Ауғанстан соғысының жауынгері Ермек Шушаков: «КАDЕХ» көрмесінің патриоттық тәрбиеде мәні зор

Еліміздің саяси-әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан өркендеуі жағдайында жас ұрпаққа ұлттық рухани құндылықтар негізінде тәлім-тәрбие беру ісін кешенді, жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттілігі еселеп артып келеді. Оған «КАDЕХ» халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесінің қосып жатқан үлесі орасан. Мәселен, аталмыш көрменің бұдан бұрынғы шарасында өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында Ауғанстан соғысына, өзге де әскери қақтығыстар мен жауынгерлік қимылдарға қатысқан астаналықтар мен олардың отбасы мүшелерінің кездесуі ұйымдастырылған болатын. Сол кездесуге куә болғандардың бірі – Ауғанстан соғысының жауынгері Ермек Амантайұлы Шушаков. Бұл кісімен өзара әңгімеміз жастардың әскери-патриоттық бағыттағы тәлімі жайында өрбіді.

-         Ермек аға, бүгінгі күні жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие берудің ұйымдастырылуы оның сапалы жүзеге асырылуымен байланысты болып отыр. Осы орайда, патриоттық тәрбие неден басталуы қажет деп ойлайсыз?

-         Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы көзінің қарашығындай сақтап, біздерге аманат ретінде қалдырып кеткен асыл мұраларымызды, салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарымызды, адами құндылықтарымызды, қысқасы ұлттық атрибуттарымызды патриоттық тәрбие беруге пайдалану үшін жан-жақты зерттеп, жете зерделеуіміз қажет. Бұл бір. Екіншіден, жалпы адамзаттық құндылықтарды, тарихи тәжірибені, сан ғасырлық мәдени дәстүрлерді ескерген абзал. Үшіншіден, жаңа ғасырды техника мен технологиядан бөліп қарай алмайтын жас жеткіншектердің бойында патриотизмді қалыптастыру үшін алдымен «патриотизм» сөзінің мағынасын сіңіре білуіміз керек. Бұл жерде «мен патриотпын» деген ұғымды баланың санасына құя білу үшін қолдан келетін мүмкіншіліктерді түгелдей қолдана білген дұрыс.

-         Яғни, бүгінгі әскери-патриоттық идея да, әскери-патриоттық тәрбие де қазіргі заманның адамдарына, олардың талғамдары мен мүдделеріне сай анық та түсінікті түрде берілуі тиіс демексіз ғой.

-         Әрине. Өз халқымыздың тарихының өнегелі жақтарын білу, өз еліміздің кешегі мен бүгінгі қаһармандарын мақтаныш ету, олардың ерлігіне тағзым ету – патриотизмнің құрамдас бөлігі болып саналады. Алайда, тарихтың ақтаңдақтарын жеткіліксіз оқып-үйрену, түрлі тарихи және ғылыми теориялардың арасындағы келіспеушіліктер мен айырмашылықтар, жастардың төл тарихына деген қызығушылығының айтарлықтай аз болуы, әсіресе батыстық идеология мен теориялардың басымдық ықпалы бұған көп кедергі жасауда. Көпшілік жағдайда жастардың бұқаралық, кейде арзан мәдениетке еліктеп, этномәдени, дәстүрлі, ұлттық бастаулардан алыстап кетуі қалыпты және кеңінен тараған үрдіске айналды. Нарықтық қатынастардың кеңінен орын алуы, ересектердің тәрбиеге жеткіліксіз көңіл бөлуі, ата-аналардың уақытының жетіспеушілігі мен қолдарының тимеуі ұрпақ тәрбиесінің рөлін түсірді. Бұл өкінішті жәйт. 

-         Патриотизм тақырыбы, оның ішінде қазақстандық патриотизм мәселесі барлық қоғамдық, мемлекеттік, саяси, мәдени-рухани тақырыптардың өзегіне айналып отыр. Бұған сіздің көзқарасыңыз.

-         Әскери-патриоттық тәрбие беру мәселесін қай елдің болса да өткен тарихынан, бүгінгі саяси идеологиясы мен болашаққа жасалған стратегиялық жоспарларынан көруге болады. Біздің кездесулерде патриоттық тәрбие мен қоғамдық–саяси сауаттылықты қалыптастыруға басымдық беріледі. Өйткені, патриотизм жас буынға қоғамдық сана негізінде ұғынылуы керек. Менің ойымша, жас ұрпақтың бойында қоғамдық-саяси сауаттылықтың негіздерін қалыптастыру, олардың заңдылықты, қоғамдық өмір нормаларын қадірлеуге, біздің халқымыздың тарихи өткені мен мәдени мұрасына құрмет көрсету рухында тәрбиелеу егемен ел үшін – аса қажеттілік. Жастар үшін тәрбиелік мәнді істердің бірі – әр түрлі деңгейдегі және мазмұндағы тәрбиелік шаралар, мемлекеттік мерекелерді атап өту, түрлі әскери-патриоттық акцияларды ұйымдастыру мен өткізу. «КАДЕХ» халықаралық көрмесінде азат армиямыздың тарихындағы қол жеткізген жетістіктері, озық әскери техникасы мен қару-жарағы жер жаһанға танылады. Отандастарымыз үшін бұл маңызы зор оқиға. Осы шараның аясында әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарының жүргізілуі ұрпақтардың сабақтастық байланысын бекіте түседі.

-         Әңгімеңізге рахмет.   


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента