Медицина қызметінің подполковнигі Сәулет Қалдашов: Дәрігер болу – үлкен мәртебе

Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштеріндегі әскери медицинада табанды еңбек етіп жүрген азаматтарымыз баршылық. Соның бірі – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас әскери-медициналық басқармасының бағыт аға офицері, медицина қызметінің подполковнигі, медицина ғылымының магистрі Сәулет Мукарапұлы Қалдашов. Ол – Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясына еліміздің тарихында қатысқан алғаш бітімгерші әскери-дәрігер. 2019 жылғы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы.
Ретін тауып біз осы кісімен сұхбаттасқан едік. Төменде сол тұшымды әңгімені оқырман назарына ұсынамыз.

– Сізді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарынан көріп қуанып қалдық. Құтты болсын! Жоба жеңімпазы болу өміріңізге қандай да бір өзгеріс әкелді ме?

– Көп рахмет Сізге! Шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін. Әрине. Біріншіден, жобаға қатысу арқылы үлкен қолдаушы қоғамның бар екендігін білдім. Екіншіден, маған деген жауапкершіліктің бұрынғыдан да күшейе түскенін сезіндім. Жобада жеңімпаз атануым менің алдымда үлкен шыңдардың және белестердің тұрғанын сезіндірді. Бұл өз кезегінде жұмысымды бұдан да жоғары деңгейде жалғастыруыма шабыт сыйлап, «Отан үшін, халық үшін» аянбай қызмет ету жолымда келешекке деген үлкен мақсаттар қойғызды. 

Елбасымызбен ұсынылған бұл жобаның берері көп және мағынасы да терең. Мақсаты өзінің күнделікті еңбегімен өз саласының, ауқымды түрде алатын болсам, мемлекетіміздің дамуына белгілі бір дәрежеде өз үлесін қосып жүрген қарапайым азаматтар мен азаматшаларды халқымызға кеңінен танымал ету, сол арқылы олардың жасап жатқан еңбектері мен жеткен жетістіктерін дәріп­теп, жастарды еңбексүйгіштік пен отансүйгіштікке бау­лу болып табылады. Бұл тұлғаларды көрген жеткіншек жастар оларды өздеріне үлгі көріп, олардың жұмыста­рынан жағымды әсер алып, мақтаныш тұтары сөзсіз.

Осы орайда АҚШ-тың 35-ші президенті Джон Фиджи­ральд Кеннедидің айтқаны еске түседі: «Сен үшін не істей алады деп еліңен сұрама, керісінше, елім үшін мен не істей аламын деп өзіңнен сұра!». Ол үшін тау қопарудың қажеті жоқ, өз салаңда, өзіңе берілген аймақта еңбегіңе үлкен жауапкершілікпен қарап, кәсібіңді шын сүйіп, сен жасаған жұмыстың нәтижесі – халқыңның әл-ауқаты мен еліңнің өркендеуіне тікелей байланысты екендігін сезін­сең болғаны. Мен үшін осы айтқан сезімдердің бастауы отансүйгіштікте жатыр. Отанын шынайы сүйген адам ғана өз елінің гүлденуін, көркеюін және мәңгілік болуын қалай алады. Бұл жастарымызға серпіліс беріп, алдарына алғы­шарттар қойғызып, биік шыңдарды бағындыруға үміт сый­лап, қоғамымыздың қозғаушы күшіне айналуына себепкер болатыны сөзсіз.

– «Тәрбие талбесіктен басталады» деседі. Бұл жақсы қасиетті отбасыңыздан алғаныңыз анық. Дәрігер болуды да бала күннен армандаған болар­сыз?

– Дұрыс айтасыз. Тәлім-тәрбиені ата-анамыздан ал­дық. Анам Ажаркүл Балғабаева – білім саласында ұзақ жылдар қажырлы еңбек еткен жан. Кеңес заманында ау­данға ағылшын тілін үйретуге келген алғашқы мұғалімдер легін бастап келген анам – артынан ізбасарларын ертіп, көптеген буын өкілдеріне осы шет тілін үйретіп, өмірлері­не жолдама берген тәжірибесі мол құрметті педагог. Әкем Мукарап Қалдашев – мал дәрігері.

Балалық шағымда әкем дәрігер-ветеринар ретінде ауылдық жерде төрт түліктің ем-домын жасап, тән ауруы­на араша болып жүргенін көп көрдім.

Үй жақта балалармен ойнап жүріп, балалық ой-қиял қайда қалықтамады десеңізші?! Архитектор, суретші, ал, ойын балаларымен шекісіп қалған уақытта ортаға араша түсіп, пайда болған даудың шешімін айтқан кезімде заң саласын оқысам ба деген ойлар да болды. Бірақ, басым­дық мені медицина саласына әкелді.

Дәрігерлікке алғаш қадамым Алматыдағы қазақ-түрік лицейінің биология және химия пәнін тереңдетіп оқыту сыныбына оқуға түсуімнен басталды. Ойланбаған жерден жазда каникул кезінде мектеп басшысы үйге телефон соғып, Алматыдағы қазақ-түрік лицейі Қызылорда об­лысы бойынша әр ауданнан үздік оқитын екі оқушыдан таңдап, конкурс жариялап жатыр, соған балаңызды та­лапкер ретінде жіберсек деп өтініш білдіріпті. Ата-анам келісім беріп, бағымды сынап, осы мектепке келіп түстім. Одан әрі, медицинаның қара шаңырағы – Алматыдағы С.Ж.Асфендияров атындағы медициналық университеттің «емдеу ісі» факультетіне түсіп, медицинаның жан-жақты қыр-сырын үйреніп, үздік студент ретінде әскери кафедраға қабылдандым. Кеңес Одағында әскери қызметте болған әскери-дәрігерлерден тәлім алып, біртіндеп әске­ри медицинаға қызығушылығым пайда болды.

«Дәрігер боламын» деген ой бірден келді деп айтқаным артық болар. Осы жолға келуіме көп жайттар әсер етті. Университетті «хирургия» мамандығымен тә­мамдаған соң, үлкен ғалым-оқытушыларым университет қабырғасында қалып, кафедраларда сабақ беріп, ғылым­мен айналысуымды ұсынды. Бірақ, алдымен тәжірибе, сосын ғылымға келемін деген оймен әскери-оқытушы дәрігерлер мен әкемнің кеңесін тыңдап, Қарулы Күштер қатарына қосылдым.

Алғашқы қызметімді Жамбыл облысы, Қордай ауда­ны, Отар ауылының маңындағы Гвардейск әскери гар­низонындағы қарапайым мотоатқыштар полкінің дәрігері ретінде бастап, әскери медицинаның баспалдақтарынан өтіп, санитарлық-эпидемиологиялық салада, әскери ме­дициналық білім беру жүйесінде де болып, қазір басқарма саласында қызмет атқарудамын.

– Білікті маман ретінде өз мамандығыңыз жайында не айта аласыз?

– Дәрігер болу үлкен мәртебе деп білемін. Мамандық таңдау үшін адам ең алдымен бірінші өзін, екінші өзінің бейімі мен өмірдегі қажет болар орнын таба білу керек. Яғни қоғамға пайдалы, маңызды үлес қоса алатыныңды сезінуің қажет. Өз ісіне сенімді, мамандығын дұрыс таңдаған адам әрқашан жетістікке жетеді. Адам өз еңбегінен қуаныш тауып, қанағаттанарлық болса, бойына күш бітіп, шабыты артып, зор ықыласпен өз ісінің биігіне шыға алады.

Медицинаның атасы Гиппократтың: «Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» деген ұлағатты нақыл сөзінде үлкен мағына жатыр, яғни бұл дәрігер болмысының сипаттамасы іспеттес. Осы ұғымдарды тереңінен қарастырар болсақ, «арыстандай айбатты» дегені алдына келген адамның өміріне араша түсіп, жанына шипа тауып, демеу болу үшін еш нәрседен тайсалмай, ақыл және қайратыңмен нақты, дұрыс әрі шұғыл шешім қабылдауың қажет. Ал осы қайратты да өр мінезділікке қарама-қарсы «қыздай икемді» болуың керек дегені, өз ісіңе байыпты, ұқыпты, жинақты, ендігі жерде «анадай мейірімді» дегені науқастарды баурап аларлық досы, бауыры, анасы тәрізді жақын адамы болып, өзіне сендіріп, иландырып, жан ауруы мен тән ауруын жаза алатындай қасиет болу керек дегені. Егер осы аталған қасиеттердің барлығы мамандық иесінің бойынан табыла білсе, ол үздік дәрігер атанары сөзсіз.

Сондықтан, дәрігер болу үшін адалдық, шыдамдылық, шынайылық, зор білім мен тынымсыз ізденушілік, мейірімділік пен сабырлылық, үлкен жауапкершілік, өз ісіңді бар жан-тәніңмен сүйе білу қажет. Онымен қоса, басқаларға тазалық пен кіршіксіздіктің үлгісі, жақсы мен жаманның айырмасын көрсетуші, адами қасиеттердің жинақты образы болуы қажет деймін. Бұл сөзіме Гиппократтың: «дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды» болуы керек сипаттамалары дәлел бола алады.

Бұл жерде көпшілікке түсінікті болу үшін әскери-дәрігердің қарапайым дәрігерден айырмашылығын айта кеткен жөн болар, әскери-дәрігер – бейбіт өмірде де және елімізге қауіп төнген немесе төтенше жағдай туған кезде сардар ретінде иығына қару асынып, қолындағы дәрігерлік сөмкесімен сарбаздардың қасында бірінші болып табылып, көмек беретін маман.

– Сәулет, біліктіліктің арқасында өзге елдің тыныс-тіршілігін көзбен көріп, қол ұшын беріп келген адамсыз. Яғни бітімгершілікпен Ливанда болған тұңғыш қазақстандық әскери дәрігер екенсіз. Сіз­дерге қандай міндет жүктелді?

– Иә. Еліміздің тарихында Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясына барған алғашқы әскери-дәрігермін.

Қазақстан 2018 жылдың қазан айынан бастап тұңғыш рет өз әскери контингентін әлемдік бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ісіндегі міндеттемелерін орындау мақсатында, Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливан Республи­касындағы «Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақыт­ша Күштері (United Nations Interim Forces in Lebanon)» деп аталатын бітімгершілік миссиясына жібере бастады (Оңтүстік Шығыс Ливан, Маржауин ауданы, Израиль және Сириямен шекаралас таулы аймақ).

2019 жылдың мамыры мен қараша айлары аралығында мен де осы миссия құрамында бітімгершілік борышымды атқарып келдім.

Біз әлемнің 42 мемлекетінен келген бітімгершілік тәжірибелері мол әскери қызметкерлермен қоян-қолтық жұмыс жасадық.

Өзімізге тапсырылған жауапкершілігіміздегі аймақта БҰҰ-ның сондағы миссиясының талаптарын орындадық. Міндетіміз – Израиль мен Ливанның арасындағы уақытша «көгілдір сызық» деп аталатын шекараның бұзылмауын, атыстың, заңсыз іс-әрекеттер мен қимыл-қозғалыстардың болмауын қадағалау. Сонымен қатар, Ливан Үкіметі мен Қарулы Күштеріне жан-жақты көмек көрсету арқылы ел­дің аяғынан тұрып кетуіне атсалысу болып табылды. Біздің офицерлер мен сарбаздарымыз, Израиль және Сирия жақтағы 24 сағаттық бақылау бекеттері мен сол елдерден келетін жолдардағы автокөліктердің қимыл-қозғалыстарын бақылап-тексеретін блок-бекеттерде қызмет атқарды.

Бөтен елде, бөтен жерде мүлдем жаңа жағдайда, бізге жауапкершілікпен тапсырылған аймақта «24 сағат 7 күн» тәртібімен миссия мандаттары талаптарының толық орын­далуына атсалыстық. Өз қызметіміз барысында ешқан­дай құқықбұзушылықтар мен кемшіліктерге жол бермей, ісімізге қырағылық, сындарлық, айбындылық таныта оты­рып, миссияның басшылығы тарапынан «Жоғарғы дәре­жедегі шебер және басқаларға үлгі тұтарлық қазақ жауынгерлері» деген ілтипатқа ие болдық.

Ливан халқы мен үлкен басшылық тарапы да жылы лебіздерін білдірді. Тіпті, олар біздің әлі де сол жер­де болғанымызды қалады. Бір сөзбен айтқанда, Ливан халқымен тығыз достық қарым-қатынас орнатып келдік.

Біздер, бітімгерші офицерлер мен сержанттар өз біліктілігіміздің, шынайы көрегенділігіміздің және мол тәжірибеміздің арқасында Жоғарғы қолбасшылықтың біздің алдымызға қойған тапсырмалары мен сенімдерін еш күмәнсіз, абыроймен және толық дәрежеде орындап келдік.

Ал, өзіме келетін болсам, «ҮндіҚазақ» батальонының тыл бөлімінде тыл жөніндегі офицер ретінде әскеріміздің шет мемлекетте қызмет жасауына қолайлы жағдай туғы­за отырып, оған қоса, әскери-дәрігер ретінде өздерімізге, шетелдік әскери қызметкерлерге және жергілікті халыққа медициналық көмекті ұйымдастырумен айналыстым. Өйткені, онда Үкімет тарапынан халық медицинамен толық қамтылмаған, бәрі қымбатшылық, қолжетімді бола бер­мейді. Сондықтан, жергілікті халық көбінесе біздер сияқты көмекке келген шетел дәрігерлеріне жүгініп, арқа сүйеп, сенім білдіреді.

Сонымен қатар, осы аймаққа әртүрлі елдерден келіп жайғастырылған әртүрлі деңгейдегі БҰҰ госпитальда­рын араладым. Жұмыс барысында госпитальдардың құрылымдарымен, жалпы жұмыстарының ұйымдасты­рылуы және оның жүргізілу тәртібімен, ондағы медици­налық құрылғылар мен мүліктер, олардың жабдықталу ерекшеліктерімен, медициналық құжаттардың жүргізілу ретімен, емдеу-профилактикалық жұмысымен және олар­дың штатына сәйкес медициналық қызметкерлермен қамтамасыз етілуімен таныстым.

– От пен оқтың ортасына баратыныңызды отба­сыңыз қалай қабылдады?

– Орынды сұрақ. Өзіңіз білесіз, әскери адам көп жағдайда әскери қызметтің ерекшелігіне байланысты бір гарнизоннан екінші гарнизонға, қалалардан қалаға үнемі көшіп жүретіндіктен, оның жанұясы қасында бірге болып, әскери қызметтің ыстығы мен суығына бірге көніп, ауырт­пашылықтарын бірге бөлісіп отырады.

Әскери ортада «сенімді тылың – бұл жұбайың» деген қалыптасқан пікір бар ғой. Осыған сүйеніп айтарым, менің жұбайым мен отбасы мүшелерім менің әрбір шешіміме оңтайлы қарап, үнемі қолдау білдіріп отырады.

Алдыма мақсат қойып, алғашқыда Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясына әскери бақылаушы болып баруға ірік­теліп алындым. Бірнеше жылдар бойы елдегі және шет елдердегі әртүрлі оқу-жаттығуларға, семинарлар мен конференцияларға үйренуші ретінде қатысып, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Еуропа­дағы Ынтымақтастық және Қауіпсіздік Ұйымы, Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімшарт Ұйымы аясында өткізілген шара­ларда дәріс беруші және нұсқаушы ретінде шақырылып, белгілі бір дәрежеде тәжірибе жинақтадым.

Осы жұмыстарымнан алған әсерлеріммен жанұяммен бөлісіп отырғандықтан, олар да менімен бірге «Біріккен Ұлттар Ұйымы, оның бітімгершілік операциялары, әлемдік бейбітшілікті сақтаудағы рөлі» жайлы толық мағлұмат алып, оның қаншалықты маңызды екендігін түсіне баста­ды.

2018 жылы Елбасымыз бен Үкіметіміз Ливан Республикасындағы «Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша Күштері» деп аталатын БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясына Қазақ бітімгершілік ротасын жіберу туралы шешім қабылдаған соң, менің басшылығым «ҮндіҚазақ» батальонының тыл жөніндегі офицері ретінде баруымды ұсынды. Ойланбастан әскери офицер ретінде келісіп, ба­руға бел байладым.

Міне, осылайша отбасым менімен бірге сырттай тәжіри­бе жинады. Ал өзімді сынауға сын сағаттар туып, осы бағытта алған білімім мен машықтарымды Ливан елінде көрсетуіме тура келгенде менімен келісіп, барып келуіме қарсылық танытпады.

– Халқының саны 6 миллионнан әзер асатын ел неге қақтығыстан көз ашпай отыр? Онда барар алдында мұны әбден зерттеген боларсыз...

– Әрине! Біз осы елге шығар алдында бірқатар дайындық шараларын ұйымдастырып, зерттеу жұмыстарын жасадық. Өйткені, еліміз үшін бұл алғашқы қадам және бізге деген үлкен сенім. Сәйкесінше сын да болды.

Ливан елі 1970 жылдардың басына дейін «Таяу Шығыстағы Париж», «Таяу Шығыстың Швейцариясы» атанған гүлденген, экономикасы өрлеген көпұлтты және көп конфессиялы ел. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегендей, сол елдегі діндер мен конфессиялар араздығынан іште бүлік болып, оған сыртқы күштер араласып, 70-ші жылдың аяғында ұйыған қаймағы бұзылып, халқы жік-жікке бөлініп, ауызбіршілігі мен ынтымағы болмай, азаматтық соғыс болды. Одан әрі көрші мемлекеттермен достық қатынас орната алмай, берекесі қашып, еліне көрші мемлекет басып кіріп, жер дауы халықаралық жанжалға ұласқан отты ошақты елге айналды.

2000 жылдың басында осы от ұшқынын шашып тұрған аймаққа бейбітшілік нышанын орнатып, жауыздасып отырған ортаға тұрақтылық орнатуға Біріккен Ұлттар Ұйымы келген болатын.

Жалпы Таяу Шығыстағы ахуалдың күрт өзгеруінен, Сирия мен Палестинадан мәжбүр болып елін тастап келген миллионға жуық босқындардың осы елді паналауы, жергілікті халықпен кикілжіңнің пайда болуына әкеліп соғып, онсызда күйзелісте тұрған ел экономикасына ауыртпалық салды.

Сондықтан соғыстан кейін әлі оңала алмай, артта мешелдеп тұрған ел. Иә, дәл қазір, онда өршіп тұрған соғыс жоқ, бірақ, БҰҰ-ның күшімен келген өте нәзік тыныштық кез келген уақытта бұзылып, соғыс өртіне ұласып кетуі мүмкін.

Халқы үнемі үрейде, үйлерінде бес қаруын сайлап отыр, соғыс қаупін сезініп отыр, көңілдері тынымсыз, алаңдаулы. Оған қоса, Сирия мен Палестинадан мәжбүр болып елін тастап келген босқындардың өмірін, олардың үйсіз-күйсіз қу кепеде тұрып жатқандарын, ондағы балалардың бөтен елде еркін сезіне алмай, тәтті балалық шақтарын ерте еңбек етуге ауыстырып, нәпақа табу үшін ата-аналарына көмектесіп жүргенін көрдік. Олар Ливан еліне жат, шақырусыз қонақтар. Оларды ешкім күтіп жатқан жоқ. Олар тойып тамақ ішіп, жылы киініп, мамық жастыққа ұйықтап жатқан жоқ. Оларды ешкім құшақ жайып қарсы алып жатқан жоқ.

Мен дәрігер ретінде білемін, мына халықтар көрген, әсіресе жас сәбилер көрген психологиялық жарақат бүгін, ертең, ондаған жылдар ұмытылатын нәрсе емес, оны емдеп-жазу да бүгін болмайды. Оған тек уақыт емші!

Мүмкін уақыттар өте келе, ұрпақтар жаңара келе, кеуде мен көңілдеріндегі соғыс жаралары жазылар. Мүмкін.... Бір сәт ойланып, менің айтқандарымды елестетіп көріңіздерші, сіздер өз елдеріңізде осыны қалар ма едіңіздер...әрине....жоқ! Ал, мен өз қызмет барысында осы жағдайларға куәгер болдым.

Басында айтып өткенімдей, «нәзік тыныштық» аяқ-астынан және болмасыншы келіспеушіліктен бұзылып, арты қиыншылықтар мен қан-төгіске ұласуы мүмкін. Қазіргі таңдағы Ливандағы экономиканың құлдырауы, азаматтық соғыс пен көрші елдің ықпалынан кейінгі пайда болған жер дауы, елдегі ауызбіршіліктің болмауы, жұмыссыздық, өндірістердің болмауы, қажетті инфраструктураның мешелдеп қалуы, халықтың жалпы әлеуметтік жағдайының нашарлауына, сыртқы донорларға экономикалық тәуелділікке, халықтың тұтыну тауарлары мен қызмет түрлерінің күрт қымбаттауына, медициналық қызметтің қолжетімсіздігіне, жастардың көп бөлігінің нәпақа табу үшін шетел асып кетулеріне, елдегі саяси тұрақсыздықтың пайда болуына әкелді.

Нәтижесінде, 2019 жылдың қазан айында халық Үкіметке қарсы ереуілге шықты. Арты үлкен қақтығыстарға әкеліп, саяси және әлеуметтік ахуалдың мүлдем құлдырауына әкеліп соқты. Көшеге күні-түні толассыз халық жиналып, арты айқай-шуға айналып, біз жүретін жолдарды бөгеп, өрт қойып, келген тұрақты әскері мен полиция жасақтарының айтқан талаптарын тыңдамай, қарулы адамдар арасында оқ атып, жағдай тұрақсыз бола бастады.

Онымен қоса, үлкен алпауыт елдердің араласуымен Таяу Шығыстағы онсыз да нашар жағдай ушығып, Израиль тарапы Сирия елін қашықтықтан қарумен жиі атқылауды бастады. Нәтижесінде, Ливан-Израиль ара-қатынасы шиеленісе түсті.

Осы әрекеттер БҰҰ-ның «көк каскалы» бітімгерші әскердің күнделікті миссиясын атқаруына өз кедергісін келтіріп, өмірлеріне қауіп төндіре бастады. Жолдар жабылғандықтан уақытылы шекараны патрульдеу, ондағы болып жатқан жағдайды бақылау жұмыстарын атқару қиынға соға бастады. Израильдің Сирияға атқан снарядтары біздің бақылайтын шекара аймағымызға да әлсін-әлсін түсіп жатты.

Менің біліп түйгенім, осы елдегі шиеленіскен жағдайдың себебі – ондағы халықтардың бірлігі мен келісімінің, түсіністігі пен өзара сенімінің шынайы әрі берік болмағандығында болып отыр.

– Ливандағы осындай жағдайда сіздер діттеген мақсатқа жете алыңыздар ма? Сіз бітімгер ретіндегі бір күніңізді суреттеп берсеңіз...

– Менің «ҮндіҚазақ» батальонының тыл жөніндегі офицері, сонымен қатар бітімгерші әскери-дәрігер ретін­дегі міндетім қазақ ротасының жеке құрамын материал­дық-техникалық қамтамасыз ету, яғни оларды уақытылы, сапалы және үздіксіз ауызсумен, азық-түлікпен, киім-ке­шекпен, керекті жиһаз және инженерлік жабдықтармен, транспортпен және монша-кір жуу қызметімен қамтама­сыз ету, оған қоса қажетті медициналық көмекті ұйымдастыру болып табылады. Бұл өз кезегінде офицерлер мен сержанттардың өмір сүрулері мен күнделікті бітімгершілік қызметтерін өз деңгейінде сапалы атқарулары үшін ба­рынша қолайлы жағдай туғызу – менің басты жауапкер­шілігім деген сөз.

Менің күнделікті жұмысым, сағат 06.00-гі денешы­нықтырумен басталады. Таңертеңгілік астан соң, штабта үнді әріптестеріммен тылдық қамтамасыз ету бойынша туындаған өзекті сұрақтар мен мәселелерді талқылаймын. Олармен бірге осы сұрақтардың жауабын тауып, түпкілік­ті шешім қабылдау үшін қажет ұсыныстар жасаймын. Со­нымен қатар, жоғарғы басшылықтан азық-түлік (тағамдар­ды тасымалдау және қабылдау, оларды сақтау, уақытылы ауыстыру, қажетті қорымен толықтыру), киім-кешекпен және медициналық қамтамасыз ету бойынша келіп түскен құжаттарды қарап, оларға жауап дайындаймын.

Штабтағы жұмыстан соң біздің қазақстандық бітімгер­шілік ротасы орналасқан базаға және бітімгершілік қыз­меттерін атқарып жатқан нысандарға барып, әскери қызметшілеріміздің денсаулықтарын тексеріп, көңіл-күйлерін сұрап-біліп, олардың жайғастырылу орындары мен тұрмыс жағдайларын қарап, қажетті ауызсудың, азық-түліктердің және жабдықтардың жеткізілуі мен толықтырылуын тек­серіп, пайда болған кездейсоқ мәселелердің шешімдерін тауып, сұраныстарын қанағаттандырумен шұғылдана­мын. Денсаулықтарына шағымданғандар мен аяқасты науқастанғандарға орта буынды медициналық қызмет­керлеріммен бірге медициналық көмек көрсетіп, оларды сәйкес БҰҰ госпитальдарына эвакуациялауды ұйымдасты­рамын.

Әрі қарай, батальонға қарасты бірінші деңгейлік госпитальдағы шетелдік дәрігерлермен медициналық қамта­масыз етуге қажетті сұрақтарды талқылап, ондағы науқастардың жай-күйімен танысамын. Аптасына 5 күн Ливан халқына медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырып, келген науқас адамдарға қажетті ем-домдарды жасауға тікелей қатысамын. Бұл өз кезегінде әскеріміздің беделін арттырып, миссия мандатын жүзеге асыру мақсатында халықпен достық қарым-қатынасты орнатуға өз септігін тигізеді.

Одан әрі, «ҮндіҚазақ» батальоны жұмылдыру бөлімінің кестесіне сәйкес жеңіл көлікпен патрульдің бастығы ретін­де 2-4 сағатқа шолу жасауға шығамын. Маршрутымыз Ли­ванның Израиль мемлекетімен шекарасындағы БҰҰ-ның уақытша белгілеген «көгілдір сызығы» бойымен жүріп өтіп, күнделікті миссия мандатының сақталуын тексеру және бақылау болып табылады.

Тыл офицері ретінде ротамыздың материалдық-техни­калық сұрақтары бойынша БҰҰ тарапынан Нью-Йорк қала­сынан және Ливандағы миссия штабы орналасқан Накура қаласынан келген тексерулердің («Operational Readiness Inspection» (10.06. және 24.10.2019 ж.) және «Contingent Owned Equipment» (02.09.2019 ж.) өтуін ұйымдастырдым. Осы тексерулердің қорытындылары бойынша ротамыз балдық бағалау жүйесі бойынша басқа контингенттерге қарағанда жоғарғы рейтингті иеленді.

Бұдан басқа, миссиядағы көпұлтты әскери контин­генттер арасында болып жатқан жоспарлы мәдени және спорттық, сонымен қатар, Ливан елі мен олардың әскерімен қатынасты нығайту мақсатында болатын шара­ларға етене араласып, өз деңгейімде жұмыстар атқардым.

– Сәулет, қанша тіл білесіз? Сұраған себебім, он­дағы өзге ұлт өкілдерімен қалай түсінісіп, жұмыс істедіңіз?

– Мен үш тілде жетік сөйлеймін. Әлбетте, қазақы жердің баласы болғандықтан өз ана тілім – қазақ тілін бірінші орынға қоямын. Содан соң, орыс және ағылшын тілдерінде де өте жетік сөйлеймін. Қазір француз тілін игерудемін. Ливан елінде маған жұмыс істеу оңайырақ болды десем болады, өйткені жергілікті халық көбінесе ағылшын және француз тілдерінде сөйлейді. Сонымен қатар, осы елге шығар алдында араб тілінде сәлемдесу, өзіңе жақын тартып әңгімелесу үшін қажет біршама сөз­дер мен сөйлемдерді үйрендім. Тағы бір қызық болғаны, арасында орыс тілінде сөйлейтін егде жастағы адамдар да кездесті. Олар көбінесе мамандықтары дәрігер, инженер, педагог және зейнеттегі әскери адамдар еді. Сұрай келе, олардың бұрынғы Кеңес Одағында Алматы, Мәскеу, Харь­ков қалаларында білім алғандарын білдік.

– Ливан сапарынан не түйдіңіз?

– Әрине, маған үлкен ой салды десем болады, оны әр­бір қазақстандыққа жеткізу керектігін ұғындым. Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларындағы жұ­мыс – бұл үлкен еңбек. Мұнда әралуандық бар. Бұл біз­ге жаңа тәжірибе алуға және өзімізге жаңа мүмкіндіктер ашуға жол сілтейді. Осындай бітімгершілік миссияларға қатысу барысында біздің әскери қызметшілер баға жетпес кәсіби тәжірибеге қол жеткізіп, іс жүзінде осы білімдері мен дағдыларын қолдана алатынын атап өткім келеді. Со­нымен қатар, осындай миссияларға қатысу мемлекеттің халықаралық аренадағы беделін арттырады.

Миссия адамның дүниетанымын өзгертеді деп айта аламын. Соғыс пен қақтығыстардың ауыртпалықтары мен салдарын көріп, әлемге басқаша қарайсың және барлық күш-жігерді бейбітшілікті қорғауға бағыттау қажеттігін білесің. Ливанның мысалында еліміздің күші халықтың бірлігінде екенін, ал ауызбіршілік пен ынтымақсыз мемле­кет болмайтынын түсінесің.

Себебі бірлік пен келісім бар жерде ғана бейбітшілік орнайды. Ол біздер мен сіздердің, қазақ шаңырағының астына біріккен халықтар мен этностардың бір-бірімізге деген ыстық ықыласымыз, түсіністігіміз бен келісіміміздің тұрақтылығынан туындайды. Сондықтан бейбіт өмірдің болуы да, болмауы да біздердің өз қолымызда. Оны ешкім бізге әкеліп бермейді, оны ешкім бізге сыйға тартпайды.

Біз сол шалғайдағы күйзеліс болып жатқан елде жүріп, бітімгершілік тәжірибемізді молайта отырып, ру­хани жандүниемізді байыта отырып, «Отан-Ана», «Жер», «Бейбітшілік», «Тұрақтылық» деген қасиетті ұғымдардың мағыналарын жете түсініп, қадір-қасиетінің шексіз екенді­гін сезініп, қазақстандық патриотизм туын берік ұстануға әбден шыңдалдық.

– Тұшымды сұхбатыңызға рахмет!


Сұхбаттасқан Рима ӘБЕУОВА



Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента