Аралының суы тартылса да, халқының жыры таусылмаған Сыр ордасы – Қызылорда жері шерте білсе-сыры, тыңдай білсе-мұңы таусылмаған өлке. Батырлар мен ақындардың, шайырлар мен сүлейлердің ізі қалған сахараның әр түйір тасы да тұнып тұрған тарих бұл өлкеде. Қазақтың маңдайына біткен екі теңіздің де бірі осында. Мұндай жерде тегін адам дүниеге келмейді...
Тірі күнінде де айтып едім, тағы қайталайын.
Әр қазақ осы Құрекеңе тартса, жаман болмас еді! Себебі, ол әкеден ерте қалып, жетімдікті бала күннен сезінген ұл. Анасына «жетесіз өскен» деген ауыр сөзді естіртпеу үшін намысын ерте жани білген ұл. Соның нәтижесінде ойын баласы емес, ой баласы болып өсті. Отбасының тұңғышы ретінде кішілерге де қамқор бола білді. Жоғары әскери оқу орнының курсантынан бастап генерал-лейтенант жоғарғы әскери шеніне дейін жетті. Қай жерде немесе қай лауазымда жүрсе де ерік-жігері мықты, нағыз патриот бола білді. Қызмет те таңдамады, жоғарғы қолбасшылық қайда жұмсаса, сонда барып, сөздің ғана емес, нағыз істің адамы екенін абыройлы істерімен дәлелдей білді. Бір сөзбен айтар болсақ, ол ұдайы күрделі қызметтерді атқаруда өзін нағыз офицер, кәсіби маман ретінде көрсетті. Үзбей оқыды, тоқтаусыз ізденді. Ол туралы қазақ қаруластары ғана емес, орыс, қытай, беларусь, украин, өзбек, қырғыз, т.б. шетелдік шен таққандардың аузынан көптеген жақсы сөздер айтылды. Өйткені, генерал-лейтенант Құрбан Қаражанов өзінің бүкіл ғұмырын еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға арнаған патриот ұлдардың бірі еді...
Орта мектепті ана тілінде бітіріп, училищені орысша тәмамдаған. Одан кейінгі жылдарда екі бірдей әскери Академияда үздіктердің қатарында білім алған. Ел қорғаушылары ішіндегі ана тілін қадір тұтқандардың бірі ғана емес, бірегейі десек те артық айтқандық емес.
Шежірелі де шерменді өлкенің әр қазағы әрі өлең сөзге жақын, әрі адалдық пен тәртіпке бас иген ұрпақ болып келеді. Ата жолымен қалыптасқан тектілік, әже тәрбиесімен біткен адалдық Құрбан Сәкенұлын сонысымен де ерекшелеп тұратын. Оның болмысы мен бойындағы сан қырлы қасиеті жерлестері мен інілеріне ғана емес, еліміздің Қарулы Күштері қатарындағы шен тағып, шекпен киген әрбір офицерге үлгі-өнеге бола білді. Қаражановтай сардармен, жоғары шенді генералмен кез келген тақырыпта әңгімелесудің өзі түсінген адамға ерекше ой салатын.
Ұлы Абайды өмірінің бағдаршамына айналдырып, батыр Баукеңді санасының жалауы еткен марқұм Құрбан Сәкенұлының қолынан Абайдың да, Баукеңнің де кітаптары түсіп көрген емес. Асыра мақтағаным емес, ол шенділердің ішіндегі Абайтанушы болатын. Ұлы хакімнің кез келген өлеңін нақышына келтіре жатқа айтып, қара сөздерінің «майын тамызатын». Шынтуайтын айтсақ, ғылым-білімнің басы-қасында жүрген кейбір қасқалар мен жайсаңдар ол кісінің қасында абайлап сөйлейтін еді.
Әлі есімде, сонау 1995 жыл еді. Құрбан Сәкенұлымен алғаш рет Үшарал гарнизонындағы мотоатқыштар полкінде таныстым. Әскери Академияны бітіріп келген жіптіктей офицер алғашында штаб бастығы болып тағайындалды. Артынша көп ұзамай бөлім командирі полковник Харулла Салықұлы Мұхамбетқалиев басқа жаққа ауысты да, оның орнына подполковник Қаражанов тағайындалды. Өзі жұқа болғанымен дауысы жер жаратын. Жеке құрамның жаңа командирі туралы алғашқы әсер мен қабылдаулары солай есте қалды.
Ол кездегі жағдай көнекөздердің көңілінен кете қойған жоқ, үлкендердің ойында әлі бар болар. Айтпағым, аталған бөлімнің де жағдайы мүшкіл еді. Соны командир Қаражанов бас-аяғы сегіз айда дивизия ғана емес, күллі Қарулы Күштер бойынша алдыңғы қатарға қосты. Әскерді аралау кезіндегі кезекті іссапар барысында жұмыстың оң нәтижесін көрген Қорғаныс министрі подполковник Қаражановты сол күні-ақ ұшағына отырғызып алып, Алматыдағы ол кезде «Астаналық полк» деп аталатын әскери бөлімге жаңа командир ретінде таныстырған.
Үшаралдағы, Алматыдағы, т.б. гарнизондардағы қызметі жайлы аңызға бергісіз әңгімелер көп-ақ. Бүгінгі естелік барысында мен оларға саналы түрде тоқталмадым. Өйткені, олар әскерилердің арасында әлі күнге дейін айтылып жүр.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясында және Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінде тікелей бастығым болды. Бірақ мен үшін ол командир ғана емес, жақын дос, сыйлас аға, сырлас замандас болып қала береді.
СОҢҒЫ СӨЗ
немесе генерал Қаражановпен қоштасу
Жүрсе дағы генералдар көп мейлі,
Сенің бейнең енді олармен өтпейді.
Бауыржандай қатал, әрі әділ ең,
Енді әскерге сенің тұлғаң жетпейді.
Шындық сүйіп, төзе алмаушы ең жалғанға,
Ашық көңіл әділетті әр жанға.
Азамат ең – Фәнидің өр тұлғасы,
Енді есімің айналып тұр арманға.
Тік мінезді, әділ жанның бірі едің,
Шындық айтып шырылдайтын жүрегің.
Азамат ең ар-намысты ту еткен,
Тұлға өтті бұл өмірден деп білемін.
Қош, Құреке!
Жәннат болсын жатарың,
Генералдар, сиремесін қатарың!
Өр еліңе, отбасыңа Тәңірім,
сабыр берсін! – соңғы сөз ғып айтарым!
Марат Жүніс-Бек,
«Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
ҚР ҚК ардагері