Полковник Тимур Әбішев, ҚР ҚК БШ Жауынгерлік даярлық департаментінің бастығы: Бұл байқауда алыс шетелдіктер де бақ сынайды

«Халықаралық армия ойындары-2016» сайысының мәні мен маңызы, салмағы төңірегінде айтып өтсеңіз алдымен. Бұл доданың өзге жиын-байқаулардан айырмашылығы қандай?

– Халықаралық армия ойындарының негізгі мақсаты жер беті мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту мен өзге елдердің Қарулы Күштерімен тәжірибе алмасу болып табылады. Бұл сайыстың өзге байқаулардан негізгі ерекшелігі – бұрынғы байқаулар негізінен ТМД мемлекеттері арасында өткізілсе, бұл додаға алыс шетел мемлекеттері Қарулы Күштерінің әскерлерімен күш сынасатын боламыз. Мәселен, Латын Амарикасы, Африка сынды республикалардың әскерилері осы жарыста өз күштерін сынайды. Бұл сонысымен пайдалы, тартымды және тартысты болады деп айта аламын.

Армия ойындарының былтырғы додасында Қазақстан сарбаздары Ресей Федерациясының әскерилерімен финалда «шайқасты». Алғашында тең түсіп келе жатқан ойын нәтижесінде екінші орынды қанағат тұттық. Осы жерде расында ұпайымыз төмен болып қалды ма, әлде, әділқазылар алаң иелеріне жол бергенді жөн көрді ме?

– Ресей Федерациясында былтыр өткізілген «Танк биатлоны» байқауында Қазақстан сарбаздары жоғары деңгейде нәтежие көрсетіп, екінші орын иеленгені рас. Ол байқауда әділқазылар алаң иелеріне жол беру керек деген принципте болған жоқ, байқау болғаннан кейін, бәрі болады. Команда бір жерде жоғары нәтежие көрсетсе, екінші жерде басқасына жол беріп жатады. Сондықтан біздің әскерилеріміздің бір сүрінгені алғашқы орыннан айырды. Бұл жерде, ең бастысы, Қазақстан Қарулы Күштері өздерінің кәсіби даярлығын жоғары деңгейде дәлелдеп, мәртебесін мойындата алды деп білемін.

Биылғы «Халықаралық армия ойындарына» дайындық жайын кеңінен әңгімелеп берсеңіз. Құрлық, Теңіз, Әуе күштерінің дайындық барысына жеке-жеке тоқталсаңыз жақсы болар еді...

– Биылға Халықаралық армия ойындарына дайындық осы жылдың қаңтар айынан басталып кеткенін айту керек. Біздің құрама командалар жаттығуларын «Танк биатлоны» бойынша «Майлин» оқу полигонында, «Авиадартс» бойынша Қазақстан және Қызылағаш оқу полигондарында, «Теңіз кубогы» бойынша Каспий теңізінің айдынында өткізеді. Дайындық барысы көңілден шығады, алайда,бұл жетістікке тоқмейілсімей, әзірлік шараларын жалғастыра беруіміз керек.

– Биылғы Армия ойындарының екі кезеңі Қазақстан полигондарында ұйымдастырылмақ екен. Мұның қандай артықшылықтары бар?

– Биыл Қазақстан аумағында, «Гвардейск» оқу полигонында екі конкурс өткізіледі «Артиллериядан оқ ату шеберлері» және «Мергендер шебі». Бұл конкурстар Қазақстан аумағында бірінші рет ұйымдастырылмақ. Бүгінгі күнге сәйкес, «Артиллериядан оқ ату шеберлері» конкурсына жеті мемлекет – Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Венесуэла, Ресей, Қытай және «Мергендер шебі» конкурсына алты мемлекет – Қазақстан, Монғолия, Қытай, Беларусь, Венесуэла, Ресей қатысатын болды. Үміткер мемлекеттердің нақты саны мамыр айында Мәскеу қаласында өткізілетін конференция қорытындысында белгілі болады. Ал байрақты бәсекенің бір бөлігі біздің даламызда ұйымдастырылуы халықаралық аренадағы беделімізді нығайтып, сарбаздарымызға жігер береді. Басқа да басымдықтары жетерлік.

– Қазақстан Қарулы Күштері былтырғы халықаралық бәсекенің бірнеше аталымында ғана бақ сынаған еді, биыл неше аталымына қатысады? Атап айтсаңыз.

– Қазақстан Қарулы Күштері биыл 21 конкурсқа қатысады. Олардың ішінде екеуі біздің территорияда: «Артиллериядан оқ ату шеберлері» және «Мергендер шебі», ал Ресей Федерациясының аумағында 19 конкурсқа қатысады. Олар: «Танк биатлоны», «Суворов натискі», «Әскери барлау үздіктері», «Таза аспан»,  «Авиадартс», «Аспан кілті», «Десантты взвод», «Дала асханасы», «Рембат», «Автоброндытанк техникасының шеберлері», «Қару шебері», «Сенімді дос», «Қауіпсіз маршрут», «Инженерлі формула», «Қауіпсіз орта», «Әскери-медициналық эстафета», «Эльбрус сақинасы», «Теңіз кубогы», «Теңіз десанты».

– Әңгімеңізге рахмет!


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента