Мәдинасыз Кожедубтың атағы шығар ма еді?!

Зымыраған уақыт-ай, міне биыл Ұлы Жеңістің  75 жылдығы және екінші дүниежүзінің соғысының аяқталғанына да 75 жыл толып отыр. Қазақ: «Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер» деген, Ұлы Отан соғысы басталысымен ұл, қыздарымыз   ұрыс даласында кеуделерін от пен оққа тосып, ерліктерімен танылды. Өкінішке орай, бүгін санаулы ардагерлер қалды ғой емес пе.

 «Айтылғанның айыбы жоқ» дегендей, мен кезінде көптеген Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен кездесіп, олардың ұрыс даласында көрсеткен батырлықтары туралы, елін қорғау жолында қаза тапқан жолдастары жөнінде өз ауыздарынан естіп, жазып алған болатынмын.

Сол кездескендердің ішінде үш мәрте Кеңес Одағының Батыры, атағы жер жарған ұшқыш Иван КОЖЕДУБ және оның кәсіби шебер-механигі, қазақ қызы Мәдина ЫСҚАҚОВА бар еді. Талай жыл өтсе де, журналистік кітапшамда естеліктері қалды. Бұл 1980-ші жылдардың басы болатын. Мамыр айында өтетін Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Мәскеудегі «Красная звезда» редакция газетіне авиация генерал-полковнигі (кейіннен авиация маршалы) Иван Кожедуб келеді дегенде, біз, әскери журналистер, қуанышымыз қойнымызға сыймады.
Осы екі майдангердің естен кетпес естеліктерін, олардың батырлықтарын, осынау бізге бейбіт өмірді алып беруге қосқан үлесін жас ұрпақ білсін

Жаудың 62 ұшағын жойған үш мәрте батыр

Сұңғақ бойлы, жүзінен шуақ төгілген, рухы зор əйгілі батыр Кожедуб қолымды қысып, сəлемімді қабылдаған соң, өзінің жауынгерлік өмірі туралы əңгімесін бастады. Батыр Украинадағы Сумы облысына қарасты Ображиевка атты шағын ауылда туған екен.
Соғысқа дейін Кожедуб Шостка химиялық-технология техникумында жəне аэроклубта оқыпты. Сонымен бірге, Чугуев əскери-авиациялық училищесін аяқтап 5-ші əуе армиясына қарасты 240-шы жойғыш авиациялық полкіне келеді.
Иван Никитович аспанға соғыстың басынан атақты авиаконструктор Семен Лавочкиннің «Ла-5» жойғыш ұшағымен, ал 1944 жылғы мамырдан сталинградтық ара өсіруші Василий Конев өз ақшасына ұшақты жасатып, сыйға тартқан «Ла5ФН» жойғыш ұшағымен аспанға 330 рет көтеріліп, фашистердің 62 ұшағын жойып, талай бекінісіне шабуыл жасаған. Осы ерлігі үшін ол үш мəрте Кеңес Одағының Батыры атанды. Курск шайқасында ол жаудың бомбалаушы «Юнкерс-87» ұшағын жойып, жауынгерлік есебін ашады. Соғысты əйгілі батыр майор шенінде, авиаполктің командирінің орынбасары болып аяқтайды.

«Қарындасымның ерлігі ерекше...»

«Көп жасаған білмейді, көп көрген біледі» дегендей, Иван Никитовичтің көргені, түйгені мол. Демек, батыр ұшқыштың қаһармандық істеріне Мəдина апамыздың да қосқан үлесі көп екенін естіп, мен генералға сұрақ қойдым:
 – Шебер-механигіңіз Ысқақова туралы не айтар едіңіз?
 – Кожедуб жымиып, жайымен тіл қатты: – Мэри Пикфорд-Ысқақова ма? Мен қазақ қызын 1920-30-шы жылдардағы Голливуд кино, театр шебері, кербез, талдырмаш актриса Пикфордқа ұқсататынмын. Мəдинаның шағын бойы, тынымсыз еңбегі, сұлулығы, əдемі дауысы атақты актерге келетін. Ысқақова туралы тамаша сөздерді тізбелеп жалғастыра беруге болады. – Ол мен сияқты үш мəрте батыр болмаса да, қарындасымның ерлігі айтарлықтай. Ұшағымды күн демей, түн демей жауынгерлік ұрысқа баптап, менің атағымды асқақтатқан сол нəзік қазақ қызы Мəдина Ысқақова мен Виктор Иванов, Мария Раздорская сияқтылар емес пе? Кожедуб Кожедуб болар ма еді, егер де менің қасымда тиянақты көмекшілер қол ұшын бермесе, жойғыш ұшағым сақадай сай болмаса? Ұрыстың күрделілігі мен ерекшелігін олар талай рет өз бастарынан өткізді. Басқаша айтқанда, ұрыс нəтижесі осы мамандармен байланысты еді. Ысқақова «КП-12» оттегімен жабдықтау құралының, тағы басқа авиациялық аспаптардың жұмыс істеу жағдайына жауапты болатын.
 -330 рет аспанға көтерілгенімде, Мəдинаның тиянақтылығының, жауапкершілігінің арқасында құралдар сағат секілді жұмыс істеді, – деді атақты ұшқыш. Шынында да, ол өзінің кітабында көптеген майдандас жолдастары туралы айта алмапты. Бірақ олардың батырлықтары осы күнге дейін есінде екен. – Солардың ішінде Мəдина қарындасымның жасаған ерлігі ерекше. Менің көзқарасымша, Ысқақова нағыз батырдың батыры. Əскер қатарына шақыруға жасы жетпеген «сары ауыз балапанның» өжеттік танытып, соғысқа сұранып келгені де ерлік емес пе!

Қайсарлығы, өжеттігі таңғалдырардай

Ерлігіне тағы бір мысал келтірейін. Майданда күтпеген жерде əртүрлі жағдайлар кездеседі. Соғыс заңы қатал ғой. Əдеттегідей күнделікті жауынгерлік тапсырмамен біз фашистердің бекінісіне ұшып кеттік. Аэродромды зенитшілер қорғайтын. Ымырт түсе əлдеқайдан гитлершілердің ұшақтары аэродромға шабуыл жасайды. Алғашында зенитшілер тажалдарға күшті атыспен соққы береді. Өкінішке қарай, бірнеше сарбаз ауыр жарақат алады. Ал бірінен кейін бірі қайталанған жаудың шабуылы өрши түседі. Фашистердің ұшақтары бомбалаумен бірге, аэродромды оқтың астына алады. Осы қысылтаяңда оларға менің эскадрильямның мамандары көмекке келеді. Олар жаралы зенитшілермен бірлесе іс-қимыл жасап, дұшпандарға тойтарыс береді. Айрықша батырлық пен батылдық танытқандардың ішінде Ысқақова да болады. Ол жараланғандардың жарасын таңып, ауыр жарақатқа ұшыраған зенитшінің орнына отырып, фашистің ұшағын дəл көздеп атып, отқа айналдырады, – деп еді сонда атақты əскери ұшқыш. Мəдина Курск иіні, Украина, Молдавия, Венгрия, Чехословакия жерлерінде болған маңызды шайқастарға қатысып, қайсарлық танытыпты. Қаруластарын оның жандүниесі, адамгершілігі мен өжеттігі таңғалдырады екен. Өйткені, жаралы болған күннің өзінде саптан кетпейтін көрінеді. «Жолдас командир, мен госпитальге бармаймын, шыдаймын, өз қызметімді ойдағыдай атқарамын, ұшақ «дəрігердің» тексеруінсіз ұшпайды ғой», деп отырып алатын болыпты. Уақыт тығыз болса да, заматта əріптестерімен бірге «Ла-5», соңынан «Ла-7» ұшақтарын жауынгерлік ұшуға дайындап қояды екен. – Өзінің қызметіне намысты болатын. Қандай қысылтаяң сəт кездессе де қаһарланбайтын, жүзінен шуақ кетпейтін. Күйіп-піскенді, налығанды ұнатпайтын, өмірге нұрлана қарайтын. Бір сөзбен айтқанда, тағдырына ризатын.

«Қазақ қызының әні қандай тамаша еді!...»

- Бос уақыт болған кезде біздің көңілімізді Мәдина қазақ, орыс жəне украин əндерімен көтеретін, - деді атақты ұшқыш. - Қазақ əндерін алғаш рет соғыс басталған кезде сіздің елде естіп едім. Біздің авиаучилищеміз уақытша қауіпсіздендіріліп, Шымкент қаласына көшірілген болатын. Мəдина туған жерінің əндерін нақышына келтіріп орындағанда, қазақтың кең даласы, адамдарының қарапайымдылығы, қонақжайлылығы есіме түсіп, қатты əсерленетін еді. - Осы күнге дейін ұмытатын емеспін: «қазақ қызының әні қандай тамаша екендігін!»... Біздер, ұшқыштар, əсіресе, Яков Шведовтің «Смуглянка» əнін ұнататынбыз, ол туған жерімізге деген сағынышымызды басатын, рухымызды көтеретін. «Қарындасым, украин əндерін қайдан білесің?» – деп таңдана сұрағанымда, Мəдина маған қарап: «Біздің ауылда украиндар көп тұрады», деп жауап қайтарып еді. Əлі есімде, Украина жеріне біздің 240 жойғыш авиациялық полкіміз ұшып кіргенде, Днепр үшін сұмдық шайқас жүріп жатқан. Ал Мəдина майданда жүрген əкесін, ағаларын есіне алып, сағынышын, уайымын əнмен басатын, деп еді əңгімеміз кезінде үш мəрте батыр. Полк командирі, авиация майоры Игнатий Солдатенко украин жігіті, жақсы жауынгер досы, ұшқыш, авиация кіші лейтенанты Вано Габуния бір жауынгерлік тапсырмадан оралмайды. Игнатий Семенович командир əрі ұшқыш ретіндегі тəжірибесін 1937 жылы Испания жеріндегі шайқастарға қатысып, жинаған екен. Жасаған ерліктері үшін бірнеше «Жауынгерлік Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған. – Игнатий Семенович Солдатенко командирлік тізгінді қолына алған күннен бастап ұшқыштардың, қаружарақ мамандарының, мотористердің, шебер-механиктердің жауынгерлік дайындықтарымен бірге, көңіл-күйлеріне де назар аударатын. Əрбір сарбаз, сержант, офицермен кең сөйлесіп, жағдайын сұрап, көмегін аямайтын. Əсіресе, гвардия сержанты Ысқақованың Отан алдында абыроймен атқарған қызметі мен ерлігін əр кез əділ бағалайтын. Сонымен бірге, табысты іс-қимылдары үшін Жоғарғы Бас қолбасшының алғысы да оған бірнеше рет жарияланды. Сөз жоқ, əскери марапат Мəдинаны қуанышқа бөлеп, шаттандыратын, ерлікке жігерлендіре түсетін, – деген Кожедуб жеңіл күрсініп, əңгімесін əрі сабақтаған еді: «Шіркін, уақыт болса Қазақстанға барып, Мəдина қарындасыммен кездесіп, соғысты, майдангерлерді еске алып, асықпай елін бірге аралап шығар едік...». Мен Иван Никитовичпен кездескен уақытта атағы жер жарған ұшқыш Кеңес Одағы Қарулы Күштерінің Бас штаб академиясын табысты аяқтап, Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратында əскери қызмет атқаратын.




«Алыс пен жақынды жортқан біледі...»

Мəдина апаймен мен жаздың шуақты бір күнінде, Мəскеуден елге демалысқа келген кезімде кездесіп едім. Сымбатты да келбетті, ашық-жарқын жүзді ардагер жылы қарсы алды. Ол кезде Ысқақова Көкшетау облысына қарасты Володар ауданындағы (бүгінде Айыртау ауданы) Бірлестік ауылында тұратын. Соғыс жəне еңбек ардагері осы жерде оншақты жыл сауыншы болып істепті. Ал оның туып-өскен жері Ақмола облысындағы Сандықтау ауданына қарасты Зверевка ауылы екен. Апайға Иван Никитович Кожедубтың жолдаған жылы сəлемін жеткіздім: «Менім ен кездескен командиріңіз сізге тамаша баға беріп, соғысқа қаршадай кезіңізде келгеніңізге, адамшылығыңызға, ерліктеріңізге əлі күнге дейін таңғалатынын айтты», – дедім. 
Осы хабарды естігенде апай қуанып, тынысы ашылғандай күй кешті. Ардагерге сұрақ қойдым: – Шынында, сіз соғысқа қалай барып едіңіз? – Отанымды жігіттермен бірге қорғаймын деп, əскери комиссарға дамыл бермедім, қайта-қайта комиссариатқа бара бердім. Алғашында əскери комиссар балаң жүзімді бір шолып өтіп, бұрқ етті: «Қандай майдан, 8-ші сыныпты жаңа ғана аяқтадың, оқуыңды оқы, анаңа көмектес!» – деп. Келесі жолы да осы жайт қайталанды...
Кезекті бір барғанымда менің тағы да қыңқылдап уақытын алатынын сезді ме, ақыры жылы сөйледі: «Қызым, дайындал, ертең майданға жүресің, бірақ алғашқы бетте əскери мамандық аласың». Сөйтіп, қайта қайта барып жүріп өтінішімді орындаттым. 900-ге жуық қыз-келіншекпен бірге майданға аттандым, қасымда Жамантұз ауылынан Райхан Мұхамеджанова, Петропавл қаласынан Зина Уəлиақметова, Көкшетау қаласынан Назкия Ақиева секілді құрбыларым болды. Мəдина Ысқақова əскери ұшақтардың кіші мамандарын даярлайтын қысқа мерзімді курсты Кемерово қаласында ойдағыдай аяқтап, 240-жойғыш авиациялық полкіне жолдама алады. «Аса қадірлі мама, – деп жазған Мəдина бір хатында, – шүкірсіз бе? Мені көп ойламаңыз. Құдай бұйыртса, соғыс аяқталысымен елге ораламын. Қазір өзіміздің жерді жаудан тазартудамыз. Міне, Курск, Орел, Белгород қалаларын жаудан азат еттік. Командиріміз Кожедуб деген адам кісіге өте жақын, кішіпейіл. 
Біз Иван Никитовичті өзіміздің арамызда «батя» деп атаймыз. Ол аэродромға ұшағын қондырар-қондырмаста біздің хал-жағдайымызды сұрайды. Кожедубтан фашист ұшқыштары жаман қорқады...». – Күні-түні эскадрилья ұшақтары тапсырмадан оралуда, – деді ардагер механик əрі қарай. Əрине, оларды санаулы уақыт ішінде тағы да ұшыруға дайындау керек. Ол үшін əскери техниканың сырын жақсы білумен бірге, жинақылық пен сергектік керек. Əрбір секунд, минут санаулы дегеннің өзінде, біз командирімізді қапыда қалдырған жоқпыз, атағын көтеруге тырыстық. Өмір көп нəрсеге үйреткен: жылдам əрі дұрыс шешім қабылдауға, адамдармен тіл табыса білуге... «Алыс пен жақынды жортқан біледі, ащы мен тұщыны татқан біледі», деп тегін айтпаған аталарымыз. Жеңімпаз-майдангерлер алғы шепте болып, батырлығымен танылса, тылдағылардың да еңбегі ерен, оны ұмытуға болмайды. Сол соғыс ауыртпалығы мен тауқыметі кемпір, шал, əйел мен жас баланың иығына түсті. Бүкіл ауыртпалықты көтеріп, соғыс балалары ерте есейді.
 Мəдина апамыз туралы кезінде мақалалар жазылды. Мəселен, айыртаулық ақын, марқұм Бекболат Махметов «Қыз бен майдан» атты өлеңінде Мəдина Ысқақова туралы былай дейді: ...Ал Мəдина көк жүзіне бір қарап, Қиындығын міндетінің шын ұқты. Кожедубқа қойды оны бекітіп, Шын қуанды бұл шешімді есітіп. Хас Батырдың аспандағы ерлігі, Фашистерді қоятын-ды шошытып... Жеңіс күнін гвардия сержанты Мəдина Ысқақова Прага қаласында қарсы алады. Мəскеуде өткен Жеңіс парадына 2-ші Украина майданының құрамында қатысып, қуанышы қойнына сыймай, елге оралады. Міне, сол Ұлы Жеңіске Мəдина апамыздың қосқан үлесі де бар. 
Оның ерліктері орден, медальдармен атап өтілген. Сондай-ақ майдангер ерен еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен наградталады, ал 1985 жылы Ұлы Жеңістің мерей тойына байланысты, тағы да майданда ерлігі ескеріліп, Ысқақова II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады. Өкінішке орай, сол жылы батыр анамыз өмірден өтеді. Мəдина апамыз ел шетіне жау тигенде, жастығына қарамастан, туған Отанын қорғаймын деп майданға өзі сұранып барып, атағы дардай асқан шебер ұшқыштың ұшағын ұрысқа баптады. Осылайша қарапайым қазақ қыздарының қолынан да көп нəрсе келетінін ісімен дəлелдеді. Ал ерлік даңқы ешқашан өшпек емес.

Еліміздің болашағы үшін, жастарға үлгі-өнеге ретінде, осындай сұрапыл соғыста батырлық танытқан Мәдина Ысқақоваға неге «Халық Қаһарман» атағы неге берілмеске?! 

Суреттерде: атақты ұшқыш Иван КОЖЕДУБ пен оның авиамеханигі Мəдина ЫСҚАҚОВА
  
Полковник Сапарғали ЖАҒЫПАРОВ, əскери журналист
Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента