Ешқашан батырмын деп, жар салмаған....

Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы,
                                                       армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 98 жаста!

Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов өзінен кейінгі өскелең ұрпаққа: «Сендер жассыңдар, қашанда бір шешім қабылдар болсаңдар, елімнің ертеңіне себі тиеді деп ойланып отырып шешім етіңдер. Еліміздің келешегі сендердің қолдарыңда, ата-бабамыз аңсап өткен Тәуелсіздіктің туын биік желбіретіңдер» - деп, әр кез өзінің әкелік ақылын айтып отырған екен.

    Он тоғыз жасында нағыз ер азамат ретінде Отанын жаудан қорғау жолындағы Ұлы Отан соғысының майдан даласына аттанып, «батыр қазақ жауынгері» атанған Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов бүкіл өмірін әскери-патриоттық еңбек пен Отанын шын сүйіп қорғай алатын ұрпақ тәрбиесіне арнағаны белгілі. Әскери өмірден жинақтаған мол тәжірибесі бар армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетов Тәуелсіздіктің адғашқы жылдарында еліміздің Қарулы Күштерін құруға, сонымен қатар ел әскерінің жаңа заңды құжаттары мен алғашқы қорғаныс Доктринасын қалыптастырып, қорғаныс саласының жұмысын жүзеге асыруда ерекше қызмет атқарғаны анық.

« Шығармай есімізден бі ісін де,

Асылды ардақтайық тірісінде.

Қазақтың қайсар туған

                                   Сағадаты,

Қан майдан шекті кіші, ірісін де.

Өткен күн шыңдағандай сом алмасты,

Төріне тәуелсіздік жол алмасты.

Атанды тұңғыш «Халық Қаһарманы»,

Қорғаныс министрі ең алғашқы,

Туған ел қоштасқанда бодан жайы,

Болмады басшылыққа одан сайы,

Көгілдір Ту астында ол атанды,

Жиырмасыншы ғасырдың Қабанбайы.

Жүйріктей келіп тұрған шын бабына,

Қосты үлес дер кезінде нұрлы ағынға.

Қуанам

Аты аңыз үлкен адам,

Әскери қатар түзеп тұрғанына....» - деп, ақын Кәкімбек Салықов өзінің жыр жолдарымен Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін құрудағы абыройлы қызметіне осылай баға берген болатын.

    Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда елорданың іргесіндегі, Ақмола облысына қарасты Ақкөл маңындағы Қосым ауылында дүниеге келген. 1941 жылы 22 маусым күні ел басына қатер төніп, Ұлы Отан соғысы басталғанда ер жеткен қазақ азаматы Сағадат 17 жаста еді. 1942 жылы Кеңестік Қызыл армия қатарына шақырылып, Түркіменстан Республикасының Кушка қаласындағы әскери училищеге оқуға жіберіледі. Оқуды бітірген соң, 1943 жылдың көктемінде 18 жастан асқан лейтенант шеніндегі Сағадат Нұрмағамбетов майдан даласындағы соғысқа аттанады. Ержүрек жааудан еш қаймықпаған Сағадат Қожахметұлы пулемет взводының командирі, пулемет ротасының командирі, 5-ші екпінді армияның ІІ дәрежелі Суворов орденді 301-ші Донецк атқыштар дивизиясының 1052-ші атқыштар полкі құрамында батальон командирі ретінде гитлерлік неміс басқыншыларына қарсы шайқасты.

    1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезіндегі жауынгерлік ерлігі үшін майор Сағадат Нұрмағамбетовке сол кездегі ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Жеңіс күніне жақындатқан майдангерлер қатарынан көрінген әскери шенді С.Қ. Нұрмағамбетов басқарған батальонының жауынгерлері фашистердің бекінген Рейхканцелярия ғимаратына жасалған шабуылға қатысып, соғысты жеіске жеткен Берлин қаласында аяқтайды.

    Халық батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Қанмен жазылған кітап» атты еңбегінде: «Соғыс – халықтың күш-қуаты мен ерік-жігерін сынайтын ұлы емтихан» - деп, жазған болатын. Осы сынақтан сүрінбей өткен Сағадат Нұрмағамбетов Ұлы Отан соғысының майдан даласында ерліктің ерен үлгісін көрсете білді.

    Әскери шендегі Сағадат Қожахметов соғыстан кейінгі жылдары әскери салада бірнеше жауапты лауазымдық қызметтерге тағайындалып, жемісті қызмет атқарды.

    1991 жылы С.Қ. Нұрмағамбетов Қазақстанның Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің тізгінін ұстаса, 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

    1994 жылғы 23 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовке «Халық Қаһарманы» атағы мен №1 «Алтын жұлдыз» салтанатты түрде табыс етілді.

    Соңғы рет телефон соққан әскери журналистердің бірімен ой бөліскен Сағадат Қажахметұлы: «Келесі жылы 90-ға толған туған күніме қарсы тағы да сұхбат берермін, естелік аз емес. Жүздеген, мыңдаған жылдар, ғасырлар өтер, сол кезде біздің ұрпағымыз Отан үшін от кешкен батыр бабаларын бүгінгідей еске алып, ардақтап мақтан тұтатынына сенемін....» - деп, тіл қатқан екен.

2013 жылы 24 қыркүйекте 90 жасқа қараған шағында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов мәңгілікке көз жұмып, өмірден озғанда қазақ халқының танымал ақыны Кәкімбек Салықов:

«Ешқашан батырмын деп, жар салмаған,

Адам жоқ Сағадатқа таңғалмаған.

Көзін жұмды қазақтың батыр ұлы,

Кеңсесін Гитлердің талқандаған.

 

Сарбаздар ұмтылып, өр шешімімен,

Күн туды жаудың үні өшірілген.

Рақымжан Рейхстагқа ту тіккенде,

Сағадат кірді атойлап есігінен...» - деп, батыр есімін жыр шумақтарына қосқан болатын.

    Қаһарман Сағадат Қожахметұлы туралы «Міндет! Абырой! Ерлік!» атты түсірілген деректі фильмде батырдың жүріп өткен ерлік жолы жайында пікір білдіргендер «қазақтан шыққан даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы Сағадат Нұрмағамбетовті «сыпайы генерал» дейтін еді» - деп, еске алған екен.

Бүгінде Елорда төрінде орналасқан Республикалық «Жас ұлан» әскери мектебі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атында екені баршаға аян.

    Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағдат Қожахметұлы Нұрмағамбетов еліміз егеменді ел болып, Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің ірге тасын бекітіп, жетпістен асқан шағында төл әскеріміздің нығаюына зор үлесін қосты.

   Сағадат есімі – біздің мақтанышымыз! Сағадат Қожахметұлының өнегелі өмірі мен жүріп өткен ерлік жолы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарындағы әрбір әскери қызметшіге мәңгілік өшпес үлгі болатындығы сөзсіз!

 

 

Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы

Думан Жұмашұлы



Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента