнизондарға газетті уақтылы жеткізіп, хабар беріп тұрушы еді...

Өмір баспалдағынан мүдірмедім

Бала күнімнен қаламды серік еттім. Бозбала шақта арманыма қол создым. Жалынды жастық шақта Тынық мұхиты асып, талай қызықты бастан өткердім. Табанды болдым. Жасымадым. Өзге ұлттың ішінде қазақтың қарапайым баласы да ел қатарлы қызмет ете алатынын дәлелдедім. Сыртта жүріп, қазағыма сөз келтірмедім. Елге келіп, ел ағасы екенімді де таныттым.
Ағалық қамқорлығымды да аямадым. Кейінгілерге де кеңпейілдігімді танытып келемін. Қашанда қарапайымдылығымнан асқан емеспін. Мұның бәрі – өмір тәжірибесі. Қанша баспалдақты бассам да сүрінбедім. Әр қадамым, әрбір жолым кейінгіге өнеге болар деген ойдамын.
Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента