Алып техниканы тізгіндеген Анаргүл

«Ереуіл атқа ер салмай, еңку-еңку жер шалмай, ерлердің ісі бітер ме?!» деген Махамбеттің өлең жолдарын оқығанда, көз алдымызға елін, жерін жаудан қорғау жолында жар құлағы жастыққа тимей, қар төсеніп, мұз жастанған, мұздай темір құрсанған есіл ерлер елестейтін. Олардың түр-тұлғасы, кескін-келбеті де бізге зорайып көрініп, ертегінің алып батырларын алдымызға әкелетін. Елді қорғау тек осындай алпамсадай алып денелі, «қабырғасын қаусатып, бір-бірлеп сөксе де, қабағын шытпайтын» ерлердің ісі деген түсінік санамызда берік орнығып қалған. Осы уақытқа дейін Отанды қорғау ердің ісі деп санап келдім. Бірақ жақында осы ойымның күл-паршасын шығарған бір жанмен таныстым. Ол ширек ғасыр көп тонналы әскери тягачты жүргізеді екен. 18 тонналық әскери алып техниканы нәзік жанды әйел адам игеріп жүр. Бүгінгі айтпағымыз – осы кейіпкер жайында.

Биыл өз алдына егеменді ел болып, тәуелсіз мемлекетімізді құрғанымызға – 30 жыл. Осы жылдар аралығында шекарамыз шегенделіп, өз әскеріміз жасақталды. Қоғамның барлық саласында қайта құру болып, жас мемлекетімізді жасақтауда сындарлы кезеңнен өттік, кадрлар қалыптасты.

   Төл мерекеміз Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында еліне еңбегі сіңген жандарды іздеу – ежелден әдетіміз. Әдеттегідей мен газетке қызықты дерек, кейіпкер іздеп Әуе қорғанысы күштерінің баспасөз қызметінің бастығы Арман ағаға хабарласқан болатынмын. Тұңғыш рет жауынгерлік ұшақты меңгерген қазақ қызы Ардана Ботайдан алған әсерімізден арыла алмай жатып, тағы бір тамаша кейіпкердің есімін жайып салды. 3-сыныпты сержант Анаргүл Акибиева. Аспаз да, байланысшы да, әскери медбике де емес, ең қызығы, ол – шынжыр табанды өздігінен жүріп ату қондырғысын меңгерген механик-жүргізуші. Машина экипажында үш адам (командир, оператор және механик-жүргізуші), Анаргүл әріптестерімен бірге ауыр техниканы белгіленген жерге жеткізеді. Біз әскери парадтардан көріп жүретін, әуедегі қарсыласына бағытталған орташа қашықтықтағы зымыран ұшыратын кәрлі машинаны осы Анаргүлдей нәзік жанды әйел адам да жүргізеді екен.

   Әйел затына алып, ауыр техниканы меңгеру... Әрине, бастапқыда айналасындағы қызметтес ер адамдардың көзқарасы қандай болғаны түсінікті. Әскер қатарында айымдар да есепке алынып жүре береді деп қабылдаса керек. Бірақ Анаргүл бірде-бір сабақтан қалмай, әскери техникаға ерекше қызығушылық танытып, оның ерекшелігін білген үстіне біле түседі. Сөйтіп ауыр техниканы жүргізуді меңгеріп алады. «Алғашқыда әскери бөлімдегі ер адамдардың көзқарасы басқаша болды, менің бұл талабымды әйел адамның кезекті еркелігі болар, мұндай іс қолынан келе ме деп қабылдады. Бірақ мен намысқа тырыстым. Ер адамның жұмысын әйел адам да істей алады дегенге көз жеткіздім. Маған сеніп, маған моральдық тұрғыда қолдау білдірген командиріме алғыс айтамын», - дейді Анаргүл Бекбосынқызы.

Механик-жүргізушінің жолдасы – отағасы да бастапқыда танк жүргізушісінің ауыр киімін киіп, темірді тізгіндеу әйел адамның ісі емес десе керек. Бірақ уақыт өте келе Анаргүлдің жұмысына жолдасы түсіністік танытады, қолдайды. Ұлы да анасын бүгінде мақтан тұтады.

       Салмағы 18 тонналық шынжыр табанды ауыр техниканы жүргізу кез келген әйел затына оңай соқпайды. Әскери саланың алғашқы жылдары оның шаршаған шағы да, «бұл менің істейтін ісім бе?» деп өз-өзіне сан сауал қойған кездері де болды. Кейде тіпті қарапайым үй шаруасындағы әйел болғысы да келген. Уақыт өте келе бәрі өзгерді. Әскери ауыр техниканы меңгерген сайын жұмысы да жандана түсті, жанға жақын көрінді. Қазір ол Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің Жетігенде орналасқан дислокацияланған 20709 әскери бөлімінде «Куб» зениттік-зымырандық батальонның ұшыру қондырғыларын есептеу жөніндегі маман (механик-жүргізуші).

   Жауынгерлік дайындық жоспары бойынша айына екі рет практикалық жүргізу жасау керек. Ал шынжыр табанды өздігінен жүріп ату қондырғысы, яғни Анаргүлдің экипажы бұл тапсырманы «үздік» деген бағаға орындайды.

   Ширек ғасыр алып техниканы жүргізген Анаргүлдің әскери салаға келуінің өзі – бөлек әңгіме. Ел экономикасы еңсеріле қоймаған 1996 жылдардағы жағдай бәріміз үшін жақсы таныс. Қоғамның барлық саласында қайта құру, жұмыссыздық, тұрақсыздықтың белең алуы. Колледжді енді ғана тәмамдаған 20 жасар Анаргүлдің алдында көп таңдау болған жоқ. Бала күнінен форма кисем деген арман апайының «әскери салаға барсаң қайтеді» деген тілегіне дөп келіп, сөйтіп 1996 жылы 89427 әскери бөліміне радиотелеграфист лауазымына шақырылады. Әскери тәртіп, мемлекеттің кепілдігі. Қызының таңдауын анасы да қолдайды. Кейін штаттық, ұйымдық іс-шараларға байланысты 2001 жылы 64049 әскери бөліміне оператор болып ауыстырылады. Әскери бөлімде мамандардың тапшылығы сезілген кезде шынжыр табанды өздігінен жүріп ату қондырғысын үйреніп, ауыр техниканы меңгеріп алады. Содан бері осы алып техникасынан бір ажыраған емес.

          «Тәуелсіздік жылдарында техникамыз өзгерді ме?» деген көкейдегі сұрақты мен де қойдым. «Әскери техникамыз өзгере қойған жоқ, сол баяғы Кеңес одағы кезеңіндегі техника. Жаңа, заманауи техникамен жарақтандырса жақсы болар еді. Сонда да биыл Сарышаған полигонында біздің әскери қызметшілеріміз осы ескі әскери техникамен-ақ жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді», - дейді механик-жүргізуші.



Кешегі жиырма жасында әскерге келіп, ауыр техниканы алғаш тізгіндегенде қобалжыған, сыртқы ортаның сенімсіздігіне қарамастан алға ұмтылған Анаргүлдің артында бүгінде қажырлы еңбекке толы жиырма бес жыл қалды. Ол бөлім командирінің көптеген алғыс хаттары мен грамоталары және барлық үш дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен наградталды.

   «Бәрі кеше ғана болған сияқты еді, көзді ашып-жұмғанша 25 жыл ширек ғасыр өтіп кетіпті! Менің бүкіл жастық шағым әскерде өтті. Еш өкінген емеспін. Маған қайтадан таңдау түскен жағдайда, қайтадан осы жолды таңдар едім. Артымнан өкше басып келе жатқан ұрпаққа әскерге барыңыздар, елге қорған болыңыздар, елдің қорғаны біз – әскери қызметшілерміз деп айтқып келеді», - дейді біздің бүгінгі кейіпкеріміз.

   Әскери тәртіп, жауапкершілік, шыдамдылық, білім үйренуге деген талап, кез келген сәтте еліміздің әуе кеңістігін сырт елдің шабуылынан қорғау, өз елінің патриоты болу. Міне, сержант Анаргүл Бекбосынқызының басты ұстанымы. Ол жастарды әскерге баруға, әскери саланың кәсіби маманы болуға шақырады. «Біз қорғамасақ, біз әскерге бармасақ, өз еліміздің патриоты болмасақ, Отанымызды кім қорғайды?» - дейді 3-сыныпты сержант Анаргүл Акибиева.

Бір қызығы, біз ауыр техника, алып техника деп жүрген шынжыр табанды өздігінен жүріп ату қондырғысын Анаргүл: «Небәрі 18 тонна, бұл техниканы меңгеру, меніңше оңай деп ойлаймын. Өзіңіз ойлаңыз, қаншама тонна көлікті бағындырып келесіз, соның өзі «драйв» қой! Мұны сөзбен айтып жеткізе алмайсың!», - дейді біздің кейіпкеріміз.

   Биыл еліміздің өз алдына тәуелсіз мемлекет болғанына 30 жыл толады. 3-сыныпты сержант Анаргүл Бекбосынқызы да әскерге 20 жасынан келіп, осы салада табан аудармай 25 жыл Отанына қызмет етіп келеді. Демек, біздің Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық белесі – туған еліне қалтқысыз қызмет еткен осы Анаргүлдей мамандардың еңбектерінің жемісі.


Меруерт САФАЕВА


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента