Ата заң - патриоттық тәрбиенің бастауы

Тәуке хан Жоңғар мемлекетіне қарсы күресте Қазақ хандығының ішкі әкімшілік, соттық, әскери, құқық салаларына кешенді реформалар жүргізгені тарихтан белгілі. Тәуке реформасының үлкен жемісі – билер кеңесі қабылдаған «Жеті жарғы» заңнамасын – бүгінгі күні Конституция алмастырды. Азат елдің Ата Заңы хақында Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің М.Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының директоры, профессор Мұхтарбек Қарпықұлы Кәрімовпен әңгімелесіп, ой бөліскен едік.

-         Мұхтарбек Қарпықұлы, «Жеті жарғы» заңнамасы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қазақ жауынгері үшін қаншалықты маңызды болды?

-         «Жеті жарғы» заңнамасында сол кездегі қазақ қоғамының барлық ерекшеліктері ескерілді. Заңнамада қазақ хандығының әкімшілік жүйесіндегі тайпа және ұлыстарға билік жүргізуші сұлтандар мен төрелердің билігі шектеліп, қарапайым халықтан шыққан би-батырлар мен қожа-молдалар ел басқару ісіне араластырылды. Әрбір ру-тайпаның көшіп-қонатын көктеу, жайлау, қыстау, күзеу жайылымдары белгіленді. Ұшса құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аймақты бір орталықтан басқару үшін қазақ сахарасын үш қанатқа бөліп, ұлыс бегі ретінде сұлтандар тағайындалып, ру-тайпа мен ұлыстар арасындағы дау-дамайды шешуге қара қылды қақ жарған әділ билер сайланды. Қожа-молдалардан үш жүзге пір сайлап, оларға дін істерінің өкілеттілігі берілді. Мемлекеттің ең жоғарғы заң шығарушы құзыретті органы – жыл сайын белгіленген уақытта өтетін құрылтайдағы «Билер кеңесі» болып жарияланды. Мемлекеттің ішкі жағдайындағы әкімшілік мәселелермен бірге азаматтық, қылмыстық істерді реттеу негіздері және сұлтан-төрелер, қожа-молдалар, би-батыр, ақын-жыраулардың атқарар қызметіне қарай құқықтық мәртебесі белгіленді.

-         Қазақ әскерінің құқықтық мәртебесі қалай белгіленді?

-         Билер кеңесі шығарған шешім бойынша қазақ әскері ондыққа, жүздікке, мыңдыққа, түменге бөлініп, тиісті дәрежесіне қарай батырлар жүзбасы, мыңбасы, түменбасы болып тағайындалды. Сондай-ақ, тікелей Тәуке ханға бағынатын шекара аймақтарын күзететін және Хан ордасына мәлімет жеткізіп тұратын барлаушылар қосыны да құрылды. Тосын жағдайдағы мәліметтің Хан ордасына шұғыл жетуі үшін әрбір 5-7 шақырым сайын биік төбелер үйіліп, от қойып белгі беру үрдісі қалыптасты. Бұған қоса Хан ордасының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мың қаралы шамасында төлеңгіттерден арнайы жасақ құрылды. Мәселен, қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері Абылай ханның, тарихи тұлға Әбілмәмбет ханның заманындағы төлеңгіттерді алайық. Құлға жатпаған әлеуметтік топ. Төлеңгіттер – хандар мен ұлыс-сұлтандардың сенімді адамы, орда ішіндегі және сыртқы дипломатиялық қызметті тындырушы, ең маңыздысы мықты әскери қызметшілер болды. Олар соғыста ешқашан қашпады, ханы мен сұлтанын қорғау жолында өмірін қиюды зор мәртебе санады. Соғыс жағдайында Қазақ армиясының бас қолбасшысы міндетін Тәуке ханның өзі атқарды. Ел қауіпсіздігі үшін өте күрделі жағдайда соғыс дабылы қағылып, ақын-жыраулар сауын айтып, төрт қаруы сай әрбір қазақ жауынгері белгіленген ту астына жиналуы тиіс болатын. Осындай жүйелі әскери тәртіптің негізінде Тәуке хан жоңғармен болған соғыстарда 80 мың әскерді бір мезгілде жинап үлгерген екен.

-         «Қазақ елінің уставына» да тоқтала кетсеңіз.

-         ХХ ғасырдың басында Қазақ мемлекетін құру жолында күрескен Барлыбек Сыртановтың (1866-1914) «Қазақ елінің уставы» атты еңбегінде: «Қазақ елі – көне ұлттардың бірі. Қазақ елі – халық билейтін һәм қазақи ерекшеліктері бар ел. Оның тарихының тамыры тереңге жайылған. Жеке ел болып өмір сүрді, елін, жерін қорғады. Ұрпақ жалғастырудан 7 миллионға жетті. Санымен Россияда үшінші орында. Қазақ елінде ең басшы орыны – Ұлт мәжілісі. Оған дауыспен өткендер Қазақ елінің басшысы Президентті төрт жылға сайлайды. Қазақ елінде билік жүргізу закон шығаратын (парламент), орындайтын (үкімет) һәм сот болып тұрады. Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып тұрады. Қазақ жері оның меншігінде болады. Қазақ елінің жері саудаға түспейді. Құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты. Жердің кені, орман, су, көлі һәм таулары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, үй салу, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару хүкімет рұқсатымен болады» деп баяндалған.

-         Ал, Конституцияның тарихы неден басталады?

-         «Конституция» – латыншадан аударғанда «құрылыс» деген мағынаны білдіреді. Алғаш рет Ұлыбританияда 1679 және 1688 жылдары құқықтар жөніндегі билль деген атпен қабылданған көрінеді. Жазбаша Конституция ең алғаш 1787 жылы АҚШ-та, бұдан соң 1791 жылы Франция мен Польшада қолданысқа енді. Ал, Қазақстанда бес Конституция қабылданды. Тұңғыш рет 1924 жылы, одан кейін 1937,1978,1993,1995 жылдары жазбаша түрде қабылданды. Яғни үшеуі Кеңес Одағы заманының еншісінде. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде өз Конституциясын тұңғыш рет 1993 жылы 28 қаңтарда қабылдады. Азаттық алған елдің алғашқы Ата Заңын әлем мойындады. Дегенмен, 1995 жылы 30 тамыз күні республикалық референдумда Қазақстан халқы мемлекеттің жаңа негізгі Заңына дауыс беріп, ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет үшін тарихи таңдау жасады. Жаңа Конституцияның ерекшелігі сол, ол – заң шығарушы, атқарушы сот билігін белгілеп, олардың құзіретін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап берді. Мемлекеттік лауазымды адамдардың, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол бермеді. Қазақстан халқының игілігін көксеген Конституцияны қайта қабылдаудағы басты мақсат – тәуелсіздік тұғырын одан әрі көтеру.

-         Конституцияны қолданудың тәжірибесі – ішкі мәселелерді шешуде ғана емес, дәл бүгінгі заманның талаптарына жауап беру үшін де аса қажет демексіз ғой?

-         Әрине. Еліміздің негізгі заңы уақыт сынынан өтіп, өзінің өміршеңдігін көрсетті. Конституцияның негізгі қарарларын жүзеге асырудың басты кілті – саяси тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттің территориялық бүтіндігі. Мемлекеттің қорғанысы - ең жоғарғы халықаралық стандарттарға сәйкес қазіргі кәсіби армияны дамыту деген сөз. Яғни сенімді қорғаушы болмай, қоғам мен мемлекетті реформалаудағы міндеттерді орындау мүмкін емес. Ең бастысы – Ата Заң – армиямыз бен халқымыздың қаһармандық дәстүрлеріне адал, еліміздің қауіпсіздігі мен бейбітшілікті қорғау жолында қажет болған жағдайда қиыншылықтарды жеңуге әзір тұратын ержүрек патриоттар мектебінің қайнар көзіне рухани күш берді.

-         Сұхбатыңызға рахмет.

   


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента