Мұхтарбек Кәрімов: "Нағыз батыр шайқаста өзін танытады"

М.Қозыбаев атындағы тарих және саяси-әлеуметтік зерттеулер ғылыми орталығының директоры, тарих ғылымының кандидаты, доцент, академик Мұхтарбек Кәрімов:

Еуразиялық кеңістікті жайлаған қазақ халқы ежелден жауынгер. Далалық өмірге, табиғаттың қиыншылығына, ұзақ жолға, ауыр тұрмысқа әбден төзген халық қой. Дегенмен, ықылым заманның батыры қандай болды?

- Батыр – кәсіби әскерилер жігінің өкілі. Әскери іспен ғана шұғылданып, кәсіби деңгейде маманданды. Батырдың ерекшелігі – тек соғыс өнерімен айналысуы. Батыр ақсүйектен де, қарадан да шықты. Олар әскери қызметті жоғары қойып, басқа кәсіппен шұғылдануды ар санады. Кәсіби жауынгер ретінде қазақ әскерінің негізін құрады. Батыр қоғамдық-саяси өмірде де үлкен рөл атқарды, елшілікте жүрді, ел басқарды. Батырдың өзіндік идеологиясы, салт-дәстүрі, жауынгерлік этикасы, моральдық ережелері, өзге әлеуметтік топтармен қатынасын реттейтін нормалары болды.  Кей әскер хандар мен сұлтандардың маңайындағы күзет әскері болды. Мәселен, қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері Абылай ханның, тарихи тұлға Әбілмәмбет ханның заманындағы төлеңгіттерді алайық. Құлға жатпаған әлеуметтік топ. Төлеңгіттер – хандар мен ұлыс-сұлтандардың сенімді адамы, орда ішіндегі және сыртқы дипломатиялық қызметті тындырушы, ең маңыздысы мықты әскери қызметшілер болды. Олар соғыста ешқашан қашпады, ханы мен сұлтанын қорғау жолында өлуді зор мәртебе санады.

«Өмірім – өзгенікі, өлімім ғана – өзімдікі» деп елдік мүддені алға қойған жоқ па?

- Дұрыс айтасыз. Айталық, Қазымбет батыр бала күнінен ат құлағында ойнап, жай тартуды үйреніп қана қоймай, талай ерлік жасады. 17 жасында қалмақтың Жолан батырымен жекпе-жекке шығып, қақ жүрегінің тұсынан оқ атты. Қалмақ өкіріп жерге құлағанда Қазымбет батыр жетіп барып, басын кесті. Қолына ту ұстап, өз аталастарын әкесі Құттымбеттің орнына жауға қарсы соғысқа әзірлей де білді. «Бір өзі келе жатқанда екпінінен 400-500 адамның дүмпуі білінетін, қаранөпір жауға тиіскенде кірген жағы – есік, шыққан жағы – жол болып қалушы еді», – деп Шақшақ Жәнібек батыр ерлігін ерен санаған әруақты Қабанбай батырдың және қазақ халқының жоңғар басқыншылығындағы батыры, белгілі би Боранбайдың сенімді сардарларының бірі болды. Ештеңеден ықпайтын нағыз батыр Қабанбай қолының туын ұстады. 52 жыл бойы ат үстінде жүріп, ондаған жылға созылған ұрыстарда басын өлімге тікті. Қазақ жерін жаудан азат ету жолындағы соңғы ұрыс­та 69 жасында қазақ жасағының туын жықпай, Қазымбет батыр тудың астында тулап өлді.

Батырдың сыртқы сипаты мен ішкі жан дүниесінің сәйкестігіне қаншалықты мән берілді? 

- Бөгенбай батырдың алдына тұтқыннан босатылған екі жауынгерді алып келген ғой. Қолбасшы екеуінің тұтқында қанша болғанын білген соң: «Мына нар тұлғалы адам ұрысқа шықпасын. Осында жүріп, анау-мынауға көмектесіп, жылқы бақсын. Ал, мына қолтоқпандай шағын сарбазды ертеңгі шайқаста алдыңғы сапқа салыңдар», – дейді. Жанындағы батырлардың аң-таң болғанына қарап: «Алғашқысы, қаншалықты мықты, білекті, күшті болса да, екі жыл түрмеде отырған. Тұтқынның қай уақытта болсын, жігері қайтып, батырлық рухы өшеді. Бойына құлдық сана сіңіп кеткен. Бұл жігіттен шайқаста мардымды пайда болмайды. Екіншісінің түр сипаты әлсіз болғанымен, бойында ыза мен кек бар. Тұтқында да аз уақыт қана болған. Сондықтан, ұрыста жанын салып, арыстандай айқасары анық. Сыртқы сипат, ішкі жан дүниеңмен қатар келмесе, оның пайдасы шамалы» деген екен.

Мұхтарбек Қарпықұлы, жаңа ғана «Соғыс – батырдың табысының бір көзі де» деп кеттіңіз...

- Мысалы, Бөгенбай батырдың малы көп болған. Бойында ұсталық, ақындық, айтыскерлік, шешендік өнерімен қоса, рулардың арасындағы дауларды шешті. 1710 жылы қазақ жүздерінің жоңғар хандығына қатысты жиынында Бөгенбай батыр семсерін аяғының астына тастап былай деген екен: «Жауымыздан есемізді қайтарамыз, тоналған жайлауымызды, тұтқындалған балаларымызды көріп қарап отыра алмаймыз, өлсек қолымызға қару алып өлеміз. Қыпшақ даласының батырлары қай кезеңде бастарын төмен түсірген? Мен қолымды жауымның қанына бояған кезде сақалыма әлі ақ түспеген еді. Қазіргі келімсектердің зорлығына қалай шыдаймын. Біз әлі жүйрік аттардан кенде емеспіз. Әлі қорамсақта өткір ұшты садағымыз бар». Бөгенбай батыр қазақ пен қалмақ арасындағы соғысқа, 1756-1758 жылдары қытай әскерімен болған қанды шайқасқа қатысты. Жаудың мыңдаған әскерін қырып, мал-мүлкі мен қару-жарағын олжалады.

Батыр бабалардың өлімге көзқарасы қандай болды?

- Қаруды қастерлеу, кие тұту, қаруға табыну, қаруға ат қою, қарумен серттесу, қаруды жаман іске жұмсамау, қаруды әр түрлі символға айналдыру секілді қарумен байланысты дәстүр де батыршылдық салттың бір бөлігі. Жалпы алғанда, батыршылдықтың басты мұраты – ерлік, батылдық, адалдық, асылдық, тектілік, елге сенімділікпен қызмет етіп, жан қию. Батыр бабаларымыз ерлік, намыс және парыз деген мәселелерді өлімнен биік қойды. Шын мәнісінде өлімді қарсы алуға дайындалатын. Олар өз-өзіне қол жұмсамақ түгілі, төсекте өлуді ар санады. Ұрыс даласында өлуді армандады. Бұл батырлық рухта тәрбиелеудің бір көрінісі.

Әңгімеңізге рахмет.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента