Елбасы және ел Тәуелсіздігі

Әлеумет әлсіреген, ел еңсесі түскен заманда қазақ қоғамына «президент» деген ұғым енді. Жалпақ тілмен айтқанда, бір мемлекетті басқаратын беделді тұлға. Сол кезде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі Қазақстанның бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын оған лайық деп таныды. Кейіннен Қазақ КСР президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы желтоқсанның 1-і күні жалпыхалықтық сайлауда қайта сайланды. Осылайша Қазақстанның Тұңғыш Президенті қызметіне кірісті.

Президент болып сайланды

Елімізде Президенттік билік институты 1990 жылы құрылды. 1990 жылдың 24 сәуірінде алғашқы президенттік сайлау өтті. Сайлауда абсолюттік көпшіліктің мажо­ритарлық жүйесі қолданылды. Қазақ КСР-і халық депутаттары жалпы са­ны­ның жартысынан көбінің дауысын алған кандидат сайланған болып есептелді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасына Жоғарғы Кеңестің 317 депутаты (88,1 %) дауыс беріп, ол Қазақ КСР-нің Президенті болып сайланды.

1990 жылғы 20 қарашада қабыл­дан­ған «Қазақ КСР-індегі мемлекеттік би­лік пен басқару құрылымын жетілдіру және Қазақ КСР-і Конституциясына (Негізгі Заң) өзгерістер мен толық­ты­ру­лар енгізу туралы» Заң Президент жоғары атқарушы және өкімгерлік биліктің басшысы болып табылады деп белгіледі.

Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы ыдыраған күрделі кезеңде Н.Назарбаев бүкілхалықтық сайлау өт­кізу туралы шешім қабылдады. Жоғар­ғы Кеңестің 1991 жылғы 16 қазан­да­ғы кезектен тыс (алтыншы) сессиясында «Қазақ КСР-і Президентін сайлау туралы» Заң қабылданып, осы күні Жоғар­ғы Кеңес Қазақ КСР-і Президентін сайлауды 1991 жылғы 1 желтоқсанға тағайындады.

1991 жылғы 1 желтоқсандағы прези­денттік сайлау ел үшін тағдыршешті оқиға болды. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел азаматтарының тұңғыш рет жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланды. Сайлау шын мәнінде бүкілхалықтық болды. Оның айғағы – сайлаушылардың сайлауға қатысудағы жо­ғары белсенділігі.

Сайлауда Н.Назарбаевқа қазақстандықтардың 98,78 %-ы дауыс берді.

Халыққа ант берді

 Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне кірісуге арналған салтанат сол жылдың, яғни 1991 жылдың 10 желтоқсанында болған еді. Президенттің қызметіне кірісу және ант беру салтанаты ежелгі халықтық дәстүр мен қазіргі өркениет үлгілерінің айшықталған жағдайында өтті. Президент ежелгі дәстүр бойынша ақ киіздің үстіне көтеріліп, қолын Конституцияға қойып, ант берді. Ант беру рәсімінен кейін тебірене сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеп келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп, ашаршылыққа ұрынып, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмыт­қанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу болса да ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық. Қазақ Республикасының Президентін бүкіл халық сайлағаны – осы жолдағы ең биік бе­лестің бірі. Елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бір ауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дарқан еліме, ата-бабамның аруағына сүйенемін», деп тебірене ағынан жарылды.

Президентке бүкіл халық атынан өкілдік берілгеннен кейін 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы Заң» қабылданды. Тарих бізге 1991 жылдың 16 желтоқсанынан бас­тап Тәуелсіз мемлекет құрудың сыбағасын ұсынды. Сөйтіп, еліміздің тар жол, тайғақ кешулі қасиетті сапары, азаттықтың арпалысқа толы ақ жолы басталып еді.



Батыл шешімдер қабылдады

Елбасы өзінің туған халқына деген сеніммен тәуекел деп тәуелсіз елдің іргетасын қалауды, оны нығайтуды қолға алды. Бойындағы туа біткен қасиеті және өмірлік тәжірибемен бекіген төзім­шіл­дігі, сабырлығы, ұстамдылығы бар Тұңғыш Президентіміз бүкіл қазақстандықтарды өзінің айналасына топтастыра алатын саясаткер және дара тұлға екендігін танытты. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшылығына келген алғашқы сәттен бастап айрықша ерекшелігі бар өзгеше бір халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай, уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлестіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешудегі даралығымен бірден әлем назарын аударды. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің бетбұрысты кезеңдерінде Мемлекет басшысы ретінде, әсіресе, экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздікке қатаң қарсы тұра білді. Ешкімнің ойына келмеген және де бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімдерді батыл қабылдап жатты.

Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа астананы тұрғызу бастамасы мен оны ақиқатқа айналдыруы Елбасының модернизациялық жобасының басты табысының символына айналды. Қазақстанның жаңа астанасы шын мәніндегі жаңа дәуірдің қаласы бола алды. 1994 жылы Н.Назарбаев астананы көшіру ойын алғаш рет алға тартқан кезде бұл жағдай қоғамда екі ұдай пікір болған еді. Дүние тарихында өз тәуелсіз мемлекеттіліктерін қалыптастыру кезе­ңінде бір де бір мемлекет басшысы мұндай түбегейлі батыл қадамға барған да емес. Жаңа астананың салынуы және көшірілуі рекордтық аса қысқа мерзімде өтті. Бұл қадам дағдарыс кезеңінде қазақстандықтардың әлеуметтік опти­мизміне қолдау жасау үшін өте маңызды еді. Астана елдің өткенінен болашаққа, жаңа дәуірге ауысуының нышандық оқиғасына айналды. Жас елдің мүмкіндіктері әлемге паш етілді. Астана саяси және экономикалық қана емес, сонымен бірге Назарбаевтың жеке, адами жобасына да, ұлттық тарихтың жаңа келбетіне де айналды.

Мемлекеттің, оның басшылығының қандай саясат жүргізуіне, қандай бағыт және жол таңдағанына сәйкес саяси құрылым, саяси жүйе, саяси билік түрі орнайды. Аталған саяси жүйе мен билік түрі және елдің саяси бағыты жаңадан тәуелсіздік алған елдердің таңдаған даму үрдісіне және сол елдің басшылығының жүргізген саясатына байланысты да қалыптасады. Сол сияқты Қазақстанның да жаңа мемлекеттілікті қалыптастырудан бастап өзіндік мемлекеттік құрылыстағы, әлеуметтік-экономикалық дамудағы, елдің қоғамдық өмірінің кезең-кезеңімен демократияландыру бағытындағы қазақстандық жолы қалыптасты.

«Назарбаевтың нұсқасы» деп аталған бұл стратегия шетелдік саясаттанушылар мен қайраткерлердің оң бағасына ие болуымен қатар, қазақстандықтардың да басым көпшілігінің қолдауына ие болды. Бұл қолдаудың дәйектілігі мен шынайылығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің Тұңғыш Президенті ретінде де, тәуелсіз елімізді өтпелі кезеңнің ауыр қиыншылығынан алып шығуда және оның бұл бағыттағы жүргізіп отырған саясатымен байланысты болған Парламент және Президент сайлауларында айқын жеңіске жетуінен де көрініс тауып келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстанның өзіндік даму жолын таңдауы туралы бастамасы алғаш рет 1992 жылы мамыр айында «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясында» жария етілді. Тәуелсіз еліміздің бағытын айқындауда, оқиғаны болжап білуде, түпкі мақсатқа қол жеткізуге сенімді болуға мүмкіндік беретін Қазақстан қоғамы дамуының айқын және нақты стратегиясының қажеттігін баса көрсеткен Елбасы Н.Назарбаев аталған еңбегінде мемлекет алдында қойылып отырған нақты стратегиялық мақсаттарды белгілеп берді. Мемлекет басшысы еліміздің саясат саласындағы басым бағыты жас егеменді мемлекеттің күшті президенттік республика құру бағытына тікелей байланысты болу қажеттілігіне назар аудартты. Ел тәуелсіздігінің баянды болуы мен болашақтың кемелділігін қамтамасыз ету жолындағы Тұңғыш Президентке артылар жүк те ауыр болды. Артылған жүкті абыроймен көтеру, халық сенімін ақтау, тәуелсіздікті тұғырлы ету, әлемдік қауымдастыққа терезесі тең елдер қатарында болуды жүзеге асыру одан да қиынырақ істерді атқаруды, батыл шешімдер қабылдауды қажет етті. Осы аталған аса маңызды мақсат, міндеттерді шешу тұрғысында Елбасы Н.Назарбаев бірден-бір дұрыс қадам жасай алды. Бұл қадам тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен қалана бастаған Қазақстанның өзіндік даму жолы еді. Бұл жол тек экономикалық үлгіні таңдауға, жалпы конституциялық ережелерді қабылдауға, президенттік күшті билікті орнықтыруды ғана емес, сонымен бірге саяси режимді, инфрақұрылымды және конфессионалдық қатынастарды қамтудың да саяси үлгісі болатын.

Қорғанысты мықтады

 

Тарихтың осы бір бұлтарысты кезеңінде Тұңғыш Президент тәуелсіздіктің берік қорғанысын қамтамасыз етер, жас мемлекеттің құрыш қалқаны болар жаңа тұрпатты әскерін құрып, Қарулы Күшін қалыптастыруды мақсат тұтты. Өйткені сол кездегі Кеңес армиясының әскери қуаты мен жауынгерлік әлеуетін сақтап қалу үшін тәуелсіз елдердің Қарулы Күші біріккен күйі қалған еді. Сондықтан елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын ескерген Мемлекет басшысы 1992 жылғы 7 мамырда №745 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін құрды. Осылай еліміздің Қарулы Күші дүниеге келген еді.

Айта кететін бір жайт, сол кезде базбіреулердің «Егемен Қазақстан бейбіт саясат ұстайды, сондықтан да Қарулы Күштерін ұстаудың не қажеті бар…» дегенге саятын пікірлері болды. Оған жауап ретінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылғы 8 желтоқсанда күштік ведомстволар құрамаларының басшылары мен командирлерінің алғашқы жиналысында: «Біз – егемен, тәуелсіз мемлекетпіз, сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі ішкі және сыртқы саясатты қалыптастырудың жалпы құрылы­мындағы ең өзекті мәселе болуы қажет. Сол себепті бізге саны жағынан шағын, бірақ заманға сай қару-жарақпен жабдықталған, жо­ғары ұтқыр, білімді, егемен елімізді қорғау мүддесі үшін кез келген жағдайда түрлі іс-қимылға даяр армия қажет» деген кесімді пікірін айтты. Және сол мезетте Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде Қазақстан армиясын қалыптастыруда әскери саладағы алғашқы нақты қадамдарын бұған дәлел ете алды.

Қазір талай жолды артқа тастап, Қарулы Күштеріміздің «қанаты қатайып, бұғанасы бекіді». Жаңарған Қазақстанмен бұл сала да жаңара түсті. Мықтап бекіп, міндетін абыроймен атқарып, жыл өткен сайын Қарулы Күш­теріміз қарыштап дамыды.

Бүгінде заманауи және кәсіби әскері бар бейбіт елміз. Бүгінде Қазақстан өзінің әскери әзірлігі және техникалық жарақтануы жағынан әлемнің алдыңғы қатарлы армияларымен иық теңестіре алатын дәрежеге жетті. Кәсіби тұрғыда шыңдалған Қарулы Күштеріміз халықаралық бірлескен стратегиялық кешенді оқу-жаттығуларына белсене қатысып, мерейлерінің үстем болып жүргені де бар. Еліміздің Қарулы Күштері жауынгерлік даярлықтың жоғары қарқынды деңгейімен, сапалы жұмылдыру резервімен, ұлттық әскери оқу орындары жүйесімен және қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен ТМД-ның кейбір елдерінің арасында оқ бойы озық тұруы да – біз үшін мақтаныш. Мұның бәрі әскери қызметшілердің жоғары кәсіби даярлығымен, үйлесімділік пен жауынгерлік дағды үлгісін көрсетумен және аға буынның батырлық, жауынгерлік дәстүр сабақтастығының жалғасуымен жетіп отырған жетістіктеріміз екенін білгеніміз жөн.

 

Қазақстанның беделін арттырды

Мемлекет басшысының еліміздегі кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформаларды жүзеге асыруда, Қазақ елінің әлемге танымал мемлекет болып танылуына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. ҚР Президентінің қазақ елі алдындағы қызметі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы Декларацияда тайға таңба басқандай анық жазылған болатын.

«Республикамыз жиырма жыл ішінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Елді қорғауға қабілетті Қарулы Күштер құрылды, құқықтық тәртіпті сақтау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету органдары қалыптастырылды, Қазақстан өзінің мемлекеттік шекарасын заңдық тұрғыдан ресімдеу мен межелеу жөніндегі мәселелерді түпкілікті шешті, кең байтақ жерінің шекаралық шеңбері бойында тату көршілік белдеуін қалыптастырды. Шекарамыздың шегенделуі мемлекетіміздің дұрыс бағыттағы халықаралық саясатының және Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тікелей жеке беделі мен күш-жігерінің арқасында мүмкін болды. Мұның өзі тәуелсіздік жылдарында қол жеткізілген ел тарихындағы баға жетпес жетістіктердің бірегейі болып табылады» делінген еді декларацияда.

Иә, осы жылдар ішінде шекарамызды шегендеп, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың нағыз ерлікпен пара-пар сындарлы сыртқы саясатының жемісі. Еліміз екі ірі мемлекет Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқаны белгілі. Аспанасты елімен шекараны тек делимитациялау туралы келіссөздер 6 жыл жүргізілді. Қытаймен шекаралас 15 мемлекеттің ішінде іргесін тиянақтап, аражігін ашып алған бірден-бір ел – Қазақстан.

Ядролық қарудан бас тартып, Семей полигонын жабу – Қазақстанның әлемдік саясаттағы оң қадамының бірі. Кеңестік әскери арсеналдан мұра болып қалған әлемдегі төртінші ядролық қару елімізге тиесілі еді. Мұндай әлеуеттен бас тарту үлкен саяси ерік-жігерді қажет етті.

Осылайша, 1991 жылы Қазақстан ядролық қарудан бас тартқанын күллі әлемге паш етсе, 1992 жылы жас мемлекет БҰҰ мүшесі болды. Кейіннен Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы, Еуропа Одағы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Кеден Одағы, Еуразиялық Экономикалық Қауымдастық және Ислам Ынтымақтастық Ұйымы, Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт Ұйымы сынды ірі халықаралық ұйымдармен өте тығыз байланыс орнатты. Және олардың кейбіріне төрағалық жасап та үлгерді. Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретінде әлемдегі қарулы қақтығыстар ошағы Ауғанстан мәселесін көтерді. Ал 2018 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етті, Сирия мәселесін шешуде арағайындық танытты. Астанада 6 мәрте келіссөздер өткізіп, араздасушы мемлекеттердің мәмілеге келуіне атсалысты. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор.

Міне, осылайша, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев аз ғана жылдың ішінде бұрын-соңды болмаған мемлекет құрды. Мыңдаған жылдар бойы бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің туын көтерді.

 

P.S. 2011 жылдың 10 желтоқсаны күні ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. Заң 1 желтоқсанда аталып өтілетін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күнін белгілеген еді.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента