Полковник Бақыт Құрманбаев, ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери техника саясаты департаментінің бастығы: Бұл - Орталық Азия аймағындағы бірегей көрме

– Бақыт Жанұзақұлы, «KADEX-2016» халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі биыл төртінші мәрте көпшілік назарына ұсынылмақ. Шараның мән-маңызы жөнінде айтып берсеңіз. Бұл көрме бұған дейін Қазақстан қорғанысы саласына қандай үлес қосты?

– Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2015 жылғы 19 қазандағы № 96 Өкіміне сәйкес, Астана қаласында 2016 жылдың 2-5 маусым аралығында өтетін "KADEX-2016" төртінші халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесінің ел қорғанысына пайдасына зор деп білуіміз керек. Байрақты шараның ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі. Ал өткізуші – "Астана-Экспо КС" көрме компаниясы.

Көрмеге әрбір тілек білдіруші компания қатыса алады. Олардың өтініштері негізінде әскери және қосарланған мақсаттағы өнімдері мен соңғы жетістіктерін көрмеге шығара аламыз. Бұдан бөлек, көрме павильондарында "Қазақстанда жасалған" атты тақырыптық экспозициялы ашық көрме алаңын ұйымдастыру жоспарлануда. Онда экспортқа бағдарланған тәжірибелі және сериялық техника үлгілері, отандық қорғаныстық-өнеркәсіптік кешендердің әскери және қосарланған мақсатта өндірілген өнімдері көпшілік назарына ұсынылады.

Көрменің практикалық пайдасы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне ғана емес, күллі ел игілігіне жарайды деген үміттеміз. Төртінші халықаралық "KADEX-2016" қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің артықшылықтарын былай тізбелесе болады: біріншіден, отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешендерінің, екіншіден, кәсіпорындардың дамуын жетілдіреді, ілгерілеуіне қосымша жағдай жасайды. Екіншіден, жетекші шетелдік компаниялар мен отандық тауар өндірушілердің әскери-техникалық ынтымақтастығы нығая түседі. Бұны да үлкен жетістіктер қатарына қосуға әбден болады. Өйткені, ынтымақтастық артқан сайын, тәжірибе алмасамыз. Тәжірибе алмасқан соң, өнімдеріміздің сапасы да жоғарылай бермек. Ал үшіншіден, спектрін анықтау үшін өзге өнімддерді сатып аламыз. Және, ең бастысы, Қазақстан Республикасының қару-жарағы мен әскери техникасы халықаралық аренада осы беделді іс-шара арқылы оң имиджге ие болады, беделіміздің биіктей түсуіне әсер етеді.

– Маусымда ұйымдастырылатын халықаралық көрмеге әлемнің неше мемлекеті қандай техникаларымен немесе қару-жарақтарымен келмек? Яғни, қандай да бір жаңашылдық бола ма?

– Қазіргі уақытта бірқатар ТМД елдерінің, сондай-ақ таяу және алыс шет мемлекеттердің қорғаныс өкілдері қазақстандық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесіне үлкен қызығушылық білдіріп, қатысатындықтарын растады. Олардың арасында қару-жарақ саласындағы танымал брендтерді өндіретін елдер де бар. Айталық, Ресей Федерациясы, Беларусь, Украина, АҚШ, Франция, Италия, Германия, Израиль, Испания, Чехия, Венгрия, Болгария, Нидерланды, Польша, Австрия, Қытай, Үндістан, Сингапур, Пәкістан, Иордания, Индонезия, ОАР, Оңтүстік Корея, Бразилия елдері. Қай-қайсы да әлемдік аренада өзіндік орны мен салмағы бар республикалар.  

Көрмеге қатысушыларды тіркеуді шараны ұйымдастырушылар жүргізеді. Олардың ағымдағы жылғы 16 мамырдағы жағдай бойынша есебімен, шамамен 330 компания халықаралық көрмеге қатысуға ниет білдірген. Мұндағы 113 компания өз еліміздің кәсіпорындары болса, қалған 217-сі шетелдік. Айта кету керек, бұл – түпкілікті көрсеткіш емес, өйткені, өтінімдер күн сайын түсуде.

Сонымен қатар, ашық экспозиция алаңында доңғалақты, шынжыр табанды, арнайы және авиациялық техникалар ұсынылады. Мәселен, «А-400М» әскери-көліктік ұшағы, «Y-9» әскери-көлік ұшағы, «Як-130» оқу-жауынгерлік ұшағы, «Ми-35М» көліктік-әскери ұшағы, «Ансат-У» оқу-жаттығу тікұшағы, «Ми-8МСБ» көпмақсатты жаңғыртылған тікұшағы, «AW-119Ke» жолаушылар тікұшағы, "Тор-М2" ҚРЗ, "Оса" ҚРЗ, «Т-72Б» жаңғыртылған танкі, "Орал" брондалған автомобильі, "Камаз" және басқа осы сынды техникалар.

Жабық көрме павильондарында атыс қаруының жаңа және жаңғыртылған үлгілері, арнайы құралдар, түрлі байланыс құралдары, тылдық және медициналық мүліктер, сондай-ақ әскери және қосарланған мақсаттағы басқа да өнімдер ұсынылатын болады.

– Бақыт Жанұзақұлы шындығында, «KADEX-2016» халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі – бұл мемлекеттердің қорғаныс өнеркәсібі аясындағы соңғы жеткен жетістіктері көрсетілетін қорғаныс өнеркәсібі саласындағы Орта Азия өңіріндегі ірі алаң. Жүргізілген талдау өтіп кеткен «KADEX» көрмесінің экономикалық тиімділігін көрсетті. 2010 жылғы көрменің қорытындысы бойынша 1,5 млрд АҚШ доллары сомасына 10 ұзақ мерзімді құжат жасалып, оған 156 компания, оның ішінде 86 отандық компания қатысқан екен. Ал 2014 жылғы көрме барысында  2,6 млрд-қа жуық АҚШ доллары сомасында 31 ұзақ мерзімді құжат жасалып, қатысушы компаниялардың саны 300-ге дейін, ал отандық қатысушылар саны 92-ге дейін артқан. Биылғы болжам қандай, саралап көріңізші?

– 2010-2014 жылдар аралығында өткен қазақстандық көрме шетелдік әріптестер тарапынан қызығушылықтарын арттырғанын көрсетті. Өйткені, халықаралық шараға отандық компаниялармен бірге, қатысушы шетелдік компаниялардың, келушілер мен ресми делегацияның саны жылдан-жылға өсіп отырғанын байқадық

Сонымен қатар, "KADEX" халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінде жасалған хаттамалардан, ынтымақтастық туралы меморандумдардан және келісім-шарттар айқын прогресс байқалады. Сондай-ақ қаржы көрсеткіштерінің өсуі көрменің имиджіне оң әсерін тигізуде. Тағы айта кетерлігі, "KADEX-2016" көрмесін жылдағыдан ұлғайта түсу жоспарланды. Біз қатысушы компаниялардың санын 310-ға, оның еліміздегі қатысушыларын 100-ге, шет мемлекеттердікін 210-ға көбейтсек деп ниеттенген едік. Алайда, қазіргі уақыттың өзінде бұл көрсеткіштен біз асып түстік. Бұл – үлкен жетістік.

Көрме қорытындысында 35-ке жуық әр түрлі келісім-шарттарға қол қою жоспарланған, ниет хаттамаларының және ынтымақтастық туралы меморандумдардың нәтижесін жалпы сомасы 2.7 млрд АҚШ долларына жеткізсек дейміз.

– Бұл іс-шарада ең басты көзделетін мәселе электрондық және электронды оптикалық жүйелерді, байланыс және басқару жүйелерін, желілік шешімдерді жетілдіру болып табылады. Мұнымен қоса, ауқымды шара аясында «ХХІ ғасыр әскерінің техникалық даму мәселелері және перспективалары» деген тақырыпта әскери-ғылыми техникалық халықаралық конференция өтпек. Бұлар әскери ғылымның ілгерілеуіне де үлес қосары сөзсіз. Жалпы, «KADEX-2016» көрмесіне елімізден қатысатын отандық өндірістердің ахуалы мен өнімдері төңірегінде кеңінен ой қозғасаңыз. Көрмеге Қазақстаннан қатысатын компаниялар туралы не айтасыз?

– Қазіргі заманғы жағдайда техникалық жарақтандыруды қолдау, армияның жауынгерлік дайындығының жай-күйін тұрақты бақылау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Осыған байланысты отандық қорғаныс-өндірістік кешен (ҚӨК) ең маңызды бағыт ретінде қарастырылады.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейді, 100-ден астам кәсіпорындар әскери және қосарланған мақсаттағы өнімдерді шығаруға маманданған, кейбір құрылу үстінде. Олардың қатарында Киров атындағы Алматы машина жасау зауыты, Петропавл ауыр машина жасау зауыты, Орал қаласындағы "Металлист" зауыты, "Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы" АҚ, К.Ворошилов атындағы Орал машина жасау зауыты, мұның қазіргі атауы "Зенит" Орал зауыты» АҚ, Семей қаласындағы "Бронетанка жөндеу зауыты" РМК, "Семей инжиниринг" АҚ және № 405 және № 406 ГА авиажөндеу зауыттары бар.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының әскери өнеркәсібі жеткілікті, кадрлық және өндірістік әлеуеті бар, әскери өнімнің жаңа үлгілерін әзірлеуге қабілетті, сондай-ақ қару-жарақты техникалық сүйемелдеуде барлық тіршілік циклында жүзеге асыруға, орнатуға, өндіруге қауқарлы. Соңғы жылдары жаңа жоғары технологиялық өнімдер шығаратын кәсіпорындар әлемдік деңгейде бәсекелесе алады. 2011 жылы құрылған "Еврокоптер Қазақстан Инжиниринг" кәсіпорны жаңа «ЕС-145», «ЕО-635» деңгейлерін қамтамасыз етуге шамасы келеді. 2012 жылы ірге қалаған "Қазақстан Аселсан Инжиниринг" зауыты қазақстан армияның оптикалық-электрондық құралдарының қажеттілігін өтеуге ықпал етеді. 2015 жылы жұмысын бастаған "Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" кәсіпорнының қазіргі заманғы үлгідегі брондалған көлік дөңгелектері Қарулы Күштерге түсе бастады. Қазіргі әскери техниканы технологиялық жаңғырту қолданыстағы кәсіпорындар мен олардың мүмкіндіктерін жетілдіріп, кеңейте түскенін айту керек. Сонымен қатар "Семей Инжиниринг" АҚ күрделі жөндеу мен жаңғырту бронетанктік техниканың барлық номенклатурасын іс жүзінде жүргізуге мүмкіндік берді. Кеңес заманында ракета техникасын шығаратын "Петропавл ауыр машина жасау зауыты" АҚ  қазіргі уақытта атудың реактивті жүйелерін өндіруді игерді. Сонымен қатар авиациялық-техникалық орталықтың құрылысы аяқталды.

Бұл кәсіпорындардың өнімдерінің негізгі бөлігі "KADEX-2016" халықаралық көрмесінде көпшілік назарына ұсынылатын болады. Көрмеге қатысуы жоспарланып отыр 73 отандық кәсіпорын шараға 400-ге жуық өздері шығаратын жаңа өнім үлгілерін шығарады.

Көрме Қазақстанның қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен өнімдерін шығаратын отандық кәсіпорындар құрамымен танысуға мүмкіндік береді. Аталған кәсіпорындар арқылы мүдделі тараптармен сауда және ымыраластық байланыстар орнатуға, өзара тиімді ынтымақтастыққа дайынбыз. Көрме Орталық Азия аймағындағы бірегей жалғыз алаң болып табылатындықтан,  әскери индустрия мамандары қару-жарақтардың түр-түрімен, перспективалы үлгілерімен таныса алады. Сондай-ақ оның әлеуеттерін жоғарылату үшін шетелдік және отандық компаниялармен келісім-шарттар, меморандумдар жасай алады.  

– Әңгімеңізге рахмет!


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента