Ерліктің алауы бар жүрегінде

Генерал-майор Әділбек Қалибекұлы Алдабергенов 1961 жылы ақпанның 6-шы жұлдызында Шығыс Қазақстан облысы, Үлкен Нарын ауданының Жұлдыз ауылында дүниеге келген. 1978 жылы орта мектепті аяқтағаннан соң Кеңестер Одағы Қарулы Күштерінің қатарына Отан алдындағы міндетін атқаруға әскерге мерзімді қызметке шақырылады. Мерзімді қызметін өтеп жүріп, 1980 жылы Рязан қаласындағы Жоғары  әуе-десанттық әскери-командалық училищесіне оқуға түсіп, оны 1984 жылы бітіріп, «лейтенант» атағын иеленіп, жас офицердің қиын да қызықты офицерлік өміріне қанат қақты. 1985 жылдың сәуір айынан 1986 жылдың тамызына дейінгі аралықта Ауғанстан Демократиялық Республикасында арнайы мақсаттағы топ командирі ретінде өзінің интернационалдық міндетін атқарады. Соғыстан оралғаннан соң түрлі деңгейдегі басшылық қызметтерді атқарып, 1993-1995 жылдар аралығында Мәскеу қаласындағы М.Фрунзе атындағы әскери академияны тәмамдап, жоғары басшылық лауазымдарда қызметін жалғастырады. 2007 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті  – Елбасы Н.Назарбаевтың қолынан генерал-майор атағын алды.
         Ауған соғысында көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, Егемен Қазақстанның төл әскерін құру жолындағы ерен еңбегі үшін «ІІ дәрежелі Айбын», «І дәрежелі Даңқ» және «ІІ дәрежелі Даңқ» ордендерімен, сондай-ақ мінсіз қызметтері үшін көптеген жауынгерлік медальдармен марапатталған. Қазіргі таңда ҚР ҚК Бас штаб бастығының орынбасары лауазымында қызметін атқарады. Алтын асықтай Әли, Алан, Батыр атты ұлдардың әкесі. Әлиі әке жолын қуып әскери училищені үздік аяқтап, Қазбат қатарында офицерлік қызметін атқарып жүр.

Ауған соғысының ардагері – Алдабергенов

2021 жылдың 15 ақпанында Республикамыз Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шығарылған күнін атап өтеді. Қаншама жас боздақты қыршынынан қиып, қаншама ананы зар жылатқан бұл қырғынның да аяқталғанының 32 жылы қарт тарихтың қатпарлы қойнауына қатталады. ҚР ҚК Бас штаб бастығының орынбасары генерал-майор Әділбек Қалибекұлы Алдабергенов те Ауған соғысының ардагері. Ал, 6 ақпанда ардагер ағамыз 60 жасқа толады. Осы бір атаулы күннің қарсаңында бүкіл Ауған соғысының ардагерлерінің құрметіне осы бір орайы келген әңгімені оқырман қауымның назарына ұсынғанды жөн көрдік.

 

Пайғамбар жасы – алпысты алқымдап, еңселі елудің ішін кеңінен аралап кеткен Әділбек ағаның қадірлі қасиеттері аз болмағанымен, соның ішінде алдымен аңғарылатыны қарапайымдылығы ма деп қалдым. Жастық шағынан от кешіп, мағынасыз сұрапыл соғыстың сан қилы сұрқиялылығын бастан кешсе де, ол өткен өмір жолы туралы кейбіреулер сияқты көп ашылып айта бермейді. Әйтпесе арнайы мақсаттағы топтың командирі ретінде алғы шепке аттанған алғашқы күннен бастап табаны күректей екі жылдай жат ел, жат жерде көрсеткен ерлік істері, жастықтың жалынымен жасаған жанқиярлығы жетерлік. Қазіргі өзінің бойтұмарындай кеудесінде жарқыраған ордендері мен бір төбе медаль, жоғары басшылықтан алған алғыстары, тіпті соғыс салған жан жаралары сол қайсарлықтың куәсіндей.

 

Ажалдан намысты артық көрген

«Ауған соғысының қажеті қандай еді?» деген сауалға Әділбек Қалибекұлы біраз үнсіздіктен соң, жайбарақат пішінмен «Ауған халқы үшін соғысқа кірдік. Бұл біздің үлесімізге тиген қызмет болды. Біз – ант берген әскери адамдармыз. Бұйрық берілді. Бұйрық бұлжытпай орындалуы тиіс. Біз жай ғана бұйрықты орындадық» деп жауап берді. 

Жас лейтенант бірер аптадай ғана дайындықтан соң арнайы мақсаттағы жасақтың командирі болып нағыз ұрыс қимылдарына араласып кетті. Оның тобына қойылған тапсырма да оңай емес еді. Ауғанстан тарапынан Пәкістан жақтан келетін мұздай қаруланған күннен күнге күшейіп отырған дұшпандар тобын жібермеу болатын. Қарамағындағы сарбаздардың бәрі де Қапшағай бригадасының десантшылары еді. Өзі де нағыз десантшы. Әрқайсысының өзіндік өмір жолы бар, бәрі де оған өз бауырларындай ыстық әрі жақын болатын. Сол бір жан алысып, жан беріскен қияң-кескі ұрыстардың біріндегі мына бір оқиғаны Әділбек аға күрсіне еске алады. «Аяқ астынан орын алған кезекті ұрыстардың бірінде жас командир бірден үш жауынгерінен айырылады. Өмір мен өлім арпалысқан осындай сын сағатта нағыз ер азаматқа тән мінез танытып, қандыкөйлек досын қайткен күнде де жау қолында қалдырмауға бекініп, автоматтан бораған, толассыз заулаған оққа да, өз өміріне төнген қатерге де, қарамастан қарсы жаққа өтіп, өз жауынгерінің денесін арқасына арқалап жау жағынан алып шығады, қолында қыршын сарбаздың шашылған миы қалған лейтенант Алдабергеновтың тобындағы орны толмас қазаның бұл алғашқысы және соңғысы еді. Жалындаған жас жүрегінде өкініш пен ызаның, орны толмас қайғының табы қалды. Бірақ жалы жығылып, рухы құлаған жоқ. Қайта Ауған соғысының бар қиындығын арқалап, табандылық таныта білді. Бұл мағынасыз соғыста Әділбек аға 50 жауынгерлік жорық жасап, қарулы қақтығыстарға қатысты, алғашқы ұрыстарда басынан алған жарақатына қарамастан өз міндетін абыроймен соңына дейін атқарып шықты. Осы орайда оның соғыс пен ажалға қатысты өз сөзін мысалға келтіре кетсек:

·      Міне, бауырым, соғыс деген осы, - деді ол жымиып. – Соғысқа қатысқандардың бәрі де оқ пен оттың, өмір мен өлімнің арасында жүреді. Қазір ойлап отырсам, адам деген тірі жанның соншама жанкештілігіне таңғаламын. Әсіресе, қазекемнің намысы ажалдан да артық жатыр-ау деймін....

 

Соғыстан кейін және Қарулы Күштердегі қызмет

Зырлаған уақыт орнында тұрмайды. Аға ұрпақтың ізін басып өкшелеп келе жатқан бала ұрпақ жалғастырар ертең бабалардың даңқты жолдарын. Тек соларға дұрыс бағыт, парасатты тағылым бере білсе, аға арманының орындалғаны емес пе?!. Міне, Әділбек ағаның да қаумалаған көп асыл армандарының бірі – осы. Әуе-десанттық училищесінің курсанты кезінен бастап қалыптасқан десанттық дәстүр, әскери тәртіп, соғыс қимылдарына қатыса жүріп жинаған сарқылмас мол асыл тәжірибелерін ізбасар інілерімен, жас десантшылармен бөлісе жүріп,  Қарулы Күштеріміздің маңызды бір бөлшегі – десанттық-шабуылдау әскерлерін, Қазақстан десантын 2009-2013 жылдар аралығында басқарды.

Қолбасшысы қандай болса, әскері де сондай болмақ.  Сол жылдары десантшылардың өрге басқан әр ісі Әділбек ағаның жетістігі мен қуанышы болды. Ол – десанттық-шабуылдау әскерлерімен бірге жасап, біте қайнасқан тұлға. Ыңғайлы істің ұтырын тапқан ұйымшыл ұжым қабілетті басшының іскер ұйымдастырушылығының арқасында «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» бір мақсатқа жұмылды.

Бұл майдангер қолбасшының көтерілген абырой мен бақыт баспалдағының бір белесі ғана. Ал оның ұшар басына жеткізер қанат – ерлік, еңбек пен зор парасат болса, генерал Алдабергенов сол биікке қарай тоқтаусыз, тоқыраусыз беттеп, 2013-2016 жылдар аралығында ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің штаб бастығы – Бас қолбасшының бірінші орынбасары лауазымын атқарды.

2016 жылдың қазан айынан бері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары.

 

Туған жердің қасиетті топырағы

ШҚО Қатонқарағай ауданы әкімінің ұсынысымен 2020 жылдың 25 желтоқсандағы VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXVI сессиясының шешімімен генерал-майор Әділбек Қалибекұлы Алдабергеновке «Қатонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Туған жер – алтын бесігін әрдайым мақтаныш тұтатын Әділбек Алдабергенов: «Ұлы Отанды қорғау қызметім осы кіші Отаным – ауылымнан басталған. Менің осындай дәрежеге жеткенім сіздердің баталарыңыз бен туған жерімнің топырағының қасиеті деп білемін. Мен үшін басқа атақтарымның бәрі бір төбе болса, туған ауылымның берген атағы – бір төбе», - деп құрмет көрсеткен ауыл жұртшылығына деген ыстық ықыласын білдірді.

Иә, тек Шығыс Қазақстан жұртшылығына ғана емес, бүкіл республикамызға танымал тұлға – Әділбек Қалибекұлының алпыс жас ғұмырында шежірелі сырлар көп. Осынау белес-белес белдерден өткен үлкен өмір жолының қия-қалтарысын бүгінгі аз сәттік әңгімеде тұтас көрсету тіптен мүмкін емес, әрине. Дегенмен, сынаптай сырғыған уақыт ағысының терең иірімдерінде сомдалған адамдық болмыс-бітімнің кейбір кезеңдерінен шертілген осынау үзік-үзік сырлардың өзі-ақ көп нәрсені аңғартқандай.

«Артыңа қарағанда ұялмайтындай өмір сүр» депті бір данышпан. Асылы, өсер ұрпақ ғибрат аларлықтай, үлгі тұтарлықтай, дәл осылай өнегелі өмір кешкенге не жетсін!


Майор Нұржан МАЛҒАЖДАРОВ,

Өскемен гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы



Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента