Болат Мүрсәлім, тележурналист: "Армияға барған жастарда азаматтық болмыс қалыптасады"

Жуырда белгілі тележурналист Болат Мүрсәлімнің «Алаш автономиясының әскері» атты еңбегі жарық көрген болатын. Көпшілік қауым аталған кітапты жылы шыраймен қабылдады. Себебі, дәл осы жинаққа тұңғыш рет алаштың әскери тарихы туралы дерек қамтылып отыр. Сондықтан да сұхбатымыздың негізі өзегі алаш әскеріне қатысты өрілді.

Болат аға, жақында өзіңіздің «Алаш автономиясының әскері» атты танымдық еңбегіңіз жарық көрді. Аталған кітапта сол әскерге қатысты тарихи құжаттар мен фотосуреттер де берілген екен. Жалпы, бүгінде алаш әскеріне қатысты жазбаша деректер аз екені анық. Сізге деректерді жинау қиынға соққан жоқ па?

«Алаш автономиясының әскері» атты кітапты шығару бір жағынан қиын болса, екінші жағынан, сонша күрделі болған жоқ. Қиын дейтінім, Алаш автономиясының әскеріне қатысты монография, не болмаса үлкен ғылыми еңбектер әлі де болса жазылған жоқ. Бұл тұрғыдан келгенде кітап осы тақырыптағы ең алғашқы жинақ болып отыр. Оның үстіне, мойындау керек, мен мұрағатқа барып дерек жинап жүрген кәсіби тарихшы емеспін. Жинаққа бұған дейін жарияланған деректер кіргізілді. Сол себепті, кітапты құрастыру аса қиын болған жоқ. Тек жұмыстың арасында кітапқа біраз уақыт бөліп, еңбектенуге тура келді.

Жинаққа енген деректердегі суреттердің 80-90 пайызы өзім құрастырған «Алашорда» фотоальбомында бар болатын. Десек те, біршама суреттерді «Алаш автономиясының әскері» атты еңбекке жаңадан енгіздік. Солардың ішіндегі ең ерекшесі – Семейде  оққа ұшқан алаштың сарбазы Қазы Нұрмұхамедұлына қатысты сурет. Семейліктер Қазыны атқан жер деп бұрынғы базардың алдын айтып жүр. Міне, сол ескі базардың суретін алғаш рет фотоальбомға кіргіздім. Сонымен қатар, кітапқа Семей қаласының бұған дейін еш жерде жарияланбаған ескі суреттерін қостық.

– Өткен жылдың соңында Астанада әскери-тарихи музейдің ашылғаны еліміз үшін ерекше жағдай болды. Оның үстіне, дәл осы мұражайдың бір бөліміне өзіңіз шығарған «Алаш автономиясының әскері» атты кітабыңыз қойылды. Музейде алаш тақырыбының қамтылуы сізге қалай әсер етті?

Жеке өз басым, Астанадағы әскери-тарихи мұражайда алаш тақырыбының қамтылғанына ерекше қуандым. Өйткені, бұл ел үкіметінің алаш әскеріне қатысты ең алғашқы жасаған ерекше құрметі болатын. Жалпы, мұражайда алашқа орын берілуі мені ғана емес, сонымен қатар, зиялы қауым өкілдерін де қуантып тастады. Осы ретте, әскери-тарихи мұражайды ашып, онда алаш тақырыбын кіргізген азаматтарға ризашылығымды білдіргім келеді. Себебі, бұған дейін әскери салада оқып жатқан курсанттарға алаштың әскери тарихы беймәлім болып келген-ді.

Айталық, оқулықтарда Сақ, Ғұн, Алтын орда, Қазақ хандығына қатысты әскери-тарихи деректер қамтылған. Бірақ, бір қызығы, Қазақ хандығының жоңғарлармен соғысқанынан кейін, бірден қызыл әскердің тарихына көшіп кетеді. Мен осы мәселеге қатты таңғалып жүретінмін. Өйткені, осы екі ортада алаш әскерінің ұлт мүддесі жолында күрескені назардан тыс қалып кетті. Алдағы уақытта осы олқылықтың орны толып, әскери оқу орындары алаш тақырыбын қамтиды деп үміттенемін. Менің ойымша, оқулыққа алаш әскерінің тарихы міндетті түрде қосылуы керек. Бұл өз кезегінде жас сарбаздардың отаншыл болып өсуіне мүмкіндік береді.

– Қазіргі таңда музейде 6 мыңдай жәдігер жинақталған. Алайда, министрлік мұнымен шектелмей, тағы да құнды әскери жәдігерлермен толықтыруды көздеп отыр.  Осы ретте, сіз Алаш бөліміне қандай қосымша жәдігерлер қосуға болады деп ойлайсыз?

Аз ғана уақыттың ішінде мұражайда 6 мыңнан астам жәдігердің жинақталуы мені қатты таңғалдырды. Бұл арада Қорғаныс министрі Иманғали Нұрғалиұлының іскерлігін ерекше айтып өткен жөн. Себебі, ол бұған дейін де құнды жәдігерді құнттап, жинап жүрген коллекционер болатын. Ал енді алашқа қатысты, шыны керек, көп заттар сақталмаған. Айталық, биыл 150 жылдық мерейтойы өтіп жатқан Әлихан Бөкейханның шақшасы бар деп еститінбіз. Өкінішке қарай, Сырым Бөкейханов қайтыс болғаннан кейін, Әлекең ұстаған құнды жәдігерді таба алмай қалдық. Бұдан бөлек, Гүлнар апамыз Міржақып Дулатұлының тайжақсысын мұражайға өткізген болатын. Бірді-екілі ұлт зиялылары ұстаған жәдігерлер болғанымен, жалпы алаш әскеріне қатысты ештеңе сақталмаған. Азамат соғысы жылдарында қазақ «бердеңке мылтық» деп атайтын қару болған. Міне, осы қаруды тауып, алаш әскеріне қатысты қабырғаға қоюға болады деп ойлаймын.

Сондай-ақ, алаш әскерінің арнайы киім үлгісі болғанын Дәметкен Сүлейменова еңбектерінде жазады. Алайда, алаш әскерінің бірыңғай арнайы киімі болғаны, болмағаны белгісіз. Десек те, «Сарыарқа» газетінде Семей қаласында алаш әскеріне арнап бірыңғай әскери форма тігілгені туралы жазылған. Тіпті, әскери форманы тігу үшін Мұхамеджан Тынышбаев отбасымен арнайы Семейге көшіп келген. Әлихан Бөкейханның жары Ольга Яковлевна, Міржақып Дулатұлының жары Ғанижамал Досымбекова сынды алаш арыстарының жұбайлары сарбаздарға арнап киім тіккен. Бұл турасында жоғарыдағы басылымда «Семейдегі әйелдер алаш әскеріне арнап 1000 дана әскери киім тігіп берді. Оларға тәңір жарылқасын айтамыз» деген ақпарат бар. Өкінішке қарай, оның нақты қандай форма болғанын біз білмейміз. Егер аталған форманың қандай болғаны анықталса, әскери-тарихи мұражайдан ойып тұрып орын алар еді.

– Оралдық алаштанушы Дәметкен Сүлейменова кезінде Жанша Досмұхамедұлы өзінің автокөлігін құмға көміп тастағанын айтады. Ол автокөлікте Алашқа қатысты құжаттар болуы мүмкін дейді ғалым. Осы топшылау жайында сіз не ойлайсыз?

Дәметкен апайымыздың айтып отырған сөзінің жаны бар. Өйткені, 1918 жылы Батыс Алашорда жетекшілері Самара қаласындағы құрылтай жиналысы мүшелерінің комитетіне барып, қару-жарақ алған. Сондай-ақ алаштықтар аталған үкіметтен екі «Мерседес» автокөлігін алғаны туралы тарихи құжат бар. Менің пайымдауымша, ол автокөлік жеңіл машина емес, жүк көлігі болса керек. Өйткені, олар 2000 мылтық пен екі зеңбіректі және де бірнеше пулеметті Самарадан Жымпитыға арқалап әкелмеген болар. Ал, көліктің құмға көмілгені туралы ел аузындағы әңгіме шындыққа жанасады. Себебі, Батыс Алашорданың резиденциясына бір емес, бірнеше рет шабуыл жасалған. Тіпті, Батыс Алашорданың ғимараты өртеніп кеткен кездер де болған. Міне, сол өрттен аман қалған құжаттар көлікпен бірге құмда жатуы әбден мүмкін деп ойлаймын.

– «Әлімхан тіккен ту» деп аталатын мақалаңызда жерге байланысты Әлімхан Ермековтің Лениннің алдында баяндама жасағаны жазылған. Небәрі 29 жасар қазақ жігітінің Ленинмен тең дәрежеде сөйлесуі қаншалықты шындық?

Шекаралық комиссияның ең белді өкілі ретінде Әлімхан Ермековтің 1920 жылы Мәскеуге барғаны – тарихи факты. Осы мерзім ішінде ол Қазақ өлкесі мен Ресей арасындағы даулы жерлер бойынша Кремльдің қаншама кеңестеріне қатысады. Мәселен, осы жылдың 12-тамыз күні Лениннің төрағалық етуімен жерге қатысты шешуші мәжіліс өтеді. Аталған отырыста Астрахань губерниясы атқару комитетінің төрағасы: «Мәскеуді Каспий балығы асырап отыр, сондықтан теңіздің солтүстік жағалауы орыс балықшыларының иелігінде қалсын» дейді. Ленин: «Бұған не дейсіз» деп Әлімханнан сұрағанда, ол: «Мәскеуге балық керек болса, біз Астрахань губерниясының балығынан екі есе көп балық жіберейік. Бірақ Каспийдің солтүстігі қазақ жері болып қалсын» деп жауап береді. Ал большевиктер: «Владимир Ильич, Ермеков жолдас Данциг дәлізін жасамақшы ма?» деп шағымданады, алайда, Ленин: «Данциг дәлізін Ермеков емес, Сіздер жасап отырсыздар» деп олардың аузына құм құяды.

Осы мәжілістен кейін 14 күн өткен соң, 1920 жылдың 26 тамызы күні Ленин мен Калинин қол қойған Қазақ кеңестік автономиясын құру туралы декрет шығады. Сөйтіп, Ахаң мен Әлімханның тікелей тартысының, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің ықпалының арқасында қазақ шекарасының ең даулы мәселесі шешілген болатын. Ленинмен кездесу аяқталғанда, Әлихан: «Әлімханмен екі сағат сөйлесуге білімі жететіндей, орыстан да біреулер туған екен ғой» деп қалжыңдапты. Бұл кезде 4 курста оқитын Әлімхан Ермеков небәрі 29 жаста болатын. Келесі жылы ол Том университетінің бесінші курсын толығымен тәмамдап шығады.

– Енді өткен тарихтан бүгінгі күнге ойыссақ. Биыл – ел тәуелсіздінің 25 жылдығы. Өзіңіз жақсы білесіз, қандайда бір мемлекеттің тәуелсіздігінің мәңгі болуы әскердің қуатты болуына да байланысты. Ұлттық әскеріміздің бұдан да айбынды бола түсуі үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

Ұлттық армиямыз бұдан да күшті бола түсуі үшін, әрине, әскери техникамыз мықты болуы керек. Өйткені, жыл өткен сайын сан түрлі қорғанысқа қатысты қару-жарақтар шығып жатыр. Міне, сол техникаларды сатып алып, ұлттық әскеріміздің айбынын асыруымыз қажет. Ал сатып алынған дүниені қазақ сарбаздары тез арада меңгеріп, кез келген жағдайға сақадай дайын болса, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ, әскердегі тәртіпті арттыра түсу кезек күттірмейтін мәселе деп есептеймін. Себебі, Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп тектен-тек айтпаған. Бұдан бөлек, армияның иделогиялық мәселесін қаперден шығармай, керісінше, оны мықтап қолға алған жөн. Себебі, жас сарбаздың ұлттық рухта тәрбие алып, Отанға адал қызмет етуі маңызды. Бұл Қазақ елінің Тәуелсіз әрі «Мәңгілік ел» болуына кепілдік береді. Мысалы, Сақ дәуіріндегі батырларымыздан бастап, тәуелсіздікке дейінгі ұландарымыздың ерен еңбегі сарбаздарға үлгі болуы керек.

– Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары баласын әскерге жібермей, алып қалуға тырсатын ата-аналар көп болды. Алайда, соңғы жылдары керісінше, әскерге барғысы келетін жастардың қарасы молайып келеді? Бұл жастардың отаншылдығының артқанының белгісі ме, әлде, мұның басқа да себептері бар ма?

Жастардың әскерден жаппай қашуы әскери жарғының дұрыс орындалмағанына байланысты болса керек. Ол кезде сарбаздардың бір-біріне әлімжеттік көрсетуі жиі орын алатын. Ал қазір жастардың әскерге баруға ұмтылуының бірнеше себептері бар. Оның ең біріншісі – әскердегі  әлімжеттік жасау тыйылды деуге болады. Екіншіден – тәуелсіздік кезеңінде дүниеге келген жастар отаншыл болып тәрбилеленді. Яғни, жастар әскерге баруды азаматтық борышым деп қабылдайтын күнге жетті. Сондай-ақ, бүгінде армияға барған жастар жерде қалмайтындай жағдай жасалып отыр. Нақтырақ айтсам, олардың жұмысқа орналасып, қызмет жасауына мүмкіндік туды. Ұзын сөздің қысқасы, әлеуметтік мәселе жастардың әскерге баруын арттырып отыр.

– Қолына қалам ұстаған азаматтардың көпшілігі әскерге бармаған. Сіз өзіңіз Отан алдындағы борышыңызды өтеп пе едіңіз?

         – Мен әскерге барған жоқпын. Өйткені, мектепті бітірген соң, бірден жоғары оқу орнына түсіп кеттім. Алайда, әскери кафедрада үш жыл бойы оқып, қосалқы құрамдағы лейтенант шеніне ие болдым. Әскери билет алатын кезде арнайы оқу-жаттығудан өттік. 

Алаш тақырыбына қатысты зертеу жұмыстарын жүргізіп жүргеніңізбен, өзіңізді алаштанушымын деп есептемейсіз. Мұның себебі неде?

Өйткені, алашқа қатысты жазып жүргендерім ғылыми еңбек емес. Нақтырақ айтсам, жасап жүрген еңбектерім тарихи публицистикаға келетін сияқты. Сондықтан да, мен өзімді алаштанушы деп есептемеймін. Алайда, алаш тарихына қызығып, зертеп жүргенім рас. Десек те, мұражайда отырып, нақ осы саланы зерттеп жүрген кәнігі маман емеспін.

Сұхбатыңызға рахмет!


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента